144-бап. Кәмелетке толмаған адамды қарауда ұстауға беру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының, қорғаншыларының, қамқоршыларының немесе басқа да сенiмге лайық адамдардың, сондай-ақ ол тұрып жатқан, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкiмшiлiгiнiң қарауда ұстауына беру көрсетілген адамдардың қайсыбiрiнiң өзіне кәмелетке толмағанның тиісті мінез-құлқын және оның қылмыстық процестi жүргізетін органның шақыруы бойынша келуiн қамтамасыз ету, оның ішінде оның үйден тыс жерде болуын шектеу және қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатынсыз басқа жерге баруына жол бермеу жөнінде жазбаша мiндеттеме қабылдауынан тұрады.
2. Кәмелетке толмаған адамды ата-анасының және басқа да тұлғалардың қарауда ұстауына беру олардың жазбаша өтiнiшхаты бойынша ғана мүмкiн болады.
3. Қарауда ұстауға қабылдау туралы қолхат алынған кезде ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар, бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды заңға сәйкес жүзеге асыратын ұйым әкімшілігінің өкiлдерi кәмелетке толмаған адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты туралы және олардың қарауда ұстау бойынша өздерiне қабылдаған мiндеттерiн бұзған жағдайдағы жауаптылығы туралы хабардар етiледi.
4. Қарауына кәмелетке толмаған адам берiлген тұлғалар өздері қабылдаған мiндеттемелерді орындамаған жағдайда, оларға осы Кодекстiң 160-бабында көзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы