Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 32-бабына түсініктеме. Жеке, жеке-жариялы және жариялы қудалау мен айыптау істері
1. Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай қылмыстық қудалау және сотта айыптау жеке, жеке-жариялы және жариялы тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабының (бірінші және екінші бөліктері), 123-бабының (бірінші бөлігі), 131-бабының, 147-бабының (бірінші және екінші бөліктері), 149-бабының (бірінші бөлігі), 150-бабының (бірінші бөлігі), 198-бабының (бірінші бөлігі), 199-бабының (бірінші бөлігі), 321-бабының (бірінші бөлігі), сондай-ақ осы баптың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152-бабының (бірінші және екінші бөліктері) баптарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жеке айыптау істері болып есептеледі. Бұл істер бойынша іс жүргізу жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады және оның айыпталушымен, сотталушымен татуласуына байланысты тоқтатылуға жатады.
3. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабының (бірінші бөлігі), 115-бабының, 120-бабының (бірінші бөлігі), 121-бабының (бірінші бөлігі), 126-бабының (бірінші бөлігі), 138-бабының, 139-бабының, 145-бабының, 148-бабының (бірінші бөлігі), 152-бабының (үшінші бөлігі), 153-бабының (бірінші бөлігі), 154-бабының, 155-бабының (бірінші бөлігі), 157-бабының (бірінші бөлігі), 158-бабының (бірінші бөлігі), 159-бабының, 187-бабының, 189-бабының (бірінші және екінші бөліктері), 190-бабының (бірінші бөлігі), 195-бабының (бірінші бөлігі), 198-бабының (екінші бөлігі), 199-бабының (екінші бөлігі), 201-бабының (бірінші бөлігі), 202-бабының (бірінші бөлігі), 204-бабының, 205-бабының (бірінші бөлігі), 206-бабының (бірінші бөлігі), 207-бабының (бірінші бөлігі), 208-бабының (бірінші бөлігі), 209-бабының (бірінші бөлігі), 211-бабының (бірінші бөлігі), 219-бабының (бірінші бөлігі), 223-бабының (бірінші және екінші бөліктері), 248-бабының (бірінші бөлігі), 250-бабының, 251-бабының (бірінші бөлігі), 319-бабының (бірінші және екінші бөліктері), 321-бабының (екінші бөлігі), 345-бабының (бірінші бөлігі), 389-бабының (бірінші бөлігі) баптарында, сондай-ақ егер ол жұмысқа қайта алу туралы сот шешімін орындамауға байланысты болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 152-бабының (бірінші бөлігі) бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жеке-жариялы айыптау істері болып есептеледі. Бұл істер бойынша іс жүргізу жәбірленушінің шағымы бойынша ғана басталады және оның күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен татуласуына байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабында көзделген жағдайларда ғана тоқтатылуға жатады.
4. Егер іс-әрекет дәрменсіз немесе тәуелді жағдайдағы адамның мүдделерін қозғайтын болса не ол басқа себептермен өзіне тиесілі құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабілетсіз болса, сондай-ақ жеке-жариялы айыптау ісі қоғамның немесе мемлекеттің мүдделерін қозғайтын болса, прокурор жәбірленушінің шағымы болмаған кезде де жеке және жеке-жариялы айыптау істері бойынша іс жүргізуді бастайды немесе жалғастырады.
5. Қылмыстық құқық бұзушылық туралы хабар Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімінде тіркелгеннен және кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін жәбірленушінің шағымы болмаған кезде жеке және жеке-жариялы айыптау мен қудалау істері бойынша іс жүргізу тіркелген сәттен бастап үш тәуліктен кешіктірілмей осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көзделген негіз бойынша тоқтатылуға жатады.
6. Осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген істерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істер жариялы айыптау істері болып есептеледі. Бұл істер бойынша қылмыстық қудалау жәбірленушінің шағым беруіне қарамастан жүзеге асырылады.
Ескерту. 32-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 3 шілдедегі № 84-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2018 жылғы 12 шілдедегі № 180-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 1 сәуірдегі № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VI Заңымен (қолданысқа енгізу тәртібін 2-баптан қараңыз); 2020 жылғы 26 маусымдағы № 349-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) өзгерістер енгізілді.
Қылмыстық қудалау мен айыптауды үш процестік тәртіпке бөлу қылмыстық құқық бұзушылықтардан зардап шеккен жәбірленушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін, олардың саралануына, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және жазаланушылығына қарай қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтарға бөлінетін құқық бұзушылықтардың ерекшеліктерін ескере отырып, жедел қорғауға; қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғауға; іс бойынша іс жүргізу кезінде елеулі процестік үнемділікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қылмыстық теріс қылық деп кінәлі түрде жасалған, қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін, жеке адамға, ұйымға, қоғамға және мемлекетке болмашы зиян келтірген не зиян келтіру қаупін туғызған, оны жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу түріндегі жаза көзделген іс-әрекет танылады (ҚК-нің 10-бабының 1–3-бөліктері). Осылайша, қылмыстан айырмашылығы, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін бас бостандығын шектеу және бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазалар көзделмейді (ҚК-нің 40-бабының 1–2-бөліктері). Оның үстіне, қылмыстық теріс қылық жасау адамның соттылығына әкеп соқпайды (ҚК-нің 79-бабының 2-бөлігі).
Қылмыстық қудалау мен айыптауды жүргізудің мұндай тәртібі қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен жәбірленушілердің іс жүргізуге белсенді қатысуын көздейтінін атап өткен жөн. Заңда көзделген жағдайларда олар жеке айыптаушыларға айналып, қылмыстың алдын алу мен оған қарсы күреске белгілі бір үлес қосады.
Мәселе мынада: әдетте, ҚПК-нің 32-бабының нормаларында көрсетілген қылмыстық қудалау мен айыптау істерінің барлығы қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккен жәбірленушінің шағымы бойынша ғана туындайды. Алайда бұл қағида жәбірленушінің шағым беруіне қарамастан да басталуы мүмкін жариялы қылмыстық қудалау және айыптау істеріне қолданылмайды (ҚПК-нің 187, 191-баптары).
1. Қылмыстық қудалау мен айыптауды құрудың мұндай процестік тәртібінің негізіне қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты (саралануы), ауырлығы (қоғамдық қауіптілік дәрежесі, санаты) және оны жасағаны үшін көзделген жаза алынғанын ескерген жөн. Қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануын, оны жасағаны үшін көзделген жазаны қамтитын нормалар ҚК-нің Ерекше бөлімінің баптарында баяндалған, онда олар қылмыстық қол сұғушылық объектісіне қарай жіктелген. Қылмыстардың санаттары ҚК-нің 11-бабында көрсетілген және осы норманы ҚК-нің Ерекше бөлімінің нормаларымен қарапайым салыстыру арқылы жасалған қылмыстың сипатын, ауырлығын және жазаланушылығын анықтауға мүмкіндік береді.
2. ҚК-нің 11-бабына сәйкес, ҚК-нің Ерекше бөлімінің баптарында көзделген барлық қылмыстар сипатына, қоғамдық қауіптілік дәрежесіне және жазаланушылығына қарай онша ауыр емес қылмыстарға (қасақана іс-әрекет үшін ең жоғары жаза екі жылға дейінгі бас бостандығынан айырудан, абайсызда жасалған іс-әрекет үшін бес жылға дейінгі бас бостандығынан айырудан аспайды); ауырлығы орташа қылмыстарға (қасақана іс-әрекет үшін ең жоғары жаза бес жылға дейінгі бас бостандығынан айырудан, абайсызда жасалған іс-әрекет үшін бес жылдан астам бас бостандығынан айырудан аспайды); ауыр қылмыстарға (қасақана іс-әрекет үшін ең жоғары жаза он екі жылға дейінгі бас бостандығынан айырудан аспайды); аса ауыр қылмыстарға (қасақана іс-әрекет үшін жаза он екі жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы түрінде белгіленеді) бөлінеді. Осыдан-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстардың қылмыстық теріс қылықтарға жатқызылмайтыны, ал ауыр және аса ауыр қылмыстардың абайсызда жасалған іс-әрекеттер деп танылмайтыны көрінеді.
3. Қылмыстық теріс қылықтардың толық тізбесі ҚПК-нің 191-бабының 15–24-бөліктерінде келтірілген.
Осы процестік тәртіптер бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктеріне жеке тоқталған жөн.
Жеке қудалау және айыптау деп аталатын істер бойынша, әдетте, анықтау, алдын ала тергеу, жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысаны, бұйрықтық іс жүргізу жүргізілмейді. Жеке айыптау қылмыстық ісі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағымды соттылық қағидаларын сақтай отырып, сотқа беру арқылы бір немесе бірнеше адам тарапынан қозғалады. Бұл ретте заң сот процесін өткізудің негізі ретінде өзге негіздерді, мысалы, қылмыстық қудалау органының қызметкері жасаған баянатты емес, дәл жәбірленушінің шағымын заңдастырады. Бұл осы санаттағы істердің ерекшелігіне байланысты. Жеке қудалау және айыптау қылмыстары туралы шағым анықтау органына, тергеушіге немесе прокурорға берілген жағдайда, әдетте, егер кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін жүргізу қажет болмаса, ол дереу сотқа жіберілуге жатады (ҚПК-нің 179-бабының 5-бөлігі, 186-бабының 5-бөлігі, 408-бабының 1-бөлігі). Бұдан әрі белгіленген тәртіппен жәбірленушінің шағымы бойынша негіздер болған жағдайда тиісті үкім немесе судьяның өзге де қаулысы шығарылатын әдеттегі басты сот талқылауы жүргізіледі (ҚПК-нің 407–413-баптары). Сот талқылауы басталғанға дейін, сондай-ақ сот тергеуі басталғанға дейін судья тараптарға өзара татуласу мүмкіндігін, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкіндігін, татуласудың тәртібі мен салдарын түсіндіреді. Тараптардың татуласу туралы өтінішхаты қылмыстық іс бойынша түпкілікті сот шешімін шығару үшін соттың кеңесу бөлмесіне кетуіне дейін мәлімделуі мүмкін (ҚПК-нің 409-бабының 6–7-бөліктері, 411-бабының 4-бөлігі).
Жеке айыптау істерінен айырмашылығы, жеке-жариялы қудалау және айыптау істері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың түріне (қылмыстық теріс қылық немесе қылмыс) қарай тиісті процестік нысандарда стандартты сотқа дейінгі тергеп-тексеру, сондай-ақ басты сот талқылауы жүргізіледі. Алайда бұл жерде де заңның бұлжымас қағидасы бойынша, жеке қудалау және айыптау істері сияқты, олар да, әдетте, жәбірленушінің шағымы бойынша ғана туындайды.
Қалған барлық қылмыстық істер жәбірленушінің шағым беруіне қарамастан туындайды және жариялы (ресми) қудалау мен айыптау істері болып есептеледі. Олар бойынша заңда көзделген процестік нысандарда стандартты сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы жүргізіледі. Қылмыстық істердің анықтау органдарының (ҚПК-нің 191-бабы) және алдын ала тергеу органдарының (ҚПК-нің 187-бабы) тергелуін реттейтін ҚПК нормаларына қарағанда, мұндай істер басым көпшілікті құрайды. Мұнда қоғам мен мемлекеттегі заңдылықты, құқықтық тәртіп пен демократияны нығайтуға бағытталған, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды бейтарап, жылдам әрі толық ашу және тергеу, айыпталушыларды сотқа беру және сот талқылауларын өткізу арқылы көрініс табатын мемлекеттің тікелей еркі мен мүдделілігі байқалады.
Жеке қудалау және айыптау істері, олардың жекелеген құрамдарына жасалған талдау көрсеткендей, ҚК-нің он бір бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарын қамтиды, оның ішінде: денсаулыққа абайсызда зиян келтіру (114-баптың 1–2-бөліктері – қылмыстық теріс қылықтар); жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынасына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасына немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу (123-бап – онша ауыр емес қылмыс); қорлау (131-бап – қылмыстық теріс қылықтар); жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу (147-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс, 2-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); тұрғынжайға қол сұғылмаушылықты бұзу (149-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіру (150-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу (152-баптың 1–2-бөліктері – қылмыстық теріс қылықтар); авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу (198-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); өнертабысқа, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетістіктерге немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу (199-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); дәрігерлік құпияны жария ету (321-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық).
Жоғарыда көрсетілген талдаудан жеке қудалау және айыптау істеріне жататын қылмыстық құқық бұзушылықтар (қылмыстық теріс қылықтар мен тиісті санаттағы қылмыстар) бойынша заңда белгіленген белгілі бір жағдайларда (жәбірленушінің дене, психикалық, жас ерекшеліктері және оның құқықтық тұрғыдан осал қорғалуына әкеп соғатын өзге де себептер (ҚПК-нің 32-бабының 4-бөлігі)) прокурор олардың сипаты мен ауырлық дәрежесіне қарай ҚПК-де белгіленген тәртіппен, жәбірленушінің шағымы болмаған кезде де, хаттамалық нысанда, бұйрықтық іс жүргізу нысанында немесе анықтау нысанында (оның ішінде жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тәртібімен) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға құқылы екені туындайды. Тек осы жағдайларда ғана ол сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаудың ҚПК-нің 180-бабында бекітілген өзге де себептерін: арыздарды, хабарларды, баянаттарды және т.б. негізге алуға құқылы.
Жеке-жариялы қудалау және айыптау істеріне ҚК-нің қырық бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамдары жатқызылған, оның ішінде: азаптау (110-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); қорқыту (115-бап – қылмыстық теріс қылық); зорлау (120-баптың 1-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері (121-баптың 1-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); заңсыз бас бостандығынан айыру (126-баптың 1-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); бала асырап алу (қыз асырап алу) құпиясын жария ету (138-бап – қылмыстық теріс қылық); балаларды күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға қаражат төлеуден жалтару (139-бап – онша ауыр емес қылмыс); адам мен азаматтың тең құқықтылығын бұзу (145-бап – қылмыстық теріс қылық); хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, пошта, телеграф хабарламаларының немесе өзге де хабарлардың құпиясын заңсыз бұзу (148-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу, егер ол жұмысқа қайта алу туралы сот шешімін орындамауға байланысты болса (152-баптың 3-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); кәмелетке толмағандарға қатысты Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу (153-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); жұмыскерлер өкілдерінің заңды қызметіне кедергі келтіру (154-бап – қылмыстық теріс қылық); жиналыс, митинг, демонстрация, шеру, пикет өткізуге немесе оларға қатысуға кедергі келтіру (155-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); ереуілдерге қатысуға немесе ереуілдерге қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу (157-баптың 1-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру (158-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу (159-бап – қылмыстық теріс қылық); ұсақ-түйек жымқыру (187-бап – қылмыстық теріс қылық); сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу (189-баптың 1–2-бөліктері – ауырлығы орташа қылмыстар); алаяқтық (190-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру (195-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу (198-баптың 2-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); өнертабысқа, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетістіктерге немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу (199-баптың 2-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); жерге заттық құқықтарды бұзу (201-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру (202-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); бөтеннің мүлкін абайсызда жою немесе бүлдіру (204-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); ақпараттық жүйеге немесе ақпараттық-коммуникациялық желіге ақпаратқа құқыққа сыйымсыз қол жеткізу (205-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); ақпаратты құқыққа сыйымсыз жою немесе түрлендіру (206-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); ақпараттық жүйенің немесе ақпараттық-коммуникациялық желінің жұмысын бұзу (207-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); ақпаратты құқыққа сыйымсыз иеленіп алу (208-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); ақпаратты беруге мәжбүрлеу (209-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); қолжетімділігі шектеулі электрондық ақпараттық ресурстарды құқыққа сыйымсыз тарату (211-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); кредитті заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану (219-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу және жария ету (223-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс, 2-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүрлеу (248-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс); өкілеттіктерді теріс пайдалану (250-бап – ауырлығы орташа қылмыс); жекеше нотариустардың, бағалаушылардың, жеке сот орындаушыларының, медиаторлардың және аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудиторлардың өкілеттіктерді теріс пайдалануы (251-баптың 1-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); абортты заңсыз жасау (319-баптың 1-бөлігі – онша ауыр емес қылмыс, 2-бөлігі – ауырлығы орташа қылмыс); дәрігерлік құпияны жария ету (321-баптың 2-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы (345-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық); өз бетінше билік ету (389-баптың 1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық).
Аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар қылмыстық теріс қылықтарға да, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар санаттарына да жатады.
Прокурор жеке-жариялы қудалау және айыптау ісін жәбірленушінің шағымы болмаған кезде де бастауға құқылы, өйткені іс-әрекетпен тек жәбірленушінің ғана емес, қоғам мен мемлекеттің де мүдделеріне нұқсан келтірілуі мүмкін (ҚПК-нің 32-бабының 4-бөлігі). Мұндай жағдайда заңда тергелу ретіне сәйкес ол бойынша қылмыстық теріс қылықтар жөніндегі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің хаттамалық нысаны, бұйрықтық іс жүргізу не қылмыстық қудалау органдары жүзеге асыратын стандартты анықтау (оның ішінде жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру) жүргізіледі. Ол қылмыстық теріс қылық туралы хаттамамен, бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулымен немесе айыптау актісімен аяқталады және, әдетте, басты сот талқылауы өткізіледі.
94
Дәл осындай жағдай туындаған кезде прокурор сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау үшін шағымнан басқа барлық өзге де себептерді: арыздарды, хабарларды, баянаттарды және т.б. пайдалануға құқылы (ҚПК-нің 180-бабын қараңыз).
1. Жеке, жеке-жариялы және жариялы қудалау мен айыптау істері заңда көрсетілген негіздер бойынша, оның ішінде медиация тәртібімен де тоқтатылуы мүмкін екенін атап өткен жөн (ҚПК-нің 35–36-баптары).
Осыған байланысты ҚПК-нің 32-бабының 5-бөлігі жеке қудалау және айыптау істері бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрі туралы хабар (шағым емес) Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімінде тіркелгеннен және кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін үш тәуліктен аспайтын мерзім ішінде қылмыстық процесті жүргізетін органға жәбірленушінің толыққанды шағымы келіп түспеген жағдайда, ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағы бойынша іс жүргізуді тоқтату жағдайларын да реттейді. Өкінішке қарай, заң мұндай шешімді қабылдауға құқылы органды көрсетпейді. ҚПК-нің 32-бабының 5-бөлігінің мәні бойынша, мұндай шешімді жеке айыптау ісінің белгілері бар қылмыстық құқық бұзушылық фактісі туралы хабар келіп түскен қылмыстық қудалау органы қабылдайды, өйткені кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерін дәл осы орган жүргізеді. Алайда мұндай жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағында көзделген адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқығы бұзылады. Жеке айыптау істері бойынша бұл міндет бірінші сатыдағы соттарға жүктелген. Біздің ойымызша, кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерінің материалдары қоса берілген мұндай хабарлар сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарымен дереу соттарға берілуге тиіс. Соттар олар бойынша тиісті шешімдер қабылдауға, оның ішінде сотқа жәбірленушінің қосымша шағымы келіп түспеген жағдайда ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағында көрсетілген негіз бойынша қылмыстық істі іс жүргізумен тоқтатуға тиіс. Яғни аталған материалдар келіп түскен судья адамды шақырып, оған жеке айыптау ісін қозғау үшін шағым беру құқығын түсіндіруге міндетті. Қылмыстық қудалау органдары да осындай тәртіппен әрекет етуге тиіс: олар келіп түскен хабарға және кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттерінің жүргізілуіне байланысты адамды шақырып, оған жеке айыптау ісін қозғау тәртібін түсіндіруге және барлық материалдарды соттылығы бойынша сотқа жіберу үшін тиісті шағым беруді ұсынуға міндетті.
Жеке-жариялы қудалау және айыптау істеріне келетін болсақ, оларды ҚК-нің 68-бабында көрсетілген негіздер бойынша, яғни кінәлі адам жәбірленушімен, арыз берушімен, оның ішінде медиация тәртібімен татуласқан және келтірілген зиянды қалпына келтірген жағдайда тоқтатуға болады. Алайда осы істер бойынша да, егер хабар (шағым емес) Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тізілімінде тіркелгеннен және кейінге қалдыруға болмайтын тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жәбірленушінің толыққанды шағымы келіп түспесе, аталған қылмыстық іс ҚПК-нің 35-бабы бірінші бөлігінің 5) тармағы бойынша да тоқтатылуға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме. Авторы: Қоғамов Марат Чекішұлы, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар