Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 326-бабына түсініктеме. Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттермен немесе токсиндермен жұмыс істеу кезінде экологиялық талаптарды бұзу
1. Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе токсиндерді жинақтау, жою немесе көму кезінде экологиялық талаптарды бұзу не оларды қайта өңдеу, сақтау немесе көму үшін Қазақстан Республикасына заңсыз әкелу, егер бұл әрекет қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса не адамның денсаулығына зиян келтірсе, —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қоршаған ортаға ірі залал келтірген немесе осындай залал келтіру қатерін туғызған, сол сияқты экологиялық төтенше жағдай аймағында жасалған дәл сол әрекет —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адамның өліміне немесе адамдардың жаппай ауруына әкеп соққан әрекеттер —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері — қылмыстар) оның экологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндігінде, қоршаған ортаға, адамның өміріне немесе денсаулығына зиян келтіретіндігінде, адамдардың жаппай ауруына әкеп соғатындығында.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — экологиялық қауіпсіздік, оның ұғымы ҚК-нің 324-бабында көзделген экологиялық қылмысты талдау кезінде қарастырылған.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасы ретінде микробиологиялық және басқа да биологиялық агенттер, сондай-ақ биологиялық токсиндер танылады.
Микробиологиялық агенттер деп микроорганизмдерді (микробтарды) — тек микроскоп арқылы ғана көрінетін, ең ұсақ, негізінен біржасушалы организмдерді: бактерияларды, микроскопиялық саңырауқұлақтар мен балдырларды, сондай-ақ түрлерінің алуан түрлілігімен ерекшеленетін, әртүрлі жағдайларда тіршілік етуге қабілетті, тамақ және өнеркәсіптің басқа да салаларында пайдаланылатын вирустарды түсіну қажет.
Олармен жұмыс істеу тәуекелінің дәрежесіне қарай микроорганизмдер патогенді емес; шартты түрде патогенді; патогенді; инфекцияны таратуға әлеуетті қабілетті патогенді — аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштары болып бөлінеді. Микроорганизмдердің соңғы екі санаты токсиндер санатына жатады.
Микроорганизмдерге жатпайтын басқа биологиялық агенттер — негізінен биологиялық табиғаты бар көпжасушалы организмдер (мысалы, диагностикалық және эксперименттік сипаттағы ғылыми зерттеулерде пайдаланылатын жануарлар — тышқандар, егеуқұйрықтар, иттер және т.б.).
Токсиндер жануарлардың, өсімдіктердің немесе адамның организміне түскен кезде олардың ауруына немесе өліміне әкеп соғуы мүмкін бактериялық, өсімдік немесе жануар тектес қосылыстар болып табылады. Микробиологиялық токсиндерге өсімдіктердің, жануарлардың және адамның ауруларын тудыратын патогенді микроорганизмдер жатады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың нысанасын дұрыс анықтаудың оны дұрыс саралау үшін маңызды мәні бар екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, оны нысанасы химиялық немесе биологиялық заттар болып табылатын 325-бапта көзделген қылмыстың нысанасынан ажырата білу қажет. Маман емес адамға, мысалы, биологиялық агенттерді немесе токсиндерді химиялық заттардан ажырату қиын. Заң шығарушы 325-баптың диспозициясында «заттар» ұғымын қолданса, ҚК-нің 326-бабының диспозициясында «агенттер немесе токсиндер» деген ұғымды пайдаланады. Бұл айырмашылық ҚК-нің 326-бабының диспозициясында белсенділік сипаты анағұрлым жоғары субстанциялар (заттар) туралы айтылып отырғанын болжауға мүмкіндік береді.
Объективтік жағы қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе токсиндерді жинақтау, жою немесе көму кезінде экологиялық талаптарды бұзумен не оларды қайта өңдеу, сақтау немесе көму үшін Қазақстан Республикасына заңсыз әкелумен, егер бұл әрекет қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса не адамның денсаулығына зиян келтірсе, сондай-ақ экологиялық талаптарды бұзу мен туындаған зардаптар арасындағы себепті байланыспен сипатталады.
Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 403-бабына сәйкес генетикалық түрлендірілген организм деп қазіргі заманғы биотехнологияны пайдалану арқылы алынған генетикалық материалдың жаңа комбинациясына ие, адам организмін қоспағанда, кез келген организм (оның ішінде микроорганизм) түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығару деп генетикалық түрлендірілген организмдермен жанасуды шектеу және жалпы халық пен қоршаған ортаның қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін оларды оқшаулаудың (тежеудің) қандай да бір арнайы шаралары қолданылмайтын генетикалық түрлендірілген организмдерді немесе генетикалық түрлендірілген организмдер комбинацияларын қоршаған ортаға кез келген қасақана енгізу (шығару) түсініледі.
Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығару кезінде мынадай талаптар сақталуға тиіс:
- Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаның кез келген жаңа орнына қасақана шығару санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың оң қорытындылары болған және генетикалық түрлендірілген организмдер мен өнімдердің тізіліміне (тізбесіне) генетикалық түрлендірілген организмдер енгізілген жағдайда ғана жүзеге асырылады;
- Генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығаруға қатысты шешімдер қабылдау процесінде ешбір жағдайда мынадай ақпарат құпия болып есептелмейді: генетикалық түрлендірілген организмнің жалпы сипаттамасы; генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығаруды жүзеге асыруды жоспарлап отырған субъектінің атауы мен мекенжайы; генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығару жоспарланып отырған учаскенің орналасқан жері; генетикалық түрлендірілген организмдерді пайдаланудың болжамды түрлері; қоршаған ортаға әсерді бағалау құжаттамасы; санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындылары; жұртшылықтың қатысу нәтижелері; генетикалық түрлендірілген организмдерді қоршаған ортаға қасақана шығаруға рұқсат беретін шешімнің мазмұны және оның негіздемесі;
- Генетикалық түрлендірілген организмдердің бақылаусыз таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар қамтамасыз етілуге тиіс (ЭК-нің 403-бабының 4-тармағы).
Әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттарды өндіруге және қолдануға қажетті токсикологиялық-гигиеналық және экологиялық-токсикологиялық зерттеулер жүргізілгеннен, олармен жұмыс істеудің гигиеналық регламенттері белгіленгеннен, гигиеналық және экологиялық нормативтер айқындалғаннан және Қазақстан Республикасы Үкіметі белгілеген тәртіппен осы заттар мемлекеттік тіркеуден өткізілгеннен кейін ғана жол беріледі.
Қоршаған ортада микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе токсиндерді жинақтауға, жоюға немесе көмуге тиісті экологиялық талаптар болған және қоршаған ортаны қорғау саласындағы арнайы уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсаты берілген жағдайда ғана жол беріледі.
Микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттерді немесе токсиндерді қайта өңдеу, сақтау немесе көму үшін Қазақстан Республикасына заңсыз әкелу тек Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы рұқсатымен ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Пайдаланылғаннан кейін залалсыздандыру немесе кәдеге жарату технологиясы жоқ өнімдерді әкелуге тыйым салынады.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы құрылымы бойынша материалдық-формальдық болып табылады, яғни қоршаған ортаға елеулі залал келтірілген немесе адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда материалдық құрам болып танылады және тиісінше, экологиялық талаптар бұзылған кезде зиянды зардаптар туындамағанымен, қоршаған ортаға елеулі залал келтіруі мүмкін болған жағдайларда формальдық құрам болып танылады және аяқталған деп есептеледі (ҚК-нің 325-бабының 1-бөлігіне берілген түсініктемені қараңыз).
«Елеулі залал» ұғымын ҚК-нің 325-бабының 1-бөлігіне берілген түсініктемеден қараңыз.
«Адам денсаулығына зиян келтіру» ұғымы ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігінде көзделген экологиялық қылмысты талдау кезінде қарастырылған ұғыммен бірдей.
Субъективтік жағы қылмыстық құқық бұзушылықтың ҚК-нің 324-бабында көзделген экологиялық қылмысты талдау кезінде қарастырылған жанама қасақаналықпен сипатталады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі — оны жасау сәтінде он алты жасқа толған, есі дұрыс, микробиологиялық немесе басқа да биологиялық агенттермен не токсиндермен жұмыс істеу құқығы арнайы нормативтік-құқықтық актілермен берілген жеке тұлға.
ҚК-нің 326-бабының 2–3-бөліктерінде көзделген саралаушы және аса саралаушы белгілер ҚК-нің 325-бабының 2–3-бөліктерінде көзделген ауырлататын және аса ауырлататын белгілермен бірдей (ҚК-нің 325-бабына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 326-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 326-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 326-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Исидор Шамилұлы Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заң консультациясы Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар