194-бап. Тергеу, жедел-тергеу тобының сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру ол күрделi немесе үлкен көлемді болған жағдайда тергеушiлер және анықтау органының қызметкерлері тобына (тергеу, жедел-тергеу тобына) тапсырылуы мүмкiн, бұл туралы қаулы шығарылады. Бұл туралы шешiмдi тергеу бөлімінің немесе анықтау органының бастығы қабылдауға құқылы. Қаулыда тергеп-тексеру жүргiзу тапсырылған барлық тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері, оның iшiнде топ жетекшiсі – тергеушi көрсетiлуге тиiс.
Күдіктi, жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi тергеушiлер, анықтау органының қызметкерлері тобының тергеп-тексеретіні туралы қаулымен танысуға тиiс және оларға осы топ жетекшісіне, сондай-ақ топ құрамындағы кез келген тергеушiге, анықтау органының қызметкеріне қарсылық білдіру құқығы түсiндiрiледi.
2. Топқа сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бірнеше органның тергеушілері, анықтау органының қызметкерлері кіруi мүмкiн. Мұндай топты құру туралы шешiм прокурордың нұсқауы бойынша да, тергеу бөлімі немесе анықтау органы бастықтарының бастамасы бойынша да қабылдануы мүмкiн. Мұндай шешiм осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген талаптарды сақтай отырып шығарылатын бiрлескен қаулымен ресiмделедi.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары, облыстардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар айрықша жағдайларда тергеп-тексерудің толық және объективті болмау фактілері, істің күрделілігі мен маңыздылығы анықталған кезде прокурорлар, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір немесе бірнеше органның тергеушілері, анықтаушылары мен жедел қызметкерлері арасынан топ құра алады, бұл ретте прокурорды осы топтың жетекшісі етіп тағайындап, бұл шешімді өз қаулысымен ресімдейді.
Ескерту. 194-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы