Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабына түсініктеме. Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіпті мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабына түсініктеме. Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіпті мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабына түсініктеме. Адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіпті мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру

1. Адамдардың өміріне немесе денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы ақпаратты халықты осындай ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті адам жасаған жасыру немесе бұрмалау —

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.

2. Абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекет —

төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.

Қарастырылып отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген әрбір адамның ақпарат алу құқығын бұзуында.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес азаматтар адамның денсаулығына және оның болашақ ұрпағының денсаулық жағдайына теріс әсер етпейтін тіршілік ету ортасының қолайлы болуына құқылы. Сондай-ақ олар санитариялық-эпидемиологиялық ахуал, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету жөніндегі қабылданып жатқан шаралар және олардың нәтижелері, халық тұтынатын тауарлардың, оның ішінде тамақ өнімдерінің, сондай-ақ ауызсудың сапасы туралы уақтылы әрі шынайы ақпарат алуға құқылы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының 3-тармағында мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа оның құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті деген ереже бекітілген.

Қарастырылып отырған мәселенің жекелеген ережелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар» және 31-бабының 2-тармағында: «Адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады» деген нормаларда көрініс тапқан.

Қылмыстың объектісі – халықтың денсаулығы. Факультативтік объектісі – қоршаған орта, яғни оның құрамдас бөліктерінің өзара әрекеттесуіндегі жай-күйін көрсететін физикалық, химиялық, биологиялық және өзге де көрсеткіштер негізінде айқындалатын қоршаған ортаның қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы (2021 жылғы 2 қаңтардағы Экологиялық кодекстің 7-бабының 1-тармағы).

Қарастырылып отырған әрекеттің нысанасы адамдардың өміріне немесе денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы ақпарат болып табылады.

2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына сәйкес жеке тұлғалар өздері ұшырауы мүмкін төтенше жағдайлардың қауіпті факторларының туындау тәуекелі және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы алдын ала ақпарат алуға құқылы.

Төтенше жағдай – авария, өрт, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсері, қауіпті табиғи құбылыс, апат, дүлей немесе өзге де зілзала салдарынан белгілі бір аумақта қалыптасқан, адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық залалға және адамдардың тіршілік ету жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан жағдай (Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңының 1-бабының 66) тармақшасы).

Төтенше жағдайлар табиғи немесе техногендік сипатта болуы мүмкін. Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыстар), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы нәтижесінде қалыптасқан төтенше жағдайлар (Заңның 1-бабының 62) тармақшасы).

Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлік және басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық қауіпті заттардың шығарылуымен (шығарылу қаупімен) байланысты авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тіршілікті қамтамасыз етудің электр энергетикалық және коммуникациялық жүйелеріндегі, тазарту құрылыстарындағы авариялардан туындаған төтенше жағдайлар (Заңның 1-бабының 65) тармақшасы). Авария – ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) техникалық құрылғылардың бұзылуы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарылуы (Заңның 1-бабының 1) тармақшасы).

Төтенше жағдайлар әлеуметтік сипатта да болуы мүмкін (ереуілдер, жаппай тәртіпсіздіктер, қарулы қақтығыстар және т.б.).

Адамдардың өмірі мен денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер мен құбылыстар туралы ақпаратқа тиісті аумақтағы радиациялық, химиялық, медициналық-биологиялық, жарылыс, өрт және экологиялық қауіпсіздік туралы ақпарат жатады.

Оларға мыналар туралы мәліметтерді жатқызуға болады: атмосфералық ауадағы, тұрғын және өндірістік үй-жайлардағы, ауыз және техникалық судағы, топырақтағы және азық-түлік өнімдеріндегі зиянды химиялық заттардың шекті жол берілетін концентрациясы туралы; зиянды физикалық әсерлердің (шығарындылардың, шудың) шекті жол берілетін нормалары туралы; радиациялық әсердің шекті жол берілетін деңгейі туралы; азық-түлік өнімдері мен суға зиянды биологиялық әсерлер туралы (суда микроорганизмдер мен өзге де ауру қоздырғыштарының болуы).

Объективтік жағы жоғарыда көрсетілген ақпаратты жасыру немесе бұрмалау арқылы көрініс табады.

Жасыру деп азаматтардан аталған ақпаратты жасыруды да, сондай-ақ адамдардың өміріне немесе денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы халықты уақтылы хабардар етпеуді және ақпараттандырмауды да түсіну керек. Жасыру ақпаратты жария ету мемлекеттің немесе ұйымның мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін деген уәжбен, мысалы, оны беруден бас тарту арқылы көрініс табуы мүмкін.

Бұрмалау деп көрінеу жалған ақпарат беруді түсінеміз (мысалы, атом энергетикасы объектісіндегі немесе ядролық энергияны өндіруге не пайдалануға байланысты өзге де өндірістегі авария салдарынан туындаған радиация деңгейін төмендетіп көрсету).

Ақпаратты жасыру немесе бұрмалау адамдардың өміріне, денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін табиғи апаттар (жер сілкінісі, су тасқыны және сол сияқтылар), апаттар, авариялар, ірі өрттер және т.б. сияқты оқиғаларға, фактілерге немесе құбылыстарға қатысты болуы мүмкін.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс ақпаратты жасырған немесе бұрмалаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.

Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам адамдардың өміріне немесе денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы ақпаратты жасырып немесе бұрмалап отырғанын сезінеді және соны жасауды қалайды.

Қылмыстың субъектісі болып халықты тиісті ақпаратпен қамтамасыз етуге міндетті адамдар ғана танылады. Бұл міндет заңнан немесе лауазымдық нұсқаулықтардан туындауы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес мұндай міндет қоршаған ортаны қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының арнайы уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілеріне жүктеледі.

Сонымен қатар төтенше жағдай туындау қаупі туралы болжам болған кезде халықты алдын ала, ал төтенше жағдай туындаған кезде жедел түрде ақпараттандыру және хабардар ету талабы Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңында бекітілген.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабының 2-бөлігіне сәйкес осы қылмыстың сараланған құрамы болып абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол әрекеттер танылады.

Түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде материалдық құрам көзделген. Адамдардың өмірі мен денсаулығына не қоршаған ортаға қауіп төндіретін оқиғалар, фактілер немесе құбылыстар туралы ақпаратты жасыру немесе бұрмалау заң шығарушы тарапынан, егер ол абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, сараланған құрам ретінде қарастырылады. Демек, түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігі бойынша қылмыс онда көрсетілген салдардың біреуі туындаған кезде аяқталған болып есептеледі.

Адамның денсаулығына зиян келтіру деп абайсызда денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян немесе ауыр зиян келтіру түсініледі. Алайда бұл жағдайда мұндай зиян адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру немесе бұрмалау нәтижесінде туындағаны, яғни аталған әрекеттер мен туындаған салдарлар (адамның денсаулығына зиян келтіру немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауы) арасында себепті байланыс бар екені дәлелденуге тиіс.

Өзге де ауыр зардаптар деп, мысалы, екі және одан да көп адамға зиян келтіру, ұзаққа созылған ауру, адамдардың жаппай сырқаттануы түсінілуі мүмкін. Өзге де ауыр зардаптар материалдық залал келтіру (уақтылы ақпарат алынған жағдайда болдырмауға болатын жеке және заңды тұлғалардың мүлкін жою немесе бүлдіру, қалпына келтіру жұмыстарына, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға жұмсалатын шығындар), экологиялық залал келтіру (ауаның, судың, жердің ластануы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің жойылуы және бүлінуі), адамдарды өздерінің тұрғылықты жерінен эвакуациялау немесе қоныс аудару қажеттілігі түрінде де көрініс табуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабының 2-бөлігі бойынша субъективтік жағы жанама қасақаналықпен сипатталады. Адам ақпаратты жасыру немесе бұрмалау нәтижесінде адамның денсаулығына зиян келтіру немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауы мүмкін екенін алдын ала болжайды және осы зардаптардың туындауына саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 305-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстандағы заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Хат жолдаулар

 

268-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру

268-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру 1. Халықты...

Толық оқу »

341-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерінің, арнайы жер қорының болуы туралы ақпаратты жасыру

341-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерінің, арнайы жер қорының болуы туралы ақпарат...

Толық оқу »

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қылмыстық жауаптылыққа тарту және соттылық туралы ақпаратты жасыру қызметкерді жұмыстан шығаруға негіз болып табылады

Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қылмыстық жауаптылыққа тарту және соттылық туралы ақпаратты жасыру қызметкерді жұмыстан шығаруға негіз болып табыладыА.сотқа "Шығыс Қазақстан...

Толық оқу »

305-бап. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

305-бап. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Адамдардың өмiрiне неме...

Толық оқу »

341-бап. Тұрғын үй құрылысы, арнайы жер қоры үшiн жер учаскелерiнің бар екендiгi туралы ақпаратты жасыру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

341-бап. Тұрғын үй құрылысы, арнайы жер қоры үшiн жер учаскелерiнің бар екендiгi туралы ақпаратты жасыру Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі    ...

Толық оқу »