Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 201-бабына түсініктеме. Жерге заттық құқықтарды бұзу
1. Азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына не заңмен қорғалатын мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан, күш қолдану арқылы немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы не адамдар тобы жасаған немесе заңсыз тінтумен ұштасқан бөтен жер учаскесіне заңсыз кіру, сол сияқты бөтен жер учаскесін заңсыз басып алу —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген іс-әрекеттерді өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адам —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі азаматтардың, ұйымдардың, мемлекеттің немесе тұтастай қоғамның жерге қатысты заттық құқықтарының бұзылуынан көрінеді, бұл ретте жәбірленушіге дене жарақаты түріндегі, сондай-ақ елеулі материалдық зиян келтіріледі не соңғысы жер учаскесін иелену мүмкіндігінен айырылады.
Қылмыстың объектісі — жерге қатысты заттық құқық. Жерге қатысты заттық құқық деп меншік құқығын, жер пайдалану құқығын, жеке меншіктегі жер учаскесін уақытша пайдалану құқығын, сервитутты және өзге де заттық құқықтарды түсіну қажет.
Жерге қатысты заттық құқықты осындай кең көлемде түсіну Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншіктің бірдей дәрежеде танылатыны және қорғалатыны туралы конституциялық ережеге негізделген (ҚР Конституциясының 6-бабының 1-тармағы).
Жер учаскесіне меншік құқығы мынадай жолдармен туындайды: 1) меншік құқығын беру; 2) меншік құқығын табыстау; 3) меншік құқығының әмбебап құқық мирасқорлығы тәртібімен ауысуы (мұрагерлік, заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру) (2003 жылғы 20 маусымдағы ҚР Жер кодексінің 22-бабының 1-тармағы).
ҚР Жер кодексінің 23-бабының 2-тармағына сәйкес, ҚР азаматтарының жеке меншігінде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, орман өсіруге, бағбандыққа, жеке тұрғын үй және саяжай құрылысына арналған, сондай-ақ құрылыс салуға берілген (берілетін) немесе өндірістік және өндірістік емес, оның ішінде тұрғын үйлермен (ғимараттармен, құрылыстармен) және олардың кешендерімен салынған, соның ішінде ғимараттарды (құрылыстарды, имараттарды) олардың мақсатына сәйкес күтіп-ұстауға арналған жер учаскелері болуы мүмкін.
Шаруа немесе фермер қожалығын жүргізуге, жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, орман өсіруге, бағбандыққа және саяжай құрылысына берілген жер учаскесінің меншік иесі болып табылатын азамат ҚР азаматтығынан шыққан жағдайда, Жер кодексінің 66-бабының нормаларына сәйкес меншік құқығы иеліктен шығарылуға немесе қайта ресімделуге жатады.
Жер учаскесінің меншік иесі, егер ҚР Жер кодексінде және өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, мемлекеттік органдардан қандай да бір рұқсат алмай-ақ, жер учаскесін иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын өз қалауы бойынша жүзеге асырады.
Меншік иесі ҚР заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған, нысаналы мақсатын өзгертпейтін кез келген мәмілелерді өзінің жер учаскесіне қатысты жасауға құқылы (ҚР Жер кодексінің 25-бабының 1 және 2-тармақтары).
ҚР Жер кодексінің 26-бабының 1-тармағында мемлекеттік меншікте мемлекеттік билік органдары мен мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге берілген, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін пайдаланылатын, емдік және тарихи-мәдени мақсаттағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан, орман және су қорының жерлері, елді мекендер жеріндегі ортақ пайдаланылатын жерлер, босалқы жерлер, оның ішінде арнайы жер қоры, жайылымдық және шабындық алқаптар, сондай-ақ шалғайдағы жайылымдар және жеке меншікке берілмеген басқа да жерлер болатыны бекітілген.
Қорғаныс және мемлекеттік қауіпсіздік, мемлекеттік меншіктегі қорғаныс өнеркәсібі мұқтаждары үшін алып қойылған; ҚР Мемлекеттік шекарасын қорғау және күзету үшін салынған инженерлік-техникалық құрылыстар мен коммуникациялар орналасқан; кеден мұқтаждарына арналған; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар алып жатқан; орман қорының жерлері, ҚР Жер кодексінің 128-бабының 4-тармағында аталған жер учаскелерін қоспағанда; су қорының жерлері, ҚР Жер кодексінің 133-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерін қоспағанда; магистральдық теміржол желілері мен жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары алып жатқан жер учаскелері, ҚР заңнамалық актілеріне сәйкес ҚР Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары алып жатқан жер учаскелерін қоспағанда; елді мекендердегі ортақ пайдаланылатын аумақтар, жеке меншік құқығындағы ғимараттар мен құрылыстар орналасқан және оларды күтіп-ұстауға қажетті жер учаскелерін қоспағанда, жеке меншікте бола алмайды.
Жердің белгілі бір санатқа жататындығы жерді аймақтарға бөлуге сәйкес оның нысаналы мақсаты мен рұқсат етілген пайдаланылуы негізге алына отырып айқындалады.
Азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіне және жер пайдалануына бөлек берілмейтін жер учаскелеріне халықтың мұқтаждықтары үшін пайдаланылатын және сол мақсаттарға арналған жайылымдық және шабындық алқаптар алып жатқан, оның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдық елді мекендердің шекаралары шегінде орналасқан жер учаскелері; жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар, оның ішінде шаруашылықаралық және елді мекенаралық маңызы бар жолдар, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын жер учаскелеріне қол жеткізуге арналған жолдар; екі немесе одан да көп жер учаскелерінің меншік иелері немесе жер пайдаланушылар бірлесіп пайдаланатын суландыру құрылыстары (суландыру арналары, су бұру құрылыстары, құдықтар, мал суару пункттері) алып жатқан жер учаскелері жатады (ҚР Жер кодексінің 26-бабының 2 және 3-тармақтары).
Мемлекеттік меншіктегі жерлерден жер учаскелері:
«1) жеке меншікке сатылуы немесе өтеусіз берілуі;
1-1) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жарғылық капиталына (меншігіне) төлем ретінде берілуі;
тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берілуі;
ҚР Жер кодексінде, өзге де заңнамалық актілерінде немесе халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда өзге де құқықтық нысандарда іске асырылуы мүмкін» (ҚР Жер кодексінің 27-бабы).
Қарастырылып отырған іс-әрекеттің объективтік жағы азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына не заңмен қорғалатын мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соққан, күш қолдану арқылы немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы не адамдар тобы жасаған немесе заңсыз тінтумен ұштасқан бөтен жер учаскесіне заңсыз кіру, сол сияқты бөтен жер учаскесін заңсыз басып алу түрінде көрініс табады.
Бөтен жер учаскесіне заңсыз кіру деп кінәлі адамның өзіне тиесілі емес жер учаскесіне заңды негіздерсіз басып кіруінен және жер учаскесінің меншік иесінің еркіне қарсы онда болуынан көрініс табатын әрекеттерін түсіну қажет. Мұндай кіруді заң шығарушы мынадай жағдайларда ғана қылмыстық жазаланатын іс-әрекет деп таниды: 1) азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына не заңмен қорғалатын мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілгенде, бұл жерге қатысты заңды заттық құқықтарды жүзеге асырудың едәуір шектелуін немесе мүмкін болмауын білдіреді; 2) күш қолдану арқылы немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы не адамдар тобы жасаған кезде немесе заңсыз тінтумен ұштасқан жағдайда, сондай-ақ бөтен жер учаскесін заңсыз басып алу кезінде.
Күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру деп осы учаскенің иесіне ұрып-соғу, денсаулығына жеңіл зиян келтіру немесе психологиялық күш көрсету әрекеттерін түсіну қажет. Жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы және ауыр зиян келтіру ҚР ҚК-нің 107 және 106-баптары бойынша қосымша саралауды талап етеді.
Жер учаскесіне кіру, егер оны екі немесе одан да көп есі дұрыс және қылмыс жасалған кезде 16 жасқа толған адам жүзеге асырса, адамдар тобы жасаған кіру деп танылады.
Бөтен жер учаскесіне заңсыз тінтумен ұштасқан кіру кезінде қылмыстың қоғамдық қауіптілік дәрежесі артады, яғни мұндай тінту заңды негіздерсіз жүргізіледі.
Бұл ретте, ҚР Жер кодексінің 68-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке тұлғалар жалпыға бірдей қолжетімділігі жабылмаған жер учаскелерінде қандай да бір рұқсатсыз еркін жүруге құқылы. Егер жеке меншіктегі немесе жер пайдаланудағы жер учаскесі қоршалмаған болса немесе жеке меншік иесі не жер пайдаланушы учаскеге оның рұқсатынсыз кіруге жол берілмейтіні туралы өзге де тәсілмен белгілемесе, кез келген адам осы учаске арқылы жүріп өте алады, егер бұл жеке меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға зиян келтірмесе (ҚР Жер кодексінің 68-бабының 2-тармағы).
Бөтен жер учаскесін басып алу деп осы учаскені заңсыз иеленудің кез келген нысаны түсініледі. Бұл ретте, жерге қатысты заттық құқықтар туындамайтынын және бөтен жер учаскесін басып алған адам белгілі бір уақыт бойы оны иеленген жағдайда да, оның құқықтық негізі жоқ иеленуші болып табылатынын атап өткен жөн.
Құрамы бойынша бұл қылмыс материалдық құрамға жатады, яғни азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына не заңмен қорғалатын мүдделеріне, сондай-ақ қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне жоғарыда айтылған елеулі зиян келтірілуі тиіс.
ҚР ҚК-нің 3-бабының 14) тармағына сәйкес, егер ҚК-де көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгісі ретінде көрсетілмесе, елеулі зиян деп мынадай салдарлар танылады: адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуы; елеулі залал келтіру; жәбірленуші адамның қиын өмірлік жағдайға тап болуы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; маңызды әскери іс-шаралардың бұзылуы не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлік және жауынгерлік қабілеттілік деңгейінің қысқа мерзімге төмендеуі; қарулы топтардың немесе жекелеген қаруланған адамдардың, құрлықтағы, әуе немесе теңіздегі әскери техниканың шабуылын уақтылы анықтамау немесе тойтармау, адамдар мен көлік құралдарының ҚР Мемлекеттік шекарасынан заңсыз кедергісіз өтуіне, контрабандалық жүктердің орын ауыстыруына жол беру, шекаралық құрылыстар мен шекараны күзетудің техникалық құралдарына зиян келтіретін әрекеттерге жол беру; келтірілген зиянның елеулілігін куәландыратын өзге де салдарлар.
Субъективтік жағынан іс-әрекет тікелей де, жанама да қасақаналық нысанындағы кінәмен сипатталады. Адам бөтен жер учаскесіне заңсыз кіретінін сезінеді, ҚР ҚК-нің 201-бабының диспозициясында көрсетілген салдарлардың туындауын алдын ала біледі, олардың туындауын қалайды не оларға саналы түрде жол береді.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъектісі — жалпы субъект, яғни 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 201-бабының 2-бөлігінде заң шығарушы түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасауы түріндегі саралаушы белгіні көздейді. Бұл саралаушы белгіні қолдану үшін кінәлі адамның жерге қатысты заттық құқықтарды бұзуы талданып отырған іс-әрекетті жасау мақсатында өзінің қызмет бабын пайдалануына байланысты мүмкін болғанын анықтау қажет.
ҚР ҚК-нің 201-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатпайтын, онша ауыр емес қылмыс санатына жатады.
ҚР ҚК-нің 201-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер, даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Нұсқау Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар.