Кедендік тексеру жүргізудің заңды негіздерінің болуы
Кеден органдарының ЕАЭО Кеден кодексінің 66-бабы талаптарын сақтау фактісі және кедендік тексеру жүргізудің заңды негіздерінің болуы егжей-тегжейлі тексерілуге тиіс.
Шымкент қаласының МАӘС-нің 2022 жылғы 28 шілдедегі шешімімен «S» ЖШС-нің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі МКК «Бас диспетчерлік басқармасы» РММ-не, «Шымкент қаласы бойынша МКД» РММ-не қатысты тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешімдерді заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылды (№5294-22-00-4/774).
Іс мән-жайларынан 2021 жылғы 7 шілдеде «И» АҚ мен X CO LTD арасында үлпілдек каустикалық сода тауарын 1 тоннасы үшін 1 530 юань бағасымен, жалпы сомасы 4 654 260 юаньға 3 042 тонна көлемінде сатып алу-сату шарты жасалғаны анықталды (бұдан әрі – 1-шарт).
2021 жылғы 20 тамызда «S» ЖШС, «И» АҚ және «А» ЖШС арасында тауарды 1 тоннасы үшін 280 АҚШ доллары бағасымен, жалпы сомасы 851 760 АҚШ долларына жеткізу туралы №16/П-08-21 шарт жасалды (бұдан әрі – 2-шарт).
Қытайдан ЕАЭО аумағына тауарды әкелу кезінде талап қоюшы №№57201/130122/0000318, 57201/120122/0000234, 57201/120122/0000241 тауарларға арналған декларациялар (бұдан әрі – ТД) бойынша кедендік декларациялауды жүзеге асырды.
Талап қоюшыға қатысты ЭДО 2022 жылғы 11 сәуірдегі №57201/130122/0000318 ТД-да мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім шығарды (бұдан әрі – 1-шешім).
Департамент 2022 жылғы 24 сәуірдегі №№57201/120122/0000234, 57201/120122/0000241 ТД-да мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім шығарды (бұдан әрі – 2-шешім).
Жауапкерлер өз шешімдерін автоматтандырылған режимде талап қоюшының ТД-сы бойынша декларант мәлімдеген бағаға қатысты тәуекел бейінінің іске қосылуымен негіздеді. «S» ЖШС-не әкелінетін тауардың бағасын растау үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынуға 60 күнтізбелік күн берілді. Алайда Серіктестік барлық құжаттаманы ұсынбады, өйткені ЕАЭО КК 38-бабының 10-тармағына сәйкес тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға қатысты мәліметтер шынайы, сандық тұрғыдан айқындалатын және құжаттамамен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тарта отырып, дауланып отырған шешімдер жауапкерлер тарапынан Қазақстан Республикасының және ЕАЭО-ның кеден заңнамасының нормаларына сәйкес шығарылған деген қорытындыға келді.
Шымкент қалалық сотының ӘІСК-нің 2022 жылғы 1 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.
Алайда кассациялық алқа бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың қорытындылары мерзімінен бұрын жасалған және іс бойынша анықталған нақты мән-жайларға негізделмеген деп есептеді.
ЕАЭО КК 38-бабының 15-тармағында әкелінетін тауарлардың кедендік құнының негізі барынша мүмкін дәрежеде осы Кодекстің 66-бабында айқындалған мағынадағы осы тауарлармен жасалған мәміленің құны болуға тиіс екендігі көзделген.
Осылайша, жауапкер талап қоюшының мәміле бағасы бойынша кедендік құнды айқындау үшін ЕАЭО КК-нің 66-бабында көзделген шарттарды орындаған-орындамағанын тексеруге міндетті. Тек талап қоюшы мұндай шарттарды орындамаған жағдайда ғана жауапкер ЕАЭО КК-нің 66-бабының 2-тармағына сәйкес 1-әдісті қолданудан бас тартуға құқылы.
Аталған нормада осы баптың 1-тармағында көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуі орындалмаған жағдайда, нақты төленген немесе төленуге жататын баға әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін қолайлы болып табылмайтыны және әкелінетін тауарлармен жасалған мәміленің құны бойынша әдіс (1-әдіс) қолданылмайтыны көзделген.
Жауапкерлер тексеру жүргізбес бұрын ЕАЭО КК-нің 66-бабында тізбеленген негіздердің ең болмағанда біреуінің бар-жоғын тексеруге тиіс. Көрсетілген негіздердің біреуі де болмаған жағдайда, кеден органының «S» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізуге заңды негіздері болмаған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №7 «Соттардың кеден заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 7-тармағында ЕАЭО КК-нің 38-бабының 15-тармағында баяндалған кедендік құнды айқындау әдістерін дәйекті түрде қолдану қағидасына сәйкес бірінші әдісті (әкелінетін тауарлармен жасалған мәміленің құны бойынша) пайдалану мүмкін болмаған кезде әрбір келесі әдіс кедендік құнды алдыңғы әдісті пайдалану арқылы айқындау мүмкін болмаған жағдайда ғана қолданылатыны көрсетілген.
Жауапкерлердің талап қоюшыға №№57201/130122/0000318, 57201/120122/0000234, 57201/120122/0000241 ТД бойынша қойған талаптарынан көрініп тұрғандай, 1-әдісті қолданудан бас тартуға негіз ретінде тауарлардың кедендік құны туралы мәліметтердің дұрыс еместігі және мәлімделген мәліметтердің тиісті түрде расталмағаны көрсетілген.
Дауды шешу кезінде соттар бірінші әдісті қолдану мүмкін болмаған жағдайда мемлекеттік кірістер органы мен декларант арасында кедендік бағалау үшін құндық негізді – бірдей немесе біртекті тауарлармен жасалған мәмілелердің құнын негізді таңдау мақсатында консультациялар жүргізілуі мүмкін екенін ескермеген.
Кедендік құнды айқындау әдісін дұрыс таңдау мәселелеріне байланысты дауларды қарау кезінде мемлекеттік кірістер органы тиісті әдісті қолдану үшін баға ақпаратының жоқтығына, мұндай ақпаратты алу мүмкін еместігін растаған жағдайда не декларант онымен жүргізілген консультациялар шеңберінде қажетті мәліметтерді ұсынудан бас тартқан жағдайда ғана сілтеме жасауға құқылы.
Алайда соттар бұл мән-жайларды да тексермеген және зерттемеген, соттар ЭДО мен жауапкердің екінші және үшінші әдістерді қолдану үшін тауардың кедендік құны туралы мәліметтердің жоқ екендігі жөніндегі дәлелсіз жауаптарына ғана сілтеме жасаған. Сондықтан талап қоюшының ЕАЭО ақпараттық жүйесінде аталған мәліметтердің жоқтығына күмән келтіретін уәждері назар аударуға тұрарлық.
ҚР Жоғарғы Сотының ӘІСК-нің 2023 жылғы 4 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі және апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы жойылды. Іс Шымкент қалалық сотының ӘІСК-де жаңадан қарауға жіберілді (6001-23-00-6ап/169).
Сот практикасын негізге ала отырып, кеден органдары қызметіндегі кемшіліктер уәкілетті мемлекеттік органдардың осы салада әкімшілік актілерді рәсімдік сипаттағы өрескел бұзушылықтармен қабылдауынан көрініс табады деген қорытынды жасауға болады. Атап айтқанда, әкімшілік актілер арнайы заңның талаптарына сәйкес келмейді; құқықтардың басымдығы, сенім құқығын қорғау және формальды талаптарды теріс пайдалануға тыйым салу қағидаттарын бұзады (ӘРПК-нің 7, 8, 12, 13 және 14-баптары); сондай-ақ ӘРПК-нің 79, 80-баптарының талаптарына сәйкес келмейді.
Бұдан басқа, кеден органдары тарапынан кедендік құнды растау үшін декларацияларды беру кезінде құжаттар мен мәліметтерді формальды түрде тексеруге жол беріледі, сондай-ақ тексерулер ЕАЭО КК-нің 66-бабында көзделген заңды негіздер болмаған кезде жүргізіледі.
Нормативтік база
- Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК);
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексі (бұдан әрі – КК);
- Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 13 желтоқсандағы №115-VI Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі (бұдан әрі – ЕАЭО КК);
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №7 «Соттардың кеден заңнамасын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексі (Салық кодексі);
- Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – КК);
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (бұдан әрі – ӘҚБтК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
- 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт (бұдан әрі – ЕАЭО туралы шарт);
- ЕАЭО құқығын құрайтын актілер (бұдан әрі – кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттар мен актілер);
- Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы №42 «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктері туралы» шешімі.
Пайдаланылған қысқартулар
ӘІСК ЖС – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
ӘІСК – облыстық және оларға теңестірілген соттардың әкімшілік істер жөніндегі сот алқалары;
МАӘС – ел өңірлерінің мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттары;
ММ – Мемлекеттік мекеме;
РММ – Республикалық мемлекеттік мекеме;
МКК – Мемлекеттік кірістер комитеті;
МКД – Мемлекеттік кірістер департаменті;
МКБ – Мемлекеттік кірістер басқармасы;
ЖШС – Жауапкершілігі шектеулі серіктестік;
ЖК – Жеке кәсіпкер.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау