276-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргізуі.Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптаманы тағайындау туралы қаулыны және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер қаулыда нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптаманы тағайындаған адамға үш күн мерзімде хабарлайды.
2. Сараптама жүргізу тергеу судьясының қаулысымен тағайындалған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін орган сот сараптамасы органының басшысына қажетті материалдарды, нәрселерді жолдайды.
3. Сараптама қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің сұрау салуы бойынша жүргізілген жағдайда, қажетті материалдарды қорғаушы немесе жәбірленушінің өкілі береді.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайлары нақты сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып ұсынылған жағдайда, дәлелдерді көрсете отырып, қылмыстық процесті жүргізетін органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді қайтаруға;
2) егер осы сот сараптамасы органында жұмыс істемейтін адамдардың арнаулы ғылыми білімі қорытынды беру үшін қажет болса, қылмыстық процесті жүргізетін адам алдында оларды сот сарапшылары комиссиясының құрамына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Сот сараптамасы органы басшысының заңда көзделген өзге құқықтары да бар.
5. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сараптама жүргізу үшін қажетті объектілерді өздігінен талап етіп алдыруға;
2) осы сот сараптамасы органының қызметкерлері болып табылмайтын адамдарды қылмыстық процесті жүргізетін органмен келіспей, сараптама жүргізуге тартуға;
3) сарапшыға нақты сараптама бойынша қорытындылардың мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
6. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны және зерттеу объектілерін алғаннан кейін, сараптама жүргізуді осы Кодекстің 272-бабы бірінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, осы сот сараптамасы органының нақты сарапшысына немесе сарапшылар комиссиясына тапсыруға;
2) сот сарапшысының тәуелсіздігі қағидатын бұзбай, сот сараптамасын жүргізу мерзімінің сақталуын, жүргізіліп жатқан зерттеулердің жан-жақтылығын, толықтығы мен объективтілігін, сот сараптамасы объектілерінің сақталуының қамтамасыз етілуін бақылауды қамтамасыз етуге;
3) сараптама жүргізуді ұйымдастыруға байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етпеуге;
4) зерттеулер жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 276-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 18.04.2017 № 58-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы