Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына түсініктеме. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына түсініктеме. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына түсініктеме. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе өткізу, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету

1. Тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, сол сияқты көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру немесе пайдалану, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқса, —

бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.

2. Егер осы әрекеттер:

1) кәмелетке толмаған балаларға арналған тауарларға, жұмыстарға немесе қызметтерге қатысты жасалса;

2) абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқса, —

бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан әрекеттер —

төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері — қылмыстар) қоғамдық қауіптілігі оны жасаудың салдарынан бір адамның ғана емес, көптеген адамдардың денсаулығына зиян келтіру қаупінің туындауымен сипатталады.

Тұтынушының тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тұтынушының өмірі, денсаулығы және (немесе) мүлкі, қоршаған орта үшін қауіпсіз болу құқығы 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 11-бабында бекітілген. Бұл құқықты мемлекет қамтамасыз етеді, ол тауарларды өндірушілер мен жұмыстарды орындаушылар және қызметтер көрсетушілер үшін міндетті болып табылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) қауіпсіздік талаптарын белгілейді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — халықтың денсаулығы.

Қылмыстың заты болып тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін тауарлар, өнімдер, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжаттар табылады.

Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, тауар — дайындаушының (орындаушының) жеке, отбасылық, үй ішіндегі немесе кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға арналған қызметінің өнімі (өнім) (11-тармақ); тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы — тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тұтынушының қажеттіліктерін қанағаттандыру қабілетіне қатысты сипаттамаларының жиынтығы (13-тармақ); жұмыс — нәтижелері материалдық сипатта болатын, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет (3-тармақ); көрсетілетін қызмет — нәтижелері материалдық сипатта болмайтын, тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет (6-тармақ); тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігі — тауарды пайдаланудың, сақтаудың, тасымалдаудың, кәдеге жаратудың әдеттегі жағдайларында немесе жұмысты орындау (қызмет көрсету) процесінде тұтынушының өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтіру мүмкіндігіне байланысты жол берілмейтін тәуекелдің болмауы (12-тармақ); құжат — тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын бақылау (тауарлық) чегі не кіріс кассалық ордеріне берілетін түбіртек, жыртылатын талонға берілетін түбіртек, тиісті түрде ресімделген техникалық паспорт, тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) атауы, құны, сатып алынған күні, сатушысы (дайындаушысы, орындаушысы) туралы мәліметтер қамтылған өзге де құжат (14-тармақ).

Тұтынушы тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) белгіленген пайдалану, сақтау, тасымалдау және кәдеге жарату жағдайларында тұтынушының өмірі, денсаулығы және (немесе) мүлкі, қоршаған орта үшін қауіпсіз болуына құқылы. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс талаптар міндетті болып табылады және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес белгіленеді (Заңның 11-бабы).

Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасына міндетті талаптар көзделсе, тұтынушы осы талаптарға сәйкес келетін тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) алуға құқылы.

Тұтынушы сатып алынатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасын, жиынтықтылығын, салмағын, көлемін, санын, мөлшерін тексеруге, егер тауардың сипатына байланысты бұл мүмкін болмаса, оны қоспағанда, өзінің қатысуымен тауардың қасиеттерін тексеруге немесе оны дұрыс әрі қауіпсіз пайдалану тәсілдерін көрсетуге құқылы (Заңның 13-бабы).

Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің сапасына қойылатын талаптар, ең алдымен, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін тауарларға қатысты талаптар стандарттарда және стандарттау мен метрология туралы өзге де нормативтік құқықтық актілерде қамтылады.

Өнімдердің, көрсетілетін қызметтер мен процестердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құқықтық негіздерін Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 қарашадағы «Техникалық реттеу туралы» Заңы белгілейді. Сәйкестікті растау жөніндегі орган өнімнің, көрсетілетін қызметтің белгіленген талаптарға сәйкестігін жазбаша түрде куәландыратын рәсім сертификаттау деп танылады (Заңның 1-бабының 37-тармағы). Сертификаттауды жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Техникалық реттеу туралы» Заңымен белгіленген. Аталған Заңның 32-бабына сәйкес міндетті сәйкестікті растауға жататын, сәйкестігі расталмаған өнімді өткізуге тыйым салынады. Қазақстан Республикасында міндетті сертификаттауға жататын және одан өтпеген өнімді жарнамалауға жол берілмейді.

Сертификаттаудың екі түрі ажыратылады — ерікті және міндетті. Ерікті сертификаттау дайындаушының немесе сатушының өтініші бойынша жүргізіледі. Өмір мен денсаулық қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған міндетті талаптар белгіленген өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді сертификаттау міндетті болып табылады.

Міндетті сертификаттауға жататын тауарлардың тізбесіне барлық азық-түлік өнімдері және оларды өндіру кезінде пайдаланылатын шикізат, балаларға арналған тауарлар, парфюмерлік-косметикалық құралдар, тұрмыстық химия тауарлары, құрылыста және көлікте пайдаланылатын полимерлік және синтетикалық тауарлар, адамның терісімен жанасатын бұйымдар және т.б. кіреді.

Сертификаттауға Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген тауарлар ғана емес, шетелден импортталатын тауарлар да жатады. Басқа мемлекеттердің сертификаттау органдары берген сәйкестік сертификаттары Қазақстан Республикасының сертификаттау органдары оларды таныған жағдайда ғана ел аумағында жарамды болады.

Объективтік жағы мынадай әрекеттердің бірін жасаудан көрінеді: 1) тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару; 2) осындай тауарларды сату; 3) тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау; 4) осы талаптарға сай келмейтін қызметтер көрсету; 5) көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың немесе қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру; 6) осындай құжатты заңсыз пайдалану.

Тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару деп өнімді техникалық бақылау бөлімінен өткізіп, оның мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін куәландыратын құжаттарды ресімдегеннен кейін өнімді тапсырыс берушіге беру немесе жөнелту не оның дайындаушының қоймасына түсуі түсініледі. Дайындаушылар болып меншік нысанына қарамастан кез келген кәсіпорындар, сондай-ақ өткізуге арналған тауарларды өндіретін жеке кәсіпкерлер танылуы мүмкін.

Мұндай тауарларды сату деп оларды сатып алу-сату мәмілесі арқылы өткізуді түсіну керек. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды сату меншік нысанына қарамастан әртүрлі сауда кәсіпорындарында, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету дегеніміз — егер бұл жұмыстар (қызметтер) қауіпсіздік талаптарына сай келмесе, тұлғаның тұтынушымен жасалған шарт негізінде белгілі бір жұмыс түрлерін орындауы (қызметтер көрсетуі).

Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты заңсыз беру дегеніміз — тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асыруға уәкілетті тұлғаның заңдарда және өзге де нормативтік актілерде белгіленген тәртіпті бұза отырып, мұндай құжатты тауарларды дайындаушыға, жұмыстарды орындаушыға немесе қызметтер көрсетушіге ұсынуы.

Тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін куәландыратын ресми құжатты пайдалану дегеніміз — оны әртүрлі мәмілелерді: сатып алу-сату, айырбастау, өнімді жеткізу және т.б. жасасу кезінде қолдану.

Көрсетілген тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін растайтын ресми құжаттар болып сәйкестік сертификаты және сәйкестік белгісін қолдануға арналған лицензия табылады.

Егер тұлға кәсіпкерлік қызметті заңсыз жүзеге асыра отырып, тұтынушыларды өнімнің сапасы мен тауардың құнына әсер ететін өзге де сипаттамаларына қатысты алдау арқылы, мысалы, құрамында спирті бар сусындарды, дәрілік заттарды түпнұсқа өнім ретінде көрсетіп, қолдан жасалған тауарларды шығарса немесе сатса, жасалған әрекет ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық ретінде саралануға тиіс. Көрсетілген әрекеттер тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қолдан жасалған тауарларды шығарумен, сатумен байланысты болған жағдайларда, жасалған әрекет ҚК-нің 306 және 190-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын құрайды.

Заңсыз кәсіпкерлік қызмет тұтынушылардың өмірі немесе денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін (қолдан жасалмаған) тауарларды шығарумен, сатумен, жұмыстарды орындаумен немесе қызметтер көрсетумен байланысты болған жағдайларда, жасалған әрекет ҚК-нің 214 және 306-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығын құрайды.

Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы материалдық болып табылады, ол кем дегенде бір адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру түріндегі абайсызда туындаған зардаптар басталған сәттен бастап аяқталған деп танылады.

Қарастырылып отырған әрекетті жасау кезінде абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру әрекетті ҚК-нің 306-бабының 1-бөлігі және ҚК-нің 114-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы ретінде қосымша саралауды талап етеді.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы кінәнің екі нысанымен сипатталады: кінәлі тұлғаның жасаған әрекеттеріне қатысты қасақаналықпен және өз әрекетінің салдарына қатысты абайсыздықпен.

Егер кінәлі тұлға осы нормада көрсетілген зардаптарды келтіруді қасақана көздеп әрекет етсе, оның әрекеттері жеке адамға қарсы қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша саралануға тиіс.

Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі арнайы болып табылады. Алайда арнайы субъектінің белгілері объективтік жақтың нысанына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, тауарларды шығару, қызметтер көрсету, жұмыстарды орындау субъектілері болып меншік нысаны мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, өнім шығарумен, жұмыстарды орындаумен немесе қызметтер көрсетумен айналысатын кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың меншік иелері, басшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер табылады. Тауарларды сату кезінде субъектілер болып тек тұтынушыларға тауарларды тікелей өткізетін сауда ұйымдарының қызметкерлері: басшылар, тауар мамандары және тауарларды сапасы бойынша қабылдайтын әрі олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге міндетті өзге де тұлғалар, сондай-ақ осындай тауарларды сату туралы шешім қабылдайтын тұлғалар (сауда кәсіпорындарының меншік иелері, бөлім меңгерушілері) ғана болуы мүмкін. Сатушылар мен өткізушілер түсініктеме беріліп отырған баптың субъектісі ретінде тек тауарлардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру міндеті дәл соларға жүктелген жағдайда ғана таныла алады.

Ресми құжаттарды беру кезінде осы қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектілері болып мұндай құжаттарды беруге құқығы бар сертификаттау органдарының қызметкерлері танылуы мүмкін. Ресми құжаттарды пайдалану кезінде субъектілер болып дайындаушы кәсіпорындардың меншік иелері мен басшылары, жұмыстарды орындаушылар да, делдалдар да, сондай-ақ сауда ұйымдарының меншік иелері мен басшылары да болуы мүмкін.

ҚК-нің 306-бабының 2-бөлігінде осы әрекеттердің мынадай саралаушы белгілері көзделген: а) кәмелетке толмаған балаларға арналған тауарларға, жұмыстарға немесе қызметтерге қатысты жасалуы; б) абайсызда екі немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтіруі.

Он төрт жасқа толмаған бала жас балаға жатады. Егер он төрт жасқа толмаған балаларға арналған қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету жүзеге асырылса, кінәлі тұлғаның әрекеттері ҚК-нің 306-бабы 2-бөлігінің 1) тармағының белгілеріне сәйкес келеді.

Екі немесе одан да көп адамның денсаулығына абайсызда зиян келтіру деп осы адамдардың денсаулығына орташа ауырлықтағы немесе ауыр зиян келтірудің орын алуын түсіну керек.

ҚК-нің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстың саралаушы белгісі — абайсызда адамның өліміне әкеп соғу.

Кінәнің абайсыздық нысанында тұлға өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) көрсетілген зардаптарының туындау мүмкіндігін алдын ала білген, бірақ жеткілікті негіздерсіз олардың алдын алуға жеңілтектікпен сенген не тұлға өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) салдарынан адамдардың жаппай ауруға шалдығуы, жұқтыруы, сәулеленуі немесе улануы мүмкін екенін алдын ала білмеген, алайда тиісті ұқыптылық пен сақтық танытқан жағдайда бұл зардаптарды алдын ала білуге тиіс және біле алатын болған.

ҚК-нің 306-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.

ҚК-нің 303-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Арыз Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

Қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқық.

Қауіпсіздік және гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына еңбегі үшін қандай да бір кемсітусіз сыйақы алуға құқық.Б., С., Т. Шемонаиха ауданының білім бөлімінің "О"...

Толық оқу »

306-бап. Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

306-бап. Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Тұтын...

Толық оқу »

Лауазымды нұсқаулық Лифтілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі маман

Лауазымды нұсқаулықЛифтілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі маманға Бұл нұсқаулық Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі...

Толық оқу »

269-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау Не қызметтер көрсету

269-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ҚР ҚК қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау Не қызметтер к...

Толық оқу »

Лауазымды нұсқаулық Лифтілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі сарапшы

Лауазымды нұсқаулықЛифтілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі сарапшыға Бұл нұсқаулық Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минист...

Толық оқу »