Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Процестік құқықтарды теріс пайдаланатын тұлғаға ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану

Процестік құқықтарды теріс пайдаланатын тұлғаға ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Процестік құқықтарды теріс пайдаланатын тұлғаға ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану

Істі қарау барысында процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда, ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 127-бабына сәйкес, сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерін орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді ұсыну немесе сот белгілеген мерзімде тапсырмаларды дәлелді себептерсіз кешіктіріп орындау салдарынан әкімшілік істі қарау созылып кеткен жағдайда, әрбір әрекет (әрекетсіздік) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолдануға құқылы.

Соттың талаптарын немесе сұрау салуларын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сот отырысына келмегені, сотты уақытылы хабардар етпегені, пікірді (жауапты) уақытылы ұсынбағаны, сот отырысына төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген тәртіпті бұзғаны, сондай-ақ сотқа және (немесе) судьяға құрметсіздік білдіретін өзге де әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу қолдануға құқылы.

Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен дауды реттеу туралы келісімін бекіту жөніндегі сот ұйғарымын орындамаған жағдайда, сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салады және сол сот актісінде оны орындау мерзімін белгілейді. Бұл мерзім бір айдан аспауға тиіс.

Талдау жасалған кезеңде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың тұрақты тәжірибесі қалыптасты. Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану санатындағы даулар бойынша ақшалай өндіріп алу көбінесе жауапкерлерге мынадай себептермен қолданылған:

  • пікірді (жауапты) уақытылы ұсынбау;
  • атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақытылы ұсынбау;
  • атқарушылық іс жүргізу материалдарын толық көлемде ұсынбау;
  • дәлелді себепсіз сот отырысына келмеу (немесе онлайн форматта қосылмау).

Жеке сот орындаушыларына (ЖСО) салынған ақшалай өндіріп алуларды талдау барысында мұндай шаралардың сот шешімдерін орындамағаны үшін де қолданылғанын атап өткен жөн.

№5194-23-00-4/546 іс бойынша сот шешімімен ЖСО-ға шешім заңды күшіне енген күннен бастап (2023 жылғы 28 тамыз) 5 күн ішінде алимент бойынша берешекке қайта есептеу жүргізу міндеті жүктелген.

Алайда 2023 жылғы 3 қазанға дейін сот шешімі орындалмаған, бұл соттың процестік мәжбүрлеу шарасын қолдануына негіз болды.

Жауапкерге тиісті хабарлама жіберіліп, жеке сот отырысы шеңберінде сот ЖСО-ға 50 АЕК (172 500 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салды.

Ақшалай өндіріп алу қолданылғаннан кейін ЖСО сот шешімін орындап, берешек мөлшерін 608 860 теңге деп айқындады.

Бұл мысал сот актісінің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мәжбүрлеу шараларының тиімді қолданылғанын көрсетеді. Сонымен қатар процестік ықпал ету тәртібі сақталып, жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты іске асырылды.

Тағы бір мысал ретінде, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының (МАӘС) 2024 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымымен ЖСО Естенов Д.-ға 2024 жылғы 17 желтоқсанға дейін ҚР Азаматтық процестік кодексінің 166-бабы талаптарына сәйкес дайындалған және рәсімделген талап қоюға жазбаша пікірді, сондай-ақ атқарушылық іс жүргізу материалдарының сканерленген көшірмесін ұсыну міндеттелді.

Сот пікір мен сұратылған құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбау ӘРПК-нің 127-бабы бойынша 20 АЕК-ке дейін ақшалай өндіріп алу қолдануға негіз болатынын және бұл әкімшілік істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейтінін түсіндірді.

Алайда жауапкер соттың 2024 жылғы 12 желтоқсандағы ұйғарымын белгіленген мерзімде орындамаған. Тек 2025 жылғы 16 қаңтарда бірнеше рет ескерту жасалғаннан кейін ғана талап қоюға пікір мен атқарушылық іс жүргізу материалдарының көшірмелерін ұсынған.

Істі алдын ала тыңдауға дайындау 2024 жылғы 18 желтоқсанда сағат 15:20-ға, ал алдын ала тыңдау 2025 жылғы 10 қаңтарда сағат 12:00-ге тағайындалған болатын. Алайда жауапкер ЖСО Естенов Д.Ж. сотқа қатысуын қамтамасыз етпей, белгіленген мерзімде пікір мен атқарушылық іс жүргізу материалдарын ұсынбаған.

Сондай-ақ жауапкер 2025 жылғы 16 қаңтарда сағат 10:00-ге тағайындалған сот отырысына да қатысуды қамтамасыз етпеген. Осы әрекеттерімен жеке сот орындаушысы істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтірген.

Жауапкердің сот талаптарын орындауға қатысты процестік міндеттерін орындамағанын ескере отырып, сот оның әрекеттері сотқа айқын құрметсіздік танытатынын негізге алып, ӘРПК-нің 123-бабында көзделген процестік мәжбүрлеу шараларын қолданды.

Ұйғарым заңды күшіне енді және мәжбүрлеп орындату үшін жолданып, орындалды.

Оң тәжірибе мысалы ретінде Қостанай облыстық сотының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты мен Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының қызметін атап өтуге болады.

Жалпыланған кезең ішінде Қостанай облысының МАӘС сот орындаушыларына қатысты ақшалай өндіріп алу туралы барлығы 14 ұйғарым шығарған. Олардың барлығы толық көлемде орындалған (2023 жылы – 8, 2024 жылы – 6, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында – 0). Жалпы өндірілген сома 1 278 300 теңгені құрады (2023 жылы – 724 500 теңге, 2024 жылы – 553 800 теңге).

Мысалы, талап қоюға пікір ұсынбағаны үшін ЖСО Әбілдинова Т.А.-ға 20 АЕК мөлшерінде (69 000 теңге) ақшалай өндіріп алу салынған (№3994-23-00-4/436 іс), сондай-ақ №3994-23-00-4/732 іс бойынша да дәл осындай мөлшерде өндіріп алу қолданылған.

Осыған ұқсас жағдайлар №3994-24-00-4/474 және №3994-24-00-4/609 істерінде де орын алған.

Сот шешімін орындамағаны үшін ЖСО Әбілдинова Т.А.-ға №3994-23-00-4/181 іс бойынша 50 АЕК (172 500 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салынған.

Осындай шара №3994-23-00-4/717 ісінде де қолданылған.

Соттың талаптарын және сұрау салуын орындамағаны, сондай-ақ сот отырысына келмегені үшін жауапкер ЖСО Нысанова Ж.С.-ға №3994-23-00-4/717 іс бойынша 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салынған.

Сот сұрауы бойынша мәліметтерді белгіленген мерзімде ұсынбағаны үшін ЖСО Аканова А.С.-ға №3994-23-00-4/1002 іс бойынша 20 АЕК (69 000 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу салынған.

Осыған ұқсас жағдай №3994-24-00-4/545 ісінде де орын алған.

Талаптарды тұжырымдау

Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы әкімшілік талап қою берілген кезде талапкерлер талаптарды әртүрлі редакцияда ұсынады.

Негізінен осы санаттағы даулар даулау туралы, мәжбүрлеу туралы және белгілі бір әрекеттерді жасау туралы талап қоюлар беру арқылы қаралады (ӘРПК-нің 132–134-баптары).

ӘРПК-нің 132-бабына сәйкес, егер ауыртпалық салатын әкімшілік акт талапкердің құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін бұзса, ол әкімшілік актіні толықтай немесе оның белгілі бір бөлігін жою туралы талаппен даулау жөнінде талап қоюға құқылы.

Сот орындаушысы шығарған қаулымен келіспеген жағдайда, талаптар осы қаулыны заңсыз деп тану туралы қойылады. Сонымен бірге әрекеттерді заңсыз деп тану туралы жеке талап қоюдың қажеті жоқ.

ӘРПК-нің 84-бабының 2-бөлігіне сәйкес заңсыз әкімшілік акт толықтай немесе ішінара күшін жоюы мүмкін.

Егер қаулы заңсыз деп танылса, сот аталған қаулының күшін жояды.

Талап қоюды қайтару

ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде әкімшілік талап қоюды қайтарудың 17 негізі көзделген.

Қарастырылып отырған санаттағы істер көбінесе мынадай негіздер бойынша қайтарылады:

  • ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасы – талапкер берілген талап қоюды қайтарып алған;
  • ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 9) тармақшасы – тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасып, ол сотпен бекітілген;
  • ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы – іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды;
  • ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 17) тармақшасы – іс осы соттың соттылығына жатпайды.

Сонымен қатар, талап қоюды қайтарудың негізі ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігінде де көзделген. Аталған нормаға сәйкес, талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгіну мерзімін қалпына келтіру мүмкін болмаған жағдайда талап қою қайтарылады.

Талдауға алынған санаттағы талап қоюларды қайтару мәселесін шешу барысында соттарда қиындықтар туындамайды.

Сонымен бірге, соттың белсенді рөлі қағидатын іске асыру татуласу келісімін жасау немесе талап қоюды қайтарып алу арқылы бейбіт жолмен шешілген істер санының едәуір артуына мүмкіндік берді.

Сот шешіміне шағым жасау мерзімі

ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айтуға байланысты әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхаты шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін. Шешімнің түпкілікті мәтіні шешім жарияланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалуға тиіс.

Аталған нормаға өзгерістер 2024 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НҚ «Қазақстан Республикасы ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» қаулысын іске асыру мақсатында енгізілді.

Конституциялық Соттың көрсетілген нормативтік қаулысынан туындайтыны, ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінің ережелері осы баптың екінші бөлігінің нормаларынан туындайды. Олар заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне шағым жасаудың жалпы тәртібін белгілейді және мерзім сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептеледі.

Осыған байланысты сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту жөніндегі әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхатын беру үшін көзделген он жұмыс күндік мерзім шешімнің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуге тиіс.

Себебі ӘРПК-де белгіленген апелляциялық шағым беру мерзімі (сот шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні) кей жағдайда шешімнің толық мәтіні дайындалғанға дейін өтіп кетуі мүмкін. Бұл өз кезегінде іске қатысушыларды шешімнің уәждеу бөлімімен танысу және апелляциялық құқықтарын толық жүзеге асыру мүмкіндігінен айырады.

Конституциялық Сот мұндай құқықтық реттеу Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын, білікті заң көмегін алу құқығын және заң мен сот алдындағы теңдік қағидатын шектеуі мүмкін екенін көрсетті.

Сонымен қатар Конституциялық Сот ӘРПК-де қолданылатын «шешім шығарылған күн», «шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күні» сияқты ұғымдардың жеткілікті дәрежеде нақты емес екенін және әртүрлі түсіндіруге мүмкіндік беретінін, соның салдарынан процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылу қаупі туындайтынын атап өтті.

Нәтижесінде Конституциялық Сот даулы норманы Конституцияға сәйкес деп таныды, бірақ ол апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімі шешімнің қарар бөлігін жариялаған сәттен емес, сот шешімінің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуі тиіс деген түсіндіруде ғана Конституцияға сәйкес келеді деп көрсетті.

Аталған өзгерістер енгізілгенге дейін жергілікті соттар ӘРПК-нің 168-бабының 4-бөлігін әртүрлі түсіндіріп, бірінші сатыдағы сот шешіміне шағым жасау мерзімін әртүрлі есептеген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы конституциялық-құқықтық түсіндірудің басымдығын растап, апелляциялық шағым беру мерзімін шешімнің түпкілікті нысаны дайындалған күннен бастап біркелкі есептеу тәжірибесін бекітті.

Бұл тәжірибенің жүйелі маңызы зор, өйткені ол сот тәжірибесіндегі қайшылықтарды жояды және тараптардың әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот арқылы қорғалу құқығын нақты жүзеге асыруына мүмкіндік береді.

Дәлелдемелер және дәлелдеу

Дәлелдемелерді, дәлелдеме ретінде жол берілмейтін нақты деректерді, дәлелдеу нысанасын және дәлелдеме көздерін құқықтық реттеу тәртібі, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану (дәлелдеу) мәселелері және дәлелдемелер мен дәлелдеуге қатысты өзге де ережелер ӘРПК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Азаматтық процестік кодекстің нормаларымен айқындалады (ӘРПК-нің 128-бабы).

Жеке сот орындаушысының әрекеттеріне сот тәртібімен шағым жасалған кезде дәлелдеме ретінде ЖСО тарапынан жіберілген бұзушылықтарды растайтын әртүрлі құжаттар мен материалдар ұсынылуы мүмкін. Заңсыз әрекеттерді немесе әрекетсіздікті көрсететін нақты фактілер анықталуға тиіс.

Дәлелдемелер (тігіліп, беттері нөмірленген атқарушылық іс жүргізу материалдары) мыналарды қамтиды:

Атқарушылық құжаттар:

  • ЖСО әрекет еткен атқару парағының немесе сот бұйрығының түпнұсқасы не куәландырылған көшірмесі;
  • Дауланып отырған ЖСО қаулылары, олардың күні мен мазмұны көрсетіле отырып.

Құқық бұзушылықтарды растайтын құжаттар:

  • Төлем түбіртектері;
  • ЖСО-мен хат алмасу;
  • Хабарламалар (SMS-хабарламаларды жеткізу туралы есептер);
  • Куәлардың айғақтары;
  • Мүлікті бағалау туралы есептер;
  • Мүлік тізімдемесінің хаттамалары;
  • Қарап-тексеру актілері;
  • Тұрмайтындығы туралы актілер;
  • Фотосуреттер;
  • Бейнежазбалар;
  • Өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын растайтын өзге де материалдар.

Әділет органдарына немесе ЖСО палатасына берілген шағымдар:

Егер ЖСО әрекеттеріне шағым берілген болса, оның көшірмесі мен оған берілген жауаптар да дәлелдеме ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Куәгерлердің айғақтары:

Іс мән-жайларын растай алатын куәлар сотқа айғақ беру үшін шақырылады.

Мемлекеттік бажды өндіріп алу

Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы талап қоюлар бойынша талапкерлер Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 616-бабының 15) тармақшасына сәйкес сотқа талап қою берген кезде мемлекеттік баж төлеуден босатылады.

ӘРПК-нің 122-бабының 1-бөлігіне сәйкес сот шығындарын бөлу мәселелері Азаматтық процестік кодекстің қағидалары бойынша қаралады.

Азаматтық процестік кодекстің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес талапкер төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығындарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне толық көлемде немесе талаптың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды түрде өндіріп алынады.

Талап қанағаттандырылған жағдайда мемлекеттік баж жергілікті бюджет кірісіне талаптың қанағаттандырылған бөлігіне сәйкес мөлшерде сот орындаушысынан өндіріп алынады.

Мемлекеттік баж мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес есептеледі және 0,5 АЕК құрайды. 

 

Назар аударыңыз!  

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.  

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.    

Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы 

Сот белгілеген мерзімде сот шешімін орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу туралы өтініш – қайтаруды және қараусыз қалдыру

Сот белгілеген мерзімде сот шешімін орындамағаны үшін ақшалай өндіріп алу туралы өтініш – қайтаруды және қараусыз қалдыруАлматы облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілі...

Толық оқу »

Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолдану туралы

Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолдану туралыІсті қарау кезінде процестік заңнама нор маларының бұзылуы анықталған жағдай да ақшалай өндіріп алу тү...

Толық оқу »

Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану

Ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануҚазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабына және ӘРПК-нің 18-бабына сәйкес сот актілерін, сондай-ақ со...

Толық оқу »

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа өтініш атқару парағын беру және ақшалай айыппұл өндіріп алу туралы

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа өтініш атқару парағын беру және ақшалай айыппұл өндіріп алу туралыМамандандырылған ауданаралық әкімшілікАқтөбе облысының соты судь...

Толық оқу »

160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

160-бап. Ақшалай өндіріп алуды қолдану тәртібі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Осы Кодекстің159-бабындааталған жағдайларда сот ақшалай өндіріп...

Толық оқу »

123-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларының түрлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі

123-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларының түрлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Процестік мәжбүрлеу шараларына мыналар жатады: 1) ескерту; 2) с...

Толық оқу »

Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану жайлы заңнама нормаларының бұзылуы анықталған жағдайда

Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану жайлы заңнама нормаларының бұзылуы анықталған жағдайдаТалап қоюлар санының ұлғаюының себебі өтініш берушілердің (халықтың әлеуметтік жағы...

Толық оқу »

124-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі

124-бап. Процестік мәжбүрлеу шараларын қолданудың негіздері мен тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 1. Осы Кодекстің123-бабының1) және 2) та...

Толық оқу »

Процестік заңнама нормаларын бұзу анықталған жағдайда процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану

Процестік заңнама нормаларын бұзу анықталған жағдайда процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануІс жүргізу заңнамасы нормаларының бұзылуы анықталған жағдайда істі қарау кезінде ақш...

Толық оқу »

155-бап. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негіздер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

155-бап. Өзге де процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін негіздер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осы...

Толық оқу »