Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 267-бабы. Заңсыз әскерилендірілген құралымды ұйымдастыру туралы бапқа түсініктеме

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 267-бабы. Заңсыз әскерилендірілген құралымды ұйымдастыру туралы бапқа түсініктеме

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 267-бабы. Заңсыз әскерилендірілген құралымды ұйымдастыру туралы бапқа түсініктеме

1. Заңсыз әскерилендірілген құралымды құру, сол сияқты осындай құралымға басшылық ету —

екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Заңсыз әскерилендірілген құралымға қатысу —

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Заңсыз әскерилендірілген құралымға қатысуын өз еркімен тоқтатқан және қару-жарағы мен әскери жарақтарын тапсырған адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Мемлекетте билік органдары тарапынан бақыланбайтын қарулы құралымдардың жұмыс істеуінің қоғамдық қауіптілігі олардың биліктің әртүрлі тармақтары мен деңгейлері арасындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікті бұзуында. Мемлекеттік құрылыс пен билік мәселелерін конституцияға қайшы, күш қолдану арқылы шешу қаупі туындайды, ал қарулы адамдардың едәуір санының бақылаусыз әрекеттері қоғамда әлеуметтік шиеленісті туындатады, оның ішінде жеке адамға зиян келтірудің, адам өлімінің, елеулі материалдық залал келтірудің ықтималдығы жоғары болады.

Осы қылмыстың объектісі – қоғамдық қауіпсіздік.

Объективтік жағы заңсыз әскерилендірілген құралымды құру және осындай құралымға басшылық ету сияқты әрекеттерді орындаудан көрінеді.

Бұл қылмыстың негізгі белгісі – әскерилендірілген құралымның заңсыздығы. Құралымның заңсыздығы осындай құралымды құрудың нормативтік актілермен реттелмеуінен көрінеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 3-тармағына сәйкес заңнамада көзделмеген әскерилендірілген құралымдарды құруға тыйым салынады. Заңды әскерилендірілген құралымдарға, мысалы, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, ұлттық қауіпсіздік органдары, ішкі істер органдары, кеден органдары және т.б. жатады.

ҚК-нің 3-бабының 18) тармағына сәйкес заңсыз әскерилендірілген құралым деп заңнамада көзделмеген, әскери үлгідегі ұйымдастырушылық құрылымы бар, дара басшылыққа, жауынгерлік қабілетке, қатаң тәртіпке ие үш және одан да көп адамнан тұратын құралым (бірлестік, отряд, дружина немесе өзге де топ) танылады.

Құралым – жаңадан ұйымдастырылған әскери топ, халық жасағының әскери бөлімі, ұйым (ұжым).

Осылайша, қарулы құралымдарға бірлестіктер, отрядтар, дружиналар немесе өзге де топтар жатады. Бұл жағдайда заңды қарулы құралымдарға тән ресми ұғымдар мен атаулар туралы емес, қаруланған адамдардың әртүрлі ауқымдағы бірлестіктері туралы сөз болып отыр.

Бірлестік – құрылымына орта деңгейдегі басқа да ұйымдастырушылық буындар (отряд, дружина және т.б.) кіруі мүмкін ірі құралым.

Топ – бір немесе бірнеше нақты міндетті шешу үшін адамдардың жергілікті бірлестігі.

Заңсыз әскерилендірілген құралымды құру деп осындай құралымның пайда болуына әкелетін әрекеттерді жасау түсініледі. Оларға құралымға қатысушыларды іріктеу, орналасу орындарын айқындау, қару-жарақпен, киім-кешекпен, көлікпен, байланыс құралдарымен қамтамасыз ету, функционалдық міндеттерді бөлу, басшылық және командалық құрамды анықтау, саптық бөлімшелерге бөлу, құралымның мақсаты мен міндеттерін белгілеу және т.б. жатқызуға болады.

Заңсыз құралымға басшылық ету деп бұрыннан құрылған заңсыз құралымды басқару түсініледі. Басшылық ету қызметті ұйымдастыру, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, құралымның мақсатына қол жеткізу және міндеттерін орындау үшін бұйрықтар мен өкімдер беру, сондай-ақ олардың орындалуын бақылау сияқты әрекеттер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Алайда бұл ретте сандық өлшемнің айқындаушы болып табылмайтынын ескеру қажет. Мұндай өлшем ретінде иерархиялық құрылымды, тұрақтылықты, кәсібилікті, сондай-ақ құралымның қарулануын қамтитын сапалық өлшем танылады.

Иерархиялық құрылым деп мыналардың болуын түсінеміз:

ішкі құрылым – заңсыз әскерилендірілген құралымның басқару деңгейлері мен функционалдық деңгейлері арасындағы өзара қарым-қатынастар. Құрылым оған тән еңбекті арнайы бөлумен және бақылау жүйесін құру талаптарымен тығыз байланысты;

басқару жүйесі – заңсыз әскерилендірілген құралымның қызметінің мәнін, шарттарын және тәртібін, сондай-ақ оған бақылауды айқындайтын, қолданыстағы, міндетті түрде орындалуға жататын ресми қағидалар мен рәсімдер жүйесі;

субординация – заңсыз әскерилендірілген құралымдағы құқықтар мен міндеттерді бөлумен реттелетін бағыныстылық жүйесі;

рөлдерді бөлу – заңсыз әскерилендірілген құралымның қызметіне жекелеген қатысушылардың қосатын үлесін және қылмыстық құралымға қатысушылар арасындағы өзара қарым-қатынастарды айқындау;

қарым-қатынастың ерекше қағидалары – заңсыз әскерилендірілген құралымға қатысушылар арасындағы олардың мәртебесіне сәйкес өзара қарым-қатынастардың ерекшеліктерін реттейтін әскери әдеп қағидаларының жүйесі;

дайындалған жоспар – заңсыз әскерилендірілген құралымның белгілі бір кезеңдегі қызметінің барлық түрлерін қамтитын құжат, оның мерзімі аяқталғаннан кейін келесі кезеңнің жоспары қолданысқа енгізіледі.

Құралымның тұрақтылық белгісі әрдайым нақты ағымдағы уақыт кезеңінде бағаланады. Ірі құралымдардың өз қызметі барысында құрамын тұрақты сақтамайтынын ескеру қажет, өйткені жеке құрамды толықтыру немесе оны жоспарлы түрде ауыстыру орын алуы мүмкін. Заңсыз қарулы құралымды құру мақсаттарына, оны қаржыландыру мен техникалық жарақтандыруға, нақты өңірдегі қоғамдық-саяси жағдайға, сондай-ақ құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігіне байланысты заңсыз қарулы құралымның өмір сүру ұзақтығы қысқа болуы да мүмкін.

Кәсібилік белгісі мыналардың болуымен сипатталады:

  • қызметтік тәртіптің;
  • әскери дайындықтың, оның ішінде атыс, тактикалық, саптық және дене дайындығының;
  • техникалық жарақтандыру мен дайындықтың.

Қарулану деп құралымға қатысушылардың қаруға, яғни тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға конструкциялық тұрғыдан арналған құрылғылар мен заттарға ие болуын түсіну қажет. Бұл ретте қару деп Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 30 желтоқсандағы «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңына сәйкес қаруға жатқызылған және сараптамалық қорытындымен қару деп танылған нысаналар мен құрылғыларды түсіну керек.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарулану деп заңсыз қарулы құралым мүшелерінің (барлығының немесе көпшілігінің) азаматтық, қызметтік және жауынгерлік қол атыс қаруына, оқ-дәрілерге, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларға ие болуын түсіну қажет. Бұл ретте аталған қару-жарақ түрлерінің зауытта немесе қолдан жасалғаны, отандық немесе шетелдік өндірістен шыққаны маңызды емес. Заңсыз қарулы құралым мүшелерінің қолында қару макеттерінің немесе мақсатты қолдануға жарамсыз қарудың болуы мұндай құралымның қаруланғанын білдірмейді.

Заңсыз құралым мүшелерінің қару қасиеттеріне ие немесе қару ретінде пайдаланылатын заттарды иеленуі құралымның қарулану белгісін құрамайды.

Заңсыз қарулы құралым мүшелерінің ақаулы немесе оқу қаруын иеленуі, егер мұндай қарудың пайдалануға жарамды жиынтық бөлшектері болса немесе құралым мүшелері оны жарамды күйге келтіруге ниеттеніп, осы мақсатта белгілі бір әрекеттер жасаған болса ғана, осы құралымның қарулану белгісі болып табылады.

Нақты қылмыстық істерді тергеген кезде қарулану мәселесі істің барлық мән-жайлары мен тиісті (баллистикалық) сараптамалардың қорытындыларын ескере отырып қана шешілуі мүмкін. Мұндай сараптамалар қажет болған жағдайда қылмыстық-процестік тәртіппен тағайындалады. Бұл ретте радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, пайдалану, беру, өңдеу, бұзу, шашырату немесе көму, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру тиісінше ҚК-нің 283 және 287-баптары бойынша сараланады.

Заңсыз әскерилендірілген құралымды құру, сол сияқты қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдалана отырып, өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында осындай құралымға басшылық ету ҚК-нің 267 және 361-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

Қарулы құралымдардың заңсыздығы деп қарулы құрылымдарды құру мен олардың қызметін, олардың бағыныстылығы мен бақылауда болуын айқындайтын Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып ұйымдастырылуын түсіну қажет.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Заңсыз әскерилендірілген құралымды құру түріндегі қылмыс құралым нақты құрылған сәттен бастап, яғни бірнеше адамның топқа бірігуі және олардың кем дегенде кейбірінің қару, оқ-дәрілер, жарылғыш құрылғылар сатып алуы сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі. Заңсыз құралымға басшылық ету адам құралымның командирі, штаб бастығы немесе өзге де басшысы болып тағайындалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.

Қылмыстың субъективтік жағы тікелей пиғыл нысанындағы қасақаналықпен сипатталады. Адам өзінің заңсыз әскерилендірілген құралымды құрып жатқанын немесе оған басшылық етіп жатқанын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындауын немесе олардың болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді.

Бұл қылмыстың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға. Бұл ретте ол заңсыз әскерилендірілген құралымның ұйымдастырушысы немесе басшысы болуға тиіс.

ҚК-нің 267-бабының 2-бөлігі заңсыз әскерилендірілген құралымға қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді. Қатысу деп кінәлі адамның заңсыз құралымның жұмыс істеуіне бағытталған әрекеттерді орындауын түсіну қажет. Мұндай әрекеттерге ішкі нарядты атқару, қарауыл қызметін, кезекшілікті және т.б. орындау жатқызылуы мүмкін.

Заңсыз қарулы құралымға қатысу ретінде ант қабылдауды, келісім беруді, нысанды киім, қару және т.б. алуды қарастыру қажет.

Адамның заңсыз қарулы құралымға қатысу түріндегі қылмысы заңсыз қарулы құралымның қызметін қамтамасыз ету жөніндегі нақты әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептелуге тиіс.

Құрылған заңсыз қарулы құралымға кіруге бастама білдірген, бірақ олардың әрекеттері қалаған нәтижеге жеткізбеген адамдар ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 267-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылуға тиіс.

Заңсыз қарулы құралымға қатысушылар нақты террористік қылмысты және басқа да қылмыстарды жасаған кезде олардың әрекеттері ҚК-нің 267-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің тиісті баптарында (мысалы, 255, 256, 259-баптарында) көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

Егер заңсыз құралымдардың жекелеген мүшелері азаматтар мен ұйымдарға шабуыл жасау мақсатында (оның ішінде террористік қызметті жүзеге асыру үшін) тұрақты қарулы топқа (бандаға) бірігіп, осындай топқа (бандаға) басшылық етсе, сондай-ақ оның шабуылдарына қатысса, олардың әрекеттері ҚК-нің 267 және 268-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануы қажет.

Егер адам заңсыз қарулы құралымның мүшесі болмай, оның басшысының немесе қатысушыларының бірінің жекелеген өтініштерін, тапсырмаларын орындаса, оның әрекеттері заңсыз қарулы құралымның қызметіне көмектесу ретінде қарастырылуға тиіс. Алайда бұл адам өзінің заңсыз қарулы құралымға жәрдем көрсетіп отырғанын анық білген және мұндай көмек бір реттік, оқта-текте жасалған сипатта болған жағдайда ғана осылай сараланады.

Субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен және тек тікелей пиғылмен сипатталады. Адам заңсыз әскерилендірілген құралымның қызметіне қатысып отырғанын сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді.

ҚК-нің 265-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға. Бұл ретте ол заңсыз әскерилендірілген құралымның қатардағы қатысушысы болуға тиіс.

Заңсыз қарулы құралымды ұйымдастыру мен оған қатысуды ҚК-нің 181-бабында көзделген қарулы бүліктен ажырату қажет. Айырмашылық қылмыс құрамының субъективтік және объективтік жақтарында. Қарулы бүлік конституциялық құрылысты құлатуға немесе өзгертуге не Қазақстан Республикасының унитарлығын және тұтастығын, сондай-ақ оның аумағының тұтастығы мен бөлінбейтіндігін бұзуға, сол сияқты билікті басып алуға және ұстап тұруға тікелей бағытталған мақсат пен әрекеттердің болуын көздейді. Бұл мақсат пен әрекеттер заңсыз әскерилендірілген құралымды құрудың субъективтік және объективтік жақтарына кірмейді. Заңсыз әскерилендірілген құралымды ұйымдастыру және қарулы бүлік жасау жағдайында әрекет ҚК-нің 267 және 181-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс.

Егер бастапқы кезден бастап қарулы құралым конституциялық құрылысты құлату немесе өзгерту не Қазақстан Республикасының унитарлығы мен тұтастығын, сондай-ақ оның аумағының тұтастығы мен бөлінбейтіндігін бұзу, сол сияқты билікті басып алу немесе ұстап тұру мақсатында құрылса, мұндай заңсыз қарулы құралымның ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларының әрекеттерін тек ҚК-нің 181-бабы бойынша саралау жеткілікті.

ҚК-нің 267-бабына ескертпенің негізінде заңсыз әскерилендірілген құралымға қатысуын өз еркімен тоқтатқан және қару-жарағы мен әскери жарақтарын тапсырған адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Қару-жарағы мен әскери жарақтарын тапсырған адамдар деп заңсыз қарулы құралымдардың өздерінде бар қару-жарағы мен әскери жарақтарын мемлекеттік органдарға тапсырған немесе олардың сақталатын орнын көрсеткен қатысушыларын түсіну қажет.

Қару-жарағы мен әскери жарақтары жоқ заңсыз қарулы құралымның қатысушысы заңсыз қарулы құралымға қатысуын өз еркімен тоқтатып, бұл туралы мемлекеттік органдарға хабарлағаны негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Ескертпенің қолданылуы ескертпенің сөзбе-сөз түсіндірілуінің мәніне сәйкес заңсыз әскерилендірілген құралымның басшысына қолданылмайды.

Ұйымдастырушының заңсыз құралым құрамынан шығуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде бағалануы мүмкін.

ҚК-нің 267-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 267-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

267-бап. Заңсыз әскерилендiрiлген құралымды ұйымдастыру  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

267-бап. Заңсыз әскерилендiрiлген құралымды ұйымдастыру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Заңсыз әскерилендiрiлген құралымды құру, сол сияқты осындай құралым...

Толық оқу »

236-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК заңсыз әскерилендірілген құралымын ұйымдастыру

236-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК заңсыз әскерилендірілген құралымын ұйымдастыру 1. Заңсыз әскерилендірілген құралым (бірлестік, жасақ,...

Толық оқу »

307-бап. Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

307-бап. Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1. Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңс...

Толық оқу »