12-3-бап. Заңды тұлғаның және заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымның бенефициарлық меншік иесін анықтау Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы Заңы
1. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағының 2-2) тармақшасына сәйкес, заңды тұлға және заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым өздерінің бенефициарлық меншік иелерін анықтау үшін қолжетімді шаралар қабылдауға және оларды сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеуге міндетті.
2. Заңды тұлға және заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым:
1) өздерінің бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтердің анықтығын тексеруге;
2) жылына бір реттен сиретпей не өзгерістер енгізілген жағдайда, өздерінің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді жаңартып отыруға, сондай-ақ мұндай мәліметтерді құжаттық тіркеуге;
3) өздерінің бенефициарлық меншік иелері туралы, сондай-ақ өздерінің бенефициарлық меншік иелерін анықтау жөнінде қабылданған шаралар туралы ақпаратты алған кезден бастап кемінде бес жыл сақтауға міндетті.
3. Заңды тұлға және заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым өзінің құрылтайшыларынан (қатысушыларынан), сондай-ақ заңды тұлғаны немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымды өзгеше түрде бақылайтын тұлғалардан өздерінің бенефициарлық меншік иелерін анықтау және олар туралы мәліметтерді жаңарту үшін қажетті ақпаратты сұратуға құқылы.
4. Құрылтайшы (қатысушы) болып табылатын, сондай-ақ заңды тұлғаны немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымды өзгеше түрде бақылайтын жеке, заңды тұлға немесе заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым осындай заңды тұлғаға немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымға өздерінің бенефициарлық меншік иелерін анықтау және олар туралы мәліметтерді жаңарту үшін қажетті мәліметтер мен құжаттарды ұсынуға міндетті.
5. Заңды тұлға және заңды тұлғаны құрмайтын шетелдік құрылым уәкілетті органның сұрау салуы бойынша бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
Заңды тұлғалардың бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтер мен құжаттарды ұсынбау, уақтылы ұсынбау, сондай-ақ анық емес мәліметтер мен құжаттарды ұсыну Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
6. Осы Заңда көзделген мақсаттарда және тәртіппен заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмайтын шетелдік құрылымның ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті органға беруі, банктік құпияны қоспағанда, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария ету, дербес деректерді, сондай-ақ заңмен қорғалатын өзге де ақпаратты жинау, өңдеу шарттарын бұзу болып табылмайды.
Ескертпе.
Осы баптың мақсатында заңды тұлға деп, мемлекеттік мекеме мен квазимемлекеттік сектор субъектісін қоспағанда, ұйым түсініледі.
Ескерту. 12-3-баппен толықтырылды – ҚР 01.07.2022 № 131-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы N 191-IV Заңы.
Осы Заң қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектілерінің, уәкілетті орган мен Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының құқықтық қатынастарын, сондай-ақ терроризмнің және терроризмді қаржыландырудың алдын алуға және оны болғызбауға және жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты нысаналы қаржылық санкцияларды іске асыру тетіктерін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы