192-2-бап. Айыптау хаттамасын жасау және қылмыстық істі сотқа жіберу үшін прокурорға беру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Анықтау аяқталған соң сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіні, егер іске қатысатын болса, оның қорғаушысын, сондай-ақ жәбірленушіні, оның өкілін, азаматтық талапкерді, азаматтық жауапкерді, олардың өкілдерін іс бойынша тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны туралы хабардар етеді.
Хабарламада танысу орны және олар қылмыстық іс материалдарымен таныса алатын мерзім туралы хабархат қамтылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген талаптар орындалғаннан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам айыптау хаттамасын жасайды.
3. Айыптау хаттамасында мыналар көрсетіледі:
1) оның жасалған уақыты мен орны, хаттаманы кімнің жасағаны;
2) күдіктінің жеке басы туралы деректер;
3) қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған орны мен уақыты, оқиға, оның тәсілдері, себептері, салдары және басқа да елеулі мән-жайлар;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың болғанын және құқық бұзушының кінәлілігін растайтын нақты деректер;
5) Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы;
6) егер бар болса, куәлардың және жәбірленушілердің тегі, аты, әкесінің аты (олар болған кезде), мекенжайлары;
7) келтірілген залал мөлшері;
8) қылмыстық құқық бұзушылық іздерін тіркеу кезінде пайдаланылған болса не оларда іздер тіркелсе, ғылыми-техникалық құралдар мен электрондық жеткізгіштер;
9) заттай дәлелдемелер (олар болған кезде), олардың сақталу орны туралы мәліметтер;
10) азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар;
11) күдіктіден өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою.
Айыптау хаттамасына қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісін растайтын құжаттар да қоса беріледі.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіден, сондай-ақ жәбірленушіден, оның өкілінен, азаматтық талапкерден, азаматтық жауапкерден немесе олардың өкілдерінен ауызша немесе жазбаша өтінішхат түскен жағдайда, оларға айыптау хаттамасын және қылмыстық іс материалдарын танысу үшін ұсынады, бұл туралы айыптау хаттамасында олардың қолтаңбаларымен және қорғаушының (ол қатысқан кезде) қолтаңбасымен куәландырылатын тиісті белгі жасалады.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкілдері істің азаматтық талап қоюға қатысы бар бөлігіндегі материалдарымен танысады.
Айыптау хаттамасымен және іс материалдарымен танысқаннан кейін қылмыстық іс анықтау органының бастығына жіберіледі.
5. Анықтау органының бастығы айыптау хаттамасын және оған қоса берілген материалдарды зерделеп, мынадай әрекеттердің біреуін жасайды:
1) айыптау хаттамасын келіседі және қылмыстық істі прокурорға жібереді;
2) айыптау хаттамасын келісуден бас тартады және қылмыстық істі анықтау жүргізу үшін қайтарады не осы Кодекстің 189-бабының бесінші бөлігінде көзделген тәртіппен алдын ала тергеп-тексеруді тағайындайды.
6. Прокурор айыптау хаттамасымен бірге қылмыстық істі алып, ол бойынша үш тәуліктен кешіктірмей мынадай әрекеттердің біреуін жасайды:
1) айыптау хаттамасын бекітеді және қылмыстық істі сотқа жібереді;
2) істі анықтау немесе алдын ала тергеу жүргізу үшін жібереді;
3) қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы шығарады;
4) қылмыстық қудалауды толық көлемде не бір бөлігінде тоқтату туралы қаулы шығарады;
5) жаңа айыптау хаттамасын жасайды;
6) өз қалауы немесе қорғаушы тараптың өтінішхаты бойынша процестік келісім жасасу туралы мәселені шешеді.
7. Прокурор айыптау хаттамасының айыпталушыға табыс етілуін қамтамасыз етеді. Айыпталушының құқықтары түсіндірілгені қамтылған айыпталушының айыптау хаттамасын алғаны туралы қолхат іске қоса тігіледі.
Ескерту. 192-2-баппен толықтырылды – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы