Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 149-бабы. Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу туралы түсініктеме
1. Тұрғынжайда тұратын адамның еркіне қарсы тұрғынжайға заңсыз басып кіру —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет күш қолдану не оны қолдану қатерін төндіру арқылы немесе адамдар тобы жасаған не түнгі уақытта жасалған немесе заңсыз тінтумен ұштасқан тұрғынжайдан заңсыз шығару, сол сияқты тұрғынжайдан заңсыз шығарып жіберу —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған адам —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі – қылмыстық теріс қылық, 2 және 3-бөліктері – қылмыстар) оның әрбір адамның және азаматтың тұрғынжайына заңсыз басып кіруден қолсұғылмаушылыққа қатысты конституциялық құқығын бұзуында болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабының 1-тармағында: «Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңда белгіленген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі», – деп көрсетілген.
Қолданыстағы заңнама азаматтардың еркінен тыс тұрғынжайға заңды түрде кіру мүмкіндігін көздейді: 1) күтпеген төтенше жағдайлар кезінде; 2) құқықтық тәртіпті қорғау кезінде.
Азаматтардың қауіпсіздігіне немесе Республиканың конституциялық құрылысына төнген өздігінен туындаған нақты қатердің алдын алу немесе оны жою мақсатында күтпеген төтенше жағдайлар кезінде тұрғынжайға заңды түрде кіруге жер сілкінісі, қар көшкіні, сел, су тасқыны, өрт, эпидемиялар мен эпизоотиялар, жарылыстар, электр энергетикалық және тіршілікті қамтамасыз ететін коммуникациялық жүйелердің, тазарту құрылыстарының авариялары және басқа да осындай жағдайлар кезінде жол беріледі.
Құқықтық тәртіпті қорғау кезінде тұрғынжайға кіру мынадай жағдайларда заңды деп танылады: қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу, жолын кесу және ашу; тергеу мен соттан жасырынып жүрген адамды, хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды және заңда көзделген жағдайларда өзге де адамдарды анықтау; үкімдер мен басқа да сот шешімдерін орындау.
Барлық қалған жағдайларда тұрғынжайда тұратын адамдардың еркіне қарсы тұрғынжайға кіру заңсыз деп танылады және тұрғынжайға қолсұғылмаушылық құқығына қол сұғатын қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады (ҚК-нің 149-бабы).
Қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі – тұрғынжайға қолсұғылмаушылық жөніндегі конституциялық құқық.
Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзудың объективтік жағы тұрғынжайда тұратын адамның еркіне қарсы тұрғынжайға заңсыз басып кіру түрінде көрініс табатын белсенді әрекеттен тұрады. Тұрғынжайға заңсыз басып кіру деп оған мұндай құқықтық негізі жоқ бөгде адамның тұрғынжайда тұратын адамдардың хабарынсыз немесе олардың еркіне қарсы кез келген тәсілмен кіруін түсіну қажет.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 2-бабының 28) тармақшасына сәйкес тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және пайдаланылатын, белгіленген техникалық, санитариялық және басқа да міндетті талаптарға жауап беретін жеке тұрғын үй бірлігі (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме).
ҚПК-нің 7-бабының 49) тармақшасына сәйкес тұрғынжай – бір немесе бірнеше адамның уақытша немесе тұрақты тұруына арналған үй-жай немесе құрылыс, оның ішінде: жеке меншіктегі немесе жалға алынған пәтер, үй, саяжай үйі, қонақүй нөмірі, каюта, купе; оларға тікелей жалғасатын верандалар, террасалар, галереялар, балкондар, мансардалық құрылыстар, көппәтерлі тұрғын үйді қоспағанда, тұрғын үй құрылысының жертөлесі мен шатыры, сондай-ақ өзен немесе теңіз кемесі және басқалары.
ҚК-нің 149-бабына қатысты тұрғынжай деп адамдардың тұрақты немесе уақытша тұруына арналған, бейімделген немесе пайдаланылатын кез келген үй-жайды (тұрақты немесе «көшпелі») түсіну қажет. Бұған жеке үй, пәтер, қонақүйдегі немесе жатақханадағы бөлме, саяжай, бақша үйшігі, құрастырмалы үйшіктер және тағы басқалар жатуы мүмкін.
Тұрғынжайға адамдардың тұруы үшін пайдаланылмайтын және тұрғын үй құрылыстарынан бөлек орналасқан ауладағы құрылыстар, жертөлелер, гараждар және басқа да үй-жайлар жатпайды.
Тұрғынжайға заңсыз басып кіргені үшін қылмыстық жауаптылықтың қажетті шарты – мұндай әрекетті сол жерде тұратын адамның еркі мен келісіміне қарсы жасау болып табылады. Бұл ретте тұрғынжайда тұратын адам деп онда тұрақты немесе уақытша тұратын және оны белгілі бір құқық негізінде иеленетін, мысалы, тұрғынжайдың меншік иесі немесе жалдаушысы, қосалқы жалдаушысы және жалдау, қосалқы жалдау, жалға алу шарты бойынша немесе басқа да азаматтық-құқықтық келісімдер негізінде тұрғынжайда тұратын уақытша тұрғындар танылады.
Тұрғынжайдың заңды иесі өзіне тиесілі, бірақ басқа адамдар қолданыстағы және олардың арасында бұзылмаған жалдау, қосалқы жалдау, жалға алу немесе өзге де азаматтық-құқықтық келісім негізінде алып отырған тұрғынжайға басып кірген жағдайларда, оның әрекеттері ҚК-нің 149-бабында көзделген тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу құрамын құрайды, өйткені бұл жағдайда сол немесе өзге тұрғынжайды иелену құқығы емес, онда тұрудың жеке сипаты қорғалуға жатады.
Егер адам тұрғынжайға заңды негізде кірсе, басып кіру белгісі болмайды. Жасалған әрекетті дұрыс саралау үшін кінәлінің тұрғынжайда болуының заңдылығын, яғни кінәлі адамның тұрғынжайға кіруіне тыйым салынғанын немесе рұқсат етілгенін анықтау маңызды мәнге ие. Тұрғынжайға басып кіру оған белгілі бір мән-жайларға байланысты кіруге құқығы бар адаммен (мысалы, онда тұратын, қонаққа шақырылған, жөндеу жұмыстарын жүргізетін, жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асыратын және тағы басқа) жасалған жағдайларда, мұндай адамның тұрғынжайда болуының өзі заңды болып табылады. Демек, мұндай адам жасаған құқыққа қайшы әрекеттерді ҚК-нің 149-бабы бойынша тұрғынжайға заңсыз басып кіру ретінде қарастыруға болмайды.
Кінәлінің әрекеттеріне ҚК-нің 149-бабының 1-бөлігі бойынша құқықтық баға беру үшін заңда тікелей көрсетілгендей, тұрғынжайда тұратын адамның еркіне қарсы тұрғынжайға заңсыз басып кірудің өзі жеткілікті. Бұл ретте заң шығарушы басып кіру тәсілін нақтыламайды. Сонымен бірге тұрғынжайға басып кіру ашық та, жасырын да, кедергілерді немесе адамдардың қарсылығын еңсеру арқылы да, онсыз да жасалуы мүмкін. Мысалы, кінәлі адамның құлыпталмаған тұрғынжайға (ашық есік, терезе, желдеткіш терезе және сол сияқты арқылы) кіруі не онда тұратын адамдардың уақытша болмауын пайдалануы және тағы басқалар, бірақ міндетті түрде соңғыларының хабарынсыз және келісімінсіз тұрғынжайға кіру үшін осы қолайлы жағдайды пайдалану ниетімен жасалған әрекеттер басып кіру ретінде қарастырылуы тиіс.
Тұрғынжайға басып кіру алдау арқылы да жасалуы мүмкін. Тұрғынжайға алдау арқылы басып кіру тұрғынжайда тұратын адамды кінәлі адамның әртүрлі тәсілдері, айла-шарғылары мен қулықтары арқылы жаңылыстыруын және осылайша осы тұрғынжайға кіру мүмкіндігін алуын білдіреді (мысалы, жалған құжат көрсету, өзін пошта қызметкері, медбике, телефон жөндеушісі және сол сияқты адам ретінде таныстыру). Бұдан басқа, тұрғынжайға басып кіру онда тұратын адамдардың сенімін теріс пайдалану (мысалы, достық, таныстық қатынастарды және сол сияқтыларды пайдалану), сондай-ақ осы адамдардың дәрменсіз жағдайын пайдалану (мысалы, ауруын, ұйықтап жатқанын және сол сияқтыларды пайдалану) арқылы да мүмкін болады. Алдау мен сенімді теріс пайдалануды кінәлі адамдардың тұрғынжайға басып кіруін жеңілдету құралы ретінде қарастыру қажет. Мұндай жағдайларда әрекеттің субъективтік жағын, атап айтқанда, кінәлінің қандай мақсатты көздегенін ескеру қажет. Осыған байланысты тұрғынжайға кіру үшін алдауды пайдалану, сенімді теріс пайдалану қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамын құрамайды деп есептейтін жекелеген ғалымдардың ұстанымымен келісуге болмайды.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс тұрғынжайға заңсыз басып кіру сәтінен бастап аяқталған болып есептеледі.
Егер тұрғынжайға құқыққа қайшы басып кіру нәтижесінде кінәлі үй-жайдың тұтастығын бұзып, бөтеннің мүлкіне елеулі залал келтірсе, оның әрекеттері қылмыстар жиынтығы бойынша тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру ретінде саралануы тиіс (ҚК-нің 149 және 202-баптары).
Субъективтік жағынан бұл әрекет тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Тұрғынжайға заңсыз басып кіру кезіндегі кінәлі адамның қасақаналығы оның тұрғынжайға заңсыз басып кіруінің қоғамдық қауіптілігін сезінуінен, қоғамдық қауіпті салдардың туындауын алдын ала білуінен және осы тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзуды қалауынан көрінеді.
Тұрғынжайға заңсыз басып кірудің себептері мен мақсаттары әртүрлі болуы мүмкін. Олар жасалған әрекетті саралауға әсер етпейді, бірақ сот тарапынан жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайлар ретінде ескеріледі (ҚК-нің 53, 54-баптары).
Егер кінәлі адам тұрғынжайға бөтеннің мүлкін ұрлау мақсатында басып кірсе, онда оның әрекеттері ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы немесе ҚК-нің 191-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы не ҚК-нің 192-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша саралануға жатады және ҚК-нің 149-бабы бойынша қосымша саралауды қажет етпейді, өйткені бұл әрекеттердің құрамдарымен толық қамтылады.
Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзудың субъектісі – он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі тұрғынжайға заңсыз басып кірудің саралаушы белгілері ретінде мыналарды айқындайды: а) күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру; б) адамдар тобының жасауы; в) түнгі уақытта жасалуы; г) заңсыз тінтумен ұштасуы; д) тұрғынжайдан заңсыз шығару.
Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзуға қатысты күш қолдану деп басқа адамның денесіне физикалық әсер етуді, ал күш қолдану қатерін төндіру деп психикалық әсер етуді түсіну қажет. Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу кезінде көрсетілген күш қолдану түрлері бір мезгілде де, жеке-жеке де қолданылуы мүмкін.
Тұрғынжайға заңсыз басып кіру барысында физикалық күш қолдану жәбірленушінің ықтимал қарсылығын немесе қарсы әрекетін басуға, оның басқа адамдардың көмегіне жүгіну мүмкіндігінен айыруға бағытталады. Бұл ретте мұндай күш қолдану тек тұрғынжайда тікелей тұратын немесе болатын адамдарға ғана емес, басқа адамдарға да қолданылуы мүмкін.
Тұрғынжайға заңсыз басып кіру кезінде физикалық күш қолдану тәсілдері әртүрлі болуы мүмкін: итеру, сыртқа итеріп шығару, қолмен, аяқпен немесе қандай да бір заттарды пайдалана отырып бір рет немесе бірнеше рет соққы жасау, тырнау, сырылу, аяқ-қолдарын байлау және тағы басқалар.
Ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл және ауырлығы орташа зиян келтіру қарастырылып отырған әрекеттің құрамымен қамтылады және ҚК-нің 107-бабы бойынша қосымша саралауды қажет етпейді. Егер тұрғынжайға заңсыз басып кіру нәтижесінде ауыр зиян (ҚК-нің 106-бабы) немесе өлім (ҚК-нің 99-бабы) келтірілсе, кінәлі адамдардың әрекеттері қылмыстар жиынтығы бойынша тұрғынжайға заңсыз басып кіру (ҚК-нің 149-бабы) және ҚК-нің 106, 99-баптары бойынша саралануы тиіс.
Күш қолдану қатерін төндірумен ұштасқан тұрғынжайға заңсыз басып кіруді саралаудың негізі кінәлінің жәбірленушінің бұл қатерді шынайы деп қабылдайтынын және соның нәтижесінде оған қарсылық көрсетпейтінін сезінуі болып табылады. Саралау үшін кінәлі адамның өз қатерін шын мәнінде жүзеге асыру ниеті болған-болмағаны немесе оны тек жәбірленушіні қорқыту мақсатында қолданғаны маңызды емес.
Егер тұрғынжайға заңсыз басып кіру кезінде кінәлі жәбірленушіні өлтіремін, денсаулыққа ауыр зиян келтіремін, өзге де ауыр күш қолданамын немесе мүлікті өртеу, жарылыс жасау не өзге де жалпыға қауіпті тәсілмен жоямын деп қорқытса, мұндай адамның әрекеттерін ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралауға болмайды, өйткені олар ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігімен қамтылады.
Адамдар тобы жасаған тұрғынжайға заңсыз басып кіру деп оны жасауға алдын ала сөз байласпастан екі немесе одан да көп орындаушының бірлесіп қатысуы түсініледі.
ҚПК-нің 7-бабының 51) тармақшасына сәйкес түнгі уақыт деп жергілікті уақыт бойынша сағат 22.00-ден таңғы сағат 06.00-ге дейінгі уақыт аралығы түсініледі.
Тінту іс үшін маңызы бар заттарды, оның ішінде тыйым салынуға жататын мүлікті анықтау және алып қою мақсатында жүргізіледі (ҚПК-нің 252-бабының 1-бөлігі).
Заңсыз тінту деп оны жүргізуге заңды негіздер болмаған кезде немесе оны жүргізудің қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртібін бұза отырып жүргізілген тінтуді түсіну қажет.
ҚПК-нің 252-бабының 2-бөлігіне сәйкес тінту жүргізудің негізі – іс үшін маңызы бар заттар немесе құжаттар белгілі бір үй-жайда немесе өзге жерде не нақты бір адамның жанында болуы мүмкін деп пайымдауға жеткілікті деректердің болуы. Тінту іздестіріліп жатқан адамдар мен мәйіттерді анықтау үшін де жүргізілуі мүмкін (ҚПК-нің 252-бабының 3-бөлігі).
Тінту жүргізу тәртібі ҚПК-нің 254-бабымен реттеледі, оның 1-бөлігіне сәйкес тінтуді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам уәжді қаулы бойынша жүргізеді. Тінту жүргізу туралы қаулы прокурормен немесе оның орынбасарымен санкциялануға тиіс.
ҚПК-нің 254-бабының 3-бөлігіне сәйкес айрықша жағдайларда, іздестіріліп жатқан және алып қойылуға жататын объектіні анықтауды кешіктіру салдарынан оның жоғалып кетуінің, бүлінуінің немесе қылмыстық мақсаттарда пайдаланылуының нақты қаупі болған не іздестіріліп жатқан адамның жасырынуы мүмкін болған кезде, тінту прокурордың санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін, бірақ жүргізілген тінту туралы оған кейіннен жиырма төрт сағат ішінде хабарлама жіберілуге тиіс. Көрсетілген хабарламаны алғаннан кейін прокурор жүргізілген тінтудің заңдылығын тексереді және оның заңдылығы немесе заңсыздығы туралы қаулы шығарады.
Бұдан басқа, тінту жүргізу кезінде, егер иесі оларды өз еркімен ашудан бас тартса, құлыпталған үй-жайлар мен қоймалар ашылуы мүмкін. Бұл ретте қажеттілік туғызбаған есік құлыптары мен басқа да заттардың зақымдануына жол берілмеуге тиіс (ҚПК-нің 254-бабының 9-бөлігі).
Қарастырылып отырған белгі бойынша қылмыстың субъектісі он алты жасқа толған жеке тұлға да, тінту жүргізуге өкілеттігі бар немесе өкілеттігі жоқ лауазымды адам да болуы мүмкін.
Егер лауазымды адам заңсыз тінту жүргізу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланса немесе билікті не лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға жол берсе, оның әрекеттері қылмыстар жиынтығы бойынша тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе билікті не лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде де сараланады (ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 361-бабы немесе ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 362-бабы).
Лауазымды адам болып табылмайтын, бірақ өзін лауазымды адамның өкілеттіктерін иеленген мемлекеттік қызметші жүргізген тінту де заңсыз деп танылуға тиіс (мысалы, жалған құжаттарды, нысанды киімді және сол сияқтыларды пайдалану арқылы). Бұл жағдайда лауазымды адамның өкілеттіктерін өзіне иеленген адамның жасаған әрекеттері де қылмыстар жиынтығы бойынша лауазымды адамның өкілеттіктерін иеленіп алу және заңсыз тінтумен ұштасқан тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу ретінде саралануға жатады (ҚК-нің 363-бабы және ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі).
Заңсыз шығару деп азаматты оның заңды түрде алып отырған тұрғынжайынан тұрғын үй заңнамасында белгіленген тәртіпті, шарттарды және заңды негіздерді бұза отырып шығаруды түсіну қажет. Егер лауазымды адам заңсыз шығару кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланса немесе билікті не лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалануға жол берсе, оның әрекеттері қылмыстар жиынтығы бойынша тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу және лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану немесе билікті не лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану ретінде саралануға тиіс (ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 361-бабы немесе ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігі және ҚК-нің 362-бабы).
ҚК-нің 149-бабының 3-бөлігінде заң шығарушы талданып отырған әрекеттің аса сараланған құрамын – адамның өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзуын көздейді. ҚК-нің 149-бабына қатысты өзінің қызмет бабын пайдалану деп адамның атқарып отырған лауазымына байланысты берілген құқықтары мен міндеттері шегінде, өзінің қызметтік құзыреті шеңберінде жүзеге асырылатын әрекеттерін түсіну қажет.
ҚК-нің 149-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстың субъектісі – тұрғынжайға заңсыз басып кіру үшін өзінің қызмет бабын пайдаланатын адам, яғни арнайы субъект. Лауазымды адам тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзған кезде өзінің қызмет бабын пайдаланбаған жағдайларда, оның жасаған әрекетін ҚК-нің 149-бабының 3-бөлігі бойынша өзінің қызмет бабын пайдалану ретінде саралауға болмайды. Мұндай адамның әрекеттері жасалған әрекеттің мән-жайларына байланысты ҚК-нің 149-бабының 1-бөлігі немесе 2-бөлігі бойынша саралануға тиіс.
Егер лауазымды адам өзінің қызметтік беделін пайдалана отырып, басқа адамға оның тұрғынжайға заңсыз басып кіруі мақсатында ықпал етсе, онда мұндай лауазымды адамның әрекеттері тұрғынжайға заңсыз басып кіруге айдап салу ретінде саралануға тиіс (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі, ҚК-нің 149-бабының 1 немесе 2-бөліктері).
ҚК-нің 149-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 149-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 149-бабының 3-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы – Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстанның Заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар