19-бап. Сот талқылауының жариялылығы Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің
1. Азаматтық істерді талқылау барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Сот актілері жария түрде хабарланады.
2. Жабық сот отырысында мемлекеттік құпия болып табылатын мәліметтері бар шешімді жариялауды қоса алғанда, істерді, сондай-ақ бала асырап алу туралы істерді қарау және шешу заңға сәйкес жүзеге асырылады.
Егер жеке өмірге қолсұғылмаушылықты, жеке, отбасылық, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауды қамтамасыз ету қажет болса не ашық талқылауға кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болса, сондай-ақ осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген жағдайда іске қатысатын адамның өтінішхаты бойынша немесе соттың бастамасы бойынша жабық сот отырысында азаматтық іс қаралуы және шешілуі мүмкін.
3. Жеке хат жазысу және өзге де жеке хабарлар өзара хат жазысқан және осы жеке хабарлар өздеріне қатысты адамдардың келісімімен ғана ашық сот отырысында жария етілуі мүмкін. Мұндай келісім болмаған жағдайда хат жазысу мен хабарлар жабық сот отырысында жария етіледі және зерттеледі.
Көрсетілген қағидалар жеке сипаттағы мәліметтер бар аудио-, бейнежазбаларды, фотоға және киноға түсіру материалдары мен электрондық, цифрлық және өзге де материалдық жеткізгіштердегі басқа да материалдарды зерттеу кезінде де қолданылады.
4. Істі жабық сот отырысында талқылау кезінде іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, ал қажет болған жағдайларда куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар да қатысады, оларға сот осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерді жария еткені үшін жауаптылық туралы ескертеді.
5. Он алты жасқа толмаған азаматтар, егер олар іске қатысатын адамдар немесе куәлар болып табылмаса, сот отырысы залына жіберілмейді.
6. Істі жабық сот отырысында талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.
7. Іске қатысатын адамдардың және басқа да адамдардың, оның ішінде ашық сот отырысына қатысып отырған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сот отырысының барысы бойынша жазбалар жасауға, оны залда отырған орындарынан аудиожазу құралдарының және цифрлық жеткізгіштердің көмегімен жазып алуға құқығы бар. Сот талқылауы залында киноға және фотоға түсіруге, бейнежазба жасауға, тікелей радио- және телетрансляция жүргізуге, Интернеттің ақпараттық-коммуникациялық желісінде бейнетрансляция жүргізуге соттың рұқсатымен және іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып жол беріледі. Бұл туралы сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымында көрсетіледі. Бұл әрекеттер сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтірмеуге тиіс және сот оларды уақыт жағынан шектеуі мүмкін.
8. Сот талқылауының барлық немесе бір бөлігіне қатысты істі жабық сот отырысында талқылау туралы сот ұйғарым шығарады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
9. Заңды күшіне енген сот актілері соттың интернет-ресурсында жарияланады және осы баптың екінші бөлігінде және өзге де заңдарда белгіленген шектеулер ескеріле отырып, жария түрде талқылануы мүмкін.
10. Соттың іс жүргізуіндегі азаматтық істер бойынша сотқа келіп түскен өтініштер туралы ақпарат жария етілуге және осы ақпаратты соттың ресми интернет-ресурсында орналастыру арқылы процеске қатысушылардың назарына жеткізілуге тиіс.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 20.12.2021 № 84-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы