310-бап. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры және оларды түгендеу Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры олардың орналасқан жері, құрамдастық құрамы, сандық және сапалық сипаттамалары, пайдалану шарттары туралы деректерді қамтитын, озонды бұзатын заттарды тұтыну мен олармен жұмыс істеуді есепке алудың кезең-кезеңмен толықтырылып отыратын және нақтыланатын жүйесін білдіреді.
2. Озонды бұзатын заттардың барлық түрі озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрында есепке алуға жатады.
3. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын әзірлеуді және жүргізуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган ұйымдастырады.
4. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
5. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры мемлекеттік органдарды, мүдделі жеке және заңды тұлғаларды қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге қатысты технологиялық, экономикалық, құқықтық және басқа да шешімдерді бағалауға, болжауға, әзірлеуге арналған ақпаратпен қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін орындау мақсатында озонды бұзатын заттарды жалпымемлекеттік кешенді есепке алуды жүргізу мақсатында жүргізіледі.
6. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының деректері негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган озонды бұзатын заттардың тұтынылуын талдауды және болжауды жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы ратификациялаған озон қабатын қорғау жөніндегі халықаралық шарттарға сәйкес жыл сайынғы есептілік бойынша Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау үшін озонды бұзатын заттарды мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
7. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу үшін озонды бұзатын заттармен жұмыс істеуді жүзеге асыратын және (немесе) құрамында озонды бұзатын заттары бар жабдық балансында болатын заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есепті және озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есепті қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынады.
8. Озонды бұзатын заттарды түгендеу деп жабдықтардағы және техникалық құрылғылардағы озонды бұзатын заттардың көлемін айқындау түсініледі.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
9. Озонды бұзатын заттармен жұмыс істеу жөніндегі есеп жыл сайын 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры жүйесінде электрондық нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады.
Озонды бұзатын заттарды түгендеу жөніндегі есеп бастапқыда 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепті жылдан кейінгі жылдың бірінші тоқсанынан кешіктірілмей қағаз және (немесе) электрондық жеткізгіштерде озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрын жүргізу қағидаларына сәйкес озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесінде нысанды толтыру және ақпарат беруге жауапты лауазымды адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қою арқылы ұсынылады және өзгерістер енгізілген жағдайда, қайта ұсынылады.
10. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастрының жиынтық деректері ашық және қолжетімді болып табылады.
11. Озонды бұзатын заттардың мемлекеттік кадастры қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде және интернет-ресурсында орналастырылады және жаңартылып отырады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы