629-1-бап. Бұйрықтық іс жүргізуді қолдану негіздері ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібі, осы тарауда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің жалпы қағидаларымен айқындалады.
2. Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша іс, егер:
1) жиналған дәлелдемелер арқылы қылмыстық теріс қылық және (немесе) онша ауыр емес қылмыс фактісі және оны жасаған адам анықталса;
2) күдікті қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы өз кінәсінің қолда бар дәлелдемелеріне дау айтпаса, өз әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) саралануына, келтірілген нұқсанның (зиянның) мөлшеріне (сомасына) келіссе;
3) жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың санкциясы негізгі жаза түрлерінің бірі ретінде айыппұлды, оның ішінде, егер санкцияда осы құқықтан айырудың дәл мерзімі белгіленсе, белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде міндетті қосымша жаза түрін көздесе;
4) күдікті істі дәлелдемелерді зерттемей, өздерін істі сотта қарауға шақырмай және қатыстырмай, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарау туралы өтінішхат мәлімдесе, ал жәбiрленушi, сондай-ақ азаматтық талапкер мен азаматтық жауапкер (олар іс бойынша қатысқан жағдайда) бұған келісім білдірсе, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатады.
3. Бұйрықтық іс жүргізу:
1) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн өз әрекеттерiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғыну не оларды игеру мүмкіндігінен айыратын психикасының бұзылуымен ауырған адамға;
2) кәмелетке толмаған адамға немесе дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өзі жүзеге асыра алмайтын адамға;
3) қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамға;
4) міндетті қосымша жазалау ретінде мүлікті тәркілеу, арнаулы, әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныптан және мемлекеттік наградалардан айыру, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкін адамға қатысты қолданылмайды.
4. Бұйрықтық іс жүргізу, олардың ішінде ең болмағанда біреуі айыппұл түрінде негізгі жазаны көздемейтін қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығына қатысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидаларын қолдануды талап ететін үкімдер жиынтығы кезінде қолданылмайды.
5. Егер сот іс бойынша бұрын шығарылған үкімнің күшін осы Кодекстің 629-6-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша жойған болса, бұйрықтық іс жүргізу қолданылмайды.
6. Сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам осы баптың екінші бөлігінде көзделген негіздердің жиынтығы анықталған кезден бастап бес тәулік ішінде бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығара отырып, сотқа дейінгі іс жүргізуді аяқтайды.
Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам нәтижелері қылмыстық құқық бұзушылықтың іздерін және күдікті, айыпталушы кінәсінің өзге де дәлелдемелерін тіркейтін тергеу әрекеттері мен өзге де процестік әрекеттерді ғана жүргізуге құқылы.
Күдікті, оның қорғаушысы (ол қатысқан кезде), жәбiрленушi, оның өкілі, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер қылмыстық іс материалдарымен танысқаннан және олардың өтінішхаттары шешілгеннен кейін сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адам бұйрықтық іс жүргізуді қолдану туралы қаулы шығарады.
Ескерту. 629-1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы