Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабына түсініктеме. Мұнай мен мұнай өнімдерін олардың заңды шыққан тегін растайтын құжаттарсыз тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу
1. Мұнай мен мұнай өнімдерін олардың заңды шыққан тегін растайтын құжаттарсыз тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер бірнеше рет жасалса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ірі мөлшерде жасалған әрекеттер —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттер:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса ірі мөлшерде жасалған болса, — үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1 және 2-бөліктері — қылмыстық теріс қылықтар, 3 және 4-бөліктері — қылмыстар) кінәлі адамның бөтен мүлікті алып қою арқылы мүлік меншік иесіне де, осы мүлік өзінде болған өзге де иеленушіге де материалдық залал келтіруінен көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — меншік.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жер қойнауы және оның құрамындағы пайдалы қазбалар мемлекеттік меншікте болады (Конституцияның 6-бабының 3-тармағы).
Жер қойнауына мемлекеттік меншік Қазақстан Республикасы мемлекеттік егемендігінің негіздерінің құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Мемлекет жер қойнауына қол жеткізуді 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген негіздерде, шарттарда және шектерде қамтамасыз етеді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың заты — мұнай және мұнай өнімдері түріндегі мүлік.
Аталған Кодекске сәйкес мұнай деп шикі мұнай, газ конденсаты, сондай-ақ шикі мұнайды тазартудан және жанғыш тақтатастарды, мұнай-битуминозды жыныстарды немесе шайырлы құмдарды өңдеуден кейін алынған көмірсутектер түсініледі.
Шикі мұнайға жер қойнауынан қалыпты атмосфералық температура мен қысым жағдайында сұйық күйде өндірілетін, оның ішінде табиғи конденсация нәтижесінде шикі газдан түзілген, үлес салмағына қарамастан кез келген көмірсутектер жатады.
Шикі газ деп жер қойнауынан қалыпты атмосфералық температура мен қысым жағдайында газ тәрізді күйде өндірілетін, оның ішінде тазартылмаған табиғи, ілеспе, тақтатас газын, көмір қабаттарындағы метанды, сондай-ақ олардың құрамындағы көмірсутекті емес газдарды қоса алғанда, үлес салмағына қарамастан кез келген көмірсутектер танылады.
Ілеспе газ деп қабаттық жағдайларда мұнай құрамында еріген күйде болатын және қысым төмендеген кезде одан бөлініп шығатын көмірсутектер мен көмірсутекті емес газдардың көпкомпонентті қоспасы танылады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңына сәйкес мұнай өнімдері деп мұнай өнімдерінің жекелеген түрлері: бензин, авиациялық және дизель отыны, мазут түсініледі.
Аталған Заңның 19-бабының 4-тармағына сәйкес мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек саудада өткізу, сондай-ақ мұнай өнімдерін экспорттау және импорттау кезінде мұнай өнімдерінің айналымы саласындағы уәкілетті орган бекітетін қағидаларға сәйкес ілеспе жүкқұжаттар ресімделеді.
Ілеспе жүкқұжат — мұнай өнімдерін жөнелтушіден алушыға дейінгі бүкіл жол бойында бірге жүретін, мұнай өнімдерінің айналымын бақылауға арналған және мұнай өнімдерін босату мен қабылдау операцияларын, сондай-ақ мұнай жеткізушілеріне мұнай өнімдерін беру операцияларын ресімдеу үшін қажетті құжат (аталған Заңның 1-бабының 28) тармақшасы).
Бұл ретте Заңның 20-бабында шикі мұнайды, газ конденсатын, өңдеу өнімдері мен мұнай өнімдерін теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдауға қауіпті жүктерді тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында қойылатын талаптарға сәйкес арнайы жабдықталған және тасымалдауға рұқсат етілген көлік құралдарымен ғана жол берілетіні атап өтілген. Мұндай заңнамаға 1996 жылғы 5 сәуірде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі кеңесінің он бесінші отырысында бекітілген Теміржолдар арқылы қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларын жатқызуға болады.
Мұнай өнімдерін өткізу және (немесе) жөнелту кезінде, сондай-ақ мұнай өнімдерін теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдау операцияларын жүзеге асыру кезінде міндетті түрде ілеспе жүкқұжаттар ресімделеді.
Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен тасымалдауға байланысты құжаттар әрбір көлік түрі үшін қауіпті жүктерді тасымалдауға белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.
Шикі мұнайды, газ конденсатын және мұнай өнімдерін теміржол, автомобиль, теңіз, ішкі су және әуе көлігімен сақтау мен тасымалдауға арналған құралдардың конструкциясы және оларды пайдалану шарттары техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Объективтік жағы мұнай мен мұнай өнімдерін олардың заңды шыққан тегін растайтын құжаттарсыз тасымалдаудан, сатып алудан, өткізуден, сақтаудан, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеуден көрінеді.
Мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау деп оларды кез келген тәсілмен (тасу, жөнелту, арнайы алып жүруші арқылы жіберу және т.б.) орнын ауыстыру түсініледі.
Мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алу деп оларды кез келген тәсілмен (сатып алу, айырбастау және сол сияқты) тұрақты немесе уақытша иеленуге алу танылады.
Өткізу дегеніміз — мұнай мен мұнай өнімдерін жеке немесе заңды тұлғаларға кез келген жолмен ақылы немесе ақысыз беру.
Мұнай мен мұнай өнімдерін сақтау — олардың нақты орналасқан жеріне (тұрғын үйде, шаруашылық құрылыстарында, арнайы жасырын орында және т.б.) қарамастан, оларға іс жүзінде иелік ету.
Мұнайды қайта өңдеу деп нәтижесінде мұнай өнімдері (мотор отыны, энергетикалық отын, мұнай майлары және т.б.) алынатын оны физикалық және химиялық өңдеу процесі түсініледі.
Субъективтік жағынан талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылық тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам мұнай мен мұнай өнімдерін олардың заңды шыққан тегін растайтын құжаттарсыз тасымалдаудың, сатып алудың, өткізудің, сақтаудың, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеудің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді.
Субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Заң шығарушы қарастырылып отырған баптың саралаушы белгілеріне дәл сол әрекеттердің бірнеше рет, ірі мөлшерде жасалуын жатқызады.
Аса саралаушы белгілер ретінде дәл сол әрекеттердің:
қылмыстық топ жасауы;
аса ірі мөлшерде жасалуы көзделген.
188-баптың 3 және 4-бөліктерін талдау кезінде «бірнеше рет», «қылмыстық топ жасаған» деген саралаушы белгілер егжей-тегжейлі қарастырылған.
ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, мұнай мен мұнай өнімдерін олардың заңды шыққан тегін растайтын құжаттарсыз тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу жөніндегі әрекеттерге қатысты ірі мөлшер деп айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомадағы залал танылады.
Аса ірі мөлшер деп айлық есептік көрсеткіштен төрт мың есе асатын мүліктің құны немесе залал мөлшері танылады (ҚК-нің 3-бабының 3) тармақшасы).
ҚК-нің 197-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 197-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 197-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар