Борышкердің шоттарынан тыйым салуды заңсыз алып тастағаны үшін ЖСО-ға қатысты жеке ұйғарым шығару
М С.Л.-ның ЖСО Цл И.В.-ға атқарушылық іс жүргізу шеңберінде шығарылған атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету шараларының күшін жою туралы қаулыларды заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талап қоюы бойынша (№3994-24-00-4/1167).
Қостанай облысының МАӘС-ы борышкер И Е.А.-ның есеп айырысу шоттарынан ЖСО тыйым салуларды АПК-нің 160-бабында көзделген қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы түрде алып тастағанын анықтады. Бұл сот шешімінің ұзақ уақыт орындалмауына және өндіріп алушы МС.Л.-ның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан.
МАӘС-тың 2025 жылғы 4 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырылды.
Талап қоюды қанағаттандыра отырып, сот жауапкердің заңнама нормаларын бұзғаны туралы қорытындыға келді, бұл сот шешімінің ұзақ уақыт орындалмауына және өндіріп алушы Мкого С.Л.-ның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соққан, өйткені жауапкердің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі Қостанай қалалық сотының заңды күшіне енген ұйғарымы болған кезде И Е.А.-ның есеп айырысу шоттарынан тыйым салуларды алып тастауға құқығы болмаған. Аталған ұйғарыммен И Е.А.-ның банк шоттарына тыйым салу түріндегі талап қоюды қамтамасыз ету шараларын жою туралы арызын қанағаттандырудан бас тартылған.
Бұдан басқа, қаралған азаматтық іс шеңберінде И Е.А.-ның сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы арызы бойынша шығарылған Қостанай қалалық сотының 2024 жылғы 27 желтоқсандағы заңды күшіне енген жеке ұйғарымынан И Е.А.-ның 2022 жылғы 7 желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде «Forte Bank» АҚ-да 4 000 000 теңгеден астам және «First Heartland Jussan Bank» АҚ-да 2 000 000 теңгеден астам ақша қаражатының қозғалысын жүзеге асырғаны анықталған.
Ақша қаражатының қозғалысы талап қоюшы ұсынған И Е.А.-ның «Kaspi Bank» АҚ және «Bereke Bank» АҚ-дағы есеп айырысу шоттары бойынша үзінді көшірмелерден де көрінеді.
Сондай-ақ, сот талап қою беру мерзімі өткізіліп алынбаған деген қорытындыға келді, өйткені талап қоюшыға сот орындаушысы дауланып отырған қаулылар туралы хабарламаған.
Жауапкер жол берген бұзушылықтарға байланысты 2025 жылғы 4 ақпанда сот жеке ұйғарым шығарды. Аталған жеке ұйғарым шаралар қабылдау және мұндай жағдайларға алдағы уақытта жол бермеу үшін Қостанай облысының ЖСО Өңірлік палатасының басшысының назарына жеткізілді.
Қостанай облыстық сотының ӘІЖСА-ның 2025 жылғы 12 наурыздағы қаулысы мен ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылды.
Сонымен бірге, істі қарау барысында сот алқасы жауапкер ЖСО Ц И.В.-ның әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады.
ЖСО Ц И.В. борышкердің банк шоттарынан тиісті сот актісінсіз тыйым салуларды алып тастаған, бұл оның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын және теріс пайдаланғанын көрсетеді.
Жауапкердің аталған заңсыз әрекеттері өндіріп алушының құқықтарының елеулі түрде бұзылуына әкеп соққан, өйткені қабылданған сот актілерімен және іс материалдарымен борышкердің банк шоттарында 2022 жылғы 6 желтоқсаннан бастап қазіргі уақытқа дейін ақша қаражатының, оның ішінде елеулі мөлшердегі шетел валютасындағы ақша қаражатының қозғалысы болғаны және олардың борышкер тарапынан шешіп алынғаны анықталған.
Қостанай облысы прокурорының орынбасарының 2025 жылғы 17 сәуірдегі жауабына сәйкес, 2025 жылғы 29 наурызда Қостанай қаласының ПБ ҚР ҚПК-нің 181-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалды ЖСО Ц И.-ның әрекеттерін тексеру жүргізу үшін «Қостанай облысының Әділет департаменті» РММ-не жолдаған.
Көп жағдайда жеке ұйғарымдар орындалған, бұл ЖСО Өңірлік палатасынан алынған кері байланыспен расталады. Алайда жүйелі түрде орын алып отырған бұзушылықтар атқарушылық іс жүргізу туралы заңның негізгі ережелерін қолдану мәселелері бойынша әдістемелік бақылау мен оқытуды, ЖСО-лардың біліктілігін арттыруды қажет ететінін көрсетеді.
Талаптарды тұжырымдау
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік талап қоюды берген кезде талап қоюшылар талаптарды әртүрлі редакцияда қояды.
Негізінен, қаралып отырған санаттағы даулар дау айту, мәжбүрлеу және әрекет жасау туралы талап қоюлар беру арқылы қаралады (ӘРПК-нің 132–134-баптары).
ӘРПК-нің 132-бабына сәйкес, ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт талап қоюшының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзған жағдайда, ол әкімшілік актіні толық немесе оның қандай да бір бөлігін жою туралы талаппен дау айту туралы талап қоюға құқылы.
Сот орындаушысы шығарған қаулымен келіспеген жағдайда, талаптар аталған қаулыны заңсыз деп тану туралы қойылады. Әрекеттерді заңсыз деп тану туралы талап қоюды бір мезгілде берудің қажеті жоқ.
ӘРПК-нің 84-бабының 2-бөлігіне сәйкес, заңсыз әкімшілік акт толықтай немесе оның бір бөлігінде жойылуы мүмкін.
Қаулы заңсыз деп танылған жағдайда, сот аталған қаулының күшін жояды.
Талап қоюды қайтару
ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінде әкімшілік талап қоюды қайтарудың 17 негізі көзделген.
Қаралып отырған санаттағы істер көбінесе мынадай негіздер бойынша қайтарылады:
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 6) тармақшасы – талап қоюшы берген талап қоюды кері қайтарып алған;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 9) тармақшасы – тараптар татуласу, медиация туралы немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасты және ол сотпен бекітілді;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 11) тармақшасы – іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды;
ӘРПК-нің 138-бабы 2-бөлігінің 17) тармақшасы – іс осы соттың соттылығына жатпайды.
Талап қоюды қайтарудың тағы бір негізі ӘРПК-нің 136-бабының 8-бөлігінде көзделген. Оған сәйкес, талап қоюды сотқа беру мерзімін дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгіну үшін өткізіп алынған мерзімді қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтаруға негіз болып табылады.
Талданып отырған санаттағы талап қоюларды қайтару мәселесін шешу кезінде соттарда қиындықтар туындамайды.
Бұл ретте соттың белсенді рөл қағидатын іске асыру дауды бейбіт жолмен реттеу арқылы аяқталған істердің санын (келісім жасасу немесе талап қоюды кері қайтарып алу) едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Сот шешіміне шағымдану мерзімі
ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде берілуі мүмкін екендігі көзделген. Шешім түпкілікті нысанда шешім жарияланған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.
Аталған нормаға өзгерістер 2024 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында енгізілді.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы №33-НП «ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің бірінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» нормативтік қаулысынан туындайтындай, ӘРПК-нің 168-бабы төртінші бөлігінің ережелері осы баптың екінші бөлігінің нормаларынан туындайды, олар заңды күшіне енбеген сот шешімдеріне шағымданудың жалпы қағидаларын айқындайды, ал мерзім сот шешімі түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап есептеледі.
Осыған байланысты сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың өтінішхатын беру үшін белгіленген он жұмыс күндік мерзім шешімнің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуге тиіс, өйткені ӘРПК-де белгіленген апелляциялық шағым беру мерзімі (сот шешімі шығарылған күннен бастап он жұмыс күні) шешім түпкілікті нысанда дайындалғанға дейін іс жүзінде өтіп кетуі мүмкін. Бұл процеске қатысушыларды оның уәждеу бөлігімен танысу және апелляция беру құқығын толық көлемде іске асыру мүмкіндігінен айырады.
Конституциялық Сот мұндай құқықтық реттеу Конституциямен кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығын, білікті заң көмегін алу құқығын және барлығының заң мен сот алдында теңдігі қағидатын шектеуі мүмкін екенін көрсетті.
Конституциялық Сот ӘРПК-де қолданылатын ұғымдар («шешім шығарылған күн», «шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күні» және т.б.) заң тұрғысынан жеткілікті түрде дәл айқындалмағанын және әртүрлі түсіндірілуге жол беретінін, бұл процеске қатысушылардың құқықтарының бұзылу қаупін туындататынын атап өтті.
Нәтижесінде Конституциялық Сот дауланып отырған ережені Конституцияға сәйкес деп тек мынадай түсіндірмеде таныды: ӘРПК-нің 168-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген әкімшілік істер санаттары бойынша апелляциялық шағым мен прокурордың апелляциялық өтінішхатын беру мерзімі сот шешімінің қарар бөлігінің жарияланған сәтінен емес, сот шешімінің түпкілікті нысанда шығарылған (дайындалған) күнінен бастап есептелуге тиіс.
Жоғарыда көрсетілген өзгерістер ӘРПК-нің 168-бабының 4-бөлігіне енгізілгенге дейін жергілікті соттарда бірінші сатыдағы сот шешіміне шағымдану мерзімін есептеу бөлігінде осы норманы әртүрлі түсіндіру жағдайлары орын алған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (ҚР ЖС ӘІЖСА) процестік нормаларды конституциялық-құқықтық тұрғыдан түсіндірудің басымдығын растады және апелляциялық шағымдану мерзімдерін біркелкі есептеуді – шешімнің түпкілікті нысанда дайындалған күнінен бастап есептеуді қамтамасыз ететін сот практикасын қалыптастырды.
Бұл практика жүйелік маңызға ие, өйткені ол сот практикасындағы қайшылықтарды жояды және тараптардың әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде сот арқылы қорғалу құқығын нақты іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Дәлелдемелер және дәлелдеу
Дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде жол берілмейтін нақты деректерді, дәлелдеу нысанасын және дәлелдемелердің қайнар көздерін, сондай-ақ дәлелдемелерді жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану (дәлелдеу) тәртібін және дәлелдемелер мен дәлелдеу туралы өзге де ережелерді құқықтық реттеу тәртібі, ӘРПК-де белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, АПК нормаларымен айқындалады (ӘРПК-нің 128-бабы).
ЖСО-ның әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдану кезінде ЖСО тарапынан жол берілген бұзушылықтарды растайтын әртүрлі құжаттар мен материалдар дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін. Құқыққа қайшы әрекеттерді немесе әрекетсіздікті көрсететін нақты фактілерді анықтау қажет.
Дәлелдемелер (тігілген және нөмірленген атқарушылық іс жүргізу материалдары) мыналарды қамтиды:
Атқарушылық құжат:
ЖСО әрекет еткен негізде берілген атқару парағының немесе сот бұйрығының түпнұсқасы не куәландырылған көшірмесі.
Шағым жасалатын ЖСО қаулылары, олардың күні мен мазмұны көрсетіле отырып.
Бұзушылықтарды растайтын құжаттар:
Төлем туралы түбіртектер, ЖСО-мен хат алмасу, хабарламалар (SMS-хабарламалардың жеткізілгені туралы есептер), куәлардың айғақтары, мүлікті бағалау туралы есептер, мүлікті тізімдеу хаттамалары, қарап-тексеру актілері, тұрмайтыны туралы актілер, фотосуреттер, бейнежазбалар және өтініш берушінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын растайтын кез келген басқа материалдар.
Әділет органдарына немесе ЖСО палатасына берілген шағымдар (ЖСО әрекеттеріне шағым берілген жағдайда, оның көшірмесі мен оған берілген жауаптар да дәлелдемелер ретінде пайдаланылуы мүмкін).
Куәлардың айғақтары:
Іс бойынша мән-жайларды растай алатын куәлар айғақ беру үшін сотқа шақырылады.
Мемлекеттік бажды өндіріп алу
Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы талап қоюлар бойынша талап қоюшылар сотқа талап қою берген кезде Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 616-бабының 15) тармақшасына сәйкес мемлекеттік баж төлеуден босатылады.
ӘРПК-нің 122-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот шығыстарын бөлу мәселелері АПК-нің қағидалары бойынша қаралады.
АПК-нің 117-бабының 1-бөлігіне сәйкес, талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізуге байланысты шығындар сот шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне толық немесе оған пропорционалды түрде өндіріп алынады.
Талап қою қанағаттандырылған кезде мемлекеттік баж жергілікті бюджет кірісіне сот орындаушысынан талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне мөлшерлес өндіріп алынады.
Мемлекеттік баж мөлшерлемесі Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 610-бабы 1-тармағының 8) тармақшасының қағидалары бойынша есептеледі (0,5 АЕК).
Процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану
Істі қарау барысында процестік заңнама нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда, ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылады.
ӘРПК-нің 127-бабына сәйкес, сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерін орындамайтын тұлғаға, оның ішінде дәлелдемелерді ұсыну, сот белгілеген мерзімді дәлелді себептерсіз бұза отырып тапсырмаларды орындау жағдайларында, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына әкеп соқса, әрбір әрекеті (әрекетсіздігі) үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды салуға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы тұлғаның сот отырысына келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, пікірді уақтылы ұсынбағаны, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген тәртіпті бұзғаны, сондай-ақ сотқа және (немесе) судьяға құрметтемеушілікті анық көрсететін өзге де әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды салуға құқылы.
Сот шешімін, тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы сот ұйғарымын орындамағаны үшін сот жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды салады және сол сот актісінде оны орындауға тиіс, бір айдан аспайтын мерзімді көрсетеді.
Талданып отырған кезеңде соттарда ақшалай өндіріп алу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасын қолдану практикасы қалыптасты. Сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау туралы даулар санаты бойынша ақшалай өндіріп алу көбінесе жауапкерлерге мынадай себептер бойынша салынды:
- пікірді уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын уақтылы ұсынбау;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарын толық көлемде ұсынбау;
- дәлелді себепсіз сот отырысына келмеу (немесе онлайн форматта қосылмау).
Пайдаланылған қысқартулар:
- ӘРПК – Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;
- АПК – Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
- АК – Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
- Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы – Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
- ЖСНҚ – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы;
- Тыйым салынған мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары – Қағидалар;
- АИАЖ – Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;
- ҚР ЖС ӘІЖСА – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
- ӘІЖСА немесе алқа – әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
- МАӘС – мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот;
- ӘД – Әділет департаменті (-тері);
- МСО – мемлекеттік сот орындаушысы (-лары);
- ЖСО – жеке сот орындаушысы (-лары);
- АІЖ – атқарушылық іс жүргізу.
Атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- ӘРПК;
- АК;
- АПК;
- Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы №1 «Атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын соттардың қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы №12 «Сот актілерін орындамағаны үшін жауапкершілік туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы №2 «Азаматтық істер бойынша қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы №5 «Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2019 жылғы 29 қарашадағы №6 «Алимент өндіріп алуға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы №437 «Жеке сот орындаушысы қызметінің ақы мөлшерлерін бекіту туралы» қаулысы (2023 жылғы 13 шілдеде күші жойылды);
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы №372 «Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға алимент ұстап қалу жүргізілетін жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы №416 «Жеке сот орындаушысы қызметінің ақы мөлшерлерін бекіту туралы» бұйрығы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 28 наурыздағы №148 «Жеке сот орындаушылары қаулыларының үлгілік нысандарын бекіту туралы» бұйрығы.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы