629-7-бап. Бұйрықтық іс жүргізу тәртібіндегі қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне шағым жасау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне – көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде жәбірленушінің шағымы және (немесе) прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін, олар осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген апелляциялық тәртіппен қаралуға жатады.
Азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыға және айыптау үкіміне, азаматтық талап қоюға қатысты бөлігінде, көрсетілген сот актілерінің көшірмесі алынған кезден бастап жеті тәулік ішінде апелляциялық тәртіппен шағым жасауға құқылы.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулыны және айыптау үкімін қайта қарау туралы өтінішхаттарды қарау осы Кодекстің 8-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Сотталған адам тағайындалған айыппұл мөлшеріне келіспеген жағдайда ғана айыптау үкіміне өтінішхат келтіре алады.
Бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен шығарылған қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы да және айыптау үкімі де осы Кодекстің 10-бөлімінде көзделген тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы