Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабына түсініктеме. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабына түсініктеме. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабына түсініктеме. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану

1. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру, егер осы әрекеттер ірі залал келтірсе, —

екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.

2. Дәл сол әрекеттер аса ірі залал келтіруге әкеп соқса, —

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған болса, —

бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндірудің қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері — қылмыстар) экологиялық қауіпсіздікті бұзуда, жануарлар немесе өсімдіктер дүниесіне, жалпы қоршаған ортаға зиян келтіруде көрініс табады.

Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі жер қойнауын ұтымды пайдалану мен қорғауды қамтамасыз ететін экологиялық қауіпсіздік болып табылады.

Жер қойнауын пайдалану құқығын алу негіздері Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінде көзделген.

Аталған Кодекстің 10-бабына сәйкес, жер қойнауы деп топырақ қабатынан төмен орналасқан, ал ол болмаған жағдайда жер бетінен, су айдындары мен су ағындарының түбінен төмен орналасқан жер қыртысының бөлігі танылады.

Жер қойнауы кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың немесе жекелеген азаматтардың меншігіне берілуі мүмкін емес. Жер қойнауы тек пайдалануға беріледі. Жер қойнауын кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға және азаматтарға берудің өзге жолы заңға қайшы болып табылады.

Елді мекендердің, қала маңы аймақтарының, өнеркәсіп, көлік және байланыс объектілерінің аумақтарында жер қойнауын пайдалану, егер мұндай пайдалану адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі, шаруашылық объектілеріне немесе қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін болса, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ішінара немесе толық тыйым салынуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңының 77-бабына сәйкес, ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелеріне мыналар жатады:

геологиялық объектілер — тірек немесе сипатты геологиялық қималар, өзіне тән тектоникалық құрылымдар, сирек кездесетін тау жыныстары мен минералдар, метеориттер, фауна мен флораның сақталып қалған ерекше қалдықтары ұсынылған табиғи және жасанды жалаңаштанулар;

геоморфологиялық объектілер — жер бедерінің қалыптасу процестерін көрнекі түрде бейнелейтін және туризм мен рекреация үшін ерекше құндылығы бар террасалар, жайылмалар, үңгірлер, шатқалдар, каньондар, сарқырамалар және жер бедерінің басқа да нысандары;

гидрогеологиялық объектілер — бірегей және сирек қасиеттерімен ерекшеленетін жер асты сулары және олардың жер бетіне шығу орындары;

үңгіртастағы суреттері, ежелгі тау-кен қазбалары және жер қойнауын пайдалануға байланысты тарихи, археологиялық және этнографиялық маңызы бар басқа да объектілері бар жер қойнауы учаскелері.

Ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени, рекреациялық құндылығы бар жер қойнауы учаскелерінде мемлекеттік табиғи-қорық қорының геологиялық, геоморфологиялық және гидрологиялық объектілерінің сақталуына қауіп төндіретін кез келген қызметке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тыйым салынады.

Өнімді бөлу туралы келісім талаптарымен жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) пайдалануға беру жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиямен ресімделеді. Лицензия жер қойнауын пайдаланудың барлық қажетті талаптарын айқындайтын келісім негізінде көрсетілген жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) пайдалану құқығын куәландырады.

Лицензия — оның иесінің белгілі бір шекараларда орналасқан жер қойнауы учаскесін лицензияда көрсетілген мақсатқа сәйкес белгіленген мерзім ішінде, иесі алдын ала келісілген талаптарды сақтаған жағдайда пайдалану құқығын куәландыратын құжат. Мемлекеттік биліктің осыған уәкілетті органдары мен жер қойнауын пайдаланушы арасында осындай учаскені пайдалану талаптарын, сондай-ақ тараптардың көрсетілген келісімді орындау жөніндегі міндеттемелерін белгілейтін шарт жасалуы мүмкін.

Лицензия жер қойнауын геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, пайдалы қазбалар кен орындарын игеру, тау-кен өндіру және онымен байланысты қайта өңдеу өндірістерінің қалдықтарын пайдалану, пайдалы қазбаларды өндіруге байланысты емес мақсаттарда жер қойнауын пайдалану, ерекше қорғалатын геологиялық объектілерді құру, минералогиялық, палеонтологиялық және басқа да геологиялық коллекциялық материалдарды жинау жұмыстарын жүргізу құқығын куәландырады.

Жер қойнауын пайдаланудың бірнеше түріне лицензиялар беруге жол беріледі.

Жер қойнауын геологиялық зерттеуге және өзге де пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізу үшін жер учаскесін беру көрсетілген жұмыстарды жүргізу жобасы бекітілгеннен кейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы ірі залал келтірген жағдайда жер қойнауын өз бетінше пайдаланудан, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіруден көрінеді.

Жер қойнауын пайдаланушы — Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу құқығына ие жеке немесе заңды тұлға.

Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану — кен орындарын игерудің озық технологиялары мен оң тәжірибесін қолдану негізінде жер қойнауы ресурстарының барлық түрлерін экономикалық тұрғыдан тиімді игеру.

Жер қойнауын пайдалану құқығы — жер қойнауын пайдаланушының Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне сәйкес иеленген жер қойнауын иелену және пайдалану құқығы.

Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілер — жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлестері (акциялар пакеттері), сондай-ақ негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, осындай жер қойнауын пайдаланушының шешімдерін тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау мүмкіндігіне ие және (немесе) оның қабылдайтын шешімдеріне ықпал ете алатын заңды тұлғадағы қатысу үлестері (акциялар пакеттері).

Жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілерге жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаның, сондай-ақ негізгі қызметі Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты болса, осындай жер қойнауын пайдаланушының шешімдерін тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау мүмкіндігіне ие және (немесе) оның қабылдайтын шешімдеріне ықпал ете алатын заңды тұлғаның акцияларына меншік құқығын растайтын немесе акцияларға айырбасталатын бағалы қағаздар да жатады.

Рұқсатсыз (лицензиясыз) жер қойнауын пайдалану өз бетінше пайдалану ретінде бағаланады. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану заңсыз пайдалану кезеңінде жұмсалған шығындар өтелместен тоқтатылады.

Рұқсатта (лицензияда) көзделген талаптарды бұза отырып жер қойнауын пайдалану деп жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстардың нысаналы мақсатын өзгерту; жер қойнауын пайдаланушының лицензияда белгіленген, жер қойнауын пайдалануды көзделген көлемде бастауы тиіс мерзімді сақтамауы; заңнамада, жер қойнауын және қоршаған табиғи ортаны қорғау, жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі стандарттарда (нормаларда, қағидаларда) белгіленген талаптарды орындамауы түсініледі.

Өндіру — пайдалы қазбаларды жер қойнауынан жер бетіне, сондай-ақ техногендік минералдық түзілімдерден шығаруға байланысты жұмыстардың (операциялардың) бүкіл кешені, оның ішінде минералдық шикізатты бастапқы өңдеу және уақытша сақтау.

Пайдалы қазба — жер қойнауында қамтылған, химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері материалдық өндіріс және (немесе) тұтыну саласында және (немесе) өзге де қажеттіліктер үшін тікелей немесе қайта өңдеуден кейін пайдалануға мүмкіндік беретін табиғи минералдық түзілімдер, көмірсутектер және жер асты сулары.

Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру — жеке қажеттіліктер үшін кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге жатпайтын кең таралған пайдалы қазбаларды кез келген өндіру.

Жеке қажеттіліктер үшін кең таралған пайдалы қазбалар мен жер асты суларын өндіру — меншік құқығындағы немесе жер пайдалану құқығындағы жер учаскесінде өндірілген кең таралған пайдалы қазбаларға немесе жер асты суларына қатысты кейіннен мәмілелер жасау ниетінсіз жүзеге асырылатын өндіру.

Жер қойнауын өз бетінше пайдалану немесе пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру ҚК-нің 334-бабының 1-бөлігі бойынша ірі залал келтірілген жағдайда ғана қылмыстық жауаптылықты көздейді, демек, осы қылмыстық құқық бұзушылық өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады.

ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес, ірі залал деп қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіруге қажетті шығындардың құндық көрінісінің бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшері танылады.

Залалдың мөлшері осы қылмыстың қоғамдық қауіптілігінің жоғары дәрежесін көрсетеді, өйткені қоршаған табиғи ортаға елеулі материалдық залал келтіріледі. Құқық қолдану органдарының ірі залалды анықтауы саралаушы мәнге ие және кінәлі адамға қылмыстық заң нормасының тиісті бөлігін қолдануға тікелей әсер етеді, дәлелдеу нысанасына кіреді және экологиялық қылмыстар (құқық бұзушылықтар) туралы істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты сақтаудың аса маңызды шарты болып табылады.

Ірі залал келтірген жер қойнауын өз бетінше пайдалану ретінде бірыңғай қасақаналықпен жасалған жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың бірнеше эпизодынан тұратын, егер залалдың жалпы құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асса, бірыңғай жалғасқан қылмыс та саралануға тиіс.

Егер кінәлі адамның қасақаналығы ірі залал келтіре отырып жер қойнауын өз бетінше пайдалануға бағытталып, ол кінәліге байланысты емес мән-жайлар бойынша жүзеге асырылмаса, онда жасалған әрекет ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі және 334-бабының 1-бөлігі бойынша жер қойнауын өз бетінше пайдалануға оқталу ретінде саралануға тиіс.

Келтірілген залалдың құнын айқындау кезінде жер қойнауын өз бетінше пайдаланудың мән-жайларына қарай қылмыс жасалған сәтте қолданыста болған, тиісті құжаттармен расталған бөлшек, нарықтық немесе комиссиялық бағаларды негізге алу қажет. Бағалар болмаған және келтірілген залалдың мөлшеріне қатысты дау туындаған жағдайда оның құны сарапшылардың қорытындысы негізінде айқындалады.

Экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы кінәнің қасақана нысанымен (тікелей немесе жанама қасақаналықпен) сипатталады.

Қылмыстық құқық бұзушылық субъектісі Қазақстан Республикасының азаматтары және шетел азаматтары, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлғалар болуы мүмкін.

Бір келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалану құқығының субъектілері бірнеше тұлға болуы мүмкін. Мұндай тұлғалар жер қойнауын пайдалану құқығының бірлескен иелері болып табылады және келісімшарт негізінде туындайтын міндеттемелер бойынша ортақ жауаптылықта болады.

ҚК-нің 334-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылық жер қойнауын өз бетінше пайдалану немесе пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру аса ірі залал келтіруге әкеп соққан жағдайда туындайды.

ҚК-нің 3-бабының 3) тармағына сәйкес, аса ірі залал деп қоршаған ортаны және табиғи ресурстардың тұтынушылық қасиеттерін қалпына келтіруге қажетті шығындардың құндық көрінісінің жиырма мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшері танылады.

Залал мөлшерін анықтау белгілері ҚК-нің 334-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекетті талдау кезінде сипатталған.

ҚК-нің 334-бабының 3-бөлігінде қылмыстық топ жасаған экологиялық қылмыстық құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін ерекше ауырлататын белгі қамтылған. Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.

ҚК-нің 334-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылыққа жатады.

ҚК-нің 334-бабының 2, 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.

 

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

334-бап. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

334-бап. Жер қойнауын өз бетінше пайдалану ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Жер қойнауын өз бетінше пайдалану, сол сияқты пайдалы қазбаларды өз бетінше өнді...

Толық оқу »

353-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жер қойнауын пайдалану объектілерін жою және консервациялау тәртібін бұзу

353-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жер қойнауын пайдалану объектілерін жою және консервациялау тәртібін бұзу Қазақс...

Толық оқу »

353-бап. Жер қойнауын пайдалану объектiлерiн жою және консервациялау тәртібін бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

353-бап. Жер қойнауын пайдалану объектiлерiн жою және консервациялау тәртібін бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі      1. Қазақстан Республ...

Толық оқу »

6-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық қауіпсіздік Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі

6-бап. Жер қойнауын пайдалану кезіндегі экологиялық қауіпсіздік Қазақстан РеспубликасыныңЖер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралыкодексі Жер қойнауын пайдалану жер қойна...

Толық оқу »