272-1-бап. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салуы ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың сұрау салуы негізінде осы Кодекстің 122-бабы үшінші бөлігінің 3) тармағында көзделген тәртіппен сот сараптамасын жүргізу қылмыстық процесті жүргізетін органнан зерттеу объектілерін талап ету қажет болмаған жағдайда жүргізіледі.
2. Сұрау салуда: адвокаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның нөмірі, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптама түрі; сараптама тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді ықтимал толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат; ол сот сараптамасын жүргізуді тапсыруға ниет білдірген сот сараптамасы органының, ұйымының атауы және (немесе) адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіледі.
3. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салуын жіберу туралы қылмыстық процесті жүргізетін адам бір мезгілде хабардар етіледі, ол сарапшыға қарсылық білдіруге осы Кодекстің 93-бабында көзделген негіздердің бар-жоғын тексереді, сондай-ақ қажет болған кезде сарапшыға қосымша сұрақтар жібереді.
4. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокат сарапшыға сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салуды және сараптама объектілерін табыс етеді, оған осы Кодекстің 79-бабында көзделген құқықтар мен міндеттерді түсіндіреді және қолхат ала отырып, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді.
Көрсетілген қолхат қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың хаты негізінде қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі. Сарапшының арыздары, өтінішхаттары және оларды қабылдамау уәждері де осылайша қоса тіркеледі.
5. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың сұрау салуы негізінде берілген сарапшы қорытындысы екі данада жасалады, оның біреуі – қылмыстық процесті жүргізетін адамға, екіншісі сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салудың бастамашысына жіберіледі.
6. Қорғаушы, жәбірленушінің өкілі болып табылатын адвокаттың сұрау салуы бойынша сот сараптамасын жүргізу кезінде оны жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүргізіледі. Шығыстарды өтеу өзінің мүдделерінде сот сараптамасы жүргізілген адамға жүктеледі.
Ескерту. 272-1-баппен толықтырылды – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы