299-бап. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің мазмұны ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепте мыналар көрсетіледі:
1) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есептің жасалған уақыты және орны;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасаған адамның лауазымы, тегі және аты-жөні;
3) күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері, оған жасады деп айып тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бабының бөлігі және тармағы;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтың оқиғасы, жасалған орны мен уақыты, оның тәсілі, салдары және өзге де мән-жайлар;
5) адамды айыптауға негіз болатын мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің тізбесі;
6) айыптау актісін шығару туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі прокурорға жіберу және қылмыстық істі мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберу туралы шешім.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке оны жасаған адам қол қояды.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сот отырысына шақырылуға жататын адамдардың тізімі қоса беріледі. Тізімде адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері, оның айғақтары берілген қылмыстық іс парағының және томының нөміріне сілтеме көрсетіледі.
Тізім екі бөліктен: күдікті және қорғаушы атаған адамдардың тізімінен (қорғау тізімінен) және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған адам жасаған тізімнен (айыптау тізімінен) тұруға тиіс.
Тізім мөрленген конвертке салынады және қылмыстық іске қоса тігіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепке сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі, бұлтартпау шарасы, адамды күзетпен ұстау мерзімі, қолда бар заттай дәлелдемелер және оларды сақтау орны, азаматтық талап қоюды қамтамасыз ету және сот үкімін орындау үшін қабылданған шаралар, күдіктіден өндіріп алынуға жататын процестік шығындар мен сомалар, мәлімделген талап қою көрсетілетін анықтама да қоса беріледі.
Ескерту. 299-бап жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII Заңымен (мынадай:
ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері тергеп-тексеретін, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген аса ауыр қылмыстар туралы істерге қатысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап;
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 29) тармағында көзделген, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істерге қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін;
алдын ала тергеу нысанында аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасауы, прокурордың айыптау актісін жасауы және прокурор айыптау актісін жасаған кезден бастап адамды айыпталушы деп тану бөлігінде).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы