6-бап. Бюджеттің түрлері мен деңгейлері туралы жалпы ережелер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі
1. Қазақстан Республикасында мынадай деңгейлердегі бюджеттер:
1) республикалық бюджет;
2) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері;
3) аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет;
4) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері бекітіледі, атқарылады және дербес бюджеттер болып табылады.
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері жергілікті бюджеттерге жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда, Қазақстан Республикасында төтенше мемлекеттік бюджет әзірленуі, бекітілуі және атқарылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасында талдамалық ақпарат ретінде пайдаланылатын және бекітуге жатпайтын мемлекеттік және шоғырландырылған бюджеттер, облыс бюджеті, аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті жасалады.
Мемлекеттік бюджет өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, республикалық және жергілікті бюджеттерді біріктіретін, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Өз араларындағы өзара өтелетін операциялар ескерілмей, республикалық бюджетті, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттерін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарын, Жәбірленушілерге өтемақы қорының түсімдері мен төлемдерін, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының түсімдері мен шығыстарын, Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері мен шығыстарын, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының түсімдері мен шығыстарын біріктіретін мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры шоғырландырылған бюджет болып табылады.
Облыс бюджеті өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілместен, облыстық бюджетті, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджетін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры болып табылады.
Өз араларында өзара өтелетін операциялар ескерілмей, аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетті, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттерін біріктіретін орталықтандырылған ақша қоры аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті болып табылады.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 02.07.2014 № 225-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 11.07.2017 № 90-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 132-VI (01.07.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.12.2021 № 100-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Бюджет кодексі Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы