Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 14-бабына түсініктеме. Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылық

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 14-бабына түсініктеме. Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылық

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 14-бабына түсініктеме. Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылық

1. Ешкім де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша осы Кодексте белгіленген негіздер мен тәртіптен өзгеше түрде ұстап алынуға, күзетпен ұсталуға немесе өзге де жолмен бас бостандығынан айырылуға жатпайды.

2. Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және тек соттың санкциясымен, күзетпен ұсталған немесе үйқамаққа алынған адамға сотқа шағымдану құқығын бере отырып жол беріледі.

Соттың санкциясынсыз адам қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алынуы мүмкін, осы Кодексте адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға тікелей жол берілген жағдайларды қоспағанда.

3. Күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптамалар жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға сот шешімі бойынша ғана жол беріледі.

4. Әрбір ұстап алынған адамға ұстап алудың негіздері, сондай-ақ оның қылмыстық заңда көзделген қандай әрекетті жасағаны үшін күдікке ілінгені туралы дереу хабарланады.

5. Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің басшысы, медициналық ұйым заңсыз ұстап алынған немесе күзетпен ұсталған, не медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған, сондай-ақ заңда немесе үкімде көзделген мерзімнен тыс күзетпен ұсталған адамды дереу босатуға міндетті.

6. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысы азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жаза түрлеріне ұшыратылмауға тиіс.

Ешкімді адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылығын бұзатын процестік әрекеттер адамның немесе оның заңды өкілінің еркінен тыс осы Кодексте тікелей көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана жүргізілуі мүмкін.

Күзетпен ұсталатын адамның, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамның күзетпен ұсталуы оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс.

Азаматқа заңсыз бас бостандығынан айыру, өмірі мен денсаулығына қауіпті жағдайларда ұстау, оған қатыгездікпен қарау нәтижесінде келтірілген зиян осы Кодексте көзделген тәртіппен өтелуге жатады.

Ескертпе. 14-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен өзгеріс енгізілді (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылық – халықаралық құқықтың (Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 3, 9-баптары, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9-бабы) және қылмыстық процестің конституциялық қағидаты (Конституцияның 16-бабы). Әрбір адам өмір сүруге, бостандыққа және жеке басына қол сұғылмауына құқылы (3-бап); ешкім де негізсіз қамауға, ұстап алынуға немесе қуғынға ұшыратылмауға тиіс (9-бап) деп Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында жарияланған. Әрбір адам бостандыққа және жеке басына қол сұғылмауына құқылы; ешкім де негізсіз қамауға немесе күзетпен ұсталуға тиіс емес; ешкім де заңда белгіленген негіздер мен рәсімдерден өзгеше түрде бас бостандығынан айырылмауға тиіс, – деп Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 9-бабының 1-тармағында бекітілген. Бұдан басқа, АСҚХП-нің 9-бабының 2-тармағы ресми тұлғалардан ұстап алынған адамдарға оларды ұстап алудың заңды негіздері мен оларға тағылған барлық айыптар туралы кідіріссіз хабарлауды талап етеді. АСҚХП-нің 9-бабының 5-тармағында да мемлекет адамның осы баптың ережелерін кез келген бұзудан келтірілген зиянды заң күші бар тәртіппен өтету құқығын қамтамасыз етуі тиіс деген талап қамтылған. Мысалы, бұл құқық негізді күдіксіз күзетпен ұстау немесе кепілмен босату орынды болған жағдайда сотқа дейін негізсіз күзетпен ұстағаны үшін өтемақы алуды қамтиды. Халықаралық құжаттардың ережелері Конституцияда да көрініс тапқан. Әркімнің жеке бас бостандығына құқығы бар; тұтқындауға және күзетпен ұстауға заңда көзделген жағдайларда ғана және тек соттың санкциясымен, тұтқындалған адамға шағымдану құқығын бере отырып жол беріледі; соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға болады; ұстап алынған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам тиісінше ұстап алынған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы, – деп Конституцияның 16-бабында белгіленген.

14-баптың нормалары осы қағидаттың мәнін неғұрлым тығыз білдіретін және ҚПК-мен реттелетін үш жағдайлар тобын ажыратады: іс бойынша іс жүргізу кезінде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты қолданылуы мүмкін процестік мәжбүрлеу шаралары, оның ішінде ұстап алу, күзетпен ұстау (128–165-баптар); күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық немесе сот-медициналық сараптамалар жүргізу үшін медициналық мекемеге мәжбүрлеп (өз еркімен емес, күшпен) орналастыру (279-бап); жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылығын бұзатын тергеу әрекеттерін жүргізу (жәбірленушіні, куәны мәжбүрлеп куәландыру немесе күдіктіден, айыпталушыдан және басқа да адамдардан мәжбүрлеп үлгілер алу) (223, 268-баптар). Осылайша, жоғарыда аталған процестік шешімдер мен әрекеттер тергеліп жатқан қылмыстық істің негізгі мәселелеріне жатпайды (ҚПК-нің 59-бабының 4-бөлігі, 62-бабының 6-бөлігі, 63-бабының 6-бөлігі), алайда жеке адамның бас бостандығы мен оған қол сұғылмаушылығын едәуір шектейді, сондықтан Конституция мен ҚПК-нің ерекше қорғауында болады.

Заңның түбегейлі талабы – адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алған кезде қылмыстық қудалау органының лауазымды адамы осы адамға оның қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынғанын ауызша жариялайды, оған қорғаушыны шақыру құқығын, үнсіз қалу құқығын және оның айтқандары сотта өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін түсіндіреді. Егер ұстап алынған адам қазақ және (немесе) орыс тілдерін білмесе және т.б., оның құқықтарын түсіндіру күдікті ретінде жауап алу басталғанға дейін аудармашы мен қорғаушының қатысуымен жүзеге асырылады, бұл туралы жауап алу хаттамасында белгі жасалады (ҚПК-нің 131-бабының 1-бөлігі).

Күдіктіні күзетпен ұстаудан айырмашылығы, ұстап алу, әдетте, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалуы мүмкін қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамға қатысты жүзеге асырылады; қысқа мерзімді сипатқа ие (әдетте, қырық сегіз сағаттан аспайды; кәмелетке толмағандарды ұстап алған кезде – жиырма төрт сағаттан аспайды; ҚПК-де белгіленген жекелеген жағдайларда – жетпіс екі сағаттан аспайды); прокурордың немесе соттың санкциясын талап етпейді; қылмыстың жолын кесу және оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы мәселені шешу мақсатында жүзеге асырылады, бұдан басқа, адам жасырынып қалуы немесе неғұрлым ауыр әрекет жасауы мүмкін деп пайымдауға негіздер болған жағдайда қылмыстық теріс қылық бойынша іс жүргізуді қамтамасыз етуге бағытталған (ҚПК-нің 128-бабының 1-бөлігі). Сонымен қатар, күдіктіні ұстап алуды тек қылмыстық қудалау органдары ғана қолданады (ҚПК-нің 128-бабының 2-бөлігі). Сондай-ақ ұстап алудың, күзетпен ұстаудың және басқа да белгілердің материалдық-құқықтық шарттары (негіздері) бойынша да айырмашылық жүргізуге болады, олар ҚПК-де көзделген.

Қылмыс жасады деген күдікке ілінген және айыпталған адамдарды арнайы мекемелерде күзетпен ұстаудың тәртібі мен шарттары, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктері, сондай-ақ күзетпен ұстау орындары қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттері 1999 жылғы 30 наурыздағы «Қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде, арнайы үй-жайларда адамдарды ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен егжей-тегжейлі реттеледі. Арнайы мекемелерде (тергеу изоляторы, уақытша ұстау изоляторы) ұстау заңдылық, кінәсіздік презумпциясы, азаматтардың заң алдындағы теңдігі, ізгілік, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, халықаралық құқық нормалары қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады және арнайы мекемелерде ұсталатын күдіктілер мен айыпталушыларға дене немесе моральдық азап келтіруді мақсат ететін әрекеттермен қатар жүрмеуге тиіс (аталған Заңның 2-бабының 11–12-тармақтары, 4–5-баптары).

Жеке бастың бас бостандығына қол сұғылмаушылық қағидаты адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу қағидатымен тығыз байланысты және қылмыстық, қылмыстық-процестік және азаматтық заңнама нормаларымен де қорғалады (ҚПК-нің 13-бабына түсініктемені қараңыз). Заңсыз ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамаққа алу, лауазымынан уақытша шеттету, арнайы медициналық ұйымға орналастыру, соттау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану нәтижесінде адамға келтірілген зиян қылмыстық процесті жүргізетін органның кінәсіне қарамастан, бюджет қаражаты есебінен толық көлемде өтеледі (ҚПК-нің 37–42-баптары).

Бұл ретте қылмыстық процесті жүргізетін органдар әрекеттерінің заңсыздығы соттың үкімімен немесе қаулысымен не анықтау, алдын ала тергеу органы, прокурор шығарған қаулымен белгіленеді (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 «Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 2-тармағы), тиісінше, ҚПК-нің 37–42-баптарының қолданылу аясы қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамдарға не күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға, ақталғандарға қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан зиян келтірілген жағдайларға таралады. ҚПК-нің 38-бабында көрсетілген қылмыстық процесті жүргізетін органдар келтірген зиянды өтету құқығына ие адамдардың тізбесі толық болып табылады. Іс бойынша сот ісін жүргізуге қатысқан басқа адамдарға (куәларға, куәгерлерге, аудармашыларға және т.б.) келтірілген зиянды өтеу мәселесі азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен шешілуге жатады (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1999 жылғы 9 шілдедегі № 7 «Қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдану практикасы туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағы).

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне Марат Чекишевич Қоғамовтың 2020 жылғы түсініктемесі. Заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық істер Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

14-бап. Жеке басқа қол сұғылмаушылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

14-бап. Жеке басқа қол сұғылмаушылық Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі      1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiптен өзгеше ретте, е...

Толық оқу »

14-бап. Жеке басқа қолсұғылмаушылық ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

14-бап. Жеке басқа қолсұғылмаушылық ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi1. Осы Кодексте белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қыл...

Толық оқу »

14-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жеке басына қол сұғылмаушылық

14-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің жеке басына қол сұғылмаушылық 1. Осы Кодексте белгіленген негіздер мен тәртіптен...

Толық оқу »