Қылмыстық-процестік заңның сот отырысының хаттамасы жөніндегі нормаларын қолдану туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 23 желтоқсандағы N 11 нормативтік қаулысы.
Ескерту. Нормативтік қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша:
"ҚІЖК-нің" деген сөз "ҚПК-нің" деген сөзбен ауыстырылды;
"301" деген цифрлар "321" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Сот отырысының хаттамасын жүргізудің, дайындаудың іс жүргізуге қатысушылардың онымен танысу және ескертпелер беру құқықтарын жүзеге асырудың, осы іс жүргізу құжатына байланысты өзге мәселелерді қараудың тәртібін реттейтін қылмыстық іс жүргізу заңнамаларының нормаларын дұрыс және біркелкі қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
- Қылмыстық іс бойынша сот отырысының хаттамасы (бұдан әрі - Хаттама) - сот қаулысына негіз болатын сотпен процеске қатысқан адамдардың құқықтарының, жарыспалылық, тараптардың тең құқықтығы және басқа да қылмыстық сот өндірісінің қағидаттарының сақталуы, өткізілген сот талқылауының объективті, толық және жан-жақты болуы жөнінде мәселелерді шешу кезінде апелляциялық, кассациялық сатыларында қолданылатын, маңызды іс жүргізу құжаты.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 15 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
- Хаттама өткізілген сот отырысының түрі, оның өткізілген орны, күні мен уақыты, соттың атауы мен құрамы, сот отырысына қатысушы басқа адамдар туралы қажетті деректер, жасалған өтініштер, қарсылықтар мен олар жөнінде қабылданған шешімдер, тараптар келтірген дәлелдер, қараулар, зерттелген құжаттар, сараптама тағайындау, сотқа сыйламаушылық білдіру фактілері мен сот отырысындағы өзге де тәртіп бұзушылықтар, тәртіп бұзушыларға қолданылған шаралар, қылмыстық іс жүргізу заңына сәйкес жүргізілген өзге де іс жүргізу іс-әрекеттері туралы мәліметтер толық және нақты көрсетілуі тиіс.
- Іс жүргізу әрекеттерінің тиісті Хаттамалары олардың мазмұнына сәйкес аталынуы және сот өндірісінің қандай деңгейде жүргізілгені көрсетілуі тиіс.
Хаттамада нақты қылмыстық іс бойынша тараптардың (айыптау, қорғау) өкілдерінің, азаматтық талапкердің, жауапкердің, олардың өкілдерінің, куәның қатысуымен ең болмағанда біреуінің, өткізілетін, сондай-ақ онда іс жүргізу шешім (үкім шығару, істі қысқарту, соттылығы бойынша өткізіп беру, оны өндірісте тоқтата тұру туралы, сот талқылауын кейінге қалдыру жөнінде және т.б. қаулылары) қабылдау үшін өткізілетін кез келген отырыс сот отырысы деп аталынады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 321-бабының тәртібімен сот өткізетін отырыс, Хаттамада алдын ала тыңдауды өткізу деп аталынады.
ҚПК-нің 43, 44, 45, 46-тарауларында көзделген іс жүргізу іс-әрекеттері, оның ішінде басты сот талқылауының дайындық бөлігі, сот тергеуі, сот жарыссөзі, соңғы сөздің айтылуы, үкімнің жариялануы шеңберінде өткізілген отырыс басты сот талқылауы (басты сот отырысы) деп аталынады.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Хаттамада соттың толық атауы, оның орналасқан ауданы және облысы (Астана, Алматы қалалары) көрсетілуі тиіс. Соттың құрамы, отырыстың қатысушылары (айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың өкілдері, сот отырысының хатшысы, сот приставы, аудармашы, сарапшы, маман) туралы деректер тегі ғана емес, есімінің, әкесінің атының (егер ол бар болса) бас әріптері, белгілі бір органның өкілі ретінде отырысқа қатысушы адамның лауазымы көрсетіледі.
- ҚПК-нің 321-бабында, ҚПК-нің 43, 44, 45, 46-тарауларында көзделген жағдайлардан басқа, сондай-ақ Хаттаманы мынадай кезде жүргізу міндетті:
ҚПК-нің 106-бабындағы тәртіппен жабық сот отырысында прокурордың, қылмыстық қудалау органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) берілген шағымдарды қарау;
ҚПК-нің 55-бабы бірінші бөлігінің 1, 2, 5, 6, 7 және 8-тармақтарында, екінші бөлігінің 2 және 3-тармақтарында көрсетілген күзетпен ұстауды санкциялау; үйқамақты санкциялау; экстрадициялық қамақты санкциялау; күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту; кепілді қолдану; мүлікке тыйым салуды санкциялау мәселелерін; тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы; сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қою туралы мәселелерді қарау;
ҚПК-нің 429-бабының сегізінші бөлігінде көзделген жағдайларда істі апелляциялық сатыда қарау кезінде;
ҚПК-нің 475-бабынан бастап 482-бабының тәртібінде үкімнің орындалуымен байланысты мәселелерді шешу;
ҚПК-нің 54, 59, 60, 62-тарауларында көзделген тәртіпте ерекше өндірісте істерді қарау (медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану; іс жүргізу өндірісінің іс-әрекеттері туралы шет мемлекеттер сотының тапсырмасын атқару; шет мемлекеттер сотының үкімін орындауымен байланысты мәселелерді шешу);
ҚПК-нің 53-тарауында көзделген тәртіппен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс бойынша іс жүргізуді жаңадан бастау туралы өтінішхаттарды қарағанда.
Ескерту. 5-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 15 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
- Хаттамадағы мәтін жеңіл оқылатын шрифтпен мазмұндалуы тиіс, сондықтан, ережеге сай, компьютердің көмегімен құрастырылады, ерекше жағдайларда машинкалық жазба әдіспен дайындалуы не түсінікті қолжазбамен жазылуы мүмкін.
Құжаттың атауы, соттың атауы, істің нөмірі, сот отырысының өткізілетін орны көрсетілген Хаттаманың бөлігін құрастыру кезінде ғана дайын бланктерді қолдануға рұқсат етіледі.
- Хаттамада айғақтар бірінші жақтан және мүмкіндігінше сөзбе-сөз беріліп, сұрақтар мен оларға берілген жауаптар жауап алу кезіндегі орны бойынша ретімен жазылады. Сот қарсылық білдірген, сондай-ақ жауап беруші жауап беруден бас тартқан сұрақтар, қарсылық немесе бас тартудың дәлелі көрсетілген мәселелер Хаттамада көрсетілуі тиіс.
Қойылған сұрақтың және оған берілген жауаптың, мәлімделген өтініштің және ол бойынша айтылған пікірдің мәнін ашпайтын қысқартылған сөздерді Хаттамада қолдануға болмайды.
- Егер отырысқа қатысушылардың айтылған ескертулері, қарсылық білдірулері және өтініштері сотқа жазбаша нысанда ұсынылса, онда ҚПК-нің 123-бабының төртінші бөлігіне сәйкес ол жазбалар Хаттамаға тіркеледі, ал сот отырысының хатшысы Хаттамада жасалған өтініштердің мәнін ғана көрсетеді.
Тараптың жарыссөзде, қоса берілген, жазбаша мазмұндалған сөздерінің Хаттамаға тіркелуі, сот отырысының хатшысын Хаттамада жарыссөздің негізгі мазмұнын көрсету міндетінен босатпайды.
Істі алдын ала тыңдау хаттамасында, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 170 (төртiншi бөлiгiнде), 175, 177, 178, 184, 255 (төртiншi бөлiгiнде), 263 (бесінші бөлiгiнде), 286 (төртiншi бөлiгiнде), 297 (төртiншi бөлiгiнде), 298 (төртiншi бөлiгiнде), 299 (төртiншi бөлiгiнде)-баптарында көзделген қылмыстар туралы істерді, сондай-ақ төтенше жағдай және жаппай тәртіпсіздік жағдайы барысында кісі өлтіру, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстарды қоспағанда, оларды жасағаны үшін қылмыстық заңда өлім жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру, сонымен қатар 125 (үшінші бөлігінде), 128 (төртінші бөлігінде), 132 (бесінші бөлігінде), 135 (төртінші бөлігінде)-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін сотталушыға, айыпталушыға оның ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтінішхат беру құқығы түсіндірілгенін, осы мәселе бойынша оның ұстанымын, мәлімделген өтінішхат бойынша тараптардың пікірін көрсету қажет.
Ескерту. 8-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 15 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз), 2011.04.21 № 1 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 31.03.2017 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулыларымен.
- Соттың жеке шығарған дәлелді қаулысы қабылданған шешімнің мәні көрсетіліп Хаттамада көрсетілуі тиіс.
Соттың сот отырысында кеңесу бөлмесіне бармай шығарған қаулылары Хаттамаға енгізілуге жатады, сондай-ақ мұндай жағдайда қаулының мазмұнын көрсетумен бірге басқа да мәлімделген өтінішті қанағаттандыру не қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде қабылданған шешімнің сотпен жарияланған мәні көрсетіледі.
- Алқалы құрамда істі қарайтын судьяның болмауына байланысты (ауырып қалуы және т.с.) сот талқылауын кейінге қалдырған жағдайда қабылданған шешім туралы төрағалық етуші (немесе судьялардың бірі) және сот отырысының хатшысы қол қоятын Хаттамада белгі жасалады.
Осындай себеп бойынша істі жеке қарайтын судья болмаған кезде сот талқылауын кейінге қалдыру жөніндегі шешімді сот төрағасы не басқа судья қаулы нысанында қабылдайды.
- Егер төрағалық етушінің куәға, жәбірленушіге немесе сот отырысының басқа да қатысушыларына келесі отырыстың күні, уақыты мен орны туралы сот отырысында ауызша жасаған хабарламасы Хаттамада көрсетілсе, аталған адамдар сот отырысына келу қажеттігі туралы тиісті түрде ескертілді деп есептеледі. Сот отырысына келу міндеттілігі жүктелген адамның өтініші бойынша, сот оған отырысқа келу қажеттілігі туралы жазбаша ескертпе беруі тиіс.
- Кезекті сот отырысына бұрынғы сот отырыстарына қатыспаған адамдардың келуі, кейбіреулердің келмеу себебін анықтауы және келмегендердің қатысуынсыз істі тыңдаудың мүмкіндігі туралы мәселені шешуі, сот отырысы істі үзілістен кейін немесе сот талқылауы кейінге қалдырылған соң өткізілуіне қарамастан Хаттамада көрсетілуі тиіс.
- Келген жәбірленушіні, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді немесе олардың өкілдерін сот отырысының қандай да бір белгілі бөлігіне қатысудан босата отырып, сот олардың барлық келесі сот отырыстарына қатысуға құқықтарын түсіндіру фактісін Хаттамада көрсетуі тиіс.
- Егер сотталушы сот отырысында айғақтар беруден бас тартпаса, оған тағылған айыптың мәні бойынша сотталушының айғақтарын Хаттамада көрсетпеу, сот отырысында дәлелдемелерді соттың толық зерттемегені болып көрінуі мүмкін.
Сотталушыға сот жарыссөздеріне қатысу құқығын пайдалануға және соңғы сөзін айтуға мүмкіндіктің берілгендігі туралы мәліметтердің Хаттамада болмауы, егер ол осы құқықтардан бас тартпаса, сот актісінің күшін сөзсіз жоюды туындататын іс жүргізу құқығының нормаларын недәуір бұзу болып табылады.
- Соттың заттай дәлелдемелерді, орынды, үй-жайды қарап, құжаттарды жариялауы бойынша барлық іс-әрекеттері Хаттамада көрсетілуі тиіс. Іс үшін маңызы бар жағдайларды зерттеумен байланысты мән-жайлар, қараудан алынған нәтижелер, төрағалық етушінің айтылған сөзімен не маманның, соттың тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге адамның айтылған сөздерімен Хаттамаға енгізіледі.
- Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды, онда мыналар көрсетіледі: сот отырысының жылы, айы, күні және орны, сот отырысының басталу және аяқталу уақыты, істі қарайтын соттың атауы мен құрамы, судьялардың, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні, істің атауы, сотталушының жеке басы туралы деректер, соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер, аудио-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы, процеске қатысушылардың және басқа да адамдардың келгені туралы мәліметтер, іске қатысатын адамдар дәлелдемелер ретінде ұсынылған қосымша материалдардың іске қоса тіркелгені туралы мәліметтер, түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған күні.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Аудио-, бейнежазбаны қамтитын материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, олардың аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Хаттаманың дұрыс және өз уақытында жазылуына, істі қарау кезінде төрағалық еткен судьямен бірге сот отырысының хатшысы да жауапкер болады.
ҚПК-нің 83, 123-баптарына сәйкес істің қаралуына мүдделі емес және сот штатында мемлекеттік қызметшінің тиісті лауазымындағы адам сот отырысының хатшысы болып табылады.
Қажет болған кезде сот ҚПК-нің 83, 86, 91-баптарының талаптарын сақтай отырып, басқа соттың (аумақ бойынша) сондай лауазымындағы қызметкерін сот отырысының хатшысы ретінде іске қатыстыруға құқылы.
Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- ҚПК-нің 347-бабының төртінші бөлігіне сәйкес Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейін бес тәуліктің ішінде дайын болуы тиіс, ал бес тәуліктен артық мерзімге үзіліс жариялаған немесе сот талқылауын кейінге қалдырған кезде, сот отырысының өткізілген бөлігінің Хаттамасы дайындалады.
Хаттама толығымен немесе оның бір бөлігі дайын деп оларға сот отырысының хатшысы және істі қараған төрағалық еткен судья Хаттамаға қолдарын қойған сәттен бастап есептеледі.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Төрағалық етуші және сот отырысының хатшысы Хаттамаға қол қойғаннан кейін, жіберілген қатенің маңыздылық деңгейіне және себебіне қарамастан, оған қандай да бір түзету енгізуге рұқсат берілмейді.
- Хаттаманың мазмұнына қатысты төрағалық етушімен келіспеушілік болған жағдайда сот отырысының хатшысы өзінің қарсылығын оған қоса тіркеуге құқылы, бірақ ол хатшыны Хаттамаға қол қою міндетінен босатпайды.
Сот отырысының хатшысы берген қарсылық тікелей Хаттамадан кейін тігіледі және ҚПК-нің 24-бабының талаптарына сәйкес істің басқа материалдарымен қатар сот сатыларында зерттелудің мәні болуы мүмкін.
- Басты сот талқылауының Хаттамасы дайындалғаны жөнінде сот тараптарға кешіктірмей хабарлауға және олардың Хаттамамен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Сот қаулысына дау айтушы процеске қатысушылардың, Хаттамамен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етпеу апелляциялық сот сатысының істі қайта рәсімдеуге қайтаруы үшін негіз болып табылады.
- Сот талқылауының барысында жауап алынған адамның Хаттамамен таныстыру жөніндегі жазбаша немесе ауызша өтініші, өтініш берілгеннен кейін келесі күннен кешіктірілмей міндетті түрде қанағаттандырылуға жатады. Мұндай жағдайда танысу үшін ұсынылатын Хаттаманың бөлігінде төрағалық етушінің және сот отырысы хатшысының қолы қойылуы тиіс.
- Алып тасталды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Тараптың Хаттамамен танысу уақытын анық қасақана ұзаққа созуы жағдайында төрағалық етуші Хаттаманың көлемін, онымен танысуға ниет білдірген процеске қатысушылардың санын және тағы басқа осыған ұқсас мән-жайларды ескере отырып, белгілі бір мерзімді белгілеуге құқылы.
- ҚПК-нің 123-бабының бесінші бөлігіне сәйкес Хаттаманың қандай да бір бөлігімен танысқан адамдар, осы бөліктің әр бетінің соңына және ең соңына өз қолдарын қояды.
Хаттамамен танысқан адам оған өзінің қолын қоюдан бас тартқан кезде, төрағалық етуші және сот отырысының хатшысы өз қолдарымен куәландырып осы Хаттамаға тиісті белгі жасайды. Өз қолын қоюдан бас тартқан адам бас тартудың себебін түсіндіруге құқылы және бұл түсіндірме Хаттамаға енгізілуі тиіс.
Ескерту. 25-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Хаттамамен танысқан соң тарап, сонымен қатар ҚПК-нің 347-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген өзге де адамдар оған өзінің ескертулерін жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында бес тәулік ішінде беруге құқылы.
ҚПК-нің 348-бабына сәйкес сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді.
Істің талқылануының аяқталуы бойынша сот актісінің көшірмесін тараптарға өз уақытынан кешіктіріп беру, Хаттамаға ескерту беру мерзімін ұзарту үшін негіз болып табылмайды.
Хаттамамен танысу және оған ескерту беру мерзімдерін ұзарту апелляциялық шағым, наразылық келтіру мерзімін қалпына келтіруге негіз болып табылмайды.
Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Хаттамамен танысқан адам Хаттамаға ескертпелерімен бірге соттың рұқсатымен жасалған сот отырысының бейне-, аудиожазбаларына (техникалық құралдармен белгілеудің өзге материалдарына) қосымша, жазбаша нысанда өз редакциясын ұсынуы мүмкін.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 2010.06.25 N 15 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз) Нормативтік қаулысымен.
- Басты сот талқылауының Хаттамасына ескертпелер берген адамдарды сот анықтама үшін ҚПК-нің 349-бабының бірінші бөлігінде көзделген тәртіпте шақыртуы мүмкін. Осы жағдайда ескертпелер Хаттама жүргізу арқылы қаралады.
Ескерту. 28-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
- Хаттамаға берілген ескертпелерді қарау нәтижесі бойынша шығарылған қаулыда сот ескертпенің қандай бөлігінің қанағаттандырылғанын, ал қандай бөлігін негізсіз деп танылғанын анық көрсетуі тиіс.
Сот отырысында орын алған мән-жайларға тараптар ұсынған және ескертпелерде келтірілген Хаттама мәтінінің сәйкестігі туралы қаулыда көрсетілгендігі ескертпенің қанағаттандырылғандығын білдіреді.
- Басты сот талқылауының Хаттамасына ескертпелерді қараудың нәтижелері туралы қаулының көшірмесі қаулы шыққаннан кейін ескертпе берген адамға жедел және міндетті түрде жіберіледі.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК