Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабы. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өтуге түсініктеме
1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өту, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын көрсетілген өткізу пункттерінде жалған құжаттар бойынша немесе үшінші тұлғалардың жарамды құжаттарын алдап пайдалану арқылы, сол сияқты белгіленген тәртіпті бұза отырып қасақана заңсыз кесіп өту –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен бес жыл мерзімге шығарып жіберуге жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттерді қылмыстық топ жасаған не күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп жасаған жағдайда –
шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен бес жыл мерзімге шығарып жібере отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы – мемлекеттің егемендігінің аса маңызды белгілерінің бірі. Әрбір адам Мемлекеттік шекараны тек тиісті рұқсат алғаннан кейін және Қазақстан Республикасының құзыретті органдары белгілеген қағидаларға сәйкес қана кесіп өте алады.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы» ұғымының анықтамасы Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 1-бабында қамтылған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету режимі Мемлекеттік шекараны күтіп-ұстау, оны адамдар мен көлік құралдарының кесіп өтуі, жүктерді, тауарлар мен жануарларды өткізу, адамдарды, көлік құралдарын, тауарлар мен жануарларды өткізу қағидаларын қамтиды.
ҚР ҚК-нің 391-бабында көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының мызғымастығына қол сұғуымен, соның нәтижесінде Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту салдарынан оны кесіп өтудің белгіленген қағидаларының, Мемлекеттік шекара режимін қамтамасыз ету жөніндегі басқару тәртібінің бұзылуымен сипатталады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін белгілейтін қоғамдық қатынастар болып табылады.
ҚР ҚК-нің 391-бабында көзделген қылмыстың объективтік жағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өтуден, сол сияқты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын көрсетілген пункттерде жалған құжаттар бойынша немесе үшінші тұлғалардың жарамды құжаттарын алдап пайдалану арқылы, сондай-ақ белгіленген тәртіпті бұза отырып қасақана заңсыз кесіп өтуден көрінеді.
Жеке тұлғалардың Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңмен, басқа да нормативтік актілермен және халықаралық шарттармен, мысалы, 2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жоюға көмек көрсету кезіндегі өзара іс-қимыл туралы келісіммен (Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 29 мамырда ратификациялаған) реттеледі.
Адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу – адамдардың Мемлекеттік шекараны заңды түрде кесіп өтуін (Мемлекеттік шекараны кесіп өтуге рұқсат беруді), көлік құралдарының өтуін, жүктер мен тауарлардың Мемлекеттік шекара арқылы орын ауыстыруын заңды деп тану болып табылады.
Адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес ашылған өткізу пункттерінде, сондай-ақ ҚР Үкіметі айқындайтын Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 2-бабының 14) тармақшасына сәйкес, Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункті – теміржол, автомобиль вокзалының немесе станциясының, теңіз немесе өзен портының, халықаралық әуежайдың немесе аэродромның шегіндегі аумақ (акватория), сондай-ақ Мемлекеттік шекараға тікелей жақын орналасқан, тиісті инфрақұрылымы бар және адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды өткізу жүзеге асырылатын арнайы бөлінген өзге де жер учаскесі.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге орын – өткізу пункті болып табылмайтын, ерекше жағдайларда адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын аумақ (акватория).
Өткізу пункттерін ашу (жабу), олардың жұмыс істеуі (пайдаланылуы), санаттарға жатқызылуы, сыныпталуы, жайластырылуы, сондай-ақ оларды техникалық жарақтандыруға және жұмысын ұйымдастыруға қойылатын талаптар ҚР Үкіметімен айқындалады.
Өткізу пункттерінің тізбесін ҚР Үкіметі бекітеді. Өткізу пункттерінде өз құзыреті шегінде шекаралық, кедендік, көліктік, санитариялық-карантиндік, ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауды ұйымдастыруға жауапты бақылаушы органдардың бөлімшелері орналастырылады.
Өткізу пункттерінде, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарда адамдарды өткізу кезінде Мемлекеттік шекара ретінде паспорттық бақылау желісі танылады.
Шекаралары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара сәйкес келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағына мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, инкассация қызметі қызметкерлерінің, осындай арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметін жүзеге асыратын адамдардың, сондай-ақ қызметтік қажеттілікке байланысты осындай арнайы экономикалық аймаққа келетін адамдардың кіруі және одан шығуы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетімен айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.
Инкассация қызметінің арнайы автомобиль көлігінің кіруі мен шығуы (қажет болған жағдайда) мөрленген инкассаторлық қаптарды (сөмкелерді) ашпай тексеру арқылы жүзеге асырылады.
Тасымалданатын бағалы жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында инкассация қызметінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шекаралары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының учаскелерімен толық немесе ішінара сәйкес келетін арнайы экономикалық аймақтың аумағында жеке қорғану құралдарын пайдалануға, қызметтік қару мен оған арналған оқ-дәрілерді сақтауға және алып жүруге құқылы.
Адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізуді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жүзеге асырады.
Адамдарды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу Қазақстан Республикасына кіру немесе Қазақстан Республикасынан шығу құқығын беретін құжаттар болған және ҚР заңдарында белгіленген осы адамдарға қатысты шектеулер болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
Көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу көлік құралдарын, жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасына әкелу немесе Қазақстан Республикасынан әкету құқығына мемлекеттік кірістер органдарының және өзге де бақылаушы органдардың рұқсат белгілері болған кезде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу шекаралық бақылау рәсімі аяқталғаннан кейін және адам, көлік құралы өткізу пунктінің немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге орынның шегінен шыққан, сондай-ақ жүктер мен тауарлар әкетілген кезде аяқталған болып есептеледі.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасына кіруге рұқсат етілмеген немесе кіруі шектелген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан шығуына тыйым салу туралы шешім қабылданған адамдар Мемлекеттік шекара арқылы өткізілмейді. Өткізу пунктіне немесе Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге орынға келген және Мемлекеттік шекара арқылы өткізуге негіздері жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес өздері келген елге немесе азаматтығы бар еліне қайтарылады.
Мемлекеттік шекараны кесіп өту: құрлықта, шекаралық өзендерде, көлдерде және өзге де су айдындарында – халықаралық теміржол, автомобиль, өзен және өзге де қатынас жолдарында белгіленген Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында; әуе кеңістігінде – халықаралық әуе трассаларының Мемлекеттік шекараны кесіп өту орындарында немесе осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген әуе дәліздері бойынша; теңізде – халықаралық теңіз қатынасы жолдарында белгіленетін теңіз дәліздерінің шегінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік шекараны өзге орындарда кесіп өтуге Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда жол беріледі.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі міндеттерді орындау кезінде көршілес мемлекеттің шекара органымен келісілген өзге тәртіппен Мемлекеттік шекараны кесіп өту құқығы беріледі (Каспий теңізіндегі аумақтық сулардың (теңіздің) сыртқы шекарасын қоспағанда).
Көршілес мемлекетпен шекара маңындағы ынтымақтастықтың халықаралық орталығы шегінде Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі, сондай-ақ адамдардың оның аумағында болу тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен және Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.
Адамның Мемлекеттік шекараны теміржол көлігімен кесіп өтуі мынадай жағдайларда Қазақстан Республикасына кіру және Қазақстан Республикасынан шығу болып табылмайды: Қазақстан Республикасының аумағынан шетел мемлекетінің аумағы арқылы транзитпен Қазақстан Республикасының аумағының басқа бөлігіне өтуі; шетел мемлекетінің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен сол шетел мемлекеті аумағының басқа бөлігіне өтуі.
Көрсетілген жағдайларда шекаралық, кедендік және бақылаудың өзге де түрлері жүргізілмейді.
Теміржол көлік құралдарының тоқтаусыз жүруін қамтамасыз ету, жолаушыларды түсіруге (отырғызуға), жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге) тыйым салудың сақталуын бақылау көлік ұйымының (жолаушыларды, жүктер мен тауарларды тасымалдаушының) міндеттеріне жатады.
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды оқшаулау және жою мақсатында Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда авариялық-құтқару құралымдарының Мемлекеттік шекараны кесіп өтуінің өзге тәртібі көзделуі мүмкін.
Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне дейінгі халықаралық теміржол және автомобиль қатынасы жолдарының учаскелерін белгілеу мен жабдықтауға қойылатын талаптар, жүру тәртібі, сондай-ақ Мемлекеттік шекарада орналасқан шекара маңындағы ынтымақтастық халықаралық орталығы периметрінің қазақстандық бөлігін жабдықтауға қойылатын талаптар ҚР Үкіметімен белгіленеді.
Адамдар мен көлік құралдары Мемлекеттік шекарадан өткізу пункттеріне және Мемлекеттік шекара арқылы өткізу жүзеге асырылатын өзге де орындарға қарай немесе кері бағытта жүрген кезде мыналарға тыйым салынады: белгіленген қозғалыс бағытын өзгертуге; тоқтауға, адамдарды түсіруге (отырғызуға), жүктер мен тауарларды түсіруге (тиеуге), әуеге көтерілуге, кез келген әуе кемесін, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппаратын қондыруға немесе қабылдауға.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесінде, сондай-ақ көршілес мемлекеттердің жазбаша өтініші бойынша ҚР Үкіметі Мемлекеттік шекараны оның жекелеген учаскелерінде кесіп өтуді уақытша шектеуі немесе тоқтатуы мүмкін.
Мемлекеттік шекараны кесіп өтуді уақытша шектеу немесе тоқтату туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осындай шешім қабылданған сәттен бастап жетпіс екі сағат ішінде дипломатиялық арналар арқылы мүдделі мемлекеттерге жібереді.
Өткізу пункттерінен тыс жерде Мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту деп адамның ҚР Мемлекеттік шекарасынан кез келген тәсілмен (оның ішінде көлік құралдарын пайдалану арқылы), кез келген бағытта, теміржол, автомобиль вокзалының немесе станциясының, теңіз немесе өзен портының, халықаралық әуежайдың немесе аэродромның шегінен тыс, сондай-ақ Мемлекеттік шекараға тікелей жақын орналасқан арнайы бөлінген өзге де жер учаскесінің шегінен тыс нақты өтуін түсіну қажет.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізуге негіз болып кіру және шығу құқығын беретін жарамды құжаттардың болуы табылады. Мұндай құжаттарға азаматтың паспорты; дипломатиялық иммунитеті бар Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне Сыртқы істер министрлігі беретін дипломатиялық паспорт жатады.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасына кірген кезде өздерінің жеке басын куәландыратын жарамды құжаттарды, Қазақстанда осы сапада танылатын жарамды құжаттарды және тиісті шетелдік дипломатиялық өкілдік пен консулдық мекеме берген визаны көрсетуге міндетті.
ҚР Мемлекеттік шекарасын көрсетілген өткізу пункттерінде жалған құжаттар бойынша немесе үшінші тұлғалардың жарамды құжаттарын алдап пайдалану арқылы заңсыз кесіп өту деп адамның ҚР Мемлекеттік шекарасын заңнамада белгіленген өткізу пунктінде кез келген тәсілмен, оның ішінде көлік құралдарын пайдалану арқылы, бұрмаланған ақпарат қамтылған құжаттармен (паспорт, жеке куәлік және т.б.), толықтай қолдан жасалған құжаттармен немесе бөгде адамдардың құжаттарымен нақты кесіп өтуін түсіну қажет.
Шекараны кесіп өтудің белгіленген тәртібін бұзу деп ҚР шекарасын кесіп өту мәселелерін реттейтін заңнаманы бұзуды түсіну қажет.
Осы бап бойынша жасалған әрекетті саралау үшін шекараны кесіп өту тәртібін бұзудың белгілерінің біреуінің болуы жеткілікті.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның 18-бабы мәжбүрлі түрде кесіп өту (белгіленген орындардан, теңіз немесе әуе дәліздерінен тыс) Мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібін бұзу болып табылмайтын бірқатар мән-жайларды белгілейді: дүлей зілзала, апат, авария, авариялық жағдай және адамдардың өміріне немесе денсаулығына, қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери кеменің, мұз үстімен жүретін көлік құралының, сондай-ақ әуе кемесінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін өзге де жағдайлар; зақымданған қазақстандық немесе шетелдік кемені, шетелдік әскери кемені, мұз үстімен жүретін көлік құралын сүйрету; құтқарылған адамдарды жеткізу; қазақстандық немесе шетелдік кеменің, шетелдік әскери кеменің, мұз үстімен жүретін көлік құралының экипаж мүшесіне немесе жолаушыларына шұғыл медициналық көмек көрсету.
Қазақстан азаматтары үшін өз елінің шегінен тыс жерге шығу құқығы мынадай жағдайларда шектелуі мүмкін екенін атап өткен жөн: мемлекеттік құпияға жатқызылған аса маңызды немесе өте құпия мәліметтерге рұқсаты болған кезде, сондай-ақ азамат заңда белгіленген тәртіппен әскери қызметке шақырылған, қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған не айыпталушы ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылған жағдайларда; қылмыс жасағаны үшін сотталған немесе сот жүктеген міндеттемені орындаудан жалтарған кезде; заңнамада көзделген салық төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайда.
ҚР ҚК-нің 392-бабында көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық құрамға жатады. Қылмыс түсіндіріліп отырған баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтіп жатқанын сезінеді және соны қалайды.
Себеп пен мақсат қылмысты саралауға әсер етпейді, алайда жаза тағайындау кезінде сот оларды ескереді.
Талданып отырған әрекеттің субъектісі – есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға.
ҚР ҚК-нің 392-бабының 2-бөлігі саралаушы белгі ретінде дәл сол әрекеттерді қылмыстық топтың жасағаны не күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді.
Қылмыстық топ ұғымы ҚР ҚК-нің 31-бабының 3) тармағында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
Бұл жағдайда күш қолдану деп адамның өміріне қауіпті емес және денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соқпаған кез келген физикалық күш қолдануды түсіну қажет. Денсаулыққа қасақана орташа немесе жеңіл дәрежедегі зиян келтіру, ұрып-соғу, азаптау ҚР ҚК-нің 392-бабы 2-бөлігінің диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды қажет етпейді.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірілген немесе адам өлтірілген жағдайда жасалған әрекет 392-бапта және тиісінше ҚР ҚК-нің 99, 106-баптарында көзделген қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануға тиіс. Ал жәбірленуші билік өкілі (шекара қызметінің, кеденнің немесе Мемлекеттік шекараны кесіп өту кезінде арнайы бақылау өкілеттіктерін жүзеге асыратын өзге де органдардың қызметкері) болған жағдайда, жасалған әрекет ҚР ҚК-нің 380-бабының 2-бөлігі және 392-бабының 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Күш қолдану қатері деп кінәлі адамның күш қолдануға (өлімге немесе денсаулыққа зиян келтіруге) нақты ниетін білдіретін сөздерін, қорқытуын немесе өзге де әрекеттерін түсіну қажет. Бұл ретте жәбірленуші аталған қатерді нақты деп қабылдауға тиіс.
Жасалған әрекетті саралау үшін кінәлінің қатерді іске асыруға ниеттенген- ниеттенбегенінің маңызы жоқ. Күш қолдану қатерінің кез келген түрі ҚР ҚК-нің 392-бабының 2-бөлігімен қамтылады және қатер төндіргені үшін қылмыстық жауаптылық көздейтін ҚР ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралауды қажет етпейді.
ҚР ҚК-нің 392-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 392-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар