180-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себептер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар болмаған кезде, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көрсететін жеткілікті деректер, атап айтқанда:
1) жеке тұлғаның арызы не мемлекеттік органның лауазымды адамының немесе ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның қылмыстық құқық бұзушылық не адамның хабарсыз кеткені туралы хабары;
2) кiнәсiн мойындап келу;
3) бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарлар;
4) қылмыстық қудалау органы лауазымды адамының дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы баянаты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастауға себептер болып табылады.
Осы Кодекстің 185-бабы бірінші бөлігінің екінші және үшінші абзацтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруға себеп болған кезде анықтаушы, анықтау органы, тергеу бөлімінің бастығы, тергеуші, прокурор өз құзыреті шегінде және осы Кодексте белгіленген тәртіппен өз қаулысымен қылмыстық істі іс жүргізуге қабылдайды.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген себеппен тергеп-тексеріліп жатқан іс бойынша хабарсыз кеткен адамға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасау белгілерін көрсететін деректер анықталған жағдайда, іс-әрекет Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабы бойынша сараланады.
3. Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты қабылдау және тіркеу тәртібін, сондай-ақ Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
Ескерту. 180-бап жаңа редакцияда - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы