Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361-бабына түсініктеме. Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану
1. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның өз қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында әрекет жасауы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
2. 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI ҚР Заңымен алып тасталған.
2-1. Құқық қорғау органының қызметкері жасаған дәл сол әрекет —
төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған әрекет —
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, 2-1 немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттер:
1) қылмыстық топтың мүддесінде жасалса;
2) Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жасалса;
3) ауыр зардаптарға әкеп соқса;
4) құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған болса, —
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, мүлкін тәркілеуге, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып жазаланады.
Бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мемлекеттік басқару органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар жүйесінің заңмен реттелген қалыпты қызметіне қол сұғуынан, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуынан, қоғамдағы билік беделіне және азаматтардың өздерінің заңмен және мемлекетпен қорғалатынына деген сеніміне нұқсан келтіруінен көрінеді.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың объектісі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының заңға сәйкес жүзеге асырылатын қызметі болып табылады. Қосымша объектісі ретінде адамның және азаматтың конституциялық құқықтары, азаматтардың, ұйымдардың және мемлекеттің заңмен қорғалатын экономикалық және өзге де мүдделері танылады.
ҚК-нің 3-бабының 29) тармағына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану құрамы сыбайлас жемқорлық қылмысы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады (2008 жылғы 4 мамырдағы № 31-5 ҚР Заңы) және халықаралық құқық нормаларына сүйене отырып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күресуге бағытталған тиімді құқықтық шараларды әзірлеуге және қолдануға ниет білдірді.
2003 жылғы 31 қазанда қабылданған БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында (Нью-Йорк қаласы) сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы қызметті сипаттайтын халықаралық тәсілдер (стандарттар) көрініс тапқан. Конвенцияда қамтылған нормалар сыбайлас жемқорлықтан туындайтын проблемалар мен қауіп-қатерлерге, сыбайлас жемқорлықтың барлық қоғамдық және құқықтық институттар мен қатынастардың жұмыс істеуіне теріс ықпалына байланысты қалыптастырылған. Олар мемлекеттің, оның саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйелерінің, ұлттық қауіпсіздік мүдделерінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың құқықтық негізін ҚР Конституциясы, ҚР Қылмыстық кодексі, ҚР Қылмыстық-процестік кодексі, 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы, ҚР Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы» Жарлығы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен күрестің негізгі бағыттары мен нақты шараларын көздейтін басқа да нормативтік құқықтық актілер құрайды.
2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 1-бабының 6) тармағына сәйкес сыбайлас жемқорлық — жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкілеттіктерін және олармен байланысты мүмкіндіктерін өзі немесе делдалдар арқылы жеке өзі не үшінші тұлғалар үшін мүліктік (мүліктік емес) игіліктер мен артықшылықтар алу немесе шығару мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты аталған адамдарды игіліктер мен артықшылықтар беру арқылы сатып алу болып табылады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің өз өкілеттіктері шегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оның ішінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру және олардың салдарын жою жөніндегі қызметі (көрсетілген Заңның 1-бабының 9) тармағы).
Қазақстан Республикасының 2015–2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының мақсаты — мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне «нөлдік» төзімділік ахуалын қалыптастыру арқылы бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысқа тарту және Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету.
Стратегияда қолданылатын нысаналы индикаторлар:
мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы; қоғамның мемлекеттік билік институттарына деген сенімі, халықтың құқықтық мәдениетінің деңгейі; елдің халықаралық қоғамдастықтағы беделін арттыру және тиісті халықаралық рейтингтердегі, оның ішінде «Transparency International» ұйымының Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі Қазақстан рейтингісін жақсарту.
Стратегияның міндеттері:
мемлекеттік қызмет саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; қоғамдық бақылау институтын енгізу; квазимемлекеттік және жеке сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл; соттар мен құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді деп сеніммен айтуға болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты жандандыру мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган мынадай бағыттар бойынша сыртқы талдау жүргізеді:
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне қатысты нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау;
мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 8-бабының 2-тармағы).
ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қағидалары бекітілді («Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес). Бұл Қағидалар арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу тәртібін айқындайды.
Бұдан басқа, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 24-бабына сәйкес ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де түрде жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу қағидалары бекітілді. Бұл Қағидалар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де түрде жәрдем көрсететін адамдарды көтермелеу тәртібін айқындайды.
Пара сомасы немесе келтірілген залал сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен аспайтын немесе залал болмаған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерде белгіленеді: 1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер бойынша — 30 АЕК; 2) онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша — 40 АЕК; 3) ауырлығы орташа қылмыстар бойынша — 50 АЕК; 4) ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша — 70 АЕК; 5) аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша — 100 АЕК.
Пара сомасы немесе келтірілген залал сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны бір мың АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара сомасының немесе келтірілген залал сомасының, не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құнының он пайызын құрайды, бірақ төрт мың АЕК-тен аспауға тиіс.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану құрамының объективтік жағы мынадай белгілермен сипатталады:
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның, не лауазымды адамның немесе құқық қорғау органының қызметкерінің өз қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдалануы;
азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруі;
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның әрекеті мен туындаған қоғамдық қауіпті салдарлар арасында себепті байланыстың болуы.
ҚК-нің осы бабын қолдану контексінде «қызметтік өкілеттіктер» және «лауазымдық өкілеттіктер» ұғымдары бірдей мағынаға ие және мәні жағынан ұқсас болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес лауазымдық өкілеттіктер деп мемлекеттік қызметшілер өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетін нақты мемлекеттік лауазымда көзделген құқықтар мен міндеттер түсініледі (Заңның 1-бабының 9) тармағы).
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі — мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдарда мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді орындау жөніндегі қызметі (Заңның 1-бабының 6) тармағы). Мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіне қарай әкімшілік мемлекеттік қызметпен қатар мемлекеттік қызметтің ерекше және арнаулы түрлері, әскери қызмет, құқық қорғау қызметі, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет ажыратылады.
Қызметтік өкілеттіктерді пайдалану деп мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның лауазымдық өкілеттіктерінен туындайтын және осы адамға атқаратын лауазымына байланысты берілген құқықтар мен міндеттерді іске асырумен байланысты әрекеттері түсініледі. Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 9) тармағына сәйкес лауазымдық өкілеттіктер — мемлекеттік қызметшілер өз қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетін нақты мемлекеттік лауазымда көзделген құқықтар мен міндеттер. Лауазымдық және қызметтік өкілеттіктердің шеңбері тағайындау туралы актілермен, ережелермен, жарғылармен, нұсқаулықтармен, функционалдық міндеттермен және тиісті лауазымды атқаратын адамның құқықтары мен міндеттері белгіленетін басқа да нормативтік актілермен айқындалады. Бұл мемлекеттік кредит беру, лицензия беру, мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асыру, мемлекеттік мүлікті пайдалану және тағы басқалар болуы мүмкін.
Қызметтік өкілеттіктерді қызмет мүдделеріне қайшы пайдалану деп түсіндірме беріліп отырған баптың 1-бөлігінде көрсетілген адамдардың өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырумен тікелей байланысты болғанымен, қызметтік қажеттіліктен туындамаған және мемлекеттік аппарат пен жергілікті өзін-өзі басқару органдары аппаратына қойылатын жалпы міндеттер мен талаптарға, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның немесе лауазымды адамның тиісті лауазымдық өкілеттіктермен қамтамасыз етілуінің мақсаты мен міндеттеріне объективті түрде қайшы келетін әрекеттер жасауы түсініледі. Атап айтқанда, өздері немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне кіретін әрекеттерді оларды жасаудың міндетті шарттары немесе негіздері болмаған кезде жүзеге асыратын аталған адамдардың әрекеттері лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану ретінде саралануға тиіс (мысалы, міндетті емтиханды тапсырмаған адамдарға жүргізуші куәлігін беру; іс жүзінде еңбек міндеттерін орындамайтын адамдарды жұмысқа қабылдау).
ҚК-нің 361-бабы бойынша жауаптылық ҚК-нің 361-бабының 1-бөлігінде көрсетілген субъектілердің өз міндеттерін қасақана орындамауы үшін де туындайды, егер мұндай әрекетсіздік пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасалса, объективті түрде осы адамдарға тиісті лауазымдық өкілеттіктер берілуінің мақсаттары мен міндеттеріне қайшы келсе және азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса. Бұдан басқа, қызметтік өкілеттіктерді қызмет мүдделеріне қайшы пайдалану ретінде протекционизмді, яғни бағынысты адамға жұмысқа орналасуға, қызметте жоғарылауға, көтермеленуге заңсыз жәрдем көрсетуді, сондай-ақ қызмет бабында өзге де қамқорлық жасауды, егер ол пайда мен артықшылықтар алу мақсатында жасалса, қарастыру қажет.
Алайда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамның не оған теңестірілген адамның, не лауазымды адамның немесе құқық қорғау органының қызметкерінің өз қызметтік өкілеттіктерін бұзумен байланысты әрекеттері жеке адамға, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне тікелей қауіп төндіретін қауіпті жою мақсатында жасалса және бұл қауіпті өзге құралдармен жою мүмкін болмаса, әрі аса қажеттілік шегінен асып кетуге жол берілмесе, мұндай әрекеттер ҚК-нің 361-бабы бойынша қарастырылмайды (ҚК-нің 34-бабы).
Қылмыстық заңмен қорғалатын мүдделерге зиян келтіруге әкеп соққан, бірақ ҚК-нің 361-бабы бойынша қылмыстық жазаланатын әрекеттің белгілеріне жатпайтын, осы баптың 1-бөлігінде көрсетілген субъектілердің қызметтік өкілеттіктерін пайдалануға байланысты әрекеттері, егер олар өздері үшін міндетті бұйрықты немесе өкімді орындау кезінде жасалса, қылмыс болып табылмайды (ҚК-нің 38-бабы).
Егер ҚК-нің 361-бабының 1-бөлігінде көрсетілген адамдар аталған бапта көзделген қылмысты өздері үшін көрінеу заңсыз болып табылатын бұйрықты немесе өкімді орындау кезінде жасаса, олар жалпы негіздерде қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Бұл ретте мұндай бұйрықты немесе өкімді шығарған жоғары тұрған лауазымды адамның әрекеттері, оған негіз болған жағдайда, қылмыс жасауға айдап салу немесе оны ұйымдастыру ретінде қарастырылып, ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабы бойынша ҚК-нің 28-бабының 3 немесе 4-бөлігіне сілтеме жасала отырып саралануға тиіс.
Бағынысты адамның бұйрықтың немесе өкімнің заңсыз екенін түсінбей орындаған жағдайда, көрінеу заңсыз бұйрық немесе өкім шығарған лауазымды адам қылмыстың орындаушысы ретінде жауаптылыққа тартылады.
Өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып бөтеннің мүлкін жымқырудан айырмашылығы, өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу немесе басқа адамдарға не ұйымдарға зиян келтіру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану лауазымды адамның бөтеннің мүлкін алып қоюмен байланысты емес (мысалы, мүлікті мақсатына сай пайдаланбаудан мүліктік пайда алу) немесе мүлікті уақытша және (немесе) өтемді түрде алып қоюмен байланысты әрекеттерін құрайды.
Егер ҚК-нің 361-бабының 1-бөлігінде көрсетілген субъектілердің өз қызметтік өкілеттіктерін пайдалануы бөтеннің мүлкін жымқыру түрінде көрініс тапса және іс жүзінде мүлік алып қойылса, жасалған әрекет ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен немесе ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2) тармағымен толық қамтылады және ҚК-нің 361-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам не оған теңестірілген адам немесе лауазымды адам өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, бөтеннің мүлкін жымқырумен қатар, пайда мен артықшылықтар алу мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға байланысты өзге де заңсыз әрекеттер жасаса, олардың әрекеттері ҚК-нің 189, 190 және 361-баптарының жиынтығы бойынша саралануға тиіс.
ҚК-нің 13-бабының ережелеріне сәйкес қызметтік жалғандық жасаған лауазымды адамның әрекеттеріне құқықтық баға беру мәселесі шешілуге тиіс. Егер мұндай адам өзінің қызметтік міндеттерін орындауға байланысты ресми құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізсе не олардың нақты мазмұнын бұрмалайтын түзетулер енгізсе, жасалған әрекет ҚК-нің 369-бабы бойынша саралануға тиіс. Ал егер ол ҚК-нің 361-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасаумен қатар қызметтік жалғандық жасаса, оның әрекеттері ҚК-нің 369-бабы бойынша қылмыстар жиынтығымен саралануға тиіс.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану белсенді әрекеттер арқылы да, әрекетсіздік арқылы да жасалуы мүмкін.
Қылмыс құрамының құрылымы бойынша бұл қылмыс материалдық құрамға жатады, сондықтан ҚК-нің 361-бабының диспозициясында көрсетілген салдарлар, яғни азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Бұл салдарлар тікелей материалдық залал, алынбай қалған пайда, дене және моральдық зиян, мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтіру, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеу, құқықтық тәртіпті бұзу және тағы басқа түрде көрініс табуы мүмкін.
ҚК-нің 3-бабының 14) тармағына сәйкес елеулі зиян деп мынадай салдарлар түсініледі: адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін бұзу; елеулі залал келтіру; жәбірленуші адам үшін қиын өмірлік жағдайдың туындауы; ұйымдардың немесе мемлекеттік органдардың қалыпты жұмысының бұзылуы; маңызды әскери іс-шаралардың бұзылуы не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілетінің қысқа мерзімге төмендеуі; қарулы топтардың немесе жекелеген қаруланған адамдардың, құрлықтағы, әуедегі немесе теңіздегі әскери техниканың шабуылын уақтылы анықтамау немесе тойтармау, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы адамдар мен көлік құралдарының заңсыз өтуіне, контрабандалық жүктердің қозғалысына кедергісіз жол беру, шекара құрылыстарына зиян келтіретін әрекеттерге жол беру; келтірілген зиянның елеулілігін куәландыратын өзге де салдарлар.
Келтірілген зиянның елеулі болып табылатынын шешу кезінде құқыққа қайшы әрекеттің мемлекеттік органның немесе ұйымның қалыпты жұмысына теріс ықпал ету дәрежесін, олардың шеккен материалдық залалының сипаты мен мөлшерін, жәбірленуші азаматтардың санын, оларға келтірілген моральдық, дене немесе мүліктік зиянның ауырлығын және тағы басқаларды ескеру қажет.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану нәтижесінде азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру деп халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларында, ҚР Конституциясында кепілдік берілген жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу түсініледі (мысалы, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу құқығын, азаматтардың жеке және отбасылық өміріне қол сұғылмаушылық құқығын, тұрғын үйге қол сұғылмаушылық және хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф және өзге де хабарламалар құпиясы құқығын, сондай-ақ сот арқылы қорғалу және сот төрелігіне қол жеткізу құқығын, оның ішінде құқықтық қорғаудың тиімді құралдарына, мемлекеттік қорғауға және қылмыспен келтірілген залалдың өтелуіне құқықты және т.б. бұзу).
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану нәтижесінде азаматтардың немесе ұйымдардың заңды мүдделерін бұзу деп азаматтардың немесе ұйымдардың құқық нормаларына және қоғамдық моральға қайшы келмейтін қажеттіліктерін қанағаттандыруына кедергілер жасау түсініледі (мысалы, лауазымды адамның заңда көзделген жағдайларда ынтымақтастық жасау үшін ұйымды өз қалауы бойынша таңдау мүмкіндігін шектейтін кедергілер жасауы).
Егер келтірілген зиян елеулі болмаса, кінәлі адамның әрекеттері тәртіптік теріс қылық ретінде қарастырылуға тиіс.
Субъективтік жағынан лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану тек қасақана жасалуы мүмкін. Кінәлі адам қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап жатқанын немесе әрекетсіздік танытып жатқанын сезінеді, мұндай мінез-құлық азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі бұзылуына әкеп соғатынын алдын ала біледі және аталған салдардың біреуінің немесе бірнешеуінің туындауын қалайды.
Егер субъект өз әрекеттерін қызмет игілігі үшін жасалып жатыр деп қателессе немесе азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру мүмкіндігін алдын ала болжамаса, не салдардың туындауы мүмкін екенін болжай отырып, олардың алдын алуға жеңілтектікпен сенсе, қылмыс құрамы болмайды.
Кінәдан басқа субъективтік жақтың міндетті белгісі қылмыстың мақсаты болып табылады: өзі немесе басқа адамдар не ұйымдар үшін пайда немесе артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру.
Іс жүзінде бұл кінәлі адамдардың мүлікті өз пайдасына немесе басқа адамдардың пайдасына заңсыз әрі өтеусіз айналдырумен байланысты емес мүліктік сипаттағы пайда алуға ұмтылуынан көрінуі мүмкін (мысалы, жеңілдіктерді, кредитті заңсыз алу, қандай да бір мүліктік шығындардан босату, мүлікті қайтару, борышты өтеу, қызметтерге ақы төлеу, салықтарды төлеу және т.б.). Бұдан басқа, кінәлі адам мансапқорлық, туыстық мүдделерді көздеу, нақты жағдайды әсемдеп көрсетуге ұмтылу, өзара қызмет алу, қандай да бір мәселені шешуде қолдауға ие болу, өзінің құзыретсіздігін жасыру және тағы басқа себептерді басшылыққа ала отырып, мүліктік емес сипаттағы пайда алуға ұмтылған жағдайда да қарастырылып отырған қылмыс құрамы болады.
ҚР Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 27 қарашадағы «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағына сәйкес:
«Мүліктік игіліктер мен артықшылықтар алу деп қылмыс субъектісіне жататын адамның тек өзі үшін ғана емес, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін де өтеусіз көрсетілетін, ақы төлеуге жататын әртүрлі қызметтерді қабылдауын не жеңілдіктерді заңсыз пайдалануын, құрылыс, жөндеу жұмыстарын жүргізуді, санаторий немесе туристік жолдамалар, жол жүру билеттерін, жеңілдікті шарттармен қарыздар немесе кредиттер беруді және т.б. түсіну қажет».
«Егер ҚК-нің 361-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адам қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, өзі, басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылықтар алу мақсатында өзінің әрекеттерімен (әрекетсіздігімен) біреуге зиян келтірсе және бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеп соқса, жасалған әрекет пара алу ретінде сараланбайды (тұрғын үйді кезектен тыс алу, жеңілдікті кредит алу және т.б.). Мұндай әрекеттер лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану ретінде саралануға тиіс.
Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың пайдакүнемдік уәжі тек материалдық, мүліктік сипаттағы пайда мен артықшылықтарды алудан ғана емес, сондай-ақ қызметте жоғарылау, басшылыққа жағуға ұмтылу және т.б. түріндегі өзге де жеке мүдделіліктен көрінуі мүмкін», — делінген ҚР Жоғарғы Сотының аталған нормативтік қаулысының 21-тармағында.
Қылмыстың субъектісі тек мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам, оған теңестірілген адам, лауазымды адам немесе құқық қорғау органының қызметкері ғана бола алады.
ҚК-нің 3-бабының 27) тармағына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам деп ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты танылады. Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік қызметші — Қазақстан Республикасының азаматы, ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық немесе жергілікті бюджеттерден не ҚР Ұлттық Банкінің қаражатынан ақы төленетін мемлекеттік органдағы мемлекеттік лауазымды атқарады және мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының 1-бабының 11) тармағына сәйкес жергілікті өкілді орган (мәслихат) деп облыс, республикалық маңызы бар қала және астана немесе аудан (облыстық маңызы бар қала) халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын әрі олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган түсініледі.
Мәслихат депутаты жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер халқының еркін білдіреді (аталған Заңның 20-бабының 1-тармағы).
Мәслихат депутатының өкілеттіктері тиісті аумақтық сайлау комиссиясында мәслихат депутаты ретінде тіркелген кезден басталады және мәслихаттың өкілеттіктері тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады (Заңның 20-бабының 2-тармағы).
Өз қызметін тұрақты немесе босатылған негізде жүзеге асыратын және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ақы алатын мәслихат депутаттары кәсіпкерлік қызметпен айналысуға, шаруашылық жүргізуші субъектіні басқаруға дербес қатысуға, педагогикалық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа ақы төленетін қызметпен айналысуға құқылы емес (Заңның 20-бабының 6-тармағы).
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдардың ұғымы ҚР ҚК-нің 3-бабының 28) тармағында берілген.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару — халықтың тікелей, сондай-ақ мәслихаттар мен басқа да жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылатын, осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді өз жауапкершілігімен дербес шешуге бағытталған қызмет (Заңның 1-бабының 9) тармағы). «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдары деп осы Заңға сәйкес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөніндегі функциялар жүктелген органдар түсініледі (Заңның 1-бабының 10) тармағы).
2015 жылғы 18 қыркүйектегі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар мен оларға теңестірілген адамдар ұғымдарына анықтама берілген.
Атап айтқанда, аталған Заңның 1-бабының 3) тармағына сәйкес мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам — Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді уақытша атқаратын адам.
Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам — жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайланған адам; ҚР Президенттігіне, ҚР Парламентінің немесе мәслихаттардың депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органының мүшелігіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кандидат ретінде тіркелген азамат; еңбекақысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджеті қаражаты есебінен төленетін жергілікті өзін-өзі басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін қызметші; мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуды қоса алғанда, сатып алуды ұйымдастыру және өткізу туралы шешім қабылдауға уәкілеттік берілген не Қазақстан Республикасы мемлекеттік бюджеті мен Ұлттық қоры қаражатынан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, аталған ұйымдарда дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқаратын адам, ҚР Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері; Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнамасына сәйкес әрекет ететін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымның қызметшілері, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілері (аталған Заңның 1-бабының 4) тармағы).
ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелген азамат деп ҚР 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 59-бабына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясында ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының азаматы танылады. ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидаттарға тиісті куәлік береді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелген азамат деп «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 73-бабына сәйкес облыстық немесе қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссиясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының азаматы танылады. Облыстық немесе қалалық (республикалық маңызы бар қала және Республика астанасы) сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарға тиісті куәлік береді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде тіркелген азамат деп «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 89-бабына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясында саяси партияның тіркелген партиялық тізіміне енгізілген не Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат ретінде тіркелген Қазақстан Республикасының азаматы танылады. ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарға тиісті куәлік береді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 103-бабының 1-тармағына сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға тиесілі.
Саяси партиялар ұсынатын партиялық тізімдерді тіркеуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады (Заңның 104-бабының 1-тармағы).
Жергілікті өзін-өзі басқару органында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін қызметшінің ұғымы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңмен реттеледі. Аталған Заң «Азаматтардың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуы» атты 3-1-тараумен толықтырылған.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесінің қызмет нысаны, негізгі міндеттері, өкілеттіктері, оның басшысының өкілеттіктері, оны сайлау тәртібі, қабылданатын шешімдердің мәртебесі және аумақтық кеңес қызметінің өзге де ұйымдастырушылық мәселелері республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың әкімдігі әзірлеген және республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың мәслихаты үлгілік ереженің негізінде бекіткен ережемен айқындалады.
Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ережені жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді (Заңның 39-7-бабының 2-тармағы).
Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қаланың мәслихатының шешімі негізінде қалалық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау округінің шекарасында тиісті әкімдік тарапынан қала әкімінің ұсынған құрамында құрылады (Заңның 39-7-бабының 1-тармағы).
Мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Заңына сәйкес Қазақстан Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері деп мемлекеттік қызметшілерге жатпайтын, Қазақстан Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттіктерді жүзеге асыратын адамдар түсініледі. Лауазымдық өкілеттіктер деп Қазақстан Ұлттық Банкінің алдында тұрған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келетін Қазақстан Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарындағы қызметшілердің нақты мемлекеттік лауазымында көзделген құқықтар мен міндеттер түсініледі (Заңның 20-1-бабы).
ҚК-нің 3-бабының 26) тармағына сәйкес лауазымды адам деп мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адам түсініледі.
Лауазымды адам ұғымының осындай анықтамасы 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 1-бабының 2) тармағында да берілген. 2015 жылғы 28 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңы лауазымды адам деп мемлекеттік органдарда билік өкілінің функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша жүзеге асыратын не ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындайтын адамды айқындайды.
Билік өкілі — Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзіне қызметтік бағыныстылықта тұрмайтын адамдарға қатысты өкімдік өкілеттіктер берілген, мемлекеттік қызметте тұрған адам, оның ішінде құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органның қызметкері, әскери полиция органының қызметкері, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын әскери қызметші (ҚК-нің 3-бабының 9) тармағы).
Ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар — ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген, қызметі бойынша бағынысты адамдар орындауға міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығару, сондай-ақ бағыныстыларға қатысты көтермелеу шаралары мен тәртіптік жазалар қолдану құқығы (ҚК-нің 3-бабының 37) тармағы). Сондай-ақ «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабының 14) тармағын қараңыз.
Ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларға заңдық маңызы бар және белгілі бір заңдық салдарлар туындататын шешімдер қабылдау жөніндегі адамдардың өкілеттіктері жатады (мысалы, медицина қызметкерінің уақытша еңбекке жарамсыздық парағын беруі, мемлекеттік емтихан (аттестаттау) комиссиясы мүшесінің емтихан қабылдауы және баға қоюы).
Әкімшілік-шаруашылық функциялар деп ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымның балансындағы мүлікті басқару және оған билік ету құқығы түсініледі (ҚК-нің 3-бабының 5) тармағы).
Лауазымды адамның функцияларын арнаулы өкілеттік бойынша орындау дегеніміз — адамның заңмен, өзге де нормативтік актімен, жоғары тұрған лауазымды адамның бұйрығымен немесе өкімімен не осыған уәкілетті органның немесе лауазымды адамның актісімен өзіне жүктелген билік өкілінің функцияларын жүзеге асыруы, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындауы (мысалы, алқаби функциялары). Лауазымды адамның арнаулы өкілеттік бойынша функциялары белгілі бір уақыт ішінде немесе бір рет жүзеге асырылуы мүмкін, сондай-ақ негізгі жұмысымен қатар атқарылуы мүмкін.
Лауазымды адамның функцияларын уақытша орындау немесе оларды арнаулы өкілеттік бойынша орындау кезінде адам өзіне жүктелген функцияларды атқару кезеңінде ғана лауазымды адам деп танылуы мүмкін.
Егер заңда немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде осы лауазымға үміткерге қойылатын талаптар мен шектеулерді бұза отырып тағайындалған адам (мысалы, жоғары кәсіптік білім туралы қажетті дипломы, жұмыс өтілі болмаған кезде, соттылығы болған жағдайда және т.б.) пайда мен артықшылықтар алу мақсатында қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдаланып, соның салдарынан азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, мұндай әрекеттер лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану ретінде саралануға тиіс.
ҚР Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік және (немесе) әкімшілік-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкілеттік бойынша орындайтын лауазымды адамдар қызметтік өкілеттігі және (немесе) әскери атағы бойынша бастықтар болуы мүмкін.
Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларға жатпайтын, тек кәсіби немесе техникалық міндеттерді орындайтын қызметкерлері лауазымды адамдар болып табылмайды (мысалы, хатшылар, заң бөлімінің, кеңсенің қызметкерлері және т.б.). Алайда қызметкерлердің кейбір санаттары кәсіби немесе техникалық міндеттерімен қатар белгіленген тәртіппен ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындау жүктелген жағдайда лауазымды адамдар деп танылуы мүмкін.
Мысалы, азаматтарды қабылдап, емдейтін, операция жасайтын дәрігер тек кәсіби міндеттерді орындайды және олар лауазымдық міндеттер санатына жатпайды. Демек, мұндай жағдайда дәрігер ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функцияларға ие болмаса, ол лауазымды адам белгілеріне жатпайды. Егер дәрігерге медициналық персоналды басқару өкілеттіктері де берілсе (мысалы, бас дәрігер), онда оның кәсіби функциялар шегінен шығатын өкілеттіктері болады және бұл өкілеттіктер әкімшілік-шаруашылық немесе ұйымдастырушылық-өкімдік функциялар санатына жатқызылуы мүмкін.
Мемлекеттік білім беру мекемесінің оқытушысының кез келген нысанда сабақ өткізуі оның кәсіби қызметі болып табылады. Алайда мұндай оқытушыға емтихан қабылдау, дипломдық жобаны қорғауды қабылдау құқығы берілген жағдайда, ол лауазымды адам болып табылады, өйткені студенттің емтихан тапсыра алмауы белгілі бір құқықтық салдарларға әкеп соғады: ол келесі сессияға жіберілмейді, келесі курсқа көшірілмейді және оқудан шығарылуы мүмкін.
Жоғарыда келтірілген мысалдар лауазымды адам ұғымын осындай адамның әрекеттерінің заңдық маңызы бар салдарларының болу белгісімен толықтырудың орындылығын көрсетпей ме?
ҚР Жоғарғы Сотының «Кейбір сыбайлас жемқорлық қылмыстарды қарау практикасы туралы» нормативтік қаулысының 4-тармағында былай делінген:
«Әрекеттің сыбайлас жемқорлық қылмыстарына жататыны, ал оны жасаған адамдардың осы қылмыстардың субъектілері болып табылатыны туралы мәселені дұрыс шешу үшін қылмыстық процесті жүргізетін органдар заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамның қызметтік өкілеттіктерінің шеңбері мен мазмұнын, сондай-ақ лауазымдық мәртебесін айқындайтын лауазымдық ережелер мен нұсқаулықтарды басшылыққа алуға тиіс.
Адамда басқарушылық, ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық функциялардың не билік өкілі мәртебесінің болуын анықтау үшін ҚК-нің 3-бабының 5), 9), 37) тармақтарының мазмұнына сүйену қажет.
Сондай-ақ қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамның қылмыс жасау кезінде өзінің мәртебесін, қызметтік өкілеттіктерін және олармен байланысты мүмкіндіктерін пайдаланғанына қатысты мәселелер де анықталуға тиіс. Лауазымды адамның қызметтік өкілеттіктеріне кіретін әрекеттер деп оның қызметтік құзыреті шегінде жасауға құқығы бар және (немесе) міндетті әрекеттерін түсіну қажет.
Қылмыс жасаған адам туралы жоғарыда көрсетілген мәліметтер сотқа дейінгі іс жүргізудің процестік құжаттарында және оның әрекеттерін саралау кезінде сот актілерінде көрсетілуге тиіс».
2020 жылғы 19 желтоқсандағы «Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен 361-бап мынадай мазмұндағы 2-1-бөлікпен толықтырылды: «Құқық қорғау органының қызметкері жасаған дәл сол әрекет». Бұдан басқа, ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігі мынадай мазмұндағы 4) тармақпен толықтырылды: «құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған болса». Осындай белгілер ҚК-нің 364, 365, 366, 369, 370-баптарына да енгізілді.
2011 жылғы 6 қаңтардағы «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңының 1-бабының 7) тармағына сәйкес құқық қорғау органы — адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, өз құзыретіне сәйкес қылмысқа және өзге де құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыратын, заңдылықты қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтарды анықтау, алдын алу, жолын кесу, тергеп-тексеру, қылмыстық істер бойынша сот шешімдерін орындау жөніндегі арнайы өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган.
Құқық қорғау қызметі — құқық қорғау органдарындағы лауазымдарда жүзеге асырылатын мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, сондай-ақ жоғарыда көрсетілген Заңның 44-бабында көзделген жағдайларда қызмет өткеру (Заңның 1-бабының 6) тармағы).
Құқық қорғау органының қызметкері — құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарынан арнайы атақ немесе сыныптық шен берілген не біліктілік сыныбы белгіленген Қазақстан Республикасының азаматы (Заңның 1-бабының 9) тармағы). Қызметкерлер мемлекеттік биліктің өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады (Заңның 14-бабының 1-тармағы).
Аталған Заңның 3-бабына сәйкес құқық қорғау органдарына прокуратура, ішкі істер органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеп-тексеру қызметі жатады, олар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырады. Прокуратураның қызметі ҚР 2017 жылғы 30 маусымдағы «Прокуратура туралы» Заңына сәйкес; ішкі істер органдарының қызметі — ҚР 2014 жылғы 23 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Заңына сәйкес; мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметі — ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына 2-қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті туралы ережеге сәйкес; ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) қызметі — ҚР Президентінің 2019 жылғы 22 шілдедегі Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) туралы ережеге сәйкес; Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметі — ҚР Президентінің 2021 жылғы 20 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі туралы ережеге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Президент пен Үкімет актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырылады.
Құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар деп республикалық маңызы бар органдардың басшыларын және олардың орынбасарларын, комитеттердің төрағалары мен төрағаларының орынбасарларын, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың басшыларын және олардың орынбасарларын және т.б. түсіну қажет.
ҚР 2000 жылғы 25 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес судья — ҚР Конституциясында және осы Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі өкілеттіктер берілген, өз міндеттерін тұрақты негізде атқаратын және сот билігінің иесі болып табылатын мемлекеттегі лауазымды адам (Конституциялық заңның 23-бабының 1-тармағының екінші абзацы).
ҚПК-нің 7-бабының 42) тармағында мынадай анықтама берілген: судья — сот билігінің иесі; заңда белгіленген тәртіппен осы лауазымға тағайындалған немесе сайланған кәсіби судья (сот төрағасы, сот алқасының төрағасы, тиісті соттың судьясы).
ҚК-нің 361-бабының 3-бөлігінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануды жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның жасағаны үшін неғұрлым қатаң қылмыстық жауаптылық көзделген. ҚК-нің 3-бабының 16) тармағына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам деп мемлекеттің функциялары мен мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін ҚР Конституциясында, ҚР конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Парламент депутаты, судья, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес саяси мемлекеттік лауазымды не «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымын атқаратын адам түсініледі.
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың осындай анықтамасы ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 1-1) тармағында да берілген. Мұндай адамдарға, атап айтқанда, ҚР Президенті, ҚР Премьер-Министрі және оның орынбасарлары, ҚР Мәжілісі мен Сенатының төрағалары және олардың орынбасарлары, министрлер мен олардың орынбасарлары, ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, ҚР Бас Прокуроры және оның орынбасарлары, Парламент депутаты, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес саяси мемлекеттік лауазымды не «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік лауазымын атқаратын адам жатады.
Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына сәйкес (Заңның 1-бабының 16) тармағы) саяси мемлекеттік қызметші деп тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметі саяси-айқындаушы сипатта болатын әрі саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға жауапты мемлекеттік қызметші түсініледі.
ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен бекітілген саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілер лауазымдарының тізіліміне сәйкес саяси мемлекеттік лауазымдарға мыналар жатады:
ҚР Премьер-Министрі, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары;
ҚР Мемлекеттік хатшысы;
ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кеңсесінің Басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары және орынбасарлары, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кеңсесі Басшысының орынбасарлары;
ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы және мүшелері;
ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы, Төрағасының орынбасары, хатшысы және мүшелері;
ҚР Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, оның бірінші орынбасары және орынбасарлары;
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы;
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасы және мүшелері;
ҚР Президенті Кеңсесінің Басшысы, оның орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшілері;
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының көмекшілері;
ҚР Президентінің кеңесшілері;
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының кеңесшілері;
ҚР Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары және орынбасарлары;
ҚР министрлері, олардың бірінші орынбасарлары және орынбасарлары;
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері, олардың бірінші орынбасарлары және орынбасарлары;
Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілері;
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы тұрақты өкілі;
Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы өкілетті өкілі;
ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, оның орынбасарлары;
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл;
ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кеңсесінің, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының бөлім меңгерушілері және өзге де құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың бірінші орынбасарлары және орынбасарлары;
ҚР Президентінің арнаулы өкілдері;
ҚР Президенті Архивінің директоры, оның орынбасарлары;
ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Кітапханасының директоры, директордың орынбасарлары;
«Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры;
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры;
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының басшысы;
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының басшылары және олардың орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесінің мемлекеттік инспекторлары;
Облыстардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері;
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ведомстволарының басшылары және олардың орынбасарлары.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде осы баптың 1, 2-1 немесе 3-бөліктерінде көзделген мынадай әрекеттер үшін жауаптылық белгіленген:
қылмыстық топтың мүддесінде жасалған;
ҚР «Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындау кезінде мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жасалған;
ауыр зардаптарға әкеп соққан;
құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам немесе судья жасаған.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
2014 жылғы 30 маусымдағы «Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының 1-бабының 2) тармағына сәйкес мүлікті жария ету — кірістерді жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген не тиісінше емес тұлғаның атына ресімделген мүлікке құқықтарды мемлекеттің тану рәсімі.
Мүлікті жария ету жөніндегі комиссия — ҚР Үкіметі айқындайтын тәртіппен жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылатын және мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдерінен тұратын, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүлікті (ақшадан басқа) жария ету немесе жария етуден бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілеттік берілген комиссия (Заңның 1-бабының 3) тармағы).
Аталған Заңда мүлікті жария етудің ерекшеліктері; жария етуге жатпайтын мүлік; мүлікті жария ету мерзімдері; Заңда көзделген кепілдіктер және т.б. ашып көрсетілген.
Мүлікті жария ету мақсатында ұсынылатын құжаттарда қамтылған мәліметтер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтық, банктік және өзге де заңмен қорғалатын құпия болып танылады. Мұндай мәліметтер мен құжаттарды сақтау және оларға қол жеткізу режимін тек мүлікті жария етуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мен ұйымдар қамтамасыз етеді. Мүлікті жария етуді жүзеге асырмайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мұндай мәліметтер мен құжаттарға қол жеткізуге құқығы жоқ. Мұндай мәліметтер мен құжаттар тек жария ету субъектісінің өз сұрауы бойынша немесе Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда ғана талап етілуі мүмкін (Заңның 5-бабының 5-тармағы).
Аталған Заңда көзделген арнайы декларацияда қамтылған мәліметтердің құпиялылығына қатысты кепілдіктерді қамтамасыз ету үшін уәкілетті орган арнайы декларацияларды және арнайы декларацияға қоса берілетін құжаттарды және (немесе) мәліметтерді орталықтандырылған түрде сақтауды жүзеге асырады (Заңның 5-бабының 6-тармағы).
Мүлікті жария ету рәсімін жүргізуге байланысты ақпаратты, сондай-ақ мәліметтерді алған мемлекеттік органдардың, ұйымдардың лауазымды адамдары мен қызметкерлері, оның ішінде комиссия мүшелері, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, көрсетілген органдар мен ұйымдарда жұмыс істеу кезеңінде де, жұмыстан босатылғаннан кейін де мұндай мәліметтер мен ақпаратты таратуға құқылы емес.
Мүлікті жария ету рәсімін жүргізу шеңберінде алынған мәліметтердің жоғалуы немесе мұндай мәліметтердің жария етілуі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады (Заңның 5-бабының 7-тармағы).
Демек, егер лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану субъектілері әрекетті мүлікті жария ету процесінде алынған ақпаратты пайдалана отырып жасаса, олар ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Осы нормаға (4-бөліктің 3) тармағына) қатысты ауыр зардаптар деп тиісті мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органының жұмысын ұйымдастыруды бұзуды, ірі немесе аса ірі мөлшерде залал келтіруді, ірі аварияларды және көлік қозғалысының немесе өндірістік процестің ұзақ уақытқа тоқтауын, ұйымдар қызметінің өзге де бұзылуын, абайсызда адам өліміне әкеп соғуды, жәбірленушінің өзіне-өзі қол жұмсауын және т.б. түсіну қажет.
Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінің 4) тармағында құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамның жасаған әрекеті үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген (ҚК-нің 361-бабының 2-1-бөлігіне түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 361-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 361-бабының 2-1, 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 361-бабының 4-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
**Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заң қызметі Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік даулар Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар