Түсініктеме 176-бабына Оңалту және банкроттық кезіндегі құқыққа қайшы әрекеттерге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің
1. Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті басқа біреудің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттарын ұсынбау, жасыру, жою, бұрмалау, оларды қалпына келтіру жөнінде шаралар қолданбау, егер бұл әрекеттер (әрекетсіздік) оңалту немесе банкроттық кезінде не банкроттықтың алдын ала болжануы жағдайында жасалса және қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, —
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Өзінің нақты төлем қабілетсіздігін (банкроттығын) білетін лауазымды адамның, борышкер мүлкінің меншік иесінің немесе жеке кәсіпкердің, сондай-ақ банкроттық рәсімі немесе оңалту рәсімі кезінде дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару функциялары жүктелген адамның жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу нұқсан келтіре отырып құқыққа қайшы қанағаттандыруы, сол сияқты дәрменсіз борышкердің оған басқа кредиторларға нұқсан келтіре отырып артықшылық бергенін білетін кредитордың осындай қанағаттандыруды қабылдауы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, —
жеке тұлғаларға жүз елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне үш жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне алты жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Түсіндіріліп отырған бап оңалту және банкроттық кезіндегі құқыққа қайшы әрекеттер үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейді.
Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 1-бабының 27) тармақшасына сәйкес оңалту рәсімі — дәрменсіз борышкерге қатысты борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және оны таратудың алдын алу мақсатында қайта ұйымдастыру, ұйымдастырушылық-шаруашылық, басқарушылық, инвестициялық, техникалық, қаржылық-экономикалық, құқықтық және заңнамаға қайшы келмейтін өзге де шаралар қолданылатын, сот тәртібімен енгізілетін рәсім.
Көрсетілген Заңның 1-бабының 6) тармақшасына сәйкес банкроттық — борышкердің сот шешімімен танылған дәрменсіздігі, ол борышкерді таратуға негіз болып табылады.
Түсіндіріліп отырған бап бойынша құқық бұзушыны әкімшілік жауаптылыққа тарту оның әрекеттерінде тиісті қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттің белгілері болмаған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Керісінше жағдайда құқық бұзушылар — жеке тұлғалар немесе заңды тұлғаның лауазымды адамдары Қылмыстық кодекстің оңалту және банкроттық кезіндегі құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауаптылықты көздейтін нормаларына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады. Осыған байланысты оңалту және банкроттық кезіндегі адамның әрекеттері бастапқыда құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің және оны жасаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту негіздерінің бар-жоғына тексерілуге тиіс.
ӘҚБтК-нің 176-бабында көзделген құқық бұзушылықтардың тектік объектісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және мемлекет қорғайтын Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі болып табылады.
ӘҚБтК-нің 176-бабында көзделген құқық бұзушылықтардың тікелей объектісі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген кәсіпкерлік субъектілерін оңалту және банкроттық рәсімдерін жүзеге асыру тәртібі болып табылады.
ӘҚБтК-нің 176-бабында көзделген құқық бұзушылықтардың субъектілері оңалту немесе банкроттық процесінде, нақты төлем қабілетсіздігі (банкроттық) жағдайында немесе банкроттықтың алдын ала болжануы жағдайында тұрған жеке тұлғалар және заңды тұлғалар — кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
ӘҚБтК-нің 176-бабында көзделген құқыққа қайшы әрекеттерді жасаған құқық бұзушылардың субъективтік жағы жеке тұлғалар үшін (оның ішінде заңды тұлғалардың лауазымды адамдары мен жеке кәсіпкерлер үшін) қасақаналық немесе абайсыздық түріндегі кінәмен сипатталады. Адамның кінәсі оның жасаған құқыққа қайшы әрекеттеріне және олардың зиянды салдарларына психикалық қатынасы арқылы анықталады.
Құқық бұзушылық субъектілері заңды тұлғалар болып табылатын жағдайларда субъективтік жағы анықталуға жатпайды, өйткені әкімшілік жауаптылыққа тартудың шарты ретінде кінәні анықтау туралы заңнамалық талап тек жеке тұлғаларға қатысты белгіленген. Қазақстан Республикасының әкімшілік жауаптылық туралы заңнамасына сәйкес заңды тұлғалар ӘҚБтК-де әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қайшы әрекетті немесе әрекетсіздікті жасағаны үшін ғана, осы әрекетті жасаған заңды тұлғаның лауазымды адамдарының кінәсін есепке алмай, әкімшілік жауаптылықта болады.
ӘҚБтК-нің 176-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамдары материалдық құрамдарға жатады. Оларды жасағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту мақсатында құқық бұзушының мүлікті басқа біреудің иелігіне құқыққа қайшы беруі, мүлікті немесе құжаттарды жасыруы, иеліктен шығаруы, жоюы, сондай-ақ жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын құқыққа қайшы қанағаттандыруы нәтижесінде мемлекетке, ұйымға немесе азаматқа материалдық залал келтіру фактісін анықтау қажет.
Құқық бұзушылық жасау нәтижесінде материалдық залал келтірілген жағдайда, құқықтары мен мүдделері бұзылған мүдделі тұлға бұл залалды толық көлемде өтеу туралы талап қоюы мүмкін, өйткені құқық бұзушыны түсіндіріліп отырған бап бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту оны жол берілген бұзушылықтарды жою және келтірілген залалды өтеу міндетінен босатпайды.
Түсіндіріліп отырған бапта көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды адамдары жасауға құқылы.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігі мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті басқа біреудің иелігіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттарын ұсынбау, жасыру, жою, бұрмалау, оларды қалпына келтіру жөнінде шаралар қолданбау, егер бұл әрекеттер (әрекетсіздік) оңалту немесе банкроттық кезінде не банкроттықтың алдын ала болжануы жағдайында жасалса, сол үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейді.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың объективтік жағы адамның құқыққа қайшы (ал жеке тұлғалар үшін — кінәлі де) әрекеттерді (әрекетсіздікті) жасауымен сипатталады. Олар мыналардан көрінеді:
- мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді жасыру;
- мүлік туралы мәліметтерді, оның мөлшерін, орналасқан жерін не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру;
- мүлікті басқа біреудің иелігіне беру;
- мүлікті иеліктен шығару;
- мүлікті жою;
- экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттарын ұсынбау, жасыру, жою, бұрмалау;
- экономикалық қызметті көрсететін бухгалтерлік және өзге де есепке алу құжаттарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қолданбау.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың объективтік жағының міндетті белгісі жоғарыда көрсетілген әрекеттердің (әрекетсіздіктің) оңалту немесе банкроттық кезінде не банкроттықтың алдын ала болжануы жағдайында жасалуы болып табылады.
ӘҚБтК-нің 176-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жаза белгіленген.
ӘҚБтК-нің 176-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл мөлшері құқық бұзушының кәсіпкерлік субъектілерінің қай санатына жататынына байланысты сараланған. Осыған байланысты құқық бұзушыны әкімшілік жауаптылыққа тартатын орган адамды жауаптылыққа тартпас бұрын оның құқықтық мәртебесін және оның қай кәсіпкерлік санатына жататынын алдын ала анықтауға тиіс.
Құқық бұзушы жататын кәсіпкерлік санатына қарай айыппұл мөлшері мынадай болады:
- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 300 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 500 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 1000 АЕК.
Айыппұл мөлшерлері әрбір санаттағы құқық бұзушылар үшін тіркелген болып табылады және оларды салатын органның өзгертуіне жатпайды.
Түсіндіріліп отырған баптың 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер қаралады және оларды жасаған құқық бұзушыларға әкімшілік жазалар ӘҚБтК-нің тиісті нормасында бұл туралы тікелей нұсқау болуына байланысты сот арқылы қолданылады.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігі өзінің нақты төлем қабілетсіздігін (банкроттығын) білетін лауазымды адамның, борышкер мүлкінің меншік иесінің немесе жеке кәсіпкердің, сондай-ақ банкроттық рәсімі немесе оңалту рәсімі кезінде дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару функциялары жүктелген адамның жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу нұқсан келтіре отырып құқыққа қайшы қанағаттандырғаны үшін, сол сияқты дәрменсіз борышкердің оған басқа кредиторларға нұқсан келтіре отырып артықшылық бергенін алдын ала білген кредитордың осындай қанағаттандыруды қабылдағаны үшін әкімшілік жауаптылықты белгілейді.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың субъектілері мыналар болып табылады:
- оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі енгізілгенге дейін борышкердің нақты төлем қабілетсіздігін (банкроттығын) білетін лауазымды адам, борышкер мүлкінің меншік иесі немесе жеке кәсіпкер;
- оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі енгізілгеннен кейін дәрменсіз борышкердің мүлкі мен істерін басқару функциялары жүктелген адам;
- дәрменсіз борышкерден өз талаптарын қанағаттандыруды қабылдаған және борышкердің оған басқа кредиторларға нұқсан келтіре отырып артықшылық бергенін алдын ала білген кредитор.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың объективтік жағы құқық бұзушының жекелеген кредиторлардың мүліктік талаптарын басқа кредиторларға көрінеу нұқсан келтіре отырып құқыққа қайшы қанағаттандыруынан көрінетін құқыққа қайшы (ал жеке тұлғалар үшін — кінәлі де) әрекеттерді жасауымен сипатталады.
Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен, ал оңалту рәсімі немесе банкроттық рәсімі енгізілген жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіп пен кезектілікке сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру кезінде көрсетілген тәртіп пен кезектіліктің бұзылуы басқа кредиторлардың құқықтарына, оның ішінде талаптары қанағаттандырылған кредитордан басым кезекте тұрған кредиторлардың құқықтарына нұқсан келтіреді. Тиісінше, кредиторлардың талаптарын мұндай қанағаттандыру басқа кредиторлардың мүдделеріне көрінеу нұқсан келтіре отырып жүзеге асырылатын құқыққа қайшы қанағаттандыру болып табылады.
Бұдан басқа, түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың объективтік жағы кредитордың дәрменсіз борышкерге қатысты өз талаптарының басқа кредиторлардың талаптарына қарағанда басым түрде және олардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып қанағаттандырылуын қабылдау жөніндегі құқыққа қайшы әрекеттерін де қамтиды, егер мұндай кредитор мүлік өзіне берілген сәтте дәрменсіз борышкердің оған басқа кредиторларға нұқсан келтіре отырып артықшылық бергенін білген болса.
ӘҚБтК-нің 176-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жаза белгіленген.
ӘҚБтК-нің 176-бабының 2-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппұл мөлшері құқық бұзушының құқықтық мәртебесіне, ал құқық бұзушы кәсіпкерлік субъектісі болған жағдайда, сондай-ақ оның кәсіпкерлік субъектілерінің қай санатына жататынына байланысты сараланған. Осыған байланысты құқық бұзушыны әкімшілік жауаптылыққа тартатын орган адамды жауаптылыққа тартпас бұрын оның құқықтық мәртебесін және оның қай кәсіпкерлік санатына жататынын алдын ала анықтауға тиіс.
Құқық бұзушының құқықтық жағдайына және оның жататын кәсіпкерлік санатына қарай айыппұл мөлшері мынадай болады:
- жеке тұлғалар үшін — 150 АЕК;
- шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 350 АЕК;
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 600 АЕК;
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 2000 АЕК.
Айыппұл мөлшерлері әрбір санаттағы құқық бұзушылар үшін тіркелген болып табылады және оларды салатын органның өзгертуіне жатпайды.
Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралады және оны жасаған құқық бұзушыға әкімшілік жаза тиісті ӘҚБтК нормасында бұл туралы тікелей нұсқау болуына байланысты сот арқылы қолданылады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне ғылыми-практикалық түсініктеме (баптар бойынша). Авторлар ұжымы:
Бачурин Сергей Николаевич, заң ғылымдарының кандидаты, доцент — 48-тарау (Е.М. Хакимовпен бірлесіп);
Габдуалиев Мереке Трекович, заң ғылымдарының кандидаты — 11, 21, 22, 23-тараулар;
Жусипбекова Айнур Маратовна, заң магистрі — 13-тарау (А.В. Карпекинмен бірлесіп); 33, 39-тараулар (О.Т. Сейтжановпен бірлесіп);
Карпекин Александр Владимирович, заң ғылымдарының кандидаты, доцент — 13-тарау (А.М. Жусипбековамен бірлесіп);
Корнейчук Сергей Васильевич — 2-тарау; 6-тарау (О.Т. Сейтжановпен және Е.М. Хакимовпен бірлесіп); 8-тарау; 25-тарау (Е.М. Хакимовпен бірлесіп); 457–470, 488, 488-1-баптар; 491–506-баптар; 28, 30, 52-тараулар;
Корякин Илья Петрович, заң ғылымдарының докторы, профессор — 49-тарау;
Кысыкова Гульнара Бауыржановна, заң ғылымдарының кандидаты — 20-тарау;
Омарова Ботагоз Акимгереевна — 17-тарау; 18-тарау (Б.А. Парманкуловамен бірлесіп); 26, 31-тараулар; 32-тарау (Б.А. Парманкуловамен бірлесіп);
Парманкулова Баян Асханбаевна — 18-тарау (Б.А. Омаровамен бірлесіп); 19-тарау; 32-тарау (Б.А. Омаровамен бірлесіп); 43-тарау (А.С. Тукиевпен бірлесіп);
Подопригора Роман Анатольевич, заң ғылымдарының докторы, профессор — 24-тарау, 489, 489-1, 490-баптар;
Порохов Евгений Викторович, заң ғылымдарының докторы — 14, 15, 16, 29-тараулар, 471–475-баптар;
Сейтжанов Олжас Темиржанович, заң ғылымдарының кандидаты, доцент — 4-тарау; 5-тарау (Е.М. Хакимовпен бірлесіп); 6-тарау (С.В. Корнейчукпен және Е.М. Хакимовпен бірлесіп); 9, 10-тараулар (Б.Е. Шаймерденовпен және В.В. Филинмен бірлесіп); 33-тарау (А.М. Жусипбековамен бірлесіп); 36-тарау (Б.Е. Шаймерденовпен бірлесіп); 39-тарау (А.М. Жусипбековамен бірлесіп);
Смышляев Александр Сергеевич, PhD докторы — 38, 40, 42, 43-1-тараулар (А.С. Тукиевпен бірлесіп); 44-тарау;
Тукиев Аслан Султанович, заң ғылымдарының кандидаты, доцент — 1, 3, 35-тараулар; 38, 40, 42-тараулар (А.С. Смышляевпен бірлесіп); 43-тарау (Б.А. Парманкуловамен бірлесіп); 43-1-тарау (А.С. Смышляевпен бірлесіп); 44-1-тарау (Д.А. Шипппен бірлесіп); 45-тарау; 46-тарау (Д.А. Шипппен бірлесіп); 47-тарау;
Филин Владимир Владимирович, заң ғылымдарының кандидаты — 10-тарау (О.Т. Сейтжановпен және Б.Е. Шаймерденовпен бірлесіп);
Хакимов Ержан Маратович, заң магистрі — 5-тарау (О.Т. Сейтжановпен бірлесіп); 6-тарау (О.Т. Сейтжановпен және С.В. Корнейчукпен бірлесіп); 7-тарау; 25-тарау (С.В. Корнейчукпен бірлесіп); 34, 41-тараулар; 48-тарау (С.Н. Бачуринмен бірлесіп); 53-тарау;
Шаймерденов Болат Еркенович, заң магистрі — 10-тарау (О.Т. Сейтжановпен және В.В. Филинмен бірлесіп); 12-тарау; 476–487, 507–509-баптар; 36-тарау (О.Т. Сейтжановпен бірлесіп); 37, 50, 51-тараулар;
Шипп Денис Алексеевич — 44-1, 46-тараулар (А.С. Тукиевпен бірлесіп).
Актінің өзгертілген күні: 01.01.2020Актінің қабылданған күні: 01.01.2020Қабылданған жері: 100050000000Актіні қабылдаған орган: 103001000000Қолданыс өңірі: 100000000000Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 5Актінің мәртебесі: жаңаҚұқықтық қатынастар саласы: 029000000000 / 028000000000 / 029002000000 / 028004000000 / 029001000000 / 026000000000 / 001000000000 / 001008000000 / 030000000000Актінің нысаны: түсініктеме / кодексЗаңдық күші: 1900Актінің тілі: орыс тілі
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау