Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 237-бабына түсініктеме. Оңалту және банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттер
1. Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті басқа біреудің иелігіне беру, иеліктен шығару немесе жою, сол сияқты бухгалтерлік және (немесе) есепке алу құжаттамасын не экономикалық қызметті көрсететін өзге де құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау, егер бұл әрекеттерді дара кәсіпкер, құрылтайшы (қатысушы), коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адам, лауазымды адам, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысы жасаса және ірі залал келтірсе, – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Дара кәсіпкердің, құрылтайшының (қатысушының), коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адамның, лауазымды адамның, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысының жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу зиян келтіре отырып, құқыққа сыйымсыз қанағаттандыруы, егер бұл әрекет ірі залал келтірсе, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Қарастырылып отырған іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі экономиканы сауықтырудың қажетті шарты болып табылатын банкроттықты жүзеге асырудың белгіленген тәртібіне қол сұғуынан, сондай-ақ кәсіпорындардың, ұйымдардың, борышкерлер мен кредиторлардың меншік иелерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуынан көрінеді.
Қазақстан Республикасында оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасы Конституциясының, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің, 2014 жылғы 7 наурыздағы «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы «Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының ережелерімен реттеледі.
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңы борышкердің кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыруға қабілетсіздігі кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді, берешекті қайта құрылымдау рәсімін, оңалту рәсімін қолдану және борышкерді банкрот деп тану, банкроттық рәсімін қозғамай борышкерді тарату негіздерін белгілейді, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Банкроттықтың негізгі себебі – дәрменсіздік. Дәрменсіздік деп борышкердің – дара кәсіпкердің, коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адамның, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысының – кредиторлардың ақшалай міндеттемелер бойынша талаптарын қанағаттандыруға, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдармен еңбекақы төлеу жөнінде есеп айырысуға, сондай-ақ бюджетке және бюджеттен тыс қорларға міндетті төлемдерді қамтамасыз етуге қабілетсіздігі түсініледі (ҚР АК-нің 52-бабы).
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 4-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес банкроттық борышкердің сотқа берген өтініші негізінде ерікті түрде не кредиторлардың немесе аталған Заңда көзделген өзге де уәкілетті тұлғалардың сотқа берген өтініші негізінде мәжбүрлі түрде белгіленеді.
Борышкердің өзін банкрот деп тану туралы сотқа өтініш беруіне негіз болып оның төлем қабілетсіздігі табылады («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 5-бабы).
Жекелеген жағдайларда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, төлем қабілетсіздігінің туындауының алдын алу мүмкіндігі болған кезде борышкер сотқа жеделдетілген оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішпен жүгінуге құқылы. Бұл ретте жеделдетілген оңалту рәсімін жүзеге асыру ұзақтығы екі жылдан аспауға тиіс («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 30-бабы).
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 38-бабына сәйкес оңалту туралы іс бойынша іс жүргізу сотта борышкердің немесе кредитордың (кредиторлардың) өтініші негізінде, осы Заңның 5-1-бабының 1-тармағында көзделген негіздер болған кезде, салықтар мен кедендік төлемдер бойынша кредиторды, мемлекеттік органды немесе мемлекет қатысатын заңды тұлғаны қоспағанда, қозғалады.
Борышкер сондай-ақ банкроттық туралы іс бойынша іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмесін алған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оңалту рәсімін қолдану туралы өтінішті сотқа жіберуге құқылы.
Жалпы алғанда, банкроттықтың барлық кейінгі рәсімдері Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының өзге де баптарымен регламенттеледі.
ҚР ҚК-нің 237-бабында екі қылмыс үшін жауаптылық көзделген: мүлікке, мүліктік міндеттемелерге, бухгалтерлік және экономикалық қызметті көрсететін өзге де есепке алу құжаттарына байланысты банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттер (1-бөлік) және жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын құқыққа сыйымсыз қанағаттандыру (2-бөлік).
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі кредиторлардың мүліктік мүдделері болып табылады.
Қылмыстың нысанасы – мүлік, мүліктік міндеттемелер, мүлік туралы мәліметтер, оның мөлшері, орналасқан жері, мүлік туралы өзге де ақпарат, дара кәсіпкер – борышкердің немесе ұйым – борышкердің экономикалық қызметін көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттары.
Кредитор – борышкерге азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де міндеттемелерден туындайтын мүліктік талаптары бар тұлға, оның ішінде еңбекақы төлеу, авторлық сыйақы төлеу, еңбек шарттары бойынша өтемақылар төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар, салықтар, кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша міндеттемелерді қоса алғанда, талаптары бар тұлға («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 16) тармақшасы).
Банкрот – дәрменсіздігі заңды күшіне енген сот шешімімен белгіленген борышкер («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 5) тармақшасы).
Банкроттық – борышкердің сот шешімімен танылған дәрменсіздігі, ол борышкерді таратуға негіз болып табылады («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 6) тармақшасы).
ҚР ҚК нормаларын жүйелі түрде түсіндіруден туындайтындай, мүлік осы қылмыстың нысанасы болып табылған кезде ол заттар түрінде де, құжаттарда немесе өзге де жеткізгіштерде бекітілген және мүлікке теңестірілетін мүліктік құқықтар түрінде де көрініс табады.
Осы қылмыстың нысанасы ретіндегі мүліктік міндеттеме ұғымы ҚР АК-нің 268-бабында тұжырымдалған міндеттеме ұғымына негізделеді. Мәселен, міндеттемеге сәйкес бір тұлға (борышкер) екінші тұлғаның (кредитордың) пайдасына белгілі бір әрекет жасауға, атап айтқанда, мүлікті беруге, жұмыс орындауға, ақша төлеуге және сол сияқты әрекеттер жасауға не белгілі бір әрекеттен тартынуға міндетті, ал кредитор борышкерден оның міндетін орындауды талап етуге құқылы. Кредитор борышкерден міндеттеменің орындалуын қабылдауға міндетті.
Қылмыс нысанасы ретінде мүліктік міндеттемелер олар құжаттарда немесе өзге де жеткізгіштерде және сол сияқты құралдарда бекітілген жағдайда көрініс табады.
Мүлік туралы мәліметтер, оның мөлшері, орналасқан жері және мүлік туралы өзге де ақпарат талданатын қылмыстың нысанасы ретінде олар қандай да бір материалдық жеткізгіштерде – құжаттарда, магниттік немесе өзге де жеткізгіштерде, электрондық есептеу машиналарында, электрондық есептеу машиналарының жүйесінде немесе олардың желісінде және сол сияқты құралдарда көрсетілген жағдайда танылады.
Экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттары қарастырылып отырған қылмыстың нысанасы болып табылады, егер оларға бұрмалау енгізілсе, яғни олардың ішіне шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер енгізілсе немесе, керісінше, шындыққа сәйкес келетін мәліметтер алынып тасталса, не экономикалық қызметті шынайы көрсететін мәліметтер өзге де жолмен бұрмаланса, не аталған құжаттар жасырылса немесе жойылса.
ҚР ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының объективтік жағы әрекетпен, салдармен және қылмыс жасалған уақытпен сипатталады.
Әрекет баламалы түрде мынадай әрекеттердің (әрекетсіздіктің) кез келгенінен көрінеді: 1) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру; 2) мүлікті басқа біреудің иелігіне беру; 3) мүлікті иеліктен шығару немесе жою; 4) экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттарын жасыру, жою немесе бұрмалау.
Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру әрекет немесе әрекетсіздік түрінде көрініс табуы мүмкін. Әрекет мүлікті басқа жерге ауыстырудан; қаптамасындағы таңбалау осы қаптамада анағұрлым құнды емес мүліктің бар екенін көрсететіндей етіп мүлікті жасырудан; ақшаны басқа шотқа аударудан; мүлік, оның мөлшері, орналасқан жері туралы жалған мәліметтер хабарлаудан, электрондық есептеу машинасына бұл туралы бұрмаланған ақпарат енгізуден және тағы басқалардан көрінуі мүмкін. Әрекетсіздік қолда бар мүлікті көрсетпеуден, борышкердің мүлкімен қамтамасыз етілген міндеттемелерді қоса алғанда, қолда бар мүліктік міндеттемелерді ұсынбаудан, мүлік туралы, атап айтқанда, оның мөлшері, орналасқан жері және сол сияқты мәліметтер туралы хабарламаудан көрінуі мүмкін.
Мүлікті басқа біреудің иелігіне беру – борышкердің жиынтық мүлкін азайту мақсатында жүзеге асырылатын әрекет. Ол мүлікті борышкерден басқа тұлғаға жай ғана физикалық түрде беруді де, мүлікке иелік ету құқығын басқа тұлғаға заңды түрде рәсімдеуді де білдіруі мүмкін. Мысалы, ақшаны борышкердің банктік шотынан басқа тұлғаның банктік шотына аудару, борышкерден басқа тұлғаға мүлікті физикалық түрде беру фактісінің бар-жоғына қарамастан, жалдау шартын жасасу.
Мүлікті иеліктен шығару немесе жою – борышкердің жиынтық мүлкін азайту мақсатында жасалатын әрекеттер. Иеліктен шығару – мүлікті сату немесе сыйға тарту түрінде көрініс табатын, заңды түрде рәсімделген де, рәсімделмеген де әрекет. Жою – мүлікті өзінің қасиеттері мен құндылығын толық жоғалтатын және жөндеуден кейін де мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз болатын жағдайға келтіру түрінде көрініс табатын салдар.
Экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және (немесе) есепке алу құжаттамасын не өзге де құжаттарды жасыру, жою және бұрмалау мынадай мәнге ие: жасыру – әрекет немесе әрекетсіздік, жою – салдар, бұрмалау – әрекет болып табылады. Аталған құжаттарды жасыру мен жоюдың мәні мүлікке қатысты қарастырылған осы әрекеттерден ерекшеленбейді, ал бұрмалау осы қылмыстың нысанасы ретіндегі аталған құжаттарға сипаттама беру кезінде көрсетілген.
Талданып отырған қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі болып табылатын салдар – ірі залал келтіру. Ол бір кредиторға келтірілген залал түрінде көрініс табуы немесе бірнеше не көптеген кредиторларға келтірілген жиынтық залалдан құралуы мүмкін. ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармақшасына сәйкес азаматқа келтірілген, айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшердегі залал не ұйымға немесе мемлекетке келтірілген, айлық есептік көрсеткіштен он мың есе асатын мөлшердегі залал ірі залал деп танылады. Ірі залал түріндегі салдардың ҚР ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігінде сипатталған банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттермен себептік байланыста болуы қажет.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады. Қылмыс кем дегенде бір кредиторға ірі залал келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі – қылмыс жасалған уақыт, яғни оңалту немесе банкроттық кезінде не банкроттықты алдын ала болжау кезеңінде, борышкерді банкрот деп тану немесе оны банкрот деп танудан бас тарту туралы, не банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы сот шешімі қабылданғанға дейін немесе татуласу келісімін бекіту туралы, оның ішінде банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтата отырып қабылданған сот ұйғарымы шығарылғанға дейін, сондай-ақ борышкердің банкроттығы мен оны таратуы туралы ерікті түрде жариялау кезеңінде жасалуы.
Оңалту рәсімі – сот тәртібімен қолданылатын рәсім, оның шеңберінде борышкерге қатысты оның төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге бағытталған қайта ұйымдастыру, ұйымдастырушылық-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де шаралар қолданылады.
Банкроттықты алдын ала болжау сәті деп ҚР-ның «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 38–48-баптарында регламенттелген тәртіппен борышкердің өзін банкрот деп тану туралы сотқа өтініш берген сәтін не кредитор, прокурор, салық органы немесе өзге де уәкілетті тұлғалар не басқа тұлғалар берген борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті қабылдау жөніндегі сот ұйғарымының шығарылғаны туралы борышкерге хабарланған сәтті есептеу қажет. Банкроттықты алдын ала болжаудың дәл осы сәттерін бөліп көрсету, біріншіден, осы рәсімдер басталған кезден бастап борышкерге оның банкрот болуы мүмкін екендігі анық болатындығымен, екіншіден, олардың заң жүзінде тіркелетіндігімен және нақты белгілеуге әрі дәлелдеуге болатындығымен негізделеді.
Банкроттықты алдын ала болжау сәтінен бастап банкроттық кезеңінің аяқталуына дейінгі, яғни банкроттық жағдайындағы кезеңде ғана құқыққа сыйымсыз әрекеттер нәтижесінде ірі залал келтіру ҚР ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігі бойынша сараланады. Көрсетілген уақытқа дейін және одан кейін меншік иесіне немесе мүліктің өзге де иесіне ірі және өзге де мүліктік залал келтіру меншікке қарсы қылмыс болып табылады.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасырып, мүлікті басқа біреудің иелігіне беріп, иеліктен шығарып немесе жойып, сол сияқты экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және (немесе) есепке алу құжаттамасын не өзге де құжаттарды жасырып, жойып немесе бұрмалап отырғанын сезінеді, мұны жасауды қалайды немесе оған немқұрайлы қарайды.
ҚР ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігі бойынша жауаптылық көзделген банкроттық кезіндегі құқыққа сыйымсыз әрекеттердің субъектісі дара кәсіпкер, құрылтайшы, коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адам, лауазымды адам, уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысы болып табылады.
Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке тұлға ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 30-бабында көзделген тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеледі.
Қасақана банкроттық жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу тәртібімен кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) кредиторлар алдында өзіне тиесілі мүлкімен субсидиарлық жауаптылықта болады.
Коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адам – мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы не мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйым болып табылмайтын ұйымда тұрақты, уақытша немесе арнайы өкілеттік бойынша ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындайтын адам.
Лауазымды адам – акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің мүшесі, заңды тұлға – борышкердің басшысы (басшының орынбасары), сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының құрамына кіретін, заңды тұлғаны басқару жөніндегі тұрақты немесе уақытша өкілеттіктерге ие өзге де адам, заңды тұлға – борышкердің бас бухгалтері, сондай-ақ оның міндеттерін уақытша атқаратын өзге де адам («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 20) тармақшасы).
Банкроттық басқарушысы – банкроттық рәсімін жүзеге асыру үшін оңалту және банкроттық саласындағы уәкілетті орган тағайындаған адам («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 8) тармақшасы).
Уақытша басқарушы – кредиторлар талаптарының тізілімін және борышкердің қаржылық орнықтылығы туралы қорытындыны сотта банкроттық туралы істі қарау кезеңінде жасау үшін, сондай-ақ аталған Заңда белгіленген жағдайларда банкроттық басқарушысы тағайындалғанға дейін банкроттық рәсімін жүргізу үшін онымен келісім жасалған не уәкілетті орган тағайындаған адам («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 30) тармақшасы).
Оңалту басқарушысы – оңалту рәсімі кезеңінде заңда белгіленген тәртіппен борышкерді басқару жөніндегі өкілеттіктер жүктелген адам («Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 1-бабының 23) тармақшасы).
ҚР ҚК-нің 237-бабының 2-бөлігінде дара кәсіпкердің, құрылтайшының (қатысушының), коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адамның, лауазымды адамның, сондай-ақ оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысының жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу зиян келтіре отырып, құқыққа сыйымсыз қанағаттандырғаны үшін, егер бұл әрекет ірі залал келтірсе, қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға зиян келтіре отырып құқыққа сыйымсыз қанағаттандыру – көрсетілген талаптарды заңсыз қанағаттандырудан көрініс табатын әрекет. Мысалы, борышкердің өзі артықшылық берген кредиторға борышты төлеуі немесе кредитті қайтаруы, бұл ретте ҚР-ның «Оңалту және банкроттық туралы» Заңында белгіленген кезектілікті бұзуы.
Дәрменсіз борышкердің басқа кредиторларға зиян келтіре отырып, өзіне артықшылық бергенін білетін кредитордың мүліктік талаптардың құқыққа сыйымсыз қанағаттандырылуын қабылдауы – мысалы, артықшылық берілгенінен хабардар кредитордың борышкерден борышты, кредитті немесе қызметті алуы, борышкердің осындай кредитордың келісімімен оның банктік шотына ақша аударуы, яғни ҚР-ның «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының нормаларын бұзуы түрінде көрініс табатын әрекет.
Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 100-бабының 1-тармағына сәйкес әкімшілік және сот шығыстары банкроттың мүлкі есебінен кезектен тыс өтеледі.
Бірінші кезекте өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы; алименттерді өндіріп алу туралы; еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы төлеу және өтемақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешекті өтеу туралы; авторлық шарттар бойынша сыйақы төлеу туралы талаптар қанағаттандырылады (Заңның 100-бабының 2-тармағы).
Бірінші кезектегі талаптарды өтеу Заңның 100-бабының 2-тармағында көрсетілген кезектілік тәртібімен жүзеге асырылады.
Зиянды өтеу жөніндегі кредиторлардың талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, ол тізілімге енгізілген талаптардың сомаларына пропорционалды түрде кредиторлар арасында бөлінеді.
Екінші кезекте банкроттың мүлкімен қамтамасыз етілген, тиісінше ресімделген және тіркелген кепіл міндеттемелері бойынша кредиторлардың талаптары, тек кепілмен қамтамасыз етілген бөлігі шегінде қанағаттандырылады (Заңның 100-бабының 3-тармағы).
Үшінші кезекте салық берешегі, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары және пайыздар бойынша берешек өтеледі (Заңның 100-бабының 4-тармағы).
Төртінші кезекте азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша басқа кредиторлармен есеп айырысу жүргізіледі, сондай-ақ мынадай жағдайларда туындаған кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады:
Заңның 104-1-бабының 6-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайда;
бірінші кезектің құрамына кірмеген авторлық шарттардан туындаған талаптар бойынша;
сот мәмілені жарамсыз деп тану және мүлікті банкроттың мүліктік массасына қайтару туралы шешім қабылдаған жағдайда (Заңның 100-бабының 5-тармағы).
Бесінші кезекте залалдарды өтеу және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) өндіріп алу туралы, сондай-ақ Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарына сәйкес еңбекақы төлеу және өтемақы төлеу туралы кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады (6-тармақ).
Алтыншы кезекте Заңның 90-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында белгіленген мерзімнен кейін мәлімделген кредиторлардың талаптары қанағаттандырылады, өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы; алименттерді өндіріп алу туралы; еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдарға еңбекақы төлеу және өтемақы төлеу, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өтеу туралы; қызметтік өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге авторларға сыйақы төлеу туралы талаптарды қоспағанда (Заңның 100-бабының 7-тармағы).
Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 2 қазандағы «Оңалту және банкроттық туралы заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысында да түсіндірілген.
Ірі залал келтіру түріндегі салдар ҚР ҚК-нің 237-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының объективтік жағының осы аттас белгісінен ерекшеленбейді және жоғарыда сипатталған. Бұл салдардың аталған баптың 2-бөлігінде сипатталған әрекеттермен себептік байланыста болуы қажет.
Қарастырылып отырған қылмыс бір немесе бірнеше кредиторға ірі залал келтірілген сәттен бастап аяқталған болып табылады.
ҚР ҚК-нің 237-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамының объективтік жағының міндетті белгісі – қылмыс жасалған уақыт, яғни банкроттықты алдын ала болжау сәтінен бастап конкурстық іс жүргізу аяқталған сәтке дейінгі кезең.
Талданатын қылмыс құрамының субъективтік жағы қасақаналық (тікелей немесе жанама) түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам банкроттық немесе оңалту рәсімі кезінде жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу зиян келтіре отырып, құқыққа сыйымсыз қанағаттандырып отырғанын сезінеді, мұны жасауды қалайды немесе оған немқұрайлы қарайды.
ҚР ҚК-нің 237-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі арнайы болып табылады, яғни ол дара кәсіпкер, құрылтайшы (қатысушы), коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адам, лауазымды адам, оңалту және банкроттық рәсімдері кезінде уақытша, банкроттық немесе оңалту басқарушысы болып табылады.
ҚР ҚК-нің 237-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар