⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Жарияланымдар / Заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану негізінде заңды тұлғаларды тарату туралы қойылған талаптар бойынша сот практикасы

Заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану негізінде заңды тұлғаларды тарату туралы қойылған талаптар бойынша сот практикасы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану негізінде заңды тұлғаларды тарату туралы қойылған талаптар бойынша сот практикасы

 

СК-нің 19-бабы 1-тармағы 10) тармақшасының негізінде мемлекеттік кіріс органдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы талаптар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзыреті мен міндеттеріне сәйкес өзге де талаптар қоюға құқылы.

АК-нің 49-бабының 2-тармағына сәйкес соттың шешімі бойынша заңды тұлға заңды тұлғаны құру кезiнде заңдардың түзетуге келмейтiн сипатта бұзылуына жол берiлуiне байланысты оны тiркеу жарамсыз деп танылған  жағдайда таратылуы мүмкін.

АК-нің 158-бабының 1-тармағына сәйкес мазмұны заңнама талаптарына сәйкес келмейтін мәміле, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне көрінеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле, егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, дауланатын мәміле болып табылады және сот оны жарамсыз деп тануы мүмкін.

Кәсіпкерлік кодекстің 2-бабының 1-тармағына сәйкес азаматтардың, қандастардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады.

АК-нің 39-бабының 1-тармағына, сондай-ақ «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының орналасқан жері оның орналасқан жері болып танылады.

«Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 14-бабына сәйкес тарапы жеке тұлға болып табылатын шаруашылық серiктестiгінің шығып қалатын қатысушысының серіктестік мүлкіндегі (жарғылық капиталындағы) үлесіне немесе оның бір бөлігіне құқығын иеліктен шығару (басқаға беру) шартын нотариат куәландыруға тиіс.

Заңның 14-2-бабының қағидалары бойынша заңды тұлғаның тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар заңды тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде енгізіледі, заңды тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде хабарламаға қосымша орналасқан жерін растайтын құжат қоса беріледі, егер үй-жайдың иесі жеке тұлға болып табылған жағдайда, жеке тұлғаның ұсыну туралы нотариат куәландырған келісімі ұсынылады, мұндай тіркеу Заңды тұлғалардың мемлекеттік дерекқорына (ЗТ МДҚ) мәліметтер енгізіле отырып, хабарлама сипатында болады.

Істерді қарау кезінде соттар мұндай мәмілелердің сот тәртібімен дауланғанын, заңда тікелей көрсетілуіне байланысты бұл мәмілелердің дауланғанын немесе маңызсыз болып табылатынын анықтауы қажет.

Заңның 16-бабында бұл туралы мәліметтер бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілгеннен кейін заңды тұлға өз қызметін тоқтатты деп есептеледі.

Заңды тұлғалардың, олардың филиалдарының (өкілдіктерінің) қызметі мынадай шарттарға бір мезгілде сәйкес келген кезде: бизнес-сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен тіркеуші органға өтініш жасамағандар; салық төлеушілер ретінде мемлекеттік кіріс органдарында тіркелмегендер кезінде мәжбүрлеу тәртібімен тоқтатылуға жатады. Қызметті мәжбүрлеу тәртібімен тоқтату заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның арызы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі. Заңды тұлғалардың бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінен шығару заңды күшіне енген мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.

Соттардың «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» НҚ-ның 10, 11, 12, 13-тармақтарына сәйкес соттар тіркелуіне (қайта тіркелуіне) дау айтылатын заңды тұлғаларды іске жауапкерлер ретінде қатыстыруға тиіс. Көрсетілген даулар талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша қаралатындықтан, әділет органы міндетті түрде қосымша жауапкер ретінде қатысуға тиіс. Заңды тұлғаның тіркелуіне дау айту кезінде іске қатысуға оның құралтайшылары (қатысушылары) тартылуға тиіс. Заңды тұлғаны қайта тіркеу жүргізілгеніне ғана дау айтылған  жағдайда іске қатысуға алдыңғы қатысушыны (қатысушыларды) тарту керек. Қайта тіркеуді жарамсыз деп тану және заңды тұлғаның бұрынғы тіркеу деректерін қалпына келтіруі алдыңғы қатысушы (қатысушылар) үшін оның қызметіне, оның ішінде салық қызметіне байланысты міндеттемелерге әкеп соғады.

Заңды тұлғаны құруға (қайта тіркеуге) қатысы жоқ жеке тұлғаға  заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) фактісі оны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тануға негіз болып табылады.

Заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген оны құруға ешқандай қатысы жоқ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған және жүзеге асырмайтын адамның осындай тілек білдіруінің болмауы заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылады.

Заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану үшін негіздердің бірі ретінде - заңды тұлғаның тіркелген орны бойынша болмауын талап қою арызында көрсету кезінде, мұндай істер бойынша  заңды тұлғаның мекенжайының дұрыстығына байланысты мәселелерді зерттеп,  шешу маңызды болып табылатынын соттар ескеруі қажет. Тіркеу (қайта тіркеу) кезінде заңды тұлғаның мекенжайы туралы дұрыс емес мәліметтер қасақана ұсынылғанын куәландыратын, осы заңды тұлғамен қандай да бір байланыс, сондай-ақ мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлардың ең болмаса біреуі болған кезде қойылған талап қанағаттандырылуы мүмкін. 

Экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық іс бойынша қорытынды шешімнің болмауы заңды тұлғаны тіркеуді (қайта тіркеуді) жарамсыз деп тану туралы қойылған талаптан бас тарту үшін сөзсіз негіз бола алмайды.

Көрсетілген санаттағы істер бойынша тұрақты практика қалыптасқанын атап өткен жөн.

Аталған талаптарды қою үшін жеке тұлғалардың (серіктестіктің негізгі басшылары мен құрылтайшылары) ҚР ҚМ МКК-нің Сотқа дейінгі тергеп-тексеру департаментіне өтініштері негіз болған, оларға қарағанда  жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметпен айналысуды мақсат етпеген, ЖШС-ның мөрлері, құрылтай құжаттары, крипто-кілттері, қаржы-шаруашылық құжаттары оларға берілмеген, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қандай да бір материалдық, физикалық, қаржылық және техникалық мүмкіндік болмаған.

 

Мысалдар

 

1) «Атырау қаласы бойынша МКБ» РММ «Строй Азия KZ» ЖШС-ны (бұдан әрі - ЖШС) 2019 жылғы 4 наурыздағы мемлекеттік қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талап қойыпн сотқа жүгінген.

Атырау облысы МАЭС-тің 2020 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен қойылған талап қанағаттандырылған. Сот ЖШС-ны бастапқы тіркеу есебіне қою 2018 жылғы 3 қазанда Сарыарқа ауданы бойынша МКБ-де жүргізілгенін анықтаған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-тың 2019 жылғы 4 наурыздағы бұйрығына сәйкес ЖШС өзінің орналасқан жерін көрсете отырып, Атырау қаласы, Баймұханов көшесі, 12 В үй, 12-пәтерге (кеңсе) қайта тіркелген. 2019 жылғы 12 маусымда салықтық тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде көрсетілген мекенжай бойынша кәсіпорынның жоқтығы анықталды.

Апелляциялық сатыдағы соттың 2020 жылғы 3 қарашадағы қаулысымен сот шешімінің күші жойылып, іс МАЭС-ке жаңадан қарауға жіберілген.

Апелляция соттың іске тең жауапкер ретінде әділет органын, сондай-ақ қарамағына заңды тұлғаларды тіркеу жөніндегі функциялар берілген «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-ты тартпағанын анықтады.  Сонымен қатар 2018 жылғы 3 қазандағы жағдай бойынша ЖШС-ның бірінші басшысы және қатысушысы (құрылтайшысы) болып саналған Н.Н.Юзеева  да  тартылмаған.

 

2) Нұр-Сұлтан қаласы МАЭС-тің 2021 жылғы 8 ақпандағы шешімімен қойылған талап қанағаттандырылған. Ж.Ержан мен Д.Р.Сафин, Д.Р.Сафин мен В.В.Степаненко арасында жасалған «ANTARES Group Astana» ЖШС-ның (бұдан әрі - ЖШС) жарғылық капиталындағы 100% қатысу үлесін сатып алу-сату шарттары жарамсыз деп танылды. ЖШС-ны мемлекеттік қайта тіркеу жарамсыз деп танылып, күші жойылды.

Апелляциялық сатының 2021 жылғы 14 сәуірдегі қаулысымен мәміленің даулы болып табылатынына және жарамсыз деп танылуға жататынына сілтеме жасалып,  соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Іс материалдарына қарағанда, 2019 жылғы 23 сәуірден бастап 2019 жылғы 4 қазанға дейінгі кезеңде  серіктестіктің құрылтайшысы Д.Р.Сафин болған, 2019 жылғы 4 қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін Ж.Ержан болып отыр.

Д.Р.Сафин мен Ж.Ержан сатып алу-сату шарттарының негізінде ЖШС-ның жарғылық капиталындағы үлесті сатып алған. В.В.Степаненко мен Д.Р.Сафин арасында жасалған 2019 жылғы 18 сәуірдегі сатып алу-сату шартын нотариус П.К.Байдәулетова куәландырған, Д.Р.Сафин мен Ж.Ержан арасында жасалған 2019 жылғы 3 қазандағы сатып алу-сату шартын нотариус Л. З. Рысқұлбекова куәландырған.

ҚР ҚМ МКК-нің Сотқа дейінгі тергеп-тексеру департаментіне Д.Р.Сафин мен Ж.Ержанның арыздары түскен, оларға қарағанда  жеке тұлғалар кәсіпкерлік қызметпен айналысуды мақсат етпеген, ЖШС-ның мөрлері, құрылтай құжаттары, крипто-кілттері, қаржы-шаруашылық құжаттары оларға берілмеген, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қандай да бір материалдық, физикалық, қаржылық және техникалық мүмкіндік болмаған.

МКД  кәсіпорынның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру ниетінсіз сатып алынғанына, ал бұл  серіктестік қызметінің жарғылық мақсаттарына және  мемлекет мүдделеріне қайшы келетініне  уәж келтіріп, ЖШС-дағы қатысу үлесінің 100% сатып алу-сату шарттарын және мемлекеттік қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы талаптармен сотқа жүгінген. 

Қойылған талапты шешу кезінде сот Д.Сафин мен Ж. Ержанның аталған сатып алу-сату шарттарына қол қою кезінде үшінші тұлғалардың ықпалында болғаны және олардың мәміле субъектілері ретінде кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға өз еріктері болмағаны жөнінде анықталған фактіні негізге алған.

Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтеріне сәйкес ЖШС орналасқан жерінде жоқ, бұл тұрақты жұмыс істейтін органның, басшының және басқа тұлғалардың жоқтығын куәландырады, оларсыз заңды тұлға  қызмет ете алмайды.

ЖШС-ның «Сатып алушылар бойынша пирамида» есебі бойынша жазылып берілген шот-фактуралар бойынша мәліметтерден шығынның болжамды сомасы 609 504 793 теңгені, оның ішінде ҚҚС 228 564 293 теңгені, КТС 380 940 500 теңгені құрағаны көрінеді.

Жауапкер В.В.Степананконың (компанияның бастапқы құрылтайшысы) жарғылық капитал үлесімен бірге сатып алушыға бухгалтерлік құжаттардың, ЭЦҚ, мөр және қабылдау-тапсыру актісінде көрсетілген өзге де құжаттардың, бухгалтерлік баланстың берілгені; жарғылық капитал үлесіне даулар мен ауыртпалықтар болмағаны туралы уәждерін сот зерттеген, алайда назарға алынбаған, өйткені даулы сатып алу-сату шарттары құқық тәртібінің негіздеріне қайшы келеді, ал осы мәмілелерді жасасу кезінде тараптардың іс-әрекеттерін басқарған адамдардың негізгі мақсаты жалған шот-фактураларды жазып беру және салық есептілігінің дұрыс емес нысандарын ұсыну арқылы бюджет алдындағы салық міндеттемелерін орындаудан кейіннен жалтару болған.

Осы жағдайларда сот  2019 жылғы 18 сәуірдегі және  2019 жылғы 3 қазандағы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тану туралы қорытындыға негізді келген.

Бұл ретте «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 14-бабы ережелерінің, сондай-ақ мәмілелердің жарамсыздығының салдары туралы азаматтық заңнама нормаларының негізінде жарамсыз мәміле заңдық салдарға әкеп соқпайды, ол жасалған кезден бастап жарамсыз болады – мәміле тараптары бастапқы қалпына қайтарылады. Тиісінше аталған шарттардың негізінде жүргізілген мемлекеттік қайта тіркеу де жарамсыз деп дұрыс танылып, күші жойылған.

 

3) «Өскемен қаласы бойынша МКБ» РММ З.Махмудов пен Д.Біржанұлының арасында жасалған «Обшор» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы үлесті сатып алу-сату шартын, сондай-ақ заңды тұлғаны кейіннен мемлекеттік қайта тіркеуді жарамсыз деп тану, бұйрықтың күшін жою  туралы талап қойып сотқа жүгінген.

Шығыс Қазақстан облысы МАЭС-тің шешімімен қойылған талап қанағаттандырылған.

Сот қойылған талаптың қанағаттандырылғанын заңды тұлғаны  құруға ешбір қатысы жоқ, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмаған және жүзеге асырмайтын, заңды тұлғаның құрылтай құжаттарында көрсетілген тұлғаның ерік білдіруінің болмауымен уәждеді. Д.Біржанұлының «АзияПромТорг 2002» ЖШС-ның қызметіне қатысты хабардар болмауына сілтеме жасаған  арызын назарға алды.

Апелляциялық сатыдағы сот шешімнің күшін жоя және жаңадан қарауға жібере отырып, шарт жасасу кезінде заңнама талаптарының бұзылғаны жөніндегі соттың тұжырымы  Д.Біржанұлының арызы негізінде ғана жасалғанын, бұл ретте дауланып отырған жарғылық капиталдағы үлесті сатып алу-сату шартының нотариалды куәландырылу фактісі бағаланбағанын және зерттелмегенін көрсеткен. Тиісінше Д.Біржанұлының осы шартқа қол қоюға ерік білдіргені анықталған. Шарттың мазмұнына қарағанда, Д.Біржанұлы «Обшор» ЖШС қызметінің сипаты және істерінің қаржылық жай-күйі туралы хабардар болған. Сот Д.Біржанұлының «Обшор» ЖШС-ны «Азияпромторг 2002» ЖШС-ға одан әрі қайта тіркеуге байланысты іс-әрекеттеріне; Д.Біржанұлының қолы қойылған заңды тұлғаның қызметіне байланысты істегі бұйрықтарға; Д.Біржанұлының қолы қойылған, тіркеуші органға ұсынылған құжаттарға талдау жасамаған.

Жоғарыда баяндалған мән-жайлардың негізінде сот алқасы алдау және жаңылыстыру жолымен ЖШС-ның үлесін сатып алу-сату шартының ресімделгені жөніндегі сот тұжырымының құқыққа қайшы келтінін көрсеткен.

Бірінші сатыдағы сот Өскемен қалалық сотының 2018 жылғы 19 шілдедегі шешімімен Д.Біржанұлы мен М.Болатқанұлының арасындағы «Обшор» ЖШС-ның жарғылық капиталындағы 100% үлесті сатып алу-сату мәмілесін жарамды деп танылғанына құқықтық баға бермеген.

2015 жылғы 14 қазандағы даулы шарт аталған мәміледен бұрын болған. Осылайша шартты жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдаған кезде сот шешіміне сәйкес қазіргі уақытта серіктестіктің жалғыз қатысушысы болып табылатын М.Болатқанұлының құқықтары қозғалады.

М.Болатқанұлы іске қатысуға тартылмағандықтан, осы тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған.

Соттың 2020 жылғы 27 қарашадағы шешімімен жаңадан қаралған кезде қойылған талапты қанағаттандырудан бас тартылған. Апелляциялық сатыдағы соттың 2021 жылғы 18 ақпандағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Бірінші сатыдағы сот қойылған  талапты қанағаттандырудан бас тартуды жоғарыда көрсетілген мәмілені жарамсыз деп тануға негіздердің жоқ екенін көрсете отырып, талапкердің уәждері дәлелденбегендігімен негіздеген.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісе отырып, даулы шарттың мазмұны заң талаптарына сәйкес келетінін, сотқа қарсы дәлелдемелер берілмегенін  көрсетті. Шартқа қойылған қолдар, нотариустың олардың қолдары мен мәмілелерін куәландырғаны тараптардың ерік білдіргенін көрсетеді.

Сот Д.Біржанұлының З.Махмудовтан үлесті сатып алғаннан кейін 3 жыл өткен соң, серіктестіктің қатысушылары құрамының өзгеруіне байланысты ол қайта тіркелгеннен кейін жасаған мәлімдемесі шарттың заңнама талаптарына сәйкес келмейтіндігіне дәлел болып табылмайтынын көрсеткен.

Д.Біржанұлының даулы шартты жасасу кезінде басшылыққа алған уәждері маңызды емес.

Бұдан басқа сот «АзияПромТорг 2002» ЖШС-ның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғанын куәландыратын нақты мән-жайларды назарға алған. Сондықтан осы ЖШС-ның жалғыз қатысушысы және сонымен бірге оның басшысы болып табылатын Д.Біржанұлының серіктесіктің қызметіне өзінің қатысы жоқтығы жөнінде  мәлімдеуге  құқығы жоқ.

Бұдан әрі  М.Болатқанұлына қатысты Аягөз аудандық сотының 2018 жылғы 12 ақпандағы үкімімен Д.Біржанұлының жалақы алғаны, «АзияПромТорг 2002» ЖШС-ның құжаттарына қол қойып, мөр басқаны, ЖШС-ның шоттарына түскен барлық ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталған.

Бұдан басқа Өскемен қалалық сотының шешімімен М.Болатқанұлы мен Д.Біржанұлының арасында «Обшор» ЖШС-ның 100% үлесін сатып алу-сату туралы жасалған мәміле жарамды деп танылған.

Кейіннен Д.Біржанұлы серіктестікті «АзияПромТорг 2002» ЖШС деп  қайта тіркеген.

Жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескере отырып, сот осы жауапкердің «Обшор» ЖШС-ның (2018 жылдан бастап «АзияПромТорг 2002» ЖШС) қызметіне қатысым жоқ деген  дәлелдерін шындыққа жанаспайды деп дұрыс таныған.

 

4) Маңғыстау облысы МАЭС-тің 2021 жылғы 3 наурыздағы шешімімен Департаменттің «GOOD КОМПАНИ» ЖШС-ға заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы қойған талабы  қанағаттандырудан бас тартылған.

Іс материалдарын қарағанда, 2017 жылғы 26 мамырда «GOOD КОМПАНИ» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласы, Ш.Айтматов көшесі мекенжайында тіркелгені, құрылтайшысы және басшысы М. Теміртасов болған.

2018 жылғы 28 шілдедегі жарғылық капиталдың 100% сатып алу-сату шартының негізінде қатысушылар құрамының өзгеруіне байланысты осы серіктестік 2017 жылғы 24 тамызда қайта тіркеуден өткен, оның құрылтайшысы және басшысы А. Нұрбасинов болып табылады.

Қатысушыларды ауыстырумен қатар орналасқан жері Ақтау қаласы бойынша бірнеше рет өзгертілген.

Департамент қойған талаптарда заңды мекенжайдың өзгертілуіне байланысты тіркелуге дау айтылған, Серіктестіктің 100% үлесін сатып алу-сату жөніндегі мәмілелерді даулау жөнінде талаптар мәлімделмеген.

Сот істі қарау кезінде салықтық тексеру актісімен Серіктестіктің заңды мекенжайында жоқтығы анықталған Департаменттің осы салықтық тексеру актісін назарға алмаған, өйткені жауапкердің тіркелген мекенжайда болуы үй-жай иесінің және жауапкер өкілінің түсіндірмелерімен расталады.

Сонымен қатар талапкер аталған серіктестіктің тіркелген жері бойынша бірнеше заңды тұлғалардың тіркелгеніне дәлел ұсынбаған.

Сот қойылған талапты  шешу кезінде «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» НҚ-ның 14-тармағын және «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңның 14-2-бабын қолданған.

Аталған бапқа сәйкес акционерлік қоғамды, филиалды (өкілдікті) қоспағанда, жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жерін өзгерту «Электрондық үкіметтің» веб-порталында толтырылатын электрондық хабарлама беру арқылы жүзеге асырылады.

Серіктестік мұндай хабарламаны берген. Оның СК талаптарына сәйкес тіркеу орны бойынша болмауы өзінің орналасқан жерін растамауына байланысты ҚҚС бойынша тіркеу есебінен шығару үшін негіз болып табылады.

Осылайша Серіктестік қолданыстағы заңнаманың шеңберінде қайта тіркелген,  бұл ретте Серіктестік ұсынған құжаттарға ескертулер болмаған.

Заңды тұлғаны қайта тіркеу кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін жүргізілмегенін куәландыратын салық берешегінің, орындалмаған камералдық бақылау хабарламасының болуы туралы талапкердің дәлелдері 100% үлесті иеліктен шығару жөніндегі мәмілеге дау айтпастан, мемлекеттік қайта тіркеу туралы бұйрықты жарамсыз деп тануға және күшін жоюға негіз бола алмайды.

 

5) Ақтөбе облысы бойынша МКД Ақтөбе облысының МАЭС-ке «Kaz-Temir-2» ЖШС-ға, Корпорацияға, С.Н.Агеевке «Kaz-Temir-2» ЖШС-ны мемлекеттік тіркеу туралы бұйрықты жарамсыз деп тану және оның күшін жою туралы талап қойып  жүгінген.

2021 жылғы 4 ақпандағы сот шешімімен талап қанағаттандырылған.

«Kaz-Temir-2» ЖШС-ның құрылтайшысы және басшысы С.Агеев екендігі анықталған.

«Халықтың көші-қоны туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 40-бабының 2-тармағына сәйкес бизнес-көшіп келуші ретінде келуге виза алмаған шетелдіктердің заңды тұлға құруына, сондай-ақ заңды тұлға қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысуына тыйым салынады.

Заңның 34-бабының 2) тармақшасына сай еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында келетін көшіп келушілерге бизнес-көшіп келушілер-Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру мақсатында келген көшіп келушілер жатады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының  2016 жылғы 24 қарашадағы № 11-1-2/555 және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қарашадағы № 1100 бірлескен бұйрығымен бекітілген Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне шақыруларын ресімдеу, шақыруларын келісу, Қазақстан Республикасының визаларын беру, күшін жою, қалпына келтіру, сондай-ақ олардың қолданылу мерзімдерін ұзарту және қысқарту қағидаларында бизнес-имиигрант санатындағылар үшін С5 санатындағы виза көзделген.

 «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» НҚ-ның 9-тармағында заңды тұлға  құрған, сондай-ақ заңды тұлғалар қатысушыларының құрамына кіру арқылы коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысатын шетелдіктердің бизнес-көшiп келушiлер ретінде кіруге міндетті түрде алуы қажет болатын визаны алмауы заңды тұлғаны құру кезінде заңнаманы жойылмайтын бұзу  деп сипатталады.

Коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысатын шетелдіктердің заңды тұлғалар қатысушыларының құрамына кіру арқылы бизнес-көшіп келуші ретінде келуге визаны міндетті түде алуы қажет болған жағдайда визаны алмауы тіркеуді жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылады.

«Kaz-Temir-2» ЖШС Ақтөбе облысының аумағына бизнес-иммигрант ретінде кірмеген резидент емеспен құрылған және басқарылған.

Көші-қон қызметі басқармасының жауабына сәйкес С.Агеев Қазақстан Республикасының аумағында визасыз және тіркеусіз болған.

Анықталған мән-жайлардың негізінде сот «Kaz-Temir-2» ЖШС заңды тұлға құрудың заңмен белгіленген тәртібін бұза отырып құрылған деген қорытындыға келген.

Сот шешіміне шағым жасалмаған, заңды күшіне еніп,  орындалған.

 

Нормативтік-құқықтық база

 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық Кодексі)» 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы кодексінің 2-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Кодекстен, сондай-ақ қабылдануы осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерден тұрады.

Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Салық кодексіндегі ережелерден өзгеше ережелер белгіленсе, көрсетілген шарттың ережелері қолданылады.

Соттар салық заңнамасын қолдануға байланысты істерді қарау кезінде басшылыққа алуы тиіс негізгі нормативтік құқықтық актілер:

1.Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясы;

  1. «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» Қазақстан Республикасының кодексі (бұдан әрі – СК);

3.1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (бұдан әрі – АК) (Жалпы бөлім), 1999 жылғы 1 шілдедегі (Ерекше бөлім);

  1. 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (бұдан әрі – АПК);
  2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі (бұдан әрі – Кәсіпкерлік кодекс) ;
  3. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы;
  4. «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» 2007 жылғы 28 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы;
  5. «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» 1995 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы;

9.Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары (бұдан әрі – НҚ):

- «Салық заңнамасын қолданудың сот практикасы туралы» 2017 жылғы 29 маусымдағы № 4;

- «Соттардың азаматтық іс жүргізу заңнамасының кейбір нормаларын қолдануы туралы» 2003 жылғы 20 наурыздағы № 2;

- «Мәмілелер жарамсыздығының және соттардың олардың жарамсыздығының салдарларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2016 жылғы 7 шілдедегі № 6;

- «Соттардың АПК 29-тарауының нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 24 желтоқсандағы № 20;

  1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, мемлекеттік кірістер органдары жүйесіндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық бұйрықтары.

 

ҚР ЖС 2020 жылы және 2021 жылғы 3 айда салық заңнамасын қолданудың  сот практикасын қорыту 2021 жылғы 9 шілдегі

 

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.