Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 4-бабына түсініктеме. Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің қылмыстық-процестік құқығын қолдану
Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттің қылмыстық-процестік құқығын шет мемлекеттің тергеу органдары мен сотының немесе олардың тапсырмасы бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органның қолдануына, егер бұл Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделсе, жол беріледі.
1. Талданып отырған норманың қағидалары ҚПК-нің 1–3-баптарының нормаларын түсіндірумен де тығыз байланысты және ҚР аумағында шет мемлекеттердің қылмыстық-процестік құқығы нормаларын қолдану мүмкіндігіне жол береді. Алайда бұл мәселеде төмендегілерді басшылыққа алу қажет.
Шетелдік қылмыстық-процестік заңның нормалары ҚР аумағында, егер бұл Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы халықаралық шарттарында, келісімдерінде, конвенцияларында тікелей көзделсе, қолданылуы мүмкін; бұл ретте тиісті шет мемлекетте тіркелген, айырым белгілері, туы бар, тиісті мемлекеттің порттарына тіркелген және өз мемлекетінің аумағынан тыс жерде Қазақстан аумағында жүрген әуе, теңіз кемелері, сондай-ақ ҚР аумағындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан орындар туралы сөз болып отыр. Соңғы жағдайда аталған объектілердің иммунитеті (қол сұғылмаушылығы) ҚР заңдарымен ратификацияланған көптеген халықаралық заңнамалық актілердің қорғауында болады. Алайда кез келген жағдайда шет мемлекеттің қылмыстық-процестік заңнамасының нормалары Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттардың, келісімдердің, конвенциялардың қағидаттары мен нормаларына қатаң сәйкестікте қолданылуға тиіс. Қылмыстық-процестік қызметте ҚР аумағында шет мемлекеттің қылмыстық-процестік заңының нормаларын қолдану қажеттілігі туындаған кезде, әдетте, проблемалар туындамайды. Сонымен бірге «Байқоңыр» кешенінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстылықпен күресу барысында орын алған жағдайларға ұқсас ахуалдарға жол берілмеуге тиіс. Сол кезде «Байқоңыр» кешеніндегі құқықтық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық актілердің сапасының төмендігі салдарынан ҚР азаматтары кешен аумағында және оның шегінен тыс жерлерде қылмыс жасаған кезде оларға қатысты РФ юрисдикциясы мен ҚПК нормаларын қолдану орын алған болатын. Құқық қорғау органдары мен РФ соттарының Қазақстан азаматтарына қатысты ҚР аумағындағы юрисдикциясы бөлігінде ҚР мен РФ арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы тиісті шарттар мен келісімдердің нормаларын ҚР Конституциялық Кеңесі ҚР Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды (2001 жылғы 7 мамырдағы № 6/2 «Қызылорда облыстық сотының «Байқоңыр» кешенін жалдау туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігін, «Байқоңыр» кешенінің аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5 және 11-баптарын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы туралы» ҚР Конституциялық Кеңесінің қаулысы; 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 «Халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешімдерін орындау тәртібіне қатысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабы нормаларын ресми түсіндіру туралы» ҚР Конституциялық Кеңесінің нормативтік қаулысы, 1, 4-тармақтар, қарар бөлігі).
2. Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы ҚР басқа мемлекеттермен жасасқан және ратификациялаған шарттары, келісімдері мен конвенциялары негізінде шет мемлекеттердің құзыретті мекемелерінен келіп түсетін тапсырмаларды орындау тәртібі туралы нормаларды талдау белгілі бір практикалық қызығушылық тудырады. Оларда, ең болмағанда, жалпы түрде ҚР аумағында шетелдік қылмыстық-процестік заңның нормаларын қолдану мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы айтылады.
Мәселен, Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Минск конвенциясының 8-бабының 1-тармағына және Кишинев конвенциясының 8-бабының 1-тармағына сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындау кезінде тапсырма жолданған әділет мекемесі өз мемлекетінің заңнамасын қолданады. Алайда тапсырма берген мекеменің өтініші бойынша, егер олар өз мемлекетінің заңнамасына (немесе заңнамасының негізгі қағидаттарына) қайшы келмесе, тапсырма берілген Уағдаласушы Тараптың процестік нормаларын қолдана алады. Бұл ретте сұрау салушы Уағдаласушы Тарап процестік заңның мәтінін ұсынуға тиіс (Кишинев конвенциясының 8-бабының 1-тармағы).
Жалпы алғанда, дәл осындай тәртіп, мысалы, ҚР мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шарттың 8-бабының 1-тармағында; ҚР мен Моңғолия арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 15-бабының 2-тармағында; ҚР мен Литва Республикасы арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шарттың 8-бабының 1-тармағында; ҚР мен Қырғыз Республикасы арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шарттың 16-бабында; ҚР мен КХДР арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 5-бабының 1-тармағында; ҚР мен ҚХР арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың 12-бабында; ҚР мен Грузия арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 16-бабында; ҚР мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 8-бабының 1-тармағында; ҚР мен Үндістан Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 5-бабының 1-тармағында және т.б. тұжырымдалған.
Сонымен бірге бірқатар шарттарда сұрау салуларды Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына сәйкес орындау көзделген. Мысалы, бұл талап ҚР мен Румыния арасындағы Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың 6-бабының 1-тармағында тікелей көзделген (бұл ретте, егер сұрау салуды Сұрау салушы Тарап белгілеген процестік талаптарға сәйкес толық немесе ішінара орындау мүмкін болмаса, тіпті мұндай талаптар Сұрау салынатын Тарапта көзделмеген жағдайда да, Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің негізгі құқықтық қағидаттарына қайшы келмейтін шамада орындайды — 6-баптың 2-тармағы); ҚР мен Болгария Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шарттың 8-бабының 2-тармағында (құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына және тапсырмада сипатталған рәсімдерге сәйкес, егер олар Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына және оның құқығының негізгі қағидаттарына қайшы келмесе, орындалады); ҚР мен АҚШ арасындағы шарттың 5-бабының 3-тармағында (шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, сұрау салулар Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасына сәйкес орындалады. Дегенмен, Сұрау салынатын Мемлекеттің заңнамасында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, сұрау салуда көрсетілген орындау тәртібінің сақталуы қамтамасыз етіледі); ҚР ратификациялаған Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы Америкааралық конвенцияның 10-бабында (сұрау салушы мемлекет ұсынған көмек көрсету туралы сұрау салулар жазбаша нысанда берілуге және сұрау салынатын мемлекеттің ішкі заңнамасына сәйкес орындалуға тиіс. Көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген рәсімдер сұрау салынатын мемлекеттің заңнамасы бұзылмайтын шамада сұрау салушы мемлекет айқындаған тәртіппен орындалады); ҚР мен Италия Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 6-бабының 1–2-тармақтарында (Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу орындайды. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы шақырылатын адамдардың келуі туралы шақыру қағаздарын, тінту, алып қою, қамауға алу немесе тәркілеу туралы шешімдерді не сұрау салуды орындау үшін қажетті кез келген басқа да шараларды шығарады (1-тармақ). Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тарап белгілеген тәртіппен орындайды (2-тармақ); ҚР мен Венгрия арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 6-бабының 1–2-тармақтарында (Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарап жіберген сұрау салуларды өзінің ұлттық заңнамасында көзделген рәсімдер мен тәртіпке сәйкес орындайды (1-тармақ). Құқықтық көмек көрсету кезінде Сұрау салынатын Тарап сұрау салу бойынша Сұрау салушы Тарап талап ететін арнайы рәсімді, егер мұндай рәсім оның ұлттық заңнамасына сәйкес келсе, қолдана алады (2-тармақ); ҚР мен Монако Князьдігі арасындағы Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттың 6-бабының 1–2-тармақтарында (Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес дереу орындайды. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органы шақырылатын адамдардың келуі туралы шақыру қағаздарын, тінту, алып қою, қамауға алу туралы шешімдерді не сұрау салуды орындау үшін қажетті кез келген басқа да шараларды шығарады (1-тармақ). Сұрау салынатын Тарап сұрау салуды, егер бұл Сұрау салынатын Тараптың ұлттық заңнамасына қайшы келмесе, Сұрау салушы Тарап белгілеген тәртіппен орындайды (2-тармақ).
Бұдан басқа, құқықтық көмек көрсету туралы тапсырмаларды орындаудың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру мақсатында шарттар, келісімдер мен конвенциялар (алайда олардың барлығы емес) бір Уағдаласушы Тараптың құзыретті органдары өкілдерінің екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында сұрау салу шеңберінде процестік әрекеттерді жүргізу кезінде қатысуына жол береді. Ол үшін, әдетте, екінші Тараптың келісімі және сұрау салуда (өтінішхатта) көрсетілген процестік әрекеттерді жүргізу күні мен орны туралы хабарлау қажет. Мысалы, бұған Кишинев конвенциясы жол береді (бірлескен тергеу-жедел топтарын құру). Оның нормаларына сәйкес тергеу әрекеттерін, іздестіру немесе жедел-іздестіру іс-шараларын олар жүргізілетін аумақтағы Уағдаласушы Тараптың бірлескен тергеу-жедел тобының мүшелері жүзеге асырады. Бір Уағдаласушы Тараптың бірлескен тергеу-жедел тобы мүшелерінің екінші Уағдаласушы Тараптың аумағында тергеу әрекеттерін, іздестіру және жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге қатысуы Конвенцияның 63-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сұрау салынатын Тараптың заңнамасымен және Шарттың талаптарымен тыйым салынбаған көлемде қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау кезінде осындай қатысуға, мысалы, ҚР мен Қырғыз Республикасы арасындағы шарттың 37-бабы; ҚР мен Литва Республикасы арасындағы шарттың 74-бабы; ҚР мен Өзбекстан Республикасы арасындағы шарттың 8-бабының 3-тармағы, 101-бабы; ҚР мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы шарттың 34-бабы; ҚР мен Үндістан Республикасы арасындағы шарттың 8-бабының 2–3-тармақтары; ҚР мен Грузия арасындағы шарттың 37-бабы; ҚР мен Түркия Республикасы арасындағы Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және адамдарды беру туралы келісімнің 5-бабы; ҚР мен Чех Республикасы арасындағы шарттың 7-бабының 2-тармағы, 10-бабының 2-тармағы; ҚР мен БАӘ арасындағы келісімнің 9-бабының 2-тармағы; ҚР мен Испания Корольдігі арасындағы конвенцияның 7-бабының 2-тармағы, 14-бабының 2-тармағы; ҚР мен Болгария Республикасы арасындағы шарттың 10-бабы; ҚР мен Монако Князьдігі арасындағы шарттың 6-бабының 3-тармағы; ҚР мен Италия Республикасы арасындағы шарттың 6-бабының 3-тармағы; ҚР мен Венгрия арасындағы шарттың 6-бабының 3-тармағы; ҚР мен АҚШ арасындағы шарттың 8-бабының 2–3-тармақтары жол береді.
Мәселен, ҚР мен Испания Корольдігі арасындағы конвенция Сұрау салушы Тараптың құзыретті органдарына Сұрау салынатын Тараптың аумағында осы Тараптың заңнамасына сәйкес оның өз құзыретті органдарына бекітілген функцияларды орындау құқығын бермейді, бұған осы Конвенцияның 14-бабында көзделген жағдайлар кірмейді (3-баптың 2-тармағы).
Сонымен бірге ҚР мен Моңғолия; ҚР мен КХДР; ҚР мен ҚХР; ҚР мен Румыния арасындағы шарттар мен келісімдер, сондай-ақ Америкааралық конвенция бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органдар лауазымды адамдарының қатысуына жол берілмейді.
Мысалы, Қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы Америкааралық конвенцияның 2-бабы қатысушы мемлекеттердің ешқайсысына басқа қатысушы мемлекеттің аумағында оның ішкі заңнамасына сәйкес сол мемлекеттің органдарының айрықша құзыретіне жататын юрисдикцияны жүзеге асыруға немесе функцияларды орындауға өкілеттік бермейді.
Зерттелген барлық шарттардың, келісімдер мен конвенциялардың ішінде Қазақстанда орындалуына қатысуға рұқсат етілген шет мемлекеттердің қылмыстық процесті жүргізетін органдарының лауазымды адамдарының құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуларды (өтінішхаттарды) орындау кезіндегі процестік мәртебесі ҚР мен Үндістан Республикасы арасындағы шарттың 8-бабында неғұрлым толық баяндалған. Атап айтқанда, оларға Сұрау салынатын Тарапта дәлелдемелерді жинау кезінде қатысуға және осындай құжаттарды алуға қатысуға рұқсат етіледі (2-тармақ). Бұдан басқа, дәлелдемелерді жинауға қатысу құқығына адвокаттың сұрақтар қою мақсатында қатысу құқығы да кіреді. Құқықтық көмек көрсету туралы өтінішті орындау кезінде қатысатын адамдарға техникалық құралдарды пайдалана отырып, процестік әрекеттердің сөзбе-сөз жазбасын жүргізуге рұқсат етілуі мүмкін (3-тармақ).
Жалпы алғанда, құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде қатысуы қажет адамдардың қатысуы және олардың көмек сұратылатын қылмыстық тергеп-тексерудегі рөлі ҚР мен Чех Республикасы арасындағы шарт бойынша да осыған ұқсас сипатта болады: «Сұрау салынатын Тарап құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда көрсетілген адамдардың Сұрау салынатын Тараптың заңнамасына қайшы келмейтін құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде қатысуына рұқсат бере алады; Сұрау салынатын Тарап жауапкердің немесе өздеріне қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын адамдардың адвокатының қатысуына рұқсат береді. Осы мақсатта Сұрау салынатын Тарап Сұрау салушы Тарапқа құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау күні, уақыты және орны туралы алдын ала хабарлайды; қажет болған жағдайда Орталық органдар екі Тарапқа да қолайлы күнді белгілеу жөнінде өзара консультациялар өткізеді. Осы бапқа сәйкес құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды орындау кезінде қатысуына рұқсат етілген адамдар Сұрау салынатын Тараптың сұрау салуды орындайтын құзыретті органдарына оны орындауға немесе сұратылған көмектің мақсатына қол жеткізуге ықпал ететін қосымша сұрақтар ұсына алады және оны орындау жөнінде басқа да ұсыныстар енгізе алады; сұрау салуды орындайтын Сұрау салынатын Тараптың құзыретті органдары қосымша сұрақтар қою немесе осындай ұсыныстарды қолдану-қолданбау туралы өз қалауы бойынша шешім қабылдайды» (10-баптың 2-тармағы).
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме авторы: Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар