173-бап. Жәбірленушілерге өтемақы қоры ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Жәбірленушілердің Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен өтемақы алуға құқығы бар.
2. Мәжбүрлі төлемді сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-1 және 98-2-баптарына сәйкес өндіріп алады.
3. Өтемақы ретінде төленген ақшаны өтеу жөніндегі міндетті сот "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде:
1) кінәлі адамға;
2) қылмыс жасауда кінәлі деп танылған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдеріне;
3) жеке тұлғаның қылмыстық құқық бұзушылығымен келтірілген зиян үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес материалдық жауаптылықта болатын заңды тұлғаға жүктейді.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4) және 12) тармақтарында, 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы осы баптың үшінші бөлігінде аталған тұлғалардан "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мөлшерде Жәбірленушілерге өтемақы қорына азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен ақшаны өндіріп алу үшін негіз болып табылады.
5. Жәбірленушілерге өтемақы қорынан жәбірленушілерге төленген ақша олардың өтемақы алу үшін анық емес мәліметтерді ұсыну фактісі анықталған, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар "Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабында көзделмеген құрамдарға қайта сараланған және қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының болмауынан қылмыстық іс тоқтатылған не соттың ақтау үкімі заңды күшіне енген жағдайларда, жәбірленушіден өндіріп алуға жатады.
Ескерту. 173-бап жаңа редакцияда - ҚР 10.01.2018 № 132-VI Заңымен (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы