Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 464-бабына түсініктеме. Ұшу қағидаларын немесе оларға дайындалу қағидаларын бұзу
1. Ұшу қағидаларын немесе оларға дайындалу қағидаларын, сондай-ақ әскери әуе кемелерін пайдалану қағидаларын бұзу абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге не апатқа немесе жауынгерлік техниканың істен шығуына, не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігі деңгейінің ұзақ уақытқа төмендеуіне әкеп соқса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Адамның өліміне абайсызда әкеп соққан дәл сол әрекеттер —
төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекеттер —
белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ұшу қағидаларын немесе оларға дайындалу қағидаларын бұзудың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3-бөліктері — қылмыстар) оның адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруінде, Қазақстан Республикасы Әуе күштерінің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігін, мемлекеттің қорғаныс қабілетін төмендетуінде болып табылады.
Әуе кемелерін пайдалану қағидаларын қоса алғанда, ұшу, оларға дайындалу қағидаларынан немесе өзге де қағидалардан ауада да, ғарышта да ауытқу абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру, не апатқа немесе жауынгерлік техниканың істен шығуына, не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігі деңгейінің ұзақ уақытқа төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл зардаптар ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында, сондай-ақ адамның денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру (ҚК-нің 3-бабының 12) тармағы) ретінде көрсетілген.
Егер ұшу қағидаларын немесе оларға дайындалу қағидаларын бұзу не әскери әуе кемелерін пайдалану қағидаларын бұзу нәтижесінде адамның өліміне жол берілмесе, ол қылмыстық теріс қылық ретінде сараланады, кінәлі адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады, бірақ әскери қызметтен босатылмайды.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі — Қазақстан Республикасы Әуе күштерінде ұшуды жүзеге асырудың және оларға дайындалудың, сондай-ақ әскери әуе кемелерін пайдаланудың белгіленген тәртібі.
Ұшу және оларға дайындалу қағидалары, әскери әуе кемелерін пайдалану қағидалары Қазақстан Республикасының Әуе кодексімен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері авиациясының ұшуын жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықтармен, инженерлік-авиациялық қызмет, штурмандық қызмет жөніндегі нұсқаулықтармен және басқа да нормативтік актілермен белгіленеді.
Қосымша объектілер — әскери қызметшілер мен азаматтардың өмірі мен денсаулығы, сондай-ақ әскери және өзге де мүліктің сақталуы.
Объективтік жағынан қылмыстық құқық бұзушылық әскери әуе кемелерін пайдалану қағидаларын бұзудан, оның абайсызда қоғамға қауіпті зардаптарға әкеп соғуынан және көрсетілген бұзушылықтар мен қоғамға қауіпті зардаптар арасындағы себептік байланыстың болуынан көрінеді.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады.
Қылмыс абайсызда мынадай зардаптардың туындау сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі:
адамның денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру не апатқа немесе жауынгерлік техниканың істен шығуына, не әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігі деңгейінің ұзақ уақытқа төмендеуіне әкеп соққан кезде (1-бөлік);
адамның өліміне әкеп соққан кезде (2-бөлік);
екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан кезде (3-бөлік).
Субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен, яғни менмендік немесе немқұрайлылық түрінде сипатталады. Сонымен бірге құқық қорғау органдарының практикалық қызметкерлері қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы кінәнің екі нысанымен сипатталуы тиіс деп санайды: зардаптарға қатысты — абайсыздық, ал қағидалардың өзін бұзуға қатысты тікелей немесе жанама қасақаналық орын алады.
Менмендік кезінде кінәлі адам ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қағидалардың талаптарынан саналы түрде ауытқиды, алайда жеткілікті негіздерсіз көрсетілген зардаптардың туындауына жол бермеймін деп есептейді.
Немқұрайлылық кезінде кінәлі адам өзінің әрекеттерінің ұшу қауіпсіздігі қағидаларының талаптарына қайшы келетінін сезбейді, сондықтан зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжамайды, алайда әскери қызмет жөніндегі міндеттерін орындауға тиісінше қараған жағдайда оларды алдын ала болжауға тиіс әрі болжай алатын еді.
Кінәлі адам өзі меңгеруге міндетті қағидаларды білуге тиіс.
ҚК-нің 464-бабының 2-бөлігі адамның өліміне абайсызда әкеп соққан дәл сол әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді, ал 3-бөлігі — осы баптың 1-бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекеттер үшін жауаптылықты көздейді.
ҚК-нің 464-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген адамның өліміне абайсызда әкеп соғу, екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу ұғымдарының анықтамалары ҚК-нің 462-бабының 2 және 3-бөліктеріне берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚК-нің 464-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 464-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 464-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Орфографиялық қателер мен анық баспа қателері түзетілді. Мәтіннің мазмұны, құрылымы мен көлемі сақталды; тұжырымдар мен құқықтық ережелер өзгертілген жоқ.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Указ Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар