11-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) қызметін жүзеге асырудың жалпы шарттары Сақтандыру қызметі туралы Заңы
Ескерту. 11-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 25.11.2019 № 272-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтандыру қызметін (қайта сақтандыру жөніндегі қызметті) жүзеге асыру құқығына лицензиясы, сақтандыруды белгілі бір түрі бойынша жүзеге асырудың жалпы талаптарын айқындайтын сақтандыру қағидалары және ішкі қағидалары болғанда ғана сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқылы.
1-1. Алып тасталды - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1-2. Сақтандыру ұйымы сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензия алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде сақтандыру омбудсманы өкілдер кеңесінің құрамына кіруге міндетті.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ішкі қағидалары:
1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бөлімшелерінің құрылымын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
2) ішкі аудит қызметінің және тұрақты жұмыс істейтін басқа да органдардың құрылымын, мүшелерінің санын, міндеттерін, функциялары мен өкілеттіктерін;
3) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының техникалық (сақтандыру), инвестициялық, кредиттік, операциялық, нарықтық және басқа да тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатын ашып көрсететін тәуекелдерді басқару жүйесін;
4) құрылымдық бөлімшелер басшыларының құқықтары мен міндеттерін;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының лауазымды адамдары мен қызметкерлері ұйымның атынан және ұйымның есебінен мәмілелерді жүзеге асырған кезде солардың өкілеттіктерін;
6) сақтанушылардың (сақтандырылушылардың), жәбірленушілердің (пайда алушылардың) және олардың өкілдерінің жазбаша және ауызша өтініштерін, сондай-ақ сақтандыру жағдайлары мәселелері бойынша келіп түсетін өтініштер мен құжаттарды тіркеу тәртібін;
7) сақтандыру жағдайларының мәселелері жөніндегі өтініштер мен құжаттар бойынша оларды қарау және сақтанушыларға (сақтандырылушыларға), жәбірленушілерге (пайда алушыларға) және олардың өкілдеріне жауап беру тәртібі мен мерзімдерін;
8) сақтандыру төлемін жүзеге асыру мерзімдерін көрсете отырып, сақтандыру төлемі туралы шешімді қабылдау немесе одан бас тартудың дәлелді негіздемесін ұсыну рәсімін;
9) сақтандыру тәуекелдерін (оның ішінде сақтандыруға қабылданатын мүлікті) және сақтандыру жағдайы бойынша залалдың мөлшерін бағалау тәртібін;
10) андеррайтердің, аджастердің және сюрвейердің өкілеттіктерін;
11) қайта сақтандыруға (қайта сақтандыру қызметін жүзеге асырған жағдайда) сақтандыру тәуекелдерін қабылдаған кезде бағалау тәртібіне қойылатын талаптарды;
11-1) сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының мөлшерін айқындау тәртібін;
12) қайта сақтандыру (қайта сақтандыру қызметін жүзеге асырған жағдайда) жөнінде шешімдер қабылдау бойынша құжаттар мен рәсімдердің өту тәртібін айқындауға тиіс.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қағидалары мен ішкі қағидаларын – директорлар кеңесі, ал Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының осы қағидаларын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиісті басқару органы бекітеді.
Сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын электрондық нысанда жасасу мүмкіндігі көзделетін сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру қағидаларын сақтандырушының интернет-ресурсында орналастыруға міндетті.
Ерікті сақтандыру шарттарын тиісті келісім негізінде сақтандыру ұйымының әріптестері болып табылатын басқа ұйымдардың интернет-ресурстарын пайдалана отырып электрондық нысанда жасасқан жағдайда, сақтандыру ұйымы сақтандыру қағидаларын олардың интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етуге міндетті.
3-1. Исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қағидалары мен ішкі қағидаларын исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің оң қорытындысы болған кезде – директорлар кеңесі, ал Қазақстан Республикасы бейрезидент-исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының осы қағидаларын исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңестің оң қорытындысы болған кезде Қазақстан Республикасы бейрезидент-исламдық сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиісті басқару органы бекітеді.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өз штатында сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға жарамды лицензиясы бар актуарий болмаса, сақтандыру қызметін жүзеге асыруға құқылы емес.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының штатында тұрған актуарий осы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және (немесе) оның акционерінің және (немесе) оның басшы қызметкерінің үлестес тұлғасы болмауға тиіс.
Сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар актуарий, тәуелсіз актуарий ретінде тартылатын жағдайларды қоспағанда, өз қызметін басқа сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында қоса атқаруға құқылы емес.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының штатында тұрған актуарийдің осы Заңда белгіленген қызметін тексеру үшін тәуелсіз актуарийді тартады.
Осы тармақтың талаптары аудиторлық ұйым міндетті аудит жүргізген кезде тәуелсіз актуарийді тартқан жағдайда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына қолданылмайды.
6. Тәуелсіз актуарий мынадай талаптарға сай келуге:
1) тексерілетін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жұмыскері болмауға;
2) актуарлық қызметте кемінде үш жыл және тексерілетін сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қызметін жүзеге асыратын сақтандыру саласында кемінде екі жыл тәжірибесі болуға және актуарийлер бірлестігінің мүшесі болуға;
2-1) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, оның акционерлерінің және (немесе) басшы қызметкерлерінің үлестес тұлғасы және штаттағы актуарийдің туысы болмауға;
3) осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайда, уәкілетті органның актуарлық қызметке арналған жарамды лицензиясы болуға немесе тізбесі мен талаптарын уәкілетті орган белгілейтін актуарийлердің халықаралық қауымдастығының мүшесі болуға тиіс.
7. Тәуелсіз актуарий сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының штатында тұрған актуарийдің қызметін тексеру барысында алынған мәліметтерді жария еткені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
8. Сақтандыру ұйымының сақтандыру, оның ішінде сақтандыру нарығына қатысушылармен өзара қарым-қатынастағы қызметін жүзеге асыруына қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Ескерту. 11-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы N 126 Заңы.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы