Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабына түсініктеме. Тонау
1. Тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру, —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей жазаланады.
2. Мынадай:
1) жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолданумен не осындай күш қолдану қатерін төндірумен;
2) 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VI ҚР Заңымен алып тасталған;
3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
4) 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VI ҚР Заңымен алып тасталған жағдайларда жасалған тонау, —
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп жазаланады.
3. Мынадай:
1) ірі мөлшерде;
2) бірнеше рет;
3) тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кірумен жасалған тонау, —
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) қылмыстық топпен;
2) аса ірі мөлшерде жасалса, —
мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Талданып отырған іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі ашық жымқыру нәтижесінде меншік құқығының бұзылуымен және жәбірленушіге материалдық залал келтірілуімен, ал ауырлататын мән-жайлар болған кезде оның денсаулығына да қол сұғылуымен сипатталады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі меншік болып табылады. Қосымша объект ретінде жәбірленушінің денсаулығы болуы мүмкін (күш қолданып тонау кезінде).
Тонаудың нысанасы — мүлік — жымқырудың кез келген нысанына тән белгілермен сипатталады.
Объективтік жағынан тонау бөтеннің мүлкін ашық жымқыру болып табылады. Ашық жымқыру деп жәбірленушінің немесе мүлік өз қарауында не күзетуінде тұрған адамдардың қатысуымен, не бөгде адамдардың көзінше жасалатын, бұл ретте мүлікті жымқыруды жүзеге асыратын адамның аталған адамдар өзінің әрекеттерінің құқыққа қайшы сипатын түсінетінін сезіне отырып, осы мән-жайды елемейтін жымқыруды түсіну қажет. Бұл ретте қылмыстың куәгерлері кінәлінің әрекеттерінің жолын кесу үшін қандай да бір шаралар қабылдаған-қабылдамағанының маңызы жоқ. Қолданылған күш көрсетудің қауіптілік дәрежесіне қарай кінәлінің әрекеттері тонау немесе қарақшылық ретінде саралануға тиіс.
Жымқырудың ашық тәсілін екі өлшемшартқа бөлуге болады: объективтік және субъективтік.
Объективтік өлшемшарт меншік иесінің немесе мүлік өз қарауында не күзетуінде тұрған адамдардың қатысуымен не бөгде адамдардың көзінше жасалатын жымқыруды білдіреді, бұл ретте олар кінәлінің әрекеттерінің қылмыстық сипатын түсініп, мұндай мінез-құлықты айыптауы тиіс. Қылмыс куәгерлерінің кінәлінің әрекеттерінің жолын кесу үшін шаралар қабылдаған-қабылдамағанының маңызы жоқ.
Субъективтік өлшемшарт адамның өзінің ашық әрекет етіп жатқанын, меншік иесінің немесе өзге де адамдардың қатысуын елемейтінін сезінуін білдіреді. Тіпті қылмыскер өзін ашық әрекет етіп жатырмын деп санағанымен, мүлікті алу процесіне қатысқан адамдар кінәлінің әрекеттерінің құқыққа қайшы сипатын түсінбеген жағдайда да, оның жасаған әрекеті қасақаналықтың бағытына қарай тонау ретінде саралануға тиіс.
Осыдан субъективтік және объективтік өлшемшарттар арасында қайшылық туындаған жағдайда, кінәлінің тонау кезіндегі әрекеттері субъективтік өлшемшарт негізінде сараланатыны туындайды.
Тонау кезінде мүлікті алып қою процесі көбінесе басынан аяғына дейін ашық сипатта болады. Алайда мүлікті жасырын алуды бастаған кінәлі бұл әрекетті басқа адамдар байқап қойғаннан кейін де өзінің қылмыстық әрекеттерін саналы түрде жалғастырса, онда ұрлықтың тонауға ұласу фактісі орын алады.
Мүлікті алып қою кезінде күш қолдану ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігімен қамтылмайды. Заң шығарушы күш қолданып тонауды ауырлататын мән-жай ретінде көздеген (ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы). Алайда алып қоюдың ашық тәсілі кінәлінің мүлікті иелену үшін қандай да бір физикалық күш жұмсауын (жұлқу, итеру және т.б.) бәрібір болжайды, мұндай әрекеттер ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігінде көзделген белгілерге жатады.
Тонау қылмысы мүлікті алып қойған және кінәлінің оны өз қалауы бойынша өзінің меншігіндей пайдалану немесе оған билік ету үшін нақты мүмкіндігі болған сәттен бастап аяқталған болып танылады.
Жәбірленушіге залал келтіру фактісі мен кінәлінің мүлікті ашық тәсілмен иелену түрінде көрініс тапқан әрекеттері арасында тікелей себептік байланыс болуға тиіс.
Субъективтік жағынан тонау тікелей қасақаналық және пайдакүнемдік мақсат түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі бөтеннің мүлкін иеленудің ашық тәсілін түсінеді, өзінің жасаған әрекеттерінің нәтижесінде мүлік өз қолына өтетінін болжайды және баю мақсатында соны қалайды. Осыған байланысты бөтеннің мүлкін кек алу, қызғаныш, бұзақылық ниеттер бойынша жою мақсатында, сондай-ақ оны уақытша пайдалану үшін немесе нақты не болжамды құқықты жүзеге асыру мақсатында иеленуге бағытталған ашық әрекеттер тонау құрамын құрамайды.
ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігі бойынша тонаудың субъектісі болып 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға танылады, ал ҚР ҚК 191-бабының 2–4-бөліктері бойынша — 14 жасқа толған тұлға танылады.
ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігінде көзделген тонаудың саралаушы белгілері мыналар болып табылады:
1) жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану не осындай күш қолдану қатерін төндіру;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалуы.
ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігінің 3) тармағында көрсетілген белгілер ҚР ҚК 188-бабында қарастырылған белгілермен сәйкес келеді.
Өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданып жасалған тонау деп жәбірленушіге қысқа мерзімді денсаулықтың бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетінің шамалы тұрақты жоғалуына әкеп соқпаған тән ауруын келтіруге байланысты ұрып-соғуды немесе өзге де күш қолдану әрекеттерін жасауды түсіну қажет.
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығымен бекітілген Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларының 383-тармағына сәйкес, денсаулыққа зиян деп сыртқы ортаның әртүрлі факторларының: механикалық, физикалық, химиялық, биологиялық, психогендік әсер етуі нәтижесінде туындаған, денсаулықтың бұзылуына немесе өлімнің басталуына әкеп соққан ағзалар (тіндер) анатомиялық тұтастығының немесе олардың физиологиялық функцияларының бұзылуы (дене жарақаттары), не аурулар немесе патологиялық жағдайлар, сондай-ақ медициналық көмектің көрсетілуіндегі кемшіліктер нәтижесінде туындаған салдарлар түсініледі.
Денсаулықтың бұзылуы деп нақты жарақаттан немесе аурудан туындаған, ағзалардың анатомиялық тұтастығының немесе физиологиялық функциясының бұзылуы орын алатын, жергілікті және (немесе) жалпы сипаттағы клиникалық тұрғыдан айқын байқалатын ауырсыну өзгерістері анықталатын ағза жағдайын түсіну қажет.
Жалпы еңбек қабілеті деп белгілі бір өнім, бұйым немесе қызмет түріндегі әлеуметтік маңызы бар нәтижеге қол жеткізуге бағытталған әрекетті жүзеге асыру үшін адамның туа біткен және жүре пайда болған қабілеттерінің жиынтығын түсіну қажет.
Кәсіби еңбек қабілеті — адамның өз кәсібі бойынша немесе ақысы мен біліктілігі жағынан оған тең басқа қызмет түрінде еңбек ету қабілеті.
Жалпы еңбек қабілетін тұрақты жоғалту — адамды біліктілікті қажет етпейтін жұмысты толық немесе ішінара орындау және өзіне-өзі қызмет көрсету қабілетінен айыратын функцияның (функциялардың) қайтымсыз жоғалуы.
Егер түпкілікті нәтиже 120 күн ішінде анықталмаса, жалпы еңбек қабілетінің шартты түрде тұрақты (қайтымсыз) жоғалуы деп зардап шеккен адамда көрсетілген уақыт аралығы өткеннен кейін қалыптасқан жоғалған функция мөлшері есептеледі.
Жалпы еңбек қабілетін жоғалту өлшемшарты еңбек және клиникалық болжамдар қолайсыз болған кезде не еңбек қабілетінің шектелу мерзіміне қарамастан түпкілікті нәтиже анықталған кезде, не денсаулықтың бұзылуы 120 күннен астам уақытқа созылған кезде қолданылады (бұдан әрі — жалпы еңбек қабілетін тұрақты жоғалту).
Кінәлі бөтеннің мүлкін иелену үшін пайдаланатын, жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш көрсету ретінде жәбірленушіні бостандығынан айыру немесе шектеу, байлау, ұстап тұру және басқа да осындай әрекеттер бағалануға тиіс.
Бөтеннің мүлкін ашық түрде алып қою кезінде қолданылатын күш көрсетудің сипаты, қарқындылығы және дәрежесі тергеудің бастапқы кезеңдерінде-ақ анықталуы қажет, өйткені жасалған әрекетті дұрыс саралау осыған тікелей байланысты. Мүлікті алып қою немесе алып қоюға оқталу сәтінде жәбірленушінің денсаулығына келтірілген зиянның ауырлық дәрежесінің тіркелмеуі қылмыстарды саралауды едәуір қиындатады.
Бөтеннің мүлкін күш қолдану немесе күш қолдану қатерін төндіру арқылы иелену фактілері тек тонау ретінде сараланатын ұстанымды негізді деп тану екіталай, өйткені мұндай жағдайда қарақшылық та орын алуы мүмкін. Мысалы, күш қолданумен қорқытып, мүлкін 20 мың 750 теңге сомасында иеленген Л. және Б.-ның әрекеттері; күш қолданумен қорқытып, бұлғын терісінен жасалған бас киімді иеленген С.-ның әрекеттері сияқты жағдайларда күш көрсетудің сипаты анықталмайынша, жасалған әрекетті саралау туралы сұраққа біржақты жауап беру мүмкін емес.
Жеке тұлғаның мүдделерін қамтамасыз етудің басымдығын ескере отырып, күш қолдану жәбірленушінің өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күшті тікелей қолдануды ғана емес, сондай-ақ осындай күш қолданудың нақты қатерін төндіруді де қамтиды. Егер төндірілген қатер өмірге немесе денсаулыққа қауіпті күш қолдану мүмкіндігін (өлім келтіру немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіру) білдірсе, онда бұл тонау емес, қарақшылық құрамы болып табылады. Қатердің шынайы сипатын кінәлінің әрекеттерінің агрессивтілік дәрежесіне, қылмыс жасалған жағдайға, кінәлінің қорқыту үшін пайдаланған заттарының түрі мен қасиеттеріне қарап бағалауға болады. Қатер жәбірленушіде өзіне төніп тұрған қауіп туралы толық негізделген түсінік қалыптастыруға тиіс, кінәлі де дәл осыған есеп жасайды. Бұл ретте барлық жағдайларда физикалық та, психикалық та күш көрсету кінәлі тарапынан бөтеннің мүлкін иелену немесе оны ұстап қалу мақсатында қолданылуы қажет. Сондықтан егер ұрлық аяқталғаннан кейін кінәлі ұсталып қалудан құтылу мақсатында өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданса, оның жасаған ұрлығы тонауға ұласпайды.
ҚР ҚК 191-бабының 3 және 4-бөліктері тонау ірі мөлшерде; бірнеше рет; тұрғын үйге, қызметтік немесе өндірістік үй-жайға не қоймаға заңсыз кіру арқылы; қылмыстық топпен; аса ірі мөлшерде жасалған жағдайда жауаптылықты күшейтеді.
Тонаудың аталған аса саралаушы белгілері ұрлық құрамын талдау кезінде қарастырылған белгілермен толық сәйкес келеді (ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық» туралы түсініктемені қараңыз).
Тонау қарақшылықтан қылмыстың объектісі бойынша ерекшеленеді. Тонау кезінде негізгі объект меншік құқығы болып табылады, ал күш қолданып тонау кезінде жәбірленушінің денсаулығы қосымша объект болады. Қарақшылық күрделі объектілі қылмыстар қатарына жатады, өйткені ол меншікке ғана емес, жәбірленушінің денсаулығына да қол сұғады. Бұл ретте қарақшылық құрамы үшін екі объектінің факультативтік емес, міндетті түрде болуы тән.
Тонау — бөтеннің мүлкін ашық жымқыру, құрамы конструкциясы бойынша материалдық қылмыс болып табылады. Қарақшылық — бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жасалған шабуыл, формальдық құрамы бар қылмыс. Демек, қылмыстың аяқталу сәті әртүрлі болады. Тонау кезінде өмірге немесе денсаулыққа қауіпті емес күш қолданылуы не осындай күш қолдану қатері төндірілуі мүмкін, ал қарақшылық кезінде шабуылға ұшыраған адамның өміріне немесе денсаулығына қауіпті күш қолданылады, сондай-ақ мұнда осындай күшті тікелей қолдану қатері де болады. Бұл жағдайда денсаулық қол сұғудың екінші маңызды объектісі болып табылады.
Қарақшылықтың субъектісі болып 14 жасқа толған адам танылады, ал тонау үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталады, саралаушы белгілер болған кезде — 14 жастан басталады.
ҚР ҚК 191-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК 191-бабының 2, 3, 4-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Құқықтық қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар