Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 255-бабы. Терроризм актісі туралы түсініктеме
1. Терроризм актісі, яғни қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған, адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда аталған әрекеттерді жасау қатерін төндіру —
мүлкі тәркіленіп, алты жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекеттер:
1) бірнеше рет;
2) азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолдану арқылы жасалса, —
мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар:
1) жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерімен және жаппай уландыру, эпидемиялар немесе эпизоотиялар тарату не адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау немесе оларды жасау қатерімен ұштасса;
2) абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, —
мүлкі тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он екі жылдан он жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу, сол сияқты мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу, сондай-ақ халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, айдап әкетумен, сол сияқты әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу —
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпе. Терроризм актісін дайындауға қатысатын адам, егер ол мемлекеттік органдарға уақтылы ескерту арқылы немесе өзге де тәсілмен терроризм актісінің алдын алуға ықпал етсе және оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Терроризм – қазіргі заманның халықаралық сипатқа ие аса қауіпті қылмыстарының бірі. Қазақстан өзінің геосаяси жағдайына, оның ішінде Орталық Азия өңіріне географиялық тұрғыдан жақын орналасқан Таяу және Орта Шығыс елдеріндегі тұрақсыздыққа байланысты сыртқы саяси ахуалдың өзгеруіне орай халықаралық терроризм проблемасымен, өз аумағында терроризм актілерінің жасалуымен бетпе-бет келді. Еліміздің батысы мен оңтүстігінде орын алған қайғылы оқиғалар, діни экстремизм мен терроризмге жәрдемдесушілер санының өсу динамикасы бұл проблеманың қаншалықты өткір екенін көрсетті.
«Терроризм» ұғымының мазмұнын ашуға алғашқы талпыныс 1930 жылы Брюссельде өткен Қылмыстық заңнаманы біріздендіру жөніндегі III халықаралық конференцияда жасалды. Қазіргі уақытта терроризмнің өзіндік ерекшелік белгілері халықаралық құжаттарда жеткілікті дәрежеде толық сипатталып, заңнамалық тұрғыдан бекітілген. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» және 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңдары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 22 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметті ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Аталған нормативтік құқықтық актілер терроризм мен экстремизмнің алдын алу және оларға қарсы іс-қимыл жасаудың құқықтық негіздерін белгілейді, осы бағыттағы негізгі ұғымдық аппарат пен мемлекеттік органдардың құзыретін, сондай-ақ осы салада азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етудің негізгі қағидаттарын айқындайды.
Қазақстан терроризмге қарсы күрес саласындағы барлық негізгі халықаралық әмбебап актілерге қатысушы болып табылады. Бұл негізгі құқықтық актілердің тізбесінен көрінеді: Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 23 қазандағы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығы туралы шартты ратификациялау туралы» заңы, 2002 жылғы 18 сәуірдегі «Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын ратификациялау туралы» заңы, 2002 жылғы 4 шілдедегі «Қазақстан Республикасының Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы» заңы, 2002 жылғы 2 қазандағы «Қазақстан Республикасының Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияға қосылуы туралы» заңы, 2008 жылғы 14 мамырдағы «Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңы, 2011 жылғы 10 қаңтардағы «Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы конвенциясын ратификациялау туралы» заңы.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы терроризмді халықты үрейлендіруге байланысты және жеке адамға, қоғам мен мемлекетке зиян келтіруге бағытталған күш қолдану және (немесе) өзге де қылмыстық әрекеттер жасау немесе оларды жасау қатерін төндіру арқылы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету идеологиясы мен практикасы ретінде айқындайды.
Терроризм актісін жасау әрбір нақты мемлекеттің ішінде ғана емес, тұтастай алғанда халықаралық қоғамдастық тарапынан да теріс бағаланады. Терроризм актілері кез келген тәсілмен жасалуы мүмкін, алайда олар әрдайым мемлекеттік билікті әлсіретуге және халық арасында сенімсіздік пен қорқыныш сезімін туғызуға бағытталады.
Терроризм актісінің қоғамдық қауіптілігі оның қылмыстық қол сұғушылықтың аса қауіпті нысандарының бірі болуында. Оның негізінде субъектінің айналасындағылардың бойында үрей мен дүрбелең туғызуға, азаматтардың қоғамдық пайдалы қызметін, билік және басқару органдарының қалыпты жұмыс істеуін тоқтатуға және сол арқылы өзінің қоғамға қарсы мақсаттарына қол жеткізуге ұмтылысы жатыр.
Терроризмнің және террористік сипаттағы өзге де қылмыстардың қоғамдық қауіптілік сипаты олардың қол сұғатын объектілерінің маңыздылығымен айқындалады.
Терроризм актісінің объектісі – қоғамдық қауіпсіздік.
«Қауіпсіздік» ұғымы қауіптің болмауын немесе біреуге, бір нәрсеге қауіп төнбейтін жағдайды білдіреді, сондай-ақ «қауіптен қорғалған, қауіп-қатерден оқшауланған, біреуге немесе бір нәрсеге қауіп төндірмейтін; зиянсыз» деген мағынада қолданылады.
Ұлттық қауіпсіздікті қоғам өмірінің жекелеген (негізгі) салаларында туындайтын ішкі және сыртқы қатерлерден өмірлік маңызы бар ұлттық-мемлекеттік мүдделердің қорғалу жағдайы ретінде қарастыру қажет. Осындай тәсілге сәйкес Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» заңында ұлттық қауіпсіздіктің мынадай түрлері бөлінеді: қоғамдық, әскери, саяси, экономикалық, ақпараттық және экологиялық.
Ұлттық қауіпсіздіктің бір түрі ретіндегі қоғамдық қауіпсіздік – қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығы қамтамасыз етілетін, азаматтардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқатының, Қазақстан қоғамының рухани-адамгершілік құндылықтары мен әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің нақты және ықтимал қатерлерден қорғалу жағдайы (Қазақстан Республикасының «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңының 4-бабының 1) тармақшасы).
Қоғамдық қауіпсіздік – әртүрлі мемлекеттік және қоғамдық институттардың жұмыс істеуі арқылы жүзеге асырылатын ішкі әлеуметтік тетіктер есебінен қоғамның тұрақты жағдайы мен дамуы сақталатын, жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің мүдделерін іске асыруға жағдай жасалатын және сонымен бірге олардың құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан, сондай-ақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан туындайтын қатерлерден қорғалуы қамтамасыз етілетін (адамдардың оны сезінуі жағдайында) қоғамның осындай жай-күйі (оның қасиеттері жүйесі, қабілеті) болып табылады.
Қосымша объектілер ретінде азаматтардың өмірі мен денсаулығы, меншік, басқарудың белгіленген тәртібі, мемлекеттік билік органының, халықаралық ұйымның қызметі және т.б. болуы мүмкін. Сондықтан терроризмді көп объектілі қылмыстар қатарына жатқызу қажет.
Терроризм актісінің объективтік жағы күрделі сипатқа ие және адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, сондай-ақ осындай әрекеттерді жасау қатерін төндіру арқылы көрініс табады.
Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңы терроризм актісін адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау немесе оларды жасау қатерін төндіру, егер бұл әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру не Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалса, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда жасалған адам өміріне қол сұғу, сол сияқты мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған оның өміріне қол сұғу ретінде айқындайды.
Жарылыс деп қандай да бір объектіні істен шығаруды немесе тротилдік не өзге де зарядты қолдану арқылы адамдарды жоюды, басқаша айтқанда, жарылыс толқынының қиратушы энергиясын пайдалануды түсінеміз. Жарылыс нәтижесінде температурасы өте жоғары және қысымы аса күшті газ пайда болады, ол кеңейген кезде айналасындағы заттарға механикалық әсер етеді (қысым түсіреді, зақымдайды). Табиғатына қарай физикалық, ядролық (атомдық), электромагниттік, механикалық және химиялық жарылыстар ажыратылады. Көбінесе жарылыс жарылғыш заттардың химиялық энергиясының босап шығуы есебінен жүзеге асырылады.
Өрт қою деп кінәлінің оттың зақымдаушы күшін пайдалану арқылы жасаған құқыққа қайшы әрекеттерін түсінеміз. Өрт қою – материалдық құндылықтардың жойылуымен қатар жүретін және адамдардың қаза табу қаупін туғызатын өртті, яғни бақылаусыз жану процесін қасақана тудыру.
Терроризм актісі кезіндегі өзге де әрекеттер деп ғимараттар мен құрылыстарды қиратуды, авариялар мен апаттарды ұйымдастыруды, билік және басқару органдарының жұмысын бұзуды, эпидемиялар мен эпизоотиялар тудыруға қабілетті ауру қоздырғыш бактерияларды таратуды, жергілікті жерді, суды, ауаны, азық-түлік өнімдерін және т.б. өзге де бактериологиялық немесе химиялық жолмен залалдауды түсіну қажет.
Баламалы түрде көрсетілген міндетті шарт – қауіп төндірудің болуы:
1. адамдардың қаза табуына;
2. едәуір мүліктік залал келтірілуіне;
3. өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауына.
Адамдардың қаза табу қаупі кемінде бір адамның өміріне қауіп төнгенін білдіреді.
Терроризм актісі кезіндегі мүліктік залалдың едәуірлігін жойылған немесе бүлінген мүліктің құны мен маңыздылығына қарай айқындау қажет. Терроризм актісі нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 28 тамыздағы қаулысымен бекітілген «Терроризм актісі нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеу қағидаларында» айқындалған.
Діни және ғибадат құндылықтарына, сондай-ақ символдық маңызы бар объектілерге келтірілген зиянның қауіптілік сипатын бағалау қиынырақ, өйткені ол үшін сот сараптамаларын, оның ішінде кешенді сараптамаларды жүргізу қажет. Өзге де қоғамдық қауіпті зардаптар деп адамдардың қаза табуы мен едәуір мүліктік залал келтіру белгілеріне жатпайтын қалған барлық зиянды түсіну қажет. Оларға азаматтардың денсаулығына әртүрлі дәрежедегі зиян келтіруді, мемлекеттік билік және басқару органдарының қызметін бұзуды, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың қызметін тоқтатуды, көлік қозғалысын және т.б. жатқызуға болады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8-тармағында былай делінген:
«Жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау, егер көрсетілген әрекеттер халық үшін үрей туғызатын сипатта болғаны және адамдардың қаза табуы, едәуір мүліктік залал келтірілуі не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауы үшін нақты қауіп төндіргені анықталса, ҚК-нің 255-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұл ретте адамның қаза табу, едәуір мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау қаупі нақты болуы тиіс. Бұл әрбір нақты жағдайда оқиғаның орны, уақыты, қолданылған қару-жарақ, құралдар, қылмыс жасау тәсілі және істің басқа да мән-жайлары (жарылыс болған жерде болған адамдардың саны, пайдаланылған жарылғыш құрылғының қуаты мен зақымдаушы қабілеті туралы мәліметтер және сол сияқты) ескеріле отырып айқындалады.
ҚК-нің 255-бабында көрсетілген адамдардың қаза табу, едәуір мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау қаупін тудыратын өзге де әрекеттер деп салдары жағынан жарылысқа немесе өрт қоюға ұқсас қасақана әрекеттерді (авариялар мен апаттарды ұйымдастыру, бөгеттерді қирату, су құбыры жүйесін, электр беру желілерін және халықтың тіршілігін қамтамасыз ететін басқа да объектілерді зақымдау, эпидемия немесе эпизоотия тудыруға қабілетті ауру қоздырғыш микробтарды тарату, жергілікті жерді радиоактивті, химиялық, биологиялық (бактериологиялық) және өзге де жолмен залалдау, елді мекендерге қарулы шабуыл жасау, тұрғын үйлерді, мектептерді, ауруханаларды, әкімшілік ғимараттарды, әскери қызметшілердің немесе құқық қорғау, арнаулы не өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерінің орналасқан жерлерін атқылау; ғимараттарды, вокзалдарды, порттарды, мәдени немесе діни құрылыстарды басып алу және (немесе) қирату) түсіну қажет.
Мүліктік залалдың едәуір болып табылатыны туралы мәселені шешу кезінде соттар жойылған немесе бүлінген мүліктің, материалдық құндылықтардың құны мен маңыздылығын, сондай-ақ бүлінген мүлікті қалпына келтіруге (жөндеуге) қажетті нақты шығындарды негізге алуы тиіс. Терроризм актісі нәтижесінде едәуір мүліктік залал келтіру ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігі бойынша (ҚК-нің 255-бабының өзге де саралаушы белгілері болмаған жағдайда) сараланады және ҚК-нің 202 және 203-баптары бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
ҚК-нің 255-бабының бірінші бөлігіне қатысты өзге де қоғамдық қауіпті зардаптарға, атап айтқанда, бірнеше адамға денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру, кәсіпорынның (кәсіпорындардың) және (немесе) мекеменің (мекемелердің) жұмысын ұзақ уақытқа бұзу, мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметін ұйымдастыруды бұзу, экологиялық жағдайдың елеулі нашарлауы (мысалы, судың, атмосфераның ластануы, жердің тозуы және салдарын жою үшін елеулі материалдық шығындар мен ұзақ уақытты қажет ететін қоршаған ортадағы өзге де жағымсыз өзгерістер) жатқызылуы мүмкін.
Кәсіпорынның немесе мекеменің жұмысының бұзылуы ұзақ уақытқа созылғанын анықтау кезінде соттар жұмыстың тоқтатылу ұзақтығын, олардың қызметінің ерекшелігін, келтірілген залал мөлшерін және басқа да мән-жайларды ескере отырып, істің нақты жағдайларын негізге алуы тиіс».
Қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Терроризм актісі кінәлі адам ҚК-нің 255-бабының 1-бөлігінің диспозициясында көзделген әрекеттерді жасаған кезден бастап аяқталған болып есептеледі. Зардаптардың туындауы міндетті емес, адамдардың қаза табуына, едәуір мүліктік зиян келтіруге немесе өзге де қоғамдық қауіпті зардаптарға нақты қауіптің туындауы жеткілікті.
Терроризм актісі үшін қылмыстық жауаптылық жоғарыда аталған әрекеттерді жасау қатерін төндіргені үшін де көзделген. Қатер психикалық зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде мынадай негізгі белгілермен сипатталады:
- Қорғалатын объектіге зиян келтіруге бағытталған әрекетті жасауға деген шешімді сырттай білдіруі;
- Нақтылығы, яғни қатердің оны жүзеге асыру мүмкіндігіне сенім тудыру қабілеті (кінәлінің оны жүзеге асыру мүмкіндігі болған кезде). Объективті себептер бойынша жәбірленуші қабылдамаған және объективті түрде жүзеге асырылуы мүмкін емес қатер нақты деп танылмайды;
- Шынайылығы, яғни оның объективті түрде өмір сүруін, нақты қауіп туралы ақпаратпен байланысты болуын, сырттай білдірілуін және қарқындылық дәрежесін білдіреді;
- Айқындылығы – қатерде нақты айқындалған әрекеттің көрсетілуі тиіс.
Терроризм актісін жасау қатері ашық немесе анонимді болуы мүмкін, ол қоғамға да, мемлекеттік билік органдарына да бағытталуы мүмкін. Қылмысты саралау үшін оның таралу нысанының маңызы жоқ: ауызша, жазбаша, ақпарат құралдары арқылы және т.б.
Егер қатер шынайы болмаса және ниетті білдіретін сөздерден басқа ешқандай әрекетпен көрініс таппаса, тіпті ол халықты үрейлендіруге бағытталып, қандай да бір талаптармен қатар айтылған болса да, мұндай қатер терроризм актісі ретінде бағаланбайды. Бұл жағдайда кінәлінің әрекеттері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚК-нің 273-бабы) ретінде саралануы тиіс, өйткені олар терроризм актілерін жасау нәтижесінде туындайтын зардаптарға әкеп соға алмайды.
Жоғарыда аталған нормативтік қаулының 9-тармағында терроризм актісін жасау қатері деп кінәлінің арнайы мақсаттарда адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасауды, өрт қоюды немесе өзге де әрекеттерді жасауға айқын білдірілген ниетін куәландыратын, батыл мәлімдемемен сүйемелденген әрекеттер түсінілетіні көрсетілген.
Қатердің шынайылығын бағалау өлшемшарты – осы қатердің жүзеге асырылуынан қауіптенуге жеткілікті негіздердің болуы.
Халықты үрейлендіретін және адамның немесе бірнеше адамның қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттерді жасау қатері формальдық құрамға жатады және көрсетілген әрекеттерді жасау қатері адресатқа жеткізілген және ол бұл қатерді шынайы деп қабылдаған сәттен бастап аяқталған қылмыс болып есептеледі.
Қатер мемлекеттік билік органдарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, ұйымдарға, мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерлерге бағытталуы, ашық немесе анонимді болуы мүмкін.
Қатер әртүрлі тәсілдермен, мысалы, ауызша мәлімдеме, жазбаша өтініш, телефон арқылы хабарлау, техникалық құралдарды, ақпараттық-телекоммуникациялық желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын, компьютерлік технологияларды пайдалану арқылы таратылуы мүмкін.
Соттар терроризм актісін жасау қатерінің терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудан (ҚК-нің 273-бабы) ерекшеленетінін ескеруі тиіс. Терроризм актісі туралы жалған хабарлау дегеніміз – құқық қорғау органдары мен жедел ден қою қызметтерінің байланыс арналары арқылы терроризм актісінің мүлдем жоқ қатері туралы көрінеу жалған ақпараттың келіп түсуі. Яғни жалған хабарлау кезінде терроризм актісінің нақты қатері болмайды, ал терроризм актісін жасау қатерін төндірген кезде кінәлі арнайы мақсатты көздейді.
Егер кінәлі терроризм актісін жасау мақсатында жарылыс жасауға, өрт қоюға немесе адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын өзге де әрекеттерді жасауға әрекеттенсе, бірақ өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша бұл әрекеттерді жасай алмаса, жасалған іс-әрекет терроризм актісін жасауға оқталу ретінде саралануға тиіс.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі қасақана кінәмен сипатталады. Адам жарылыс жасап, өрт қойып немесе адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын өзге де әрекеттер жасайтынын немесе осындай әрекеттермен қорқытатынын түсінеді және мұндай әрекеттерді жасауды қалайды.
Терроризм актісінің субъективтік жағының негізгі белгісі – оны жасаудың арнайы мақсаты: қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру, сондай-ақ мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткерлердің қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсаты.
Қоғамдық қауіпсіздікті бұзу нақты бір елді мекенде, ауданда, өңірде және жалпы қоғамда азаматтар өздерінің тыныш өмір сүруімен байланыстыратын қалыптасқан әлеуметтік-психологиялық ахуалды бұзудан; психологиялық тепе-теңдік пен тұрақтылықты өзгертуден көрініс табуы мүмкін. Халықты үрейлендіру – әлеуметтік тұрақсыздықты, қоғамдық алаңдаушылық ахуалын қалыптастыру, бұл кезде негізгі психологиялық басымдық қорқынышқа, азаматтардың өз өмірі мен денсаулығының, сондай-ақ жақындарының қауіпсіздігіне, құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына деген сенімсіздігіне, құқық қорғау органдарының тиімді жұмысына сенбеуіне айналады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету – террористерге қажетті әрекеттерді жасауға немесе оларды жасаудан бас тартуға тиісті субъектілерді мәжбүрлеу, азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін билік органдарының заңсыз шешімдер қабылдауына қол жеткізу.
Соғысты арандату (лат. provocatio – шақыру) – әскери қақтығыс туғызу мақсатында агрессиялық әрекеттерге арандату.
Халықаралық қатынастарды шиеленістіру – әлемдік аренада экономикалық, саяси, идеологиялық, құқықтық, дипломатиялық және өзге де байланыстар мен өзара қарым-қатынастар саласында әрекет ететін мемлекеттер мен мемлекеттер жүйелері, негізгі әлеуметтік, экономикалық, саяси күштер, ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстар арасындағы жанжалды жағдай.
Терроризм актісінің объективтік жағы көп жағдайда диверсияның (ҚК-нің 184-бабы) объективтік жағына ұқсас, олардың айырмашылығы қылмыстардың мақсаттарында. Екі қылмыс та тікелей қасақаналықпен жасалады, алайда диверсия кезінде қасақаналық адамдарды жаппай қырып-жоюға, олардың денсаулығына зиян келтіруге, кәсіпорындарды, құрылыстарды, қатынас жолдары мен құралдарын, байланыс құралдарын, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерін қиратуға немесе бүлдіруге бағытталады.
Терроризм актілері туралы істерді қарау кезінде субъектінің қылмыстың субъективтік жағының құрамдас бөлігі болып табылатын арнайы мақсатының бар-жоғын әрдайым анықтау қажет. Бұл ретте кінәліде аталған арнайы мақсаттардың біреуінің болуы әрекетті терроризм актісі деп тану үшін жеткілікті.
Егер аталған мақсаттардың ешқайсысы анықталмаса, кінәлі адамдар ҚК-нің тиісті басқа баптары бойынша жауаптылыққа тартылады.
Терроризм субъектісі – есі дұрыс, он төрт жасқа толған жеке тұлға.
ҚК-нің 255-бабының 2-бөлігі терроризм актісін жасаудың сараланған құрамы үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді:
- бірнеше рет жасау;
- азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі мүмкін қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолдану.
Бірнеше рет жасау деп адамның екі немесе одан да көп терроризм актісін жасауын түсіну қажет. Бұл ретте алдыңғы терроризм актісін жасағаны үшін адам заңда белгіленген тәртіппен сотталмаған немесе қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған, терроризм үшін қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген болуы тиіс.
Бір жағдайда аяқталған терроризм актісі, ал екінші жағдайда терроризм актісіне оқталу жасалған кезде немесе бір қылмыстық құқық бұзушылықты жасау кезінде кінәлі орындаушы, ал басқаларын жасау кезінде ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болған жағдайда, кінәлінің әрекеттері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы «Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағының 2-абзацына сәйкес саралануға тиіс. Мұндай жағдайларда қылмыстық құқық бұзушылықты ұйымдастырушы, айдап салушы, көмектесуші ретінде жасауға қатысқан адамның әрекеттерін саралау кезінде ҚК-нің 28-бабы және жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін Ерекше бөлімнің тиісті бабы қолданылуы қажет, ал оның орындаушы ретінде қатысқан әрекеті ҚК-нің тиісті бабы бойынша дербес саралануға тиіс.
Қаруды қолдану деп терроризм кезінде ҚК-нің 255-бабы 3-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қаруды қоспағанда, кез келген қаруды тікелей мақсаты бойынша пайдалануды түсіну қажет. Терроризм актісі жасалғаннан кейін ұсталып қалмау мақсатында қаруды қолдану саралаушы белгіні құрамайды.
Қару деп Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңына сәйкес нысаналы түрде тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ сигнал беруге конструкциялық жағынан арналған және сараптамалық қорытындымен қару деп танылған құрылғылар мен заттарды түсіну қажет. Заңға сәйкес қарудың мынадай түрлері бар: атыс қаруы, суық қару, газ қаруы, электр қаруы, пневматикалық қару.
Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп адам өлтіру, денсаулыққа зиян келтіру немесе халықты үрейлендіру үшін пайдаланатын кез келген заттарды тануға болады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі «Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 21-тармағының 3-абзацында былай делінген: «Қару ретінде пайдаланылатын заттар деп өмірге немесе денсаулыққа қауіпті зиян келтіруі мүмкін заттар (тұрмыстық мақсаттағы пышақтар, ұстара, балта, бұрауыш, бейімделген заттар: шоқпарлар және т.б.) танылады».
«Қару немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды қолдану деп жәбірленушіге өміріне немесе денсаулығына зиян келтіру мақсатында оларды нақты пайдалануды (оқ атуды, шаншып-кесетін соққылар жасауды және т.б.), яғни қарудың немесе заттың тірі нысананы зақымдау қабілетін пайдалануды түсіну қажет» (Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 21-тармағының 4-абзацы).
Жарылғыш заттар деп оттегінің (ауаның) қатысуынсыз жарылыс арқылы жылдам өздігінен таралатын химиялық өзгеріске қабілетті химиялық қосылыстарды немесе заттардың механикалық қоспаларын түсіну қажет (мысалы, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонит, пластит, эластит, оқ-дәрі, қатты зымыран отыны және жарылғыш реакцияларға қабілетті басқа да химиялық заттар мен олардың қоспалары, оларды сатып алу мен сақтау үшін арнайы рұқсат талап етіледі).
Жарылғыш құрылғылар деп жарылғыш зат пен жарылыс жасауға конструкциялық тұрғыдан арналған құрамдас бөліктерді функционалдық жағынан біріктіретін өнеркәсіптік немесе қолдан жасалған бұйымдарды, заттарды (механизмдерді) түсіну қажет (тұтатқыш, детонатор, жарғыш және т.б.).
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағының 4-абзацына сәйкес, жарылғыш заттар – жарылғыш реакцияларға қабілетті химиялық заттар мен олардың қоспалары. Жарылғыш заттарға оқ-дәрі, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонал және жарылғыш реакцияларға қабілетті басқа да химиялық заттар мен олардың қоспалары жатады. Жарылғыш құрылғылар деп жарылыс жасауға конструкциялық тұрғыдан арналған заттарды тану қажет. Бұл ретте қару, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар зауытта жасалған да, қолдан жасалған да болуы мүмкін.
Егер терроризм актісін жасау барысында заңсыз сатып алынған, сақталған немесе дайындалған атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар немесе жарылғыш құрылғылар пайдаланылса, онда адамның әрекеттері ҚК-нің 255, 287, 288-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Бұл ретте қаруды не қару ретінде пайдаланылатын заттарды, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды иелену жеткіліксіз; аталған заттардың қолданылуы және оларды қолданудың азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіруі талап етіледі.
ҚК-нің 255-бабының 3-бөлігі терроризм актісін жасау үшін мынадай жағдайларда қылмыстық жауаптылық белгілейді:
- жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолданумен немесе қолдану қатерімен және жаппай уландыру, эпидемиялар немесе эпизоотиялар тарату не адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау немесе оларды жасау қатерімен ұштасса;
- абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса.
ҚК-нің 255-бабы 3-бөлігінің 1) тармақшасында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі терроризм актісін жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану немесе қолдану қатерімен, сондай-ақ жаппай уландыру, эпидемиялар мен эпизоотиялар тарату немесе адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін өзге де әрекеттер жасау арқылы жүзеге асырудың адамдардың жаппай қырылуына, халықтың тіршілігін қамтамасыз ету объектілерінің жойылуына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің залалдануына немесе жойылуына, сондай-ақ қоғам мен қоршаған табиғи орта үшін өзге де зиянды зардаптарға әкеп соғу қаупін тудыруында.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі «Экспорттық бақылау туралы» заңының 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес, жаппай қырып-жою қаруы – химиялық, бактериологиялық (биологиялық), радиологиялық, ядролық және уытты қару.
Жаппай қырып-жою қаруының түрлерін анықтау кезінде 1993 жылғы 13 қаңтарда Парижде қабылданған және Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 24 маусымдағы № 398 заңымен ратификацияланған Химиялық қаруды әзірлеуге, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияның 2-бабының 1-тармағын ескеру қажет.
Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңының 1-бабының 24) тармақшасына сәйкес, радиоактивті заттар – кез келген агрегаттық күйдегі, құрамында радионуклидтер бар табиғи немесе техногендік материалдар. Ал 2005 жылғы 14 қыркүйекте Нью-Йоркте қабылданған және Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 14 мамырдағы № 33-4 заңымен ратификацияланған Ядролық терроризм актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес, «радиоактивті материал» ұғымы ядролық материалды және өздігінен ыдырайтын нуклидтері бар (альфа-сәулелену, бета-сәулелену, нейтрондық сәулелену және гамма-сәулелену сияқты иондаушы сәулеленудің бір немесе бірнеше түрінің бөлінуімен қатар жүретін процесс) және өзінің радиологиялық қасиеттеріне немесе бөліну қасиеттеріне байланысты өлімге, ауыр жарақатқа не мүлікке немесе қоршаған ортаға елеулі зиян келтіруге қабілетті басқа да радиоактивті заттарды білдіреді.
Егер терроризм актісін жасау кезінде заңсыз сатып алынған немесе сақталған радиоактивті заттар пайдаланылса, онда адамның әрекеттері ҚК-нің 255 және 283-баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
Жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану оларды адамдардың белгісіз тобына қатысты жаппай жою мақсатында тікелей пайдалануды білдіреді.
Жаппай қырып-жою қаруын, радиоактивті материалдарды қолдану қатерін төндіру азаматтарды, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың өкілдерін оларды тікелей мақсаты бойынша дереу пайдаланумен қорқытуды білдіреді.
Жаппай уландыру деп көптеген адамдардың организмдеріндегі зат алмасудың қалыпты процесінің бұзылуын түсіну қажет. Организмді уландыруға сапасыз ауызсуды, тамақ өнімдерін тұтыну, сондай-ақ әртүрлі газдарды қолдану арқылы қол жеткізуге болады.
«Эпидемия» және «эпизоотия» ұғымдары Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» заңының 1-бабының 45) тармақшасында тиісінше айқындалған.
Эпидемиялардың таралуы деп адамдардың көп санының әртүрлі ауруларды жұқтыруын түсіну қажет. Аурулар кең аумақта және қысқа уақыт аралығында адамдар жаппай ауырғаннан кейін эпидемиялық сипатқа ие болады.
Эпизоотия – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың аса қауіпті және өзге де инфекциялық ауруларының жаппай таралуы.
Өзге де әрекеттер деп адамдардың жаппай қырылуына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді түсіну қажет. Бұл ретте жаппай сипаттың болуы міндетті белгі болып табылады.
Адамға өлім келтіру деп терроризм актісін жасау нәтижесінде адамның биологиялық өлімінің басталуын түсіну қажет.
Терроризм кезіндегі өзге де ауыр зардаптарға бірнеше адамға денсаулыққа ауыр зиян келтіру немесе көптеген адамдарға орташа ауырлықтағы зиян келтіру, сондай-ақ ірі көлемдегі материалдық залал келтіру жатады.
Егер терроризм актісі адамның (немесе екі және одан да көп адамның) абайсызда өліміне әкеп соқса, мұндай әрекеттер ҚК-нің 255-бабы 3-бөлігінің 2) тармақшасымен қамтылады және ҚК-нің 99, 104-баптары бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.
Адамды (немесе екі және одан да көп адамды) қасақана өлтіру ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
ҚК-нің 255-бабы 3-бөлігінің 2) тармақшасында көзделген қылмыстың субъективтік жағы осы норманың қалған тармақтары мен бөліктерінен кінәнің екі нысанымен сипатталуымен ерекшеленеді. Әрекетке (терроризм актісіне) қатысты кінә қасақаналықпен, ал туындаған зардаптарға (өлімге немесе өзге де ауыр зардаптарға) қатысты абайсыздықпен, яғни менмендік немесе немқұрайлылық түрінде сипатталады. Алайда тұтастай алғанда, ҚК-нің 22-бабына сәйкес, мұндай қылмыс қасақана жасалған деп танылады.
ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінің объективтік жағын қоғамдық қауіпсіздікті бұзу; халықты үрейлендіру; Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету; соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу, сол сияқты мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату мақсатында не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда жасалған мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу не халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, айдап әкетумен, сол сияқты әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу құрайды.
Қарастырылып отырған нормада мынадай әрекеттер үшін жауаптылық көзделген:
- қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру мақсатында жасалған адам өміріне қол сұғу;
- қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру, сондай-ақ оның мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында жасалған мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу;
- халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдарға немесе ұйымдарға, ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасаумен, кепілге алынған адамды, ғимараттарды, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алумен, айдап әкетумен, сол сияқты әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті басып алумен ұштасқан адам өміріне қол сұғу.
ҚК-нің 255-бабының 1, 2 және 3-бөліктерінен айырмашылығы, оларда адамдардың қаза табу қаупін, едәуір мүліктік залал келтіруді не өзге де қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын тудыратын жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де әрекеттер жасау үшін жауаптылық көзделген болса, ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде нақты (онда көрсетілген) адамдардың өміріне қол сұғу үшін жауаптылық көзделген.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігі онда саралаушы белгілер ретінде көрсетілген барлық әрекеттерді қамтиды, сондықтан ҚК-нің 261-бабы «Кепілге алынған адамды басып алу», 270-бабы «Әуе немесе су кемесін не теміржол жылжымалы құрамын айдап әкету, сол сияқты басып алу», 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз заңсыз иеленіп алу» бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына не кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын өлтіруден (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы) бұл қылмыс объектісі мен мақсаты бойынша ерекшеленеді; Қазақстан Республикасы Президентінің өміріне қол сұғудан (178-бап) – объектісі мен жәбірленуші атқаратын лауазымы бойынша; құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының өміріне қол сұғудан (ҚК-нің 380-1-бабы) – объектісі мен жәбірленуші атқаратын лауазымы бойынша; сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұғудан (ҚК-нің 408-бабы) – объектісі мен жәбірленуші атқаратын лауазымы бойынша ерекшеленеді. Бұл қылмыстың адам өлтіруден айырмашылығы мынада: адам өлтірудің объектісі – адамның өмірі, ал ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстың объектісі – қоғамдық қауіпсіздік, бұл жағдайда өмір қосымша объект болып табылады. Адам өлтіру – басқа адамға заңсыз қасақана өлім келтіру, ал өмірге қол сұғу – басқа адамға заңсыз қасақана өлім келтіру ғана емес, адам өлтіруге оқталуды да білдіреді. Адам өлтіру биологиялық өлім басталған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі, ал өмірге қол сұғу зардаптардың туындағанына қарамастан, адам өлтіруге оқталу сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 255-бабының қарастырылып отырған бөлігі ҚК-нің 178, 380-1, 408-баптарымен бәсекелеседі. Бұл нормаға қатысты мұндай жағдайда ҚК-нің 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес арнайы норма, яғни ҚК-нің 178, 380-1 немесе 408-баптары қолданылады.
Өмірге қол сұғу деп қасақана құқыққа қайшы өлім келтіруді (адам өлтіруді) немесе адам өлтіруге оқталуды, яғни өлім келтіруге тікелей бағытталған қасақана әрекеттерді түсіну қажет.
ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс қол сұғу сәтінен бастап, туындаған зардаптарға қарамастан, аяқталған болып есептеледі.
Мемлекеттік қайраткер – мемлекеттің басшысы, атқарушы және заң шығарушы биліктің мемлекеттік органдарының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік аппараттың басшы қызметкерлері мен басқа да жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер. Демек, мемлекеттік қайраткерлерге Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері, министрлер мен олардың орынбасарлары және т.б. жатады.
Қоғамдық қайраткерлер қатарына қоғамдық бірлестіктердің, партиялардың басшыларын немесе көрнекті мүшелерін жатқызу қажет. Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғудың тәсілдері мен құралдары әртүрлі болуы мүмкін және бұл қылмыстың саралануына әсер етпейді.
Шешуші маңызға атқаратын лауазым емес, жәбірленушінің саяси беделі ие. Мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қол сұғу үшін жауаптылық жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметті жүзеге асыруына негіз болған әрекеттердің қашан жасалғанына қарамастан туындайды. Қол сұғудың жәбірленуші мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметті жүзеге асырып жатқан сәтте жасалуы талап етілмейді.
Әрекетті ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша саралау кезінде жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметті жүзеге асыруына байланысты қандай заңды әрекеттері кінәліні оны өлтіруге итермелегенін анықтау қажет, өйткені мұндай саралаудың міндетті шарты – кінәлінің дәл осы мән-жайларға байланысты аталған адамның өміріне қол сұғып отырғанын түсінуі.
Шабуыл жасау – жәбірленушіге күш қолдану немесе оны дереу қолданудың нақты қаупін төндіру арқылы қылмыстық нәтижеге тікелей қол жеткізуге бағытталған әрекет.
Халықаралық қорғауды пайдаланатын адамдардың санаттары:
- мемлекет басшылары, шет мемлекеттің аумағында жүрген ресми өкілдері мен лауазымды адамдары;
- дипломатиялық өкілдіктердің персоналы;
- халықаралық ұйымдардың персоналы;
- консулдық персонал;
- аталған адамдармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері.
Ғимараттарға, құрылыстарға шабуыл жасау деп кінәлінің осындай орындарға заңсыз кіруін және одан кейін қандай да бір әрекеттер жасауды түсіну қажет. Шабуыл жасау оларға кіруді, оларды қоршауды, атқылауды және т.б. қамтиды, бұл ретте шабуылдың мұндай түрі физикалық немесе психикалық күш қолданусыз да жүзеге асырылуы мүмкін.
Басып алу деп ғимаратты, құрылысты, қатынас және байланыс құралдарын заңсыз иеленіп алуды түсіну қажет.
Кепілге алынған адамды басып алу – адамды иеленіп алып, кейіннен оның жүріп-тұру бостандығын шектеу.
Әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті айдап әкету деп кемені немесе құрамды тұрақта тұрған кезінде заңсыз иеленіп алуды түсіну қажет.
Әуе немесе су кемесін, теміржол жылжымалы құрамын не өзге де қоғамдық көлікті басып алу деп кемені немесе құрамды маршрут бойынша қозғалысы кезінде заңсыз иеленіп алуды түсіну қажет.
ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен және арнайы мақсатпен немесе арнайы уәжбен сипатталады.
ҚК-нің 255-бабының 4-бөлігі бойынша әрекетті саралау үшін қарастырылып отырған қылмысты жасаудың мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті бұзу, халықты үрейлендіру, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның шешім қабылдауына ықпал ету, соғысты арандату не халықаралық қатынастарды шиеленістіру, сондай-ақ дәл осындай мақсаттарда, сонымен бірге мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметін тоқтату не осындай қызметі үшін кек алу мақсатында оның өміріне қол сұғу қылмыстық-құқықтық маңызға ие.
Мемлекеттік қызметті тоқтату мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі қызметті аяқтауды білдіреді.
Саясат – әлеуметтік топтардың, саяси партиялардың, қозғалыстардың, жекелеген тұлғалардың қоғам мен мемлекет істеріне қатысуымен байланысты қызметтің ерекше түрі.
Саяси қызмет бірнеше саланы қамтиды: мемлекеттік басқару, саяси партиялар мен қозғалыстардың қоғамдық процестердің барысына ықпал етуі, саяси шешімдер қабылдау, саяси қатысу.
Саяси қызметті тоқтату саяси және билік қатынастары саласындағы қызметті аяқтауды білдіреді.
Терроризм актісіне тән арнайы мақсаттарды көздемей, жарылыс жасау, өрт қою немесе өзге де жалпыға қауіпті тәсілдермен адам өміріне қол сұғу белгілі бір адамды өлтіру ретінде саралануға тиіс, яғни ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 6) тармағы бойынша көптеген адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған адам өлтіру ретінде саралануы қажет.
Бұл жағдайда, егер адам мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің не құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының немесе сот төрелігін не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне жарылыс жасау, өрт қою немесе осыған ұқсас сипаттағы өзге де әрекеттер жасау арқылы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында қол сұқса, жасалған іс-әрекет ҚК-нің 255-бабы бойынша саралануға тиіс.
Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектордың, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым инспекторының, қорықшының, сондай-ақ сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне аталған тәсілмен, бірақ терроризмге тән арнайы мақсатсыз қол сұғылған жағдайда, кінәлінің әрекеттері ҚК-нің 380-1, 408-баптары бойынша саралануға тиіс.
Терроризм актісі үшін оның жасалу уәжі де міндетті қылмыстық-құқықтық маңызға ие. Бұл қылмыс жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметі үшін кек алу уәжімен жасалуы мүмкін, бұл ретте қылмыстық әрекеттердің мақсаты дәл осы қызметті тоқтату болуы тиіс.
Жәбірленушінің мемлекеттік немесе өзге де саяси қызметі үшін кек алу уәжі мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің қызметіне наразылығын оны физикалық тұрғыдан жою арқылы білдіруге ұмтылудан тұрады.
ҚК-нің 255-бабына ескертпеде терроризм кезінде қылмыстық жауаптылықтан босатудың негізі айқындалған. Мұндай негіз терроризм актісі туралы мемлекеттік органдарға уақтылы ескерту немесе терроризм актісінің алдын алуға өзге де көмек көрсету (басқа тәсілмен ықпал ету) болып табылады. Бұл ретте кінәлінің әрекеттерінде өзге қылмыстың құрамы болмауы тиіс.
Ескертудің уақтылығы дайындалып жатқан террористік акт туралы хабарламаның алдын ала берілуімен және билік органдарының терроризм актісі басталғанға дейін алдын алу шараларын қабылдауының нақты мүмкіндігінің болуымен айқындалады.
Ескертудің нысаны мен тәсілінің құқықтық маңызы жоқ. Ол жазбаша немесе ауызша, телефон арқылы, үшінші тұлғаларды пайдалану арқылы және т.б. жасалуы мүмкін. Алайда бұл тұрғыда кінәлі адамның хабарламаның адресатқа жеткізілетініне сенімді болуы маңызды.
Терроризмнің алдын алудың өзге тәсілі адамның жарылыс жасауға, өрт қоюға өз бетінше кедергі келтіруінен, зиянды зардаптарды оқшаулауға басқа азаматтарды тартуынан, сыбайластарын террористік ниеттерін жүзеге асырудан бас тартуға көндіруінен, тұрғындарды терроризм актісінің дайындалып жатқаны туралы және оның жасалатын орны көрсетіле отырып ескертуінен және т.б. көрініс табуы мүмкін.
Егер адам бірнеше терроризм актісін дайындауға немесе жасауға қатысса, ол қылмыстық жауаптылықтан тек өзі алдын алған терроризм актілері бойынша ғана босатылады.
ҚК-нің 255-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 255-бабының 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер аса ауыр қылмыстарға жатады.
Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар.