Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 73-бабына түсініктеме. Азаматтық талап қоюшы

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 73-бабына түсініктеме. Азаматтық талап қоюшы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 73-бабына түсініктеме. Азаматтық талап қоюшы

1. Азаматтық талап қоюшы деп қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның іс-әрекетімен келтірілген мүліктік немесе моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап қойған жеке немесе заңды тұлға танылады.

2. Қойылған талапты қолдау мақсатында азаматтық талап қоюшының:

1) күдіктің, айыптаудың мәнін білуге;

2) дәлелдемелер ұсынуға;

3) қойылған талап бойынша түсініктемелер беруге;

4) қылмыстық іске қосу үшін материалдар ұсынуға;

5) өтінішхаттар мен қарсылық білдірулер мәлімдеуге, өзі білетін ана тілінде немесе тілде айғақтар мен түсініктемелер беруге;

6) аудармашының тегін көмегін пайдалануға, өкілінің болуына;

7) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға;

8) прокурордың, тергеушінің немесе анықтаушының рұқсатымен өзінің немесе өкілінің өтінішхаты бойынша жүргізілетін тергеу әрекеттеріне қатысуға;

8-1) қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс туралы іс бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдануға келісім білдіруге;

9) сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін азаматтық талап қоюға қатысты іс материалдарымен танысуға және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, олардан кез келген мәліметті кез келген көлемде жазып алуға;

10) өзінің мүдделерін қозғайтын қабылданған шешімдер туралы білуге және іс жүргізу шешімдерінің көшірмелерін алуға;

11) мәлімделген азаматтық талапқа қатысты;

12) кез келген сот сатысында азаматтық талапты қарауға қатысуға;

13) сот жарыссөздерінде сөз сөйлеуге;

14) сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге;

15) қылмыстық процесті жүргізетін органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдар келтіруге;

16) үкімге және сот қаулыларына азаматтық талапқа қатысты бөлігінде шағым жасауға;

17) іс бойынша азаматтық талап бөлігінде келтірілген шағымдар, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтары туралы білуге және оларға қарсылық білдіруге;

18) мәлімделген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттары мен наразылықтарын сотта қарауға қатысуға;

19) осы Кодекстің 173-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда, жәбірленушілерге келтірілген зиянды өтеу қорының қаражаты есебінен келтірілген зиян үшін өтемақы алуға;

20) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы мәлімдеуге құқығы бар.

3. Азаматтық талап қоюшы осы Кодекстің 71-бабының сегізінші бөлігінде көзделген міндеттерді атқарады.

4. Азаматтық талап қоюшының заңда көзделген басқа да құқықтары болады және ол басқа да міндеттерді атқарады.

Ескерту. 73-бапқа Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 11 шілдедегі № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2017 жылғы 21 желтоқсандағы № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 2018 жылғы 10 қаңтардағы № 132-VI Заңымен (2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі) өзгерістер енгізілген.

ҚПК нормаларында «азаматтық талап қоюшы» ұғымы «айыптау тарапы» және «қылмыстық процестің қатысушылары» деген тіркестермен байланыстырылады (7-баптың 2), 25) тармақшалары). Бұл ретте ол жеке, жеке-жариялы және жариялы қудалау мен айыптау тәртібіндегі қылмыстық құқық бұзушылықтан жәбірленуші деп танылатын тұлға болуы міндетті емес. Барлық жағдайларда бұл қылмыстық құқық бұзушылықпен моральдық, дене немесе мүліктік зиян келтірілген іс бойынша азаматтық талап қоюға құқығы бар жеке немесе заңды тұлға (жәбірленуші, прокурор, заңды өкіл, өкіл). Қылмыстық процесте заңдылық пен жеке адамның құқықтарын қорғау мүдделерін ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген кез келген зиянды қылмыстық-процестік нормалардың шеңберінде және олардың көмегімен өтеудің процестік нысанын түсіндіру Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 20 маусымдағы № 1 «Қылмыстық процесте азаматтық талапты қарау туралы» нормативтік қаулысында көрініс тапты. Оған сәйкес азаматтық талап сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап сот тергеуі аяқталғанға дейінгі кез келген уақытта, аяқталған және аяқталмаған қылмыстық құқық бұзушылық бойынша не есі дұрыс емес адамның қоғамға қауіпті іс-әрекеті бойынша, сондай-ақ күдікті анықталмаған жағдайда да қойылуы мүмкін (3-тармақ).

Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде анықтаушы, тергеуші, прокурор немесе сот негіздер болған кезде азаматқа немесе заңды тұлғаға (қылмыстық құқық бұзушылықтан жәбірленушіге) қылмыстық іс бойынша азаматтық талап қою құқығын түсіндіреді және іс жүргізу шешімдерін қабылдау арқылы осы құқықтың қамтамасыз етілуін қамтамасыз етеді (қаулы шығарады).

3. Тұлғаларды азаматтық талап қоюшы деп танудың алдында олардың азаматтық талап қоюы болуға тиіс. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қоюға құқығы бар тұлғалар тобы ҚПК-нің 58, 71 және 166–167-баптарында айқындалған. Оларға қылмыстық құқық бұзушылық немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған есі дұрыс емес адамның іс-әрекеті нәтижесінде зиян шеккен жеке және заңды тұлғалар, олардың заңды өкілдері мен өкілдері, прокурор жатады, бұл қылмыстық іс бойынша дәлелдемелермен расталады. Мысалы, әрекет қабілеттілігі бар, бірақ әрекетке қабілетсіз жәбірленушінің (18 жасқа немесе 14 жасқа толмаған не психикалық ауруы немесе ақыл-есінің кемдігі салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп таныған) орнына азаматтық талап қоюшы ретінде оның заңды өкілі (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары) әрекет ете алады (АК-нің 22-бабының 1-тармағы, 23-бабының 1-тармағы, 26-бабының 2-тармағы). Мүліктік зиян келтірілген кезде азаматтық талапты жоғалған мүліктің меншік иесі де, сондай-ақ өзінде заңды негіздерде тұрған мүліктің иеленушісі де (жалға алушы, сақтаушы және т.б.) қоюға құқылы. ҚПК-нің 71-бабының 5-бөлігіне сәйкес жәбірленушінің өзіне моральдық зиянды өтеу туралы талабы қылмыстық процесте қаралады. Егер мұндай талап қылмыстық іс бойынша қойылмаса не қараусыз қалдырылса, онда жәбірленуші оны азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қоюға құқылы (Жоғарыда аталған Жоғарғы Сот нормативтік қаулысының 3-тармағы).

Талап қою арызы қылмыстық процесті жүргізетін органға жазбаша нысанда немесе азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын талап қоюларға қойылатын талаптарға сәйкес электрондық құжат нысанында беріледі (ҚПК-нің 167-бабының 5-бөлігі).

Талап қою арызында АПК-нің 148-бабында көрсетілген мынадай мән-жайлар қамтылуға тиіс: 1) талап қою арызы берілетін соттың атауы; 2) талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), туған күні, тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, ал егер талап қоюшы заңды тұлға болса, оның толық атауы, орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері; егер арызды өкіл берсе, өкілдің атауы және оның мекенжайы. Арызда талап қоюшы мен өкілдің ұялы байланыс абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы туралы мәліметтер, егер олар бар болса, көрсетілуге тиіс; 3) жауапкердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер талап қоюшыға белгілі болса), егер жауапкер заңды тұлға болса, оның толық атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер талап қоюшыға белгілі болса) және бизнес-сәйкестендіру нөмірі (егер талап қоюшыға белгілі болса). Арызда жауапкердің ұялы байланыс абоненттік нөмірі және электрондық мекенжайы туралы мәліметтер, егер олар талап қоюшыға белгілі болса, көрсетілуге тиіс; 4) азаматтың құқықтары мен бостандықтарының немесе талап қоюшының заңды мүдделерінің бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәні және талап қоюшының талаптары; 5) талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны; 6) егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталғаны туралы мәліметтер; 7) егер талап қою бағалауға жататын болса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақша сомаларының есебі; 8) талап қою арызына қоса берілетін құжаттардың тізбесі. Арызда дауды шешу үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі, сондай-ақ талап қоюшының өтінішхаттары баяндалуы мүмкін.

Прокурор мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерде беретін талап қою арызында мемлекеттік немесе қоғамдық мүдденің неден тұратыны, қандай заңды мүдделердің бұзылғаны негізделуге, сондай-ақ қолданылуға жататын заңға сілтеме жасалуға тиіс. Прокурор жеке немесе заңды тұлғаның мүддесінде жүгінген жағдайда, талап қою арызында жеке немесе заңды тұлғаның талап қоюды өз бетінше беру мүмкін еместігінің себептері негізделуге тиіс. Талап қою арызына жеке немесе заңды тұлғаның не оның заңды өкілінің прокурордың сотқа талап қоюмен жүгінуіне келісімін растайтын құжат, әрекетке қабілетсіз тұлғаның мүддесінде талап қою берілетін жағдайларды қоспағанда, қоса берілуге тиіс. Талап қою арызына талап қоюшы немесе талап қою арызына қол қоюға өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қояды. Талап қою электрондық құжат нысанында берілген кезде ол талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылады.

Бұдан басқа, АПК-нің 149-бабында талап қою арызына міндетті түрде қоса берілетін құжаттардың тізбесі келтірілген: 1) жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың саны бойынша талап қою арызының және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері; 2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат; 3) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат; 4) талап қоюшының өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар; 5) егер дауды реттеудің мұндай тәртібі заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібінің сақталғанын растайтын құжаттар; 6) егер дәлелдемелер жауапкерде немесе үшінші тұлғада болса, талап қоюшының дәлелдемелерді талап етіп алдыру туралы өтінішхаты; 7) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, куәліктің немесе мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың көшірмелері. АПК-нің 27-бабының 4-бөлігі мен 28-бабының 2) тармақшасында көзделген тәртіппен берілетін талап қою арызына мыналар қоса беріледі:

  1. инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық шарттың көшірмелері; 2) инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар. Электрондық құжат нысанында берілетін талап қою арызына АПК-нің 149-бабы 1-бөлігінің 2–7) тармақшаларында көрсетілген құжаттардың көшірмелері электрондық нысанда қоса беріледі.

Егер қойылған азаматтық талаптың негіздерін немесе талап қою талаптарының мөлшерін нақтылау қажет болса, онда қосымша азаматтық талап қойылуы мүмкін. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтық талап қойған талап қоюшы Салық кодексіне сәйкес соттарда мемлекеттік баж төлеуден босатылады (2017 жылғы 25 желтоқсандағы Салық кодексінің 616-бабының 5), 6), 16), 20) тармақшалары). Қылмыстық іс бойынша қойылған азаматтық талаптың соттылығы қылмыстық істің соттылығымен айқындалады.

Тұлғаны азаматтық талап қоюшы деп тану, азаматтық талап қоюшы деп танудан бас тарту не тұлғаның қылмыстық процеске азаматтық талап қоюшы ретінде қатысуын тоқтату туралы шешім қылмыстық процесті жүргізетін органның уәжді қаулысымен ресімделеді. Қаулы талап қою арызы келіп түскеннен кейін немесе тұлғаның аталған процестік мәртебеде болуына негіздердің жоқтығын көрсететін мән-жайлар анықталғаннан кейін дереу қабылдануға тиіс. Қабылданған шешім туралы азаматтық талап қойған тұлғаға, сондай-ақ азаматтық талап бойынша мүдделері қозғалатын процеске қатысушыларға хабарланады. Сонымен бірге азаматтық талап қоюшы деп танылған тұлғаларға ҚПК-нің 73-бабында көзделген олардың процестік құқықтары мен міндеттері түсіндірілуге тиіс.

Прокурордың азаматтық талап қоюы туралы талап қойылған тұлғалардың мүдделерінде талап берілген тұлғаларға да хабарланады: дәрменсіз жағдайына, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тәуелділігіне немесе өзге де себептерге байланысты талап қою және оны қорғау құқығын өз бетінше пайдалана алмайтын жәбірленушіге; тиісті мемлекеттік органдарға. Басқа тұлғалардың мүдделерін қорғау үшін азаматтық талап қойған прокурор азаматтық талап қоюшы деп танылуға жатпайды, өйткені оның дербес процестік жағдайы ҚПК-нің 58-бабының 2-бөлігінде айқындалған. Бұл жағдайда талап қоюшы болып талап оның мүддесінде берілген тұлға танылады (Жоғарыда аталған Жоғарғы Сот нормативтік қаулысының 5-тармағы).

Тұлғаны азаматтық талап қоюшы деп танудан бас тартуға прокурорға немесе сотқа шағым жасалуы мүмкін (ҚПК-нің 105-бабы). Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында азаматтық талап қоюшы деп танудан бас тартылған тұлға сот тергеуі аяқталғанға дейін азаматтық талап қоюға және бір мезгілде өзін азаматтық талап қоюшы деп тану туралы өтінішхат беруге құқылы (ҚПК-нің 167-бабының 5-бөлігі).

Негізінен, ҚПК-нің 73-бабының 2-бөлігі азаматтық талап қоюшының құқықтарына арналған, онда олардың негізгі 19-ы көрсетілген. Олар қылмыстық құқық бұзушылықтан жәбірленушінің құқықтарымен тығыз байланысты, өйткені оларды қолданудың негізінде іс бойынша бірдей дәлелдемелер жатыр. Айыптауды дәлелдеу үшін пайдаланылатын барлық нәрсе белгілі бір тұлғаға қойылған азаматтық талаптың негізін дәлелдеу үшін де қолданылады.

Ішінара алғанда, заң аталған құқықтарға мынадай мағына береді.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 1) тармағындағы ереже ҚПК-нің 71-бабы 6-бөлігінің 1) тармағындағы ережеге ұқсас. Азаматтық талап қоюшы келтірілген зиянды толық өтеу мәселесін дұрыс шешу үшін қоғамдық қауіпті әрекет арқылы өзіне зиян келтіруге қатысты күдіктің және айыптаудың көлемі туралы ақпаратты білуге тиіс.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 2) тармағындағы ереже ҚПК-нің 71-бабы 6-бөлігінің 3) тармағындағы ережеге ұқсас, алайда мұнда өтелуге жататын зиянның сипаты мен мөлшеріне қатысты дәлелдемелер ұсыну туралы сөз болып отыр.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 3) тармағындағы ереже талап қою арызында көрсетілген азаматтық талаптың нысанасы бойынша түсініктеме беруге ғана қолданылады.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 4) тармағындағы ереже азаматтық талап қоюшы деп танылғанға дейін талап қою арызымен бірге берілген материалдарға қосымша ретінде өтелуге жататын зиянның сипаты мен мөлшерін қосымша негіздеуге байланысты.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 5) тармақшасының ережелері ҚПК-нің 71-бабы 6-бөлігінің 2), 4) тармақшаларының мәнімен тығыз байланысты және азаматтық талапқа қатысты іс материалдарын дұрыс әрі тұтас қабылдауға, іс бойынша іс жүргізу барысында осы мәселені объективті шешуге ықпал етеді (өтінішхаттар, қарсылық білдірулер, түсініктемелер, айғақтар, баяндау тілі). Бұл ретте азаматтық талап қоюшы түсініктемелерді талап қою арызын негіздеуге алынған материалдар бойынша береді (ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы), ал айғақтарды қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның сипаты мен мөлшерінің дәлелденуіне қатысты, яғни қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жай ретінде береді (ҚПК-нің 113-бабы 1-бөлігінің 7) тармағы).

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 6) тармағының ережелері азаматтық талап қоюшы сот ісін жүргізу тілін меңгермеген жағдайда, оған мәлімделген азаматтық талапқа байланысты істің мән-жайлары мен материалдарын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді және оның іске өкілінің, мысалы адвокаттың қатысуы арқылы зиянды дұрыс әрі толық өтеу мүмкіндігін арттырады.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 7–8) тармақтарының ережелері ҚПК-нің 71-бабы 6-бөлігінің 9–10) тармақтарының ережелерімен үндеседі және азаматтық талап қоюшының тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде, оның ішінде өкілінің қатысуымен, зиянның негізін, сипаты мен мөлшерін дәлелдеу барысында құқықтарын қорғауға бағытталған.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 8-1) тармағының ережелері қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс туралы іс бойынша бұйрықтық іс жүргізуді қолдану мүмкіндігін азаматтық талап қоюшының келісімімен ғана біржақты байланыстырады (ҚПК-нің 629-1-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы).

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 9) тармағының ережелері сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған кезде азаматтық талап қоюшы танысуға құқылы іс материалдарының нысанасын, шектеулерін және тиісінше көлемін айқындайды.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 10) тармағының ережелері де азаматтық талап қоюшы иеленуге тиіс және қылмыстық процесті жүргізетін органдар оны таныстыруға міндетті ақпаратқа қол жеткізу нысандарын айқындайды.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 11) тармағының ережелері азаматтық талап қоюшыға қылмыстық құқық бұзушылықтан келтірілген зиянның негізін, сондай-ақ сипаты мен мөлшерін қорғау барысында барлық сот сатыларының құзыретін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ретте жәбірленушінің үкімге, сот қаулысына тұтастай, оның ішінде өтелуге жататын зиянның сипаты мен мөлшеріне келіспеген жағдайда шағымы шеңберінде де, сондай-ақ оның үкімге, сот қаулысына тек азаматтық талап бөлігінде және оны тиісті соттың шешуіне қатысты шағымы шеңберінде де жүзеге асырылады.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 12) тармағының ережелері азаматтық талап қоюшының сот тергеуінің қорытындылары бойынша сот жарыссөздерінде тек іс бойынша өзі қойған азаматтық талаптың дәлелденгені туралы өз пікірін айту құқығын бекітеді. Егер жәбірленуші мен азаматтық талап қоюшы бір тұлға болса немесе олар әртүрлі тұлғалар болса, оған қарамастан заң жәбірленушінің айыптаудың дәлелденгені туралы мәселелер бойынша да, талап қоюшының азаматтық талаптың дәлелденгені туралы мәселелер бойынша да жеке сөз сөйлеуін әрдайым ажыратады.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 13) тармағының ережелері ҚПК-нің 71-бабы 6-бөлігінің 17) тармағының ережелерін қайталайды, алайда сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертулер беруге тек соттың іс бойынша азаматтық талапты қараған бөлігінде ғана жол беріледі.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 14) тармағының ережелері азаматтық талап қоюшы тарапынан іс бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық қудалау органдарының, прокуратураның басшылары немесе тергеу судьясы арқылы іске асырылады (ҚПК-нің 100, 106–107-баптары).

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 15) тармағының ережелері қылмыстық процестің үкімді, сот қаулысын апелляциялық, кассациялық тәртіппен тұтастай және азаматтық талап бөлігінде қайта қарауға құқығы бар барлық сот сатыларына қолданылады.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 16) тармағының ережелері азаматтық талап қоюшының сотқа дейін де, сот сатыларында да азаматтық талап бөлігіндегі шағымдардың, сондай-ақ прокурорлардың өтінішхаттары мен наразылықтарының сипатымен танысуын (кейіннен оларға қарсылық білдіруін) объективті түрде көздейді.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 17) тармағының ережелері алдыңғы ережелермен байланысты және азаматтық талап қоюшының жеке өзі немесе өкілі арқылы азаматтық талап бойынша өз талаптарын қорғауға бағытталған.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 18) тармағының ережелерін кейбір қылмыстық құқық бұзушылық құрамдарынан жәбірленушілерге ғана (азаматтық талап қоюшыларға емес) зиянды өтеу қорынан мемлекеттік ақшалай өтемақыны толық немесе ішінара жедел, кідіріссіз алу әдісі ретінде қарастыру қажет (ҚПК-нің 173-бабы). Осыған байланысты 18-тармақты «Жәбірленушілерге өтемақы қоры мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Заңымен алып тастау көзделген, ол 2018 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген.

ҚПК-нің 73-бабы 2-бөлігінің 19) тармағының ережелері әмбебап сипатқа ие және заң қылмыстық процесті жүргізетін органдарға қылмыстық құқық бұзушылық жасаған тұлғалардан азаматтық талап қоюшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдау міндетін жүктейді.

Жәбірленушіге ұқсас азаматтық талап қоюшыға да белгілі бір міндеттер жүктеледі, бірақ іс бойынша жәбірленушінің мәртебесіне тән міндеттердің барлығы емес. Осы міндеттердің шеңбері іс бойынша жәбірленуші үшін ҚПК-нің 71-бабының 8-бөлігінде белгіленген (ҚПК-нің 71-бабының 8-бөлігінің нормаларына түсініктемені қараңыз).

ҚПК-нің 71-бабының 4-бөлігінен көрініп тұрғандай, заң азаматтық талап қоюшыға басқа да құқықтар мен міндеттерді жүктейді. Олар негізінен іс жүргізудің ерекшеліктеріне, оның ішінде адамның жасына, психикалық және өзге де жеке қасиеттеріне байланысты ерекшеліктері бар жекелеген қылмыстық істер бойынша оның қатысу ерекшеліктеріне байланысты.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне Марат Чекишевич Қоғамовтың, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкерінің 2020 жылғы түсініктемесі.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Арыз Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

Алимент өндіру бойынша мемлекеттік бажды төлеуді жауапкерден мемлекет кірісіне өндіріліп алынады

Алимент өндіру бойынша мемлекеттік бажды төлеуді жауапкерден мемлекет кірісіне өндіріліп алынадыАІЖК-нің 116-бабына сәйкес төлеуден талап қоюшы босатылған істі қарауға байланы...

Толық оқу »

Талап қоюшының заттық құқығын жоғалтпаған мүлкін (жалға беру, лизинг, сақтау және басқа да шарттардың нысанасы болып табылатын мүлікті) босату және қайтару туралы талабы бағалауға жатпайтын талап ретінде қарастырылуы мүмкін.

Талап қоюшының заттық құқығын жоғалтпаған мүлкін (жалға беру, лизинг, сақтау және басқа да шарттардың нысанасы болып табылатын мүлікті) босату және қайтару туралы талабы бағал...

Толық оқу »

73-бап. Азаматтық талапкер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi

73-бап. Азаматтық талапкер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi 1. Қылмыстық құқық бұзушылықпен немесе есі дұрыс емес адамның іс-әрекетімен келтірілген...

Толық оқу »

Әкімшілік процеске қатысушы тұлғалардың шеңбері: талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурор

Әкімшілік процеске қатысушы тұлғалардың шеңбері: талап қоюшы, жауапкер, мүдделі тұлға және прокурорӘРПК-нің 26-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік процеске қатысушылар т...

Толық оқу »