Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 328-бабына түсініктеме. Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқылту
1. Қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соққан немесе әкеп соғуы мүмкін не адамның денсаулығына зиян келтірген жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, қоқыстау, сарқылту не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту —
бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Қоршаған ортаға ірі залал келтірген не осындай залал келтіру қатерін туғызған, сол сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумақтарында жасалған дәл сол іс-әрекеттер —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адамның өліміне не адамдардың жаппай ауруына әкеп соққан іс-әрекеттер —
екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, қоқыстау және сарқылту не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігі (1-бөлік — қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктер — қылмыстар) қоршаған ортаның осы компонентінің адам тіршілігі үшін маңыздылығымен айқындалады. Суларды ластау, қоқыстау немесе сарқылту су ресурстарына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне, адамдардың өмірі мен денсаулығына елеулі зиян келтіреді, адамдардың жаппай ауруына әкеп соғады.
ҚР экологиялық заңнамасына сәйкес су объектілері:
антропогендік ластанудан;
қоқыстанудан;
сарқылудан қорғалуға жатады (ЭК-нің 212-бабының 1-тармағы).
Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес су объектілері мынадай жағдайлардың алдын алу мақсатында қорғалуға жатады:
адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіру;
экологиялық жүйелердің жұмыс істеу тұрақтылығын бұзу;
шөлейттену, жерлердің, ормандардың және табиғи ортаның өзге де компоненттерінің тозуы;
биоәртүрліліктің қысқаруы;
экологиялық залал келтіру (ЭК-нің 212-бабының 2-тармағы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — су ортасын жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластанудан, қоқыстанудан, сарқылудан не су объектілерінің табиғи қасиеттерін өзге де өзгертуден ұтымды пайдалану және қорғау арқылы қамтамасыз етілетін экологиялық қауіпсіздік. Қосымша объектілер болып адамның денсаулығы мен өмірі, экологиялық тепе-теңдік және жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің, балық қорларының тіршілікке қабілеттілігі, сондай-ақ табиғи игіліктер мен қоғамдық байлық ретіндегі орман және ауыл шаруашылығы табылады.
2003 жылғы 9 шілдедегі ҚР Су кодексінің 4-бабына сәйкес су қорына ҚР аумағы шегіндегі мемлекеттік су кадастрына енгізілген немесе енгізілуге жататын барлық су объектілерінің жиынтығы кіреді.
Қазақстан Республикасының су объектілеріне құрлық бетінің жер бедерінде және жер қойнауында шекаралары, көлемі және су режимі бар сулардың шоғырлануы жатады. Оларға: теңіздер, өзендер, оларға теңестірілген арналар, көлдер, мұздықтар және басқа да жерүсті және жерасты су объектілері жатады (Су кодексінің 5-бабы).
Қазақстан Республикасының су ресурстары пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін су объектілерінде шоғырланған жерүсті және жерасты суларының қорларын білдіреді (Су кодексінің 6-бабы).
Су объектілерін қорғау — су объектілерін сақтау, қалпына келтіру және молықтыру, сондай-ақ судың зиянды әсеріне жол бермеуге бағытталған қызмет (Су кодексінің 1-бабының 38) тармақшасы). Су объектілері мыналарға бөлінеді:
жерүсті су объектілері;
жерасты су объектілері;
ҚР теңіз сулары;
трансшекаралық сулар (Су кодексінің 11-бабының 2-тармағы).
Пайдалану түрлеріне қарай су объектілері:
жалпы пайдаланылатын су объектілері;
бірлесіп пайдаланылатын су объектілері;
оқшау пайдаланылатын су объектілері;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың су объектілері;
ерекше мемлекеттік маңызы бар су объектілері;
мемлекеттік орман қорының су объектілері болып бөлінеді (Су кодексінің 11-бабының 3-тармағы).
Жерүсті су объектілері мыналарға бөлінеді: 1) су айдындары — өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар және басқа да ішкі су айдындары; аумақтық сулар; 2) мұздықтар, батпақтар (Су кодексінің 12-бабының 1-тармағы).
Жерүсті су объектілері жерүсті суларынан, түбінен және жағалауларынан тұрады (Су кодексінің 12-бабының 2-тармағы).
Жерасты су объектілеріне мыналар жатады:
жерасты өзендерінің бассейндері;
жерасты суларының кен орындары мен учаскелері;
сулы горизонттар мен кешендер;
жер бетіндегі жерасты суларының табиғи шығу орындары (бұлақтар) (Су кодексінің 13-бабы).
Егер ҚР ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының теңіз суларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы шегіндегі Каспий және Арал теңіздерінің сулары жатады (Су кодексінің 14-бабы).
Трансшекаралық сулар деп Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын белгілейтін және (немесе) кесіп өтетін жерүсті және жерасты су объектілері танылады (Су кодексінің 15-бабының 1-тармағы).
Трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау тәртібі Су кодексімен, ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы заңнамамен және ҚР ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленеді (Су кодексінің 15-бабының 2-тармағы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағын мыналар құрайды: а) ластау; б) қоқыстау; в) жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін сарқылту; г) егер бұл қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса не адамның денсаулығына зиян келтірсе, олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту.
Су кодексінің 113-бабының 1-тармағына сәйкес су объектілерін ластау деп су объектілерінің сапалық жай-күйін нашарлататын және оларды пайдалануды қиындататын заттардың немесе ластаушы заттардың су объектілеріне төгілуі немесе өзге де тәсілмен түсуі танылады.
Экологиялық кодекстің 212-бабының 3-тармағына сәйкес су объектілерін ластау деп қалдықтарды орналастыруға және ағынды суларды ағызуға арналған, жер бетінің, жер қойнауының, жерүсті және жерасты суларының ластануына жол бермейтін объектілерді қоспағанда, жерүсті немесе жерасты суларында ластаушы заттардың мемлекеттік экологиялық су сапасы нормативтерінен асатын концентрацияларда болуы немесе физикалық әсерлердің белгіленген деңгейлерден асуы танылады.
Су объектілерін ластау көздері деп антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде ластаушы заттардың, физикалық әсерлердің су объектілеріне түсуі, сондай-ақ оларда жүретін химиялық, физикалық және биологиялық процестер нәтижесінде су объектілерінде ластаушы заттардың пайда болуы танылады.
Су объектілерін қорғау диффузиялық ластануды (жер беті, топырақ, жер қойнауы немесе атмосфералық ауа арқылы болатын ластану) қоса алғанда, ластанудың барлық түрлерінен жүзеге асырылады. Су кодексінің 113-бабының 2-тармағында да су объектілерін қорғау диффузиялық ластануды қоса алғанда, ластанудың барлық түрлерінен жүзеге асырылатыны көрсетілген.
Су объектілерін ластанудан қорғау мақсатында мыналарға тыйым салынады:
су объектілерінің су жинау алаңында пестицидтерді, тыңайтқыштарды қолдануға. Су объектілерінің су жинау алаңында және санитариялық қорғау аймағында дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шаралар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүргізіледі;
су объектілеріне радиоактивті және уытты заттарды төгуге және көмуге;
тазарту құрылыстары жоқ және нормативтерге сәйкес тиімді тазартуды қамтамасыз етпейтін өнеркәсіптік, тамақ объектілерінің ағынды суларын су объектілеріне ағызуға;
су объектілерінде радиоактивті және уытты заттардың бөлінуімен қатар жүретін ядролық және өзге де технологиялар пайдаланылатын жарылыс жұмыстарын жүргізуге;
халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін техникалар мен технологияларды су объектілерінде және су шаруашылығы құрылыстарында қолдануға (Су кодексінің 113-бабының 3-тармағы).
Су объектілерін қоқыстау деп олардың гидрологиялық жай-күйін нашарлататын және су пайдалануды қиындататын қатты өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтардың, сондай-ақ өлшенген бөлшектердің су объектілеріне түсуін түсіну қажет (Су кодексінің 114-бабының 1-тармағы).
Су объектілеріне қатты өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтарды төгуге және оларды көмуге тыйым салынады (Су кодексінің 114-бабының 2-тармағы).
Ластаушы заттарды ағызу деп ағынды сулардың құрамындағы ластаушы заттардың жерүсті және жерасты су объектілеріне, жер қойнауына немесе жер бетіне түсуі түсініледі (ЭК-нің 213-бабының 1-тармағы).
Ағынды сулар деп мыналар түсініледі:
өндірістік немесе тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылған және соның нәтижесінде қосымша ластаушы қоспалар алып, бастапқы құрамын немесе физикалық қасиеттерін өзгерткен сулар;
елді мекендер мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың аумақтарынан ағып шығатын жаңбыр, еріген қар, инфильтрациялық, суару-жуу, дренаждық сулар;
жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде ілеспе түрде алынатын жерасты сулары (карьерлік, шахталық, кеніштік сулар, көмірсутектермен бірге ілеспе өндірілген қабат сулары) (ЭК-нің 213-бабының 2-тармағы).
Су объектілерінің су жинау алаңдарының, су объектілерінің мұз жамылғысының, мұздықтардың үстін шайылуы жерүсті және жерасты су объектілерінің сапасының нашарлауына әкеп соғатын қатты өндірістік, тұрмыстық және басқа да қалдықтармен қоқыстауға жол берілмейді (Су кодексінің 114-бабының 3-тармағы).
Су объектілерінің сарқылуы деп ағынның ең төменгі жол берілетін деңгейінің, жерүсті сулары қорының азаюы немесе жерасты сулары қорының қысқаруы танылады (Су кодексінің 115-бабының 1-тармағы) (сондай-ақ Экологиялық кодекстің 212-бабының 5-тармағын қараңыз).
Су объектілерінің сарқылуына жол бермеу мақсатында су объектілерін пайдаланатын жеке және заңды тұлғалар:
су объектілерінен суды лимиттен тыс қайтарымсыз алуға жол бермеуге;
су қорғау аймақтары мен белдеулерінің аумағында жер жыртуға, малды шомылдыруға және санитариялық өңдеуге, құрылыстар салуға және су объектілерінің сарқылуына әкеп соғатын шаруашылық қызметтің басқа да түрлерін жүргізуге жол бермеуге;
су қорғау іс-шараларын жүргізуге міндетті (Су кодексінің 115-бабының 2-тармағы).
Су объектілерінің сарқылуын болдырмауға бағытталған жеке және заңды тұлғалар жүргізетін су қорғау іс-шаралары бассейндік инспекциялармен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен және жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органмен алдын ала келісіледі (Су кодексінің 115-бабының 3-тармағы).
Мұздықтар — негізінен атмосфералық тектен пайда болған, ауырлық күшінің әсерінен тұтқыр-пластикалық ағынға ұшырайтын және ағын, ағындар жүйесі, күмбез (қалқан) немесе қалқымалы плита нысанын қабылдаған мұз массасы. Мұздықтар қатты атмосфералық жауын-шашынның (қардың) жиналуы және олардың оң көпжылдық балансы кезінде кейіннен өзгеруі нәтижесінде қалыптасады.
Ауыз сумен жабдықтау көзі — құрамында белгіленген санитариялық талаптарға сай келетін суы бар және белгілі бір тазарту технологиясымен ауыз сумен жабдықтау жүйелеріне ауыз су алу үшін пайдаланылатын (немесе пайдаланылуы мүмкін) су объектісі немесе оның бөлігі.
Жерүсті, жерасты су объектілерінің және ауыз сумен жабдықтау көздерінің табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту деп олардың бастапқы химиялық, физикалық немесе биологиялық құрамының елеулі өзгеруі түсініледі. Мысалы, жылу электр станцияларының қызметі нәтижесінде судың жылу режимінің елеулі өзгеруі балықтардың көптеген түрлерінің көбеюіне қауіп төндіреді және т.б.
Су сапасының экологиялық нормативтері Экологиялық кодекстің 214-бабында берілген.
Осы қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы құрылымы бойынша материалдық-формальдық болып табылады, яғни қоршаған ортаға елеулі залал келтірілген немесе адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда ол материалдық құрам болып танылады және тиісінше, экологиялық талаптарды бұзу кезінде зиянды салдарлар туындамағанымен, қоршаған ортаға елеулі залал келтіруге әкеп соғуы мүмкін болған жағдайларда формальдық құрам болып танылады және аяқталған деп есептеледі (ҚК-нің 325-бабының 1-бөлігіне түсініктемені қараңыз). «Қоршаған ортаға елеулі залал» ұғымы ҚК-нің 325-бабының 1-бөлігіне түсініктемеде берілген.
«Адам денсаулығына зиян келтіру» ұғымы ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігіне түсініктемеде берілген.
Өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, коммуналдық және басқа да объектілерді ақаулы тазарту құрылыстары мен құрылғыларымен пайдалану, тазарту құрылыстары мен құрылғыларын ажырату, минералдық тыңайтқыштар мен препараттарды тасымалдау, сақтау, пайдалану қағидаларын бұзу, суларды ластау, қоқыстау және сарқылту жөніндегі өзге де әрекеттер, егер бұл әрекеттер ҚК-нің 328-бабының 1-бөлігінде көрсетілген салдарға әкеп соқса, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағының міндетті белгісі — суларды ластау, қоқыстау және сарқылту мен зиянды салдардың туындауы арасындағы себепті байланыс.
Мысалы, «И» мемлекеттік басқармасы «Н» компаниясының еншілес «Г» ЖШС-не қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Талап қоюдың негіздемесінде «Н» компаниясының «Г» еншілес ТОО-ның дизель отынын сақтау қоймасының 3-секциясында апат орын алып, соның нәтижесінде ағынды сулар В. өзеніне, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы су айдынына іргелес аумаққа түскені көрсетілген. Нәтижесінде су сынамаларындағы цианид концентрациясы белгіленген нормадан 516 есе асып кеткен; апат орнына іргелес су айдындарында мыс, никель, темір бойынша да шекті жол берілетін концентрациялардың (ШЖК) асып кетуі анықталған. Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды. Сот «Н» компаниясының «Г» еншілес ТОО-сына қоршаған ортаға келтірілген залалды 700 214 357 теңге сомасына іс-шаралар жүргізу жолымен өтеу міндетін жүктеді.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы жанама қасақаналық нысанымен сипатталады. Адам қылмыстық және экологиялық заңнамада белгіленген жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластауға, қоқыстауға, сарқылтуға не су объектілерінің табиғи қасиеттерін өзге де өзгертуге, сондай-ақ суларға ағызылатын заттардың, қалдықтардың немесе материалдардың көлемі мен сапалық құрамын асыруға тыйым салуды бұзатынын сезінеді, диспозицияда көрсетілген салдардың туындауына жол береді немесе олардың туындауына немқұрайды қарайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі болып су объектілерін ластайтын, он алты жасқа толған лауазымды да, жеке де тұлға танылады.
ҚК-нің 328-бабының 2-бөлігінде қоршаған ортаға ірі залал келтірген не осындай залал келтіру қатерін туғызған, сол сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумақтарында жасалған жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, қоқыстау, сарқылту не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту үшін жауаптылық белгіленген.
«Ірі залал» ұғымы ҚК-нің 324-бабының 1-бөлігіне түсініктемеде берілген.
Қоршаған ортаға ірі залал келтіру қатері деп қоршаған ортаға зиян келтірудің нақты қаупінің болуын немесе кінәлінің еркіне байланысты емес, уақтылы қабылданған шаралармен немесе өзге де мән-жайлармен алдын алынбаған жағдайда қоршаған ортаға ірі залалдың туындауына әкеп соғуы мүмкін осындай жағдайдың немесе мән-жайлардың пайда болуын түсіну қажет.
«Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңының 1-бабының 3) тармақшасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақ — мемлекеттік табиғи-қорық қорының табиғи кешендері мен объектілері орналасқан, олар үшін ерекше қорғау режимі белгіленген жер, су объектілері және олардың үстіндегі әуе кеңістігінің учаскелері.
Төтенше экологиялық жағдай деп шаруашылық және өзге де қызметтің немесе табиғи процестердің нәтижесінде қоршаған ортада халықтың денсаулығына, табиғи экологиялық жүйелердің жай-күйіне, өсімдіктер мен жануарлардың генетикалық қорларына қауіп төндіретін тұрақты теріс өзгерістер орын алатын аумақ учаскесінде туындаған экологиялық жағдай түсініледі.
ҚК-нің 328-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы құрылымы бойынша материалдық-формальдық болып табылады, яғни қоршаған ортаға ірі залал келтірілген жағдайда ол материалдық құрам болып танылады және тиісінше, экологиялық талаптарды бұзу кезінде зиянды салдарлар туындамағанымен, қоршаған ортаға ірі залал келтіру қатерін туғызған немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда не төтенше экологиялық жағдай аумақтарында жасалған жағдайларда формальдық құрам болып танылады және аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің 328-бабының 3-бөлігінде жерүсті немесе жерасты суларын, мұздықтарды, ауыз сумен жабдықтау көздерін ластау, қоқыстау, сарқылту не олардың табиғи қасиеттерін өзге де өзгерту нәтижесінде қоршаған ортаға аса ірі залал келтіру не адамның өлімі не адамдардың жаппай ауруы үшін жауаптылық көзделген.
Аталған ерекше ауырлататын белгілер ҚК-нің 324-бабының 2-бөлігінде көзделген экологиялық қылмысты талдау кезінде қарастырылған.
ҚК-нің 328-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 328-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 328-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Хабарламалар