542-бап. Сотта кәмелетке толмаған адамға қатысты істі қарау ерекшеліктері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кәмелетке толмағандарға қатысты істерді кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қарайды. Осы Кодексте көзделген жағдайларда істі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот не гарнизонның әскери соты немесе мамандандырылған ауданаралық әскери сот қарайды. Кәмелетке толмаған күдіктінің, айыпталушының өтінішхаты бойынша істі осы Кодекстің 65-тарауына сәйкес алқабилер қатысатын сот қарауы мүмкін.
2. Кәмелетке толмағандардың істері бойынша сот талқылауы осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша жүргізіледі, онда мынадай ерекшеліктер сақталады:
1) істі талқылау жариялылықты шектеу жағдайларында жүргізіледі;
2) істі қарауға бүкіл сот талқылауы бойында қатысатын, өздеріне тиесілі барлық құқықтарды пайдаланатын кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілдері қатысады және олардан өздерінің келісімі бойынша кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену салтының мән-жайлары туралы куәлар ретінде жауап алынуы мүмкін; іске қатысатын заңды өкілдің келуі мүмкін болмаған жағдайда, ол басқасымен алмастырылуы мүмкін;
3) сот отырысына қорғаушының қатысуы міндетті, сот кәмелетке толмаған сотталушының қорғаушыдан бас тартуын қабылдай алмайды;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда сот отырысына педагог, психолог, ал қажет болған жағдайларда психиатр, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өкілдері, кәмелетке толмаған адам оқыған немесе жұмыс істеген ұжымдардан өкілдер қатысады.
3. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкілін және қорғаушыны қатыстыра отырып жәбірленушімен татуласуға, оның ішінде медиация тәртібімен татуласуға, сондай-ақ прокурормен процестік келісім жасасуға құқығы бар.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы