Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 219-бабы. Кредитті заңсыз алу, бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану туралы түсініктеме
1. Жеке кәсіпкердің немесе ұйым басшысының жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепілге салынған мүлкі туралы не кредит, дотация, кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы банкке немесе өзге де кредиторға көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алуы, сол сияқты кредиттеуді, дотация беруді тоқтатуға, жеңілдіктердің күшін жоюға не бөлінген кредит немесе дотация мөлшерін шектеуге әкеп соғуы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы банкке немесе өзге де кредиторға ақпарат бермеуі, егер бұл әрекеттер ірі залал келтірсе, —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Егер бұл әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе, бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көзделген әрекетті алғаш рет жасаған адам залалды өз еркімен өтеген жағдайда қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оны жасау кезінде кредиттік ұйымдардың, мемлекеттің, сондай-ақ басқа субъектінің кредитті заңсыз алуы салдарынан мұндай мүмкіндікке қол жеткізе алмайтын азаматтардың құқықтарының бұзылуымен сипатталады.
Кредитті заңсыз алу және бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану үшін жауаптылық бір бапта (ҚК-нің 219-бабының 1 және 2-бөліктерінде) бекітілген, онда заң шығарушы қылмыстың тікелей объектісінің ортақтығы негізінде біріктірген екі қылмыстың белгілері қамтылған. Бұл объект кредит беру саласында туындайтын қоғамдық қатынастар болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы банктік және өзге де кредит берудің құқықтық негізін ҚР АК-нің арнайы нормалары; 1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңы; 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңы; 2003 жылғы 28 наурыздағы «Кредиттік серіктестіктер туралы» ҚР Заңы және басқа да нормативтік құқықтық актілер құрайды.
Қылмыстың объектісі экономикалық саладағы кредиттік қатынастар, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік мүдделері болып табылады.
Қылмыстың нысанасы кредит, дотациялар немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттары болып табылады. Олар кредит алудың, сондай-ақ оны қайтарудың жалпы шарттарымен салыстырғанда неғұрлым тиімді шарттарды білдіреді.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 30-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес банктік операциялардың бір түрі банктік қарыз операциялары болып табылады. Олар банк, ипотекалық ұйым, бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын банк болып табылмайтын ұйым немесе агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық басқарушы холдингтің еншілес ұйымдары ақылылық, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарымен ақшалай нысанда кредиттер беруінен тұрады.
Аталған Заңның 30-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының микрокредит беру қызметі туралы заңнамасына сәйкес микрокредит беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттер беру жөніндегі қызметі банктік операцияларға жатпайды.
Кредит шартын жасасу кезінде кредитор қарыз алушыға шартта келісілген мөлшерде және талаптармен ақша беруге міндеттенеді, ал қарыз алушы, өз кезегінде, алынған соманы қайтаруға және сыйақы төлеуге міндеттенеді.
«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 35-бабына сәйкес кредиттердің қайтарылуы тұрақсыздық айыбымен, кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен және ҚР заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Дотациялар — қызметінің кіріс бөлігі белгілі бір өнім түрлерін өндіруге және өткізуге жұмсалатын шығындарды өтемейтін кәсіпорындар мен ұйымдардың залалдарын жабуға, әскери өнеркәсіпті, инфрақұрылым салаларын және басқаларды қаржылай қолдауға арналған мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат.
Кредиттеудің жеңілдікті шарттары — кредит берудің жалпы шарттарымен салыстырғанда неғұрлым тиімді, қандай да бір артықшылықтар беруге, кредиттеу бойынша белгіленген қағидаларды орындаудан ішінара босатуға байланысты шарттар (мысалы, кредитті қайтаруды қамтамасыз етпей беру, оны өтеудің басталу мерзімін кейінге қалдыру және т.б.).
Қарастырылып отырған баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстың объективтік жағы жеке кәсіпкердің немесе ұйым басшысының жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепілге салынған мүлкі туралы не кредит, дотация, кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы банкке немесе өзге де кредиторға көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы кредит, дотация алуы не кредиттеудің жеңілдікті шарттарына қол жеткізуі, сол сияқты кредиттеуді, дотация беруді тоқтатуға, жеңілдіктердің күшін жоюға не бөлінген кредит немесе дотация мөлшерін шектеуге әкеп соғуы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы банкке немесе өзге де кредиторға ақпарат бермеуі, егер бұл әрекеттер ірі залал келтірсе, сол арқылы көрініс табады.
Кредит алу деп оны беруді (ең болмағанда оның бір бөлігін) түсіну қажет. Кредит қолма-қол ақшамен берілуі мүмкін; кредит сомасы қарыз алушы кәсіпорынның немесе ұйымның есеп айырысу шотына аударылуы мүмкін; ол қарыз алушының тапсырмасы бойынша банк арқылы тікелей шотқа ұсынылған есеп айырысу-ақша құжаттарын төлеуге бағытталуы мүмкін және т.б. Дотация алуды немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарына қол жеткізуді де осындай мағынада түсіну қажет.
Шаруашылық жағдайы ұйымның экономикалық қызметін сипаттайтын ішкі және сыртқы деректердің жиынтығын білдіреді. Шаруашылық жағдайы туралы көрінеу жалған мәліметтерге, мысалы, ұйымның құрылтайшылары, басшылары, акционерлері туралы шындыққа сәйкес келмейтін деректер; кредит талап етілетін шаруашылық операциясына қатысты жалған шарттар, төлем және өзге де құжаттар жатады.
Жалған ақпарат деп қарыз алушының шаруашылық жағдайы және (немесе) қаржылық жай-күйі, өзіне тиесілі кепіл мүлкі туралы нақты шындыққа сәйкес келмейтін, кінәлі адамға көрінеу белгілі түрде бұрмаланған ақпаратты түсіну қажет. Осылайша, қарастырылып отырған қылмыс құрамында сөз болып отырған ақпараттың кемшілігі бар, яғни ол шындыққа сәйкес келмейді. Қаржылық жай-күй туралы көрінеу жалған мәліметтерге, мысалы, қаржылық жағдайды анағұрлым тиімді етіп көрсететін, салық комитетінде тіркелгені туралы қолдан жасалған бухгалтерлік құжаттар және басқалар жатуы мүмкін.
Сонымен қатар көрінеу жалған мәліметтер мынадай құжаттарда болуы мүмкін: кредиттің техникалық-экономикалық негіздемесінде, оны растайтын шарттар мен келісімшарттардың көшірмелерінде немесе түпнұсқаларында, кәсіпорынның баланстарында (жылдық және соңғы тоқсандық), басқа банктер мен кредиторлар алдындағы кредиттердің бар-жоғы туралы анықтамада, мемлекеттік тіркеу және лицензиялау құжаттарында. Кредитті жеңілдікті шарттармен алу құқығын растайтын құжаттар кепіл мүлкіне (кепілмен қамтамасыз етілген кредиттер кезінде), кредиттік мәмілелерді сақтандыру құжаттарына және т.б. қатысты болуы мүмкін.
Кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін көрінеу жалған мәліметтердің елеулі маңызы болған-болмағаны туралы мәселені шешу кезінде кінәлі адамның мұндай жалған мәліметтерді ұсынбай-ақ, кредиторға ұсынылған өзге де шынайы деректер негізінде оларды алуға нақты мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау қажет.
Кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын беру үшін кредиторға ұсынылған өзге де жалған емес мәліметтер жеткілікті болған жағдайларда, жеке кәсіпкердің немесе ұйым басшысының ҚР ҚК-нің 219-бабы бойынша қылмыстық жауаптылығы туындамайды.
ҚР ҚК-нің 219-бабында көзделген әрекеттер заңсыз алынған немесе тікелей мақсатына сай пайдаланылмаған кредит қаражатының қайтарылған-қайтарылмағанына қарамастан қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұл қылмыс жеке кәсіпкердің немесе ұйым басшысының шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепіл мүлкі туралы не елеулі маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы көрінеу жалған мәліметтерді ұсынуы мен кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алуы арасындағы себептік байланыстың болуымен сипатталады. Бұл байланыс кредит, дотация және (немесе) кредиттік жеңілдіктер беру туралы шешімнің дәл осы көрінеу жалған мәліметтерге негізделгенін және оларсыз мұндай шешімнің қабылданбайтынын білдіреді.
ҚР Жоғарғы Сотының «Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша соттардың заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағында да мыналар атап көрсетілген:
«ҚК-нің 219-бабының бірінші бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық жеке кәсіпкердің немесе ұйым басшысының жеке кәсіпкердің немесе ұйымның шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепілге салынған мүлкі туралы не кредит, дотация, кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы банкке немесе өзге де кредиторға көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алуы, сол сияқты кредиттеуді, дотация беруді тоқтатуға, жеңілдіктердің күшін жоюға не бөлінген кредит немесе дотация мөлшерін шектеуге әкеп соғуы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы банкке немесе өзге де кредиторға ақпарат бермеуі, егер бұл әрекеттер ірі залал келтірсе, туындайды.
Кредитті, дотацияны заңсыз алу туралы істерді қарау кезінде немесе кредит, дотация не кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін көрінеу жалған мәліметтердің елеулі маңызы болған-болмағаны туралы мәселені шешкен кезде адамның жалған мәліметтерді ұсынбай-ақ, кредиторға ұсынылған басқа да шындыққа сәйкес келетін мәліметтер негізінде оларды алуға нақты мүмкіндігі болған-болмағанын анықтау қажет.
Егер сот шындыққа сәйкес келетін мәліметтердің кредит алу үшін жеткілікті мөлшерде ұсынылғанын анықтаса, онда шынайы мәліметтермен қатар өзге де жалған мәліметтерді ұсыну кредитті заңсыз алу құрамын құрамайды».
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Бұл қылмыс банкке немесе өзге де кредиторға ірі залал келтірілген кезден бастап аяқталған болып есептеледі. ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес ірі залал деп азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залалды не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залалды түсіну қажет.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстың субъектісі арнайы субъект болып табылады, яғни ол ұйымдық-құқықтық нысанына немесе меншік нысанына қарамастан, жеке кәсіпкер немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымның басшысы болуы тиіс.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 30-бабына сәйкес жеке кәсіпкерлік — Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың таза табыс алуға бағытталған, жеке тұлғалардың өз меншігіне негізделген және жеке тұлғалардың атынан, олардың тәуекелімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылатын дербес, бастамашыл қызметі. Өзге жеке тұлғаларға жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынады. Жеке кәсіпкерлік жеке немесе бірлескен кәсіпкерлік түрінде жүзеге асырылады.
Ұйымның басшысы деп ұйымның істерін жүргізуге жауапты және өз өкілеттіктері шегінде осы ұйымда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды жүзеге асыра алатын адамды түсіну қажет.
Жеке тұлғаның (қылмыстың жалпы субъектісінің) кредитті заңсыз алуы, оған негіздер болған кезде, алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіргені үшін жауаптылықты көздейтін ҚР ҚК-нің 195-бабы бойынша саралануы қажет.
Кредитті заңсыз алу банк немесе өзге де кредитор басшысының кредит беру туралы мәселенің шешілуіне ықпал еткен парасымен ұштасқан жағдайда, әрекет коммерциялық сатып алу үшін жауаптылықты көздейтін ҚР ҚК-нің 253-бабымен қылмыстар жиынтығы бойынша сараланады.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстың субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Жеке кәсіпкер немесе ұйым басшысы кредиторды алдау арқылы, оған өзінің шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі, кепіл мүлкі туралы немесе кредит, дотация не кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алу үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайлар туралы көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы кредит, дотация немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алып отырғанын, сол сияқты кредиттеуді, дотация беруді тоқтатуға, жеңілдіктердің күшін жоюға не бөлінген кредит немесе дотация мөлшерін шектеуге әкеп соғуы мүмкін мән-жайлардың туындағаны туралы кредиторға ақпарат бермегенін сезінеді, осы әрекеттердің нәтижесінде азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке ірі залал келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және осындай залалдың келтірілуін қалайды не оны қаламаса да, оған саналы түрде жол береді немесе мұндай салдардың туындауына немқұрайды қарайды.
Бұл қылмысты алаяқтықтан ажырату қажет, өйткені оны жасау кезінде қылмыскердің пиғылы мүлікті жымқыруға емес, кредитті уақытша алуға және кейіннен, мерзімінен кешіктірсе де, оны қайтаруға бағытталады.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігінде бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдаланғаны үшін, егер бұл әрекет азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе, қылмыстық жауаптылық белгіленген (мысалы, ҚР Ұлттық Банкі табиғи апаттың зардаптарын жою үшін бөлген ақшалай кредит коттедждер салуға немесе өзге де қымбат мүлікті сатып алуға пайдаланылған жағдайда).
ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың объектісі мемлекеттік мақсатты кредит беру тәртібі болып табылады.
Бұл қылмыстың нысанасы бюджеттік кредит болуы мүмкін.
2008 жылғы 4 желтоқсандағы ҚР Бюджет кодексінің 171-бабына сәйкес бюджеттік кредиттеу бюджеттік кредит беру, оны пайдалану, оған қызмет көрсету және оны өтеу туралы шешім қабылдау рәсімдерін қамтитын процесс болып табылады.
Бюджеттік кредитті алған кезде азаматтық-құқықтық қатынастар субъектісі қаражатты жасалған кредит шартына сәйкес тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға міндетті және оны кредиттік ресурстар ретінде депозиттік шоттарға есептей алмайды, шетел мемлекеттерінің валютасын сатып алуға пайдалана алмайды, сондай-ақ басқа қаржылық операцияларға (басқа заңды тұлғаның жарғылық капиталына салымдар шеңберінде ақша қаражатын беру және т.б.) бағыттай алмайды.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының объективтік жағы бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдаланумен сипатталады.
Бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану дегеніміз — алынған кредит қаражатын кредит шартында көрсетілмеген өзге мақсаттарға жұмсау. Мысалы, кредит ауыл шаруашылығын дамыту үшін алынғанымен, ол тұрғын үйді жөндеуге жұмсалған.
Бюджет кодексінің 12-бабының 3-тармағына сәйкес бюджеттік кредиттер — бюджеттен қайтарымдылық, мерзімділік және ақылылық негізде бөлінетін ақша қаражаты. Осыған байланысты ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігі бойынша істерді қарау кезінде сот кредиттеудің көзін анықтауға міндетті.
Бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке ірі залал келтіруі мүмкін, бұл ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылықтың міндетті шарты болып табылады. ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес ірі залал деп азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залалды не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залалды түсіну қажет.
ҚР ҚК-нің 219-бабында көзделген әрекеттер, осы бапқа ескертпеде көзделген жағдайларды қоспағанда, заңсыз алынған кредиттің, дотацияның қайтарылғанына немесе бюджеттік кредиттің мақсатсыз пайдаланылғанына қарамастан, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
ҚР ҚК-нің 219-бабына қатысты залал деп алынған кредит қаражатының және банктің сыйақысының сомасын түсіну қажет.
Әрекет азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке ірі залал келтірілген кезден бастап аяқталған болып есептеледі. Осылайша, қылмыс құрамы материалдық болып табылады.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі арнайы субъект болып табылады, яғни ол жеке кәсіпкер немесе коммерциялық не коммерциялық емес ұйымның басшысы, есі дұрыс, он алты жасқа толған адам болуы тиіс.
Субъективтік жағынан қылмыс қасақана, әдетте жанама қасақаналықпен жасалады. Адам алынған кредитті оның мақсатына сәйкес пайдаланбайтынын сезінеді, осының нәтижесінде азаматтарға, ұйымдарға немесе мемлекетке ірі залал келтіру мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және аталған залалды келтіруді қалайды не оған саналы түрде жол береді.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 1 және 2-бөліктері бойынша қылмысты саралау кезінде себептер мен мақсаттар ескерілмейді. Адамның пиғылы кредитті уақытша алуға және кейіннен алынған ақша қаражатын қайтаруға бағытталады. Бұл ретте кредитті алғанға дейін туындаған кредитті қайтармау мақсатының болуына үзілді-кесілді жол берілмеуге тиіс екенін ерекше атап өткен жөн. Егер адам кредитті иемденіп алу ниетімен алса, оның әрекеттері ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануы қажет.
Егер адам кредитті заңсыз алу үшін өзі қолдан жасаған ресми құжатты пайдаланса, онда оның әрекеті ҚР ҚК-нің 385-бабының 1-бөлігінде (немесе 369-бабында) және 219-бабының тиісті бөлігінде көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануы қажет.
Жеке кәсіпкердің немесе ұйымның өзінің шаруашылық жағдайы, қаржылық жай-күйі немесе кепіл мүлкі туралы банкке немесе өзге де кредиторға көрінеу жалған мәліметтер беру арқылы кредит немесе кредиттеудің жеңілдікті шарттарын алуы ірі залал келтіруге әкеп соқпаған жағдайда, жауаптылық ҚР ӘҚБтК-нің 233-бабының 1-бөлігі бойынша туындайды, ал бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану жеке тұлғаға, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірмеген жағдайда, жауаптылық ҚР ӘҚБтК-нің 233-бабының 2-бөлігі бойынша туындайды.
ҚР ҚК-нің 219-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвилидің авторлығымен.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар