625-бап. Келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының тәртібі мен мерзімдері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Төрағалық етуші сот отырысында қарсылық білдірулер мен өтінішхаттарды шешкеннен кейін кінәні мойындау туралы процестік келісімді, кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімді қараудың басталғаны туралы жариялайды және прокурорға оның мәнін баяндауды ұсынады.
2. Прокурордың сөзінен кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның процестік келісімнің мәнін түсінгенін-түсінбегенін және онымен келісетінін-келіспейтінін сұрайды. Қажет болған кезде төрағалық етуші сотталушыға процестік келісімнің мәнін түсіндіреді, содан кейін оған келісім жасасудың мән-жайын сотқа хабарлауды ұсынады және процестік келісімнің оның ерік білдіруіне сәйкестігін-сәйкес еместігін және ол оны қолдайтын-қолдамайтынын және осы іс бойынша сотқа бірдеңе хабарлағысы келетін-келмейтінін анықтайды.
3. Төрағалық етуші сотталушының ұстанымын анықтап алып, қорғаушыға және прокурорға кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанындағы процестік келісімге қатысты өз пікірлерін хабарлауын ұсынады, сондай-ақ олардың процестік келісімді қолдайтынын не қолдамайтынын нақтылайды.
4. Сот отырысында төрағалық етуші қажет болған кезде кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасасудың заңда көзделген тәртібін сақтау мәселесі бойынша прокурордан, сотталушыдан және оның қорғаушысынан жауап алуы мүмкін.
5. Процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан келісімде көзделген мүліктік өндіріп алулар бөлігінде сот актісін өз еркімен орындау үшін оған қандай мерзім қажет екенін анықтайды, бұл ретте оның отбасылық және материалдық жағдайын анықтайды. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімді қарау аяқталғаннан кейін төрағалық етуші сотталушыдан оның заңсыз иемденілген активтерді қайтару бөлігінде процестік келісімді қандай мерзімде орындайтынын және оларды қайтару тәсілі мен тәртібін растайтынын не растамайтынын анықтайды.
Сотталушыға сотқа қосымша бірдеңе хабарлау құқығы да берілуге тиіс. Сотталушыны тыңдап болған соң төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетеді және сот шешімін жария ету уақытын хабарлайды.
6. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігінде көзделген мерзімдерде аяқталуға тиіс.
Ескерту. 625-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы