Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабына түсініктеме. Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабына түсініктеме. Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223-бабына түсініктеме. Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану

1. Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мүлікті заңдастыру рәсімін жүргізуге байланысты ақпаратты құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын иеленуші адамдарға немесе олардың жақындарына қатысты параға сатып алу немесе қорқыту, байланыс құралдарындағы ақпаратты ұстап қалу, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану, сондай-ақ өзге де заңсыз тәсілмен, осы мәліметтерді жария ету немесе заңсыз пайдалану мақсатында жинау, —

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз, қызметі немесе жұмысы бойынша сеніп тапсырылған адам тарапынан пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделілікпен жасалған және ірі залал келтірген заңсыз жария ету немесе пайдалану, —

үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының қаржылық мониторинг субъектілерінен алынған ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына алып келсе, —

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.

4. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, ұйымдар қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті заңдастыруына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңында белгіленген өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде алынған ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы, —

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.

Қазіргі әлемде іскерлік ақпарат материалдық емес мүлік болып табылады, оны сатуға, айырбастауға, лицензиялауға, заңсыз иемденуге және құнсыздандыруға болады. Осыған сәйкес мұндай ақпаратты қорғау жеке тұлғаның, ұйымның және мемлекеттің аса маңызды құқықтарының бірі болып табылады.

Коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпаратты заңсыз алудың, жария етудің немесе пайдаланудың қоғамдық қауіптілігі мынада: мұндай ақпаратқа ие бола отырып, мүдделі тұлғалар оның иелеріне қарсы кез келген қылмыстық құқық бұзушылықты (экономикалық, жеке адамға қарсы, меншікке қарсы және т.б.) жасай алады, экономикалық күресте жеңіске жете алады, маңызды технологиялық немесе өндірістік құпияларды аша алады және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендетіп, кредиттік ұйымдардың тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін және т.б.

Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі коммерциялық, банктік немесе салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтердің, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпараттың құпияда сақталуын қамтамасыз ететін заңмен белгіленген тәртіп болып табылады.

Қылмыстың заты коммерциялық, банктік құпияны, салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтер, сондай-ақ мүлікті заңдастыруға байланысты ақпарат болып табылады.

Коммерциялық құпия — үшінші тұлғаларға белгісіз болуына байланысты нақты немесе әлеуетті коммерциялық құндылығы бар, заңды негізде оған еркін қол жеткізу мүмкіндігі жоқ және ақпарат иесі оның құпиялылығын қорғау шараларын қабылдайтын ақпарат (АК-нің 126-бабы).

ҚР АК-нің 10-бабының 5-тармағына сәйкес коммерциялық (кәсіпкерлік) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтерді айқындау тәртібі, оны қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпияның құрамына кірмеуге тиіс мәліметтер тізбесі заңнамамен белгіленеді.

Кәсіпкерлік кодекстің 28-бабының 1-тармағында коммерциялық құпияны қорғау осы Кодекске және ҚР заңнамасына сәйкес коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты заңсыз алуға, таратуға немесе пайдалануға тыйым салудан тұратыны атап көрсетілген.

Әдетте, коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтердің мазмұны мен көлемін кәсіпкерлік құрылымдардың өздері айқындайды. Бұған фирманың қаржылық немесе өндірістік жоспары, сауда операцияларына, жеткізушілерге, тұтынушыларға және т.б. қатысты мәліметтер жатуы мүмкін. Оларға ұйым қорғайтын, бәсекелестік күресте артықшылықты қамтамасыз ететін техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық және өзге де жетістіктер жатады. Коммерциялық құпияға өнім өндіру тәсілдері, технология, еңбекті ұйымдастыру, техникалық жаңалықтар, зерттеу жұмыстарының сипаты мен мақсаты және т.б. туралы ақпаратты жатқызу қажет.

Коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер тізбесі жекелеген нормативтік актілермен де белгіленеді. Мәселен, 2003 жылғы 2 шілдедегі ҚР «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Заңының 41-бабында бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны құрайтын ақпараттың тізбесі белгіленген. 2007 жылғы 28 ақпандағы ҚР «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының 12-бабында бастапқы құжаттар мен бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің мазмұны коммерциялық құпияны құрайтын ақпарат болып табылатыны, оған қол жеткізу тек басшылықтың немесе жеке кәсіпкердің рұқсаты бар адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарына ғана берілетіні белгіленген.

1995 жылғы 31 тамыздағы ҚР «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 50-бабына сәйкес банктік құпияға банктердің клиенттері мен корреспонденттері, олардың операциялары және банктік қызметтерді алуға байланысты банктермен өзара қарым-қатынастары туралы мәліметтер, оның ішінде шектеусіз: банктік шоттар мен банктердің корреспонденттік шоттарының болуы, олардың иелері мен нөмірлері туралы, осы шоттардағы және банктің өз шоттарындағы ақшаның қалдықтары мен қозғалысы туралы, аталған шоттардағы шектеулер туралы (мемлекеттік органдардың шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешімдері және (немесе) өкімдері, тыйым салулар, кепілдер), клиенттер мен корреспонденттердің және банктің өзінің операциялары туралы (банктік операцияларды жүргізудің жалпы шарттарын қоспағанда), сондай-ақ банктің сейф жәшіктерінде, шкафтары мен үй-жайларында сақтауда тұрған клиенттердің мүлкінің болуы, иелері, сипаты мен құны туралы, клиенттердің кредиттер алуы туралы (осы бапта айқындалған жағдайларды қоспағанда), банктік шот ашпай жүзеге асырылған операцияларды қоса алғанда, төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша операцияларды жүргізу туралы мәліметтер жатады. Тарату процесіндегі банк берген кредиттер туралы мәліметтер банктік құпияға жатпайды.

Салық кодексінің 30-бабына сәйкес салықтық құпияны салық органының салық төлеуші (салық агенті) туралы алған кез келген мәліметтері құрайды, мынадай мәліметтерді қоспағанда:

«1) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) төлеген (аударған) салықтары мен бюджетке төленетін төлемдерінің сомасы туралы;

есепке жатқызылатын қосылған құн салығы сомасының есептелген салық сомасынан асып кетуінің бюджеттен салық төлеушіге қайтарылған сомасы туралы;

салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегінің сомасы туралы;

әрекетсіз салық төлеушілер туралы;

осы Кодекстің 19-бабында көзделген жағдайда уәкілетті органның интернет-ресурсындағы деректер базасында орналастырылуға жататын мәліметтер туралы;

таратылуына (қызметінің тоқтатылуына) байланысты салықтық тексеру жүргізу туралы салық төлеушінің салықтық өтініш беруі туралы;

жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) есептелген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің сомасы туралы;

жеке тұлғаларға есептелген мүлік салығының, жер салығының, көлік құралдары салығының сомасы туралы;

Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты қолданылған жауаптылық шаралары туралы...» және ҚР Салық кодексінің 30-бабы 1-тармағының 10)-18) тармақшаларында көрсетілген өзге де мәліметтер.

ҚР Салық кодексінің 30-бабының 2-тармағында салықтық құпия болып табылатын салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органдары салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатынсыз басқа тұлғаға бере алмайтыны белгіленген.

2017 жылғы 6 мамырдағы ҚР «Коллекторлық қызмет туралы» Заңының 11-бабының 1-тармағына сәйкес коллекторлық қызмет құпиясына борышкер, кредитор, берешек, банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредитор алдындағы міндеттемелермен байланысты үшінші тұлғалар, берешекті өндіріп алу туралы жасалған шарттардың талаптары туралы және коллекторлық агенттік коллекторлық қызметті жүзеге асыру барысында алған және (немесе) жасаған өзге де кез келген мәліметтер жатады.

Микрокредит беру құпиясына қарыз алушылар, микрокредиттердің мөлшері, микрокредит беру туралы шарттың қарыз алушыға қатысты өзге де талаптары және микроқаржы ұйымының операциялары туралы мәліметтер (микрокредиттер беру қағидаларын қоспағанда) жатады (2012 жылғы 26 қарашадағы ҚР «Микроқаржылық қызмет туралы» Заңының 21-бабының 1-тармағы).

Тарату процесіндегі микроқаржы ұйымы жасасқан микрокредит беру туралы шарттар жөніндегі мәліметтер микрокредит беру құпиясына жатпайды.

Қарастырылып отырған баптың 1-бөлігінде көзделген іс-әрекеттің объективтік жағы құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын иеленуші адамдарға немесе олардың жақындарына қатысты параға сатып алу немесе қорқыту, байланыс құралдарындағы ақпаратты ұстап қалу, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану, сондай-ақ осы мәліметтерді жария ету немесе заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсілмен мәліметтерді жинау әрекеттерін қамтиды.

Мәліметтерді заңды және заңсыз жолмен жинауға болады.

Түсіндіріліп отырған бапқа сәйкес мәліметтерді жинау коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын иеленуге құқығы жоқ адамның заңсыз тәсілдермен оларды іздеу, анықтау немесе жинақтау процесін білдіреді.

Құжаттарды ұрлау арқылы мәліметтерді жинау кезінде кінәлі адам өзіне тиесілі емес ақпараттың материалдық жеткізгіштерін (шарттарды, банктік анықтамалар мен төлем құжаттарын, жүкқұжаттарды, салық декларацияларын және т.б.) құқыққа қайшы, өтеусіз түрде алып қояды.

Ұрлау әрекеті ұрлық, тонау, қарақшылық шабуыл жасау, алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы аталған заттарды иелену түрінде көрініс табуы мүмкін.

Параға сатып алу коммерциялық, банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын иеленетін адамдарды оларға ақша, өзге де материалдық құндылықтар ұсыну немесе беру арқылы не мүліктік сипаттағы қызметтер көрсету арқылы оны жария етуге немесе беруге көндіруді білдіреді.

Қорқыту дене күшін қолдануды, ұрып-соғуды, денсаулыққа зиян келтіруді білдіреді, бұл ретте ол коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын иеленуші адамдарға да, олардың жақындарына да қатысты жасалуы мүмкін.

ҚР ҚПК-нің 7-бабының 11) тармағына сәйкес жақын туыстар деп ата-аналар, балалар, асырап алушылар (қыз етіп асырап алушылар), асырап алынғандар (қыз етіп асырап алынғандар), толық және толық емес бауырлар, ата, әже, немерелер танылады.

Коммерциялық, банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын жинаудың өзге де заңсыз тәсілдеріне осы ақпаратты қамтитын құжаттарды оларды өз меншігіне айналдырмай пайдалану әрекеттері; қызықтыратын ақпаратты заңсыз алуға қол жеткізу үшін компьютерлік техниканы немесе өзге де техникалық құралдарды пайдалану әрекеттері жатуы мүмкін.

Ақпарат мынадай жағдайларда заңды түрде жиналған болып есептеледі: 1) егер оны оның иесі жария етсе; 2) оған еркін қол жеткізу мүмкіндігі болса; 3) ақпарат иесінен шарт негізінде немесе өзге де заңды негізде алынса.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Бұл ретте қылмысты баптың диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған деп есептеу қажет.

Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны иеленуші адамдарға немесе олардың жақындарына қатысты параға сатып алу немесе қорқыту, байланыс құралдарындағы ақпаратты ұстап қалу, компьютерлік жүйеге немесе желіге заңсыз кіру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану, сондай-ақ өзге де заңсыз тәсілдер арқылы коммерциялық, банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді жинап жатқанын сезінеді, өзінің әрекеттері нәтижесінде салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.

Қарастырылып отырған қылмыс құрамының міндетті элементі осы әрекеттерді жасаудың мақсаты, яғни кәсіпкердің құпиясын құрайтын мәліметтерді жария ету немесе осы мәліметтерді заңсыз пайдалану болып табылады.

Қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

Егер мәліметтерді жинау коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқару функцияларын орындайтын адамдарды және (немесе) лауазымды адамдарды параға сатып алумен қатар жүрсе, жауаптылық ҚК-нің 223-бабының 1-бөлігі және 253 немесе 367-баптары бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша туындауға тиіс.

ҚК-нің 223-бабының 2-бөлігі коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз, қызметі немесе жұмысы бойынша сеніп тапсырылған адам тарапынан пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделілікпен жасалған және ірі залал келтірген заңсыз жария ету немесе пайдалану үшін жауаптылықты көздейді.

Жария ету деп осы бөліктің диспозициясында көрсетілген мәліметтерді заңсыз жария етуді түсіну қажет, соның нәтижесінде олар кем дегенде бір бөгде адамға, яғни осы мәліметтермен танысуға құқығы жоқ адамға белгілі болады.

Мәліметтерді заңсыз пайдалану мұндай ақпаратпен кез келген мәмілелер жасаудан немесе коммерциялық немесе банктік құпия иесінің мүдделеріне залал келтіруі мүмкін мәліметтерді бөгде адамдарға өзге де мақсатты түрде беруден көрініс табуы мүмкін.

Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Құпияны жария ету немесе пайдалану нәтижесінде коммерциялық немесе банктік құпия иесіне ірі залал келтірілген жағдайда қылмыс аяқталған деп танылады. Бұған шаруашылық жүргізуші субъектінің бәсекелестік күресте шеккен елеулі материалдық шығындары және т.б. жатуы мүмкін. ҚК-нің 3-бабының 38) тармағына сәйкес қарастырылып отырған қылмысқа қатысты ірі залал деп азаматқа айлық есептік көрсеткіштен екі жүз есе асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке айлық есептік көрсеткіштен екі мың есе асатын мөлшерде келтірілген залал түсініледі.

Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам өзіне қызметі немесе жұмысы бойынша сеніп тапсырылған, коммерциялық, банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді олардың иесінің келісімінсіз заңсыз жария етіп немесе пайдаланып жатқанын сезінеді, өзінің әрекеттері нәтижесінде салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды. ҚК-нің 223-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты қылмыстың пайдакүнемдік немесе өзге де жеке мүдделілікпен жасалуы болып табылады. Бұл ретте пайдакүнемдік мүдделілік кінәлі адамның жасалып жатқан әрекеттер нәтижесінде өзі немесе өзге адамдар үшін материалдық (мүліктік) пайда алуға ұмтылуымен байланысты.

Өзге де жеке мүдделілік кек алу, бәсекелестің жағдайын нашарлату және т.б. түрінде көрініс табуы мүмкін.

Осы баптың 2-бөлігіне сәйкес қылмыстың субъектісі қызметі немесе жұмысы бойынша коммерциялық немесе банктік құпияны, көлденең мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтер сеніп тапсырылған адам болуы мүмкін.

Коммерциялық немесе банктік құпияны, салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коммерциялық қызмет құпиясын құрайтын мәліметтерді кездейсоқ немесе қателікпен білген адамның жария етуі түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінің белгілеріне жатпайды.

Қызметі бойынша өздеріне белгілі болған аталған мәліметтерді пара алғаны үшін заңсыз жария еткен лауазымды адамдар ҚК-нің 366-бабы бойынша да жауаптылыққа тартылуға тиіс.

ҚК-нің 223-бабының 3-бөлігіне сәйкес мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының қаржылық мониторинг субъектілерінен алынған ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына алып келсе, қылмыстық болып табылады.

Бұл қылмыстың заты қаржылық мониторинг субъектілерінен алынған ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпарат болып табылады. Мониторинг — ұйымдардың қаржылық-экономикалық жағдайына қатысты қаржылық-экономикалық сауықтыру шараларын уақтылы қолдану, кредиторлардың мүдделерін қорғау мақсатында ақпарат жинауға, өңдеуге және талдау жүргізуге бағытталған іс-шаралар кешені. 2009 жылғы 28 тамыздағы ҚР «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 7) тармағына сәйкес қаржылық мониторинг — уәкілетті орган мен қаржылық мониторинг субъектісі жүзеге асыратын ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты жинау, өңдеу, талдау және пайдалану жөніндегі шаралар жиынтығы.

Аталған Заңның 3-бабының 1-тармағына сәйкес қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында қаржылық мониторинг субъектілеріне мыналар жатады:

банктер, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары, банкаралық ақша аудару жүйесінің операторы немесе операциялық орталығын қоспағанда, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;

биржалар;

сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері, өзара сақтандыру қоғамдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлерінің филиалдары;

бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорлары;

бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары, орталық депозитарий;

ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен нотариаттық әрекеттер жасайтын нотариустар;

адвокаттар, заң консультанттары және өзге де тәуелсіз заң мәселелері жөніндегі мамандар — олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операцияларға мынадай қызмет түрлеріне қатысты қатысқан жағдайларда:

жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату;

клиенттің ақшасын, бағалы қағаздарын немесе өзге де мүлкін басқару;

банктік шоттарды немесе бағалы қағаздар шоттарын басқару;

компанияны құру, қамтамасыз ету, оның жұмыс істеуі немесе оны басқару үшін қаражатты жинақтау;

заңды тұлғаны құру, сатып алу-сату, оның жұмыс істеуі немесе оны басқару;

бухгалтерлік есеп саласында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын бухгалтерлік ұйымдар мен кәсіби бухгалтерлер, аудиторлық ұйымдар;

құмар ойын бизнесін және лотереяларды ұйымдастырушылар;

ақша аудару қызметтерін көрсететін пошта операторлары;

микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

төлем ұйымдары;

лицензиясыз лизинг беруші ретінде лизинг қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар;

бағалы металдармен және асыл тастармен, олардан жасалған зергерлік бұйымдармен операцияларды жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар;

жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жүзеге асыру кезінде делдалдық қызметтер көрсететін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар;

әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры;

  1. «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушылары, олар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (бұдан әрі — АХҚО) аумағында Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі АХҚО комитеті уәкілетті органмен келісу бойынша Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарына сәйкес айқындайтын қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асырады.

ҚК-нің 223-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы материалдық болып табылады және ол азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына алып келген жағдайда аяқталған деп есептеледі.

Азаматтардың мүдделерінің елеулі түрде бұзылуы деп халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларында, ҚР Конституциясында кепілдік берілген адамның құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын, оған елеулі мүліктік және материалдық зиян келтірілуін, ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу құқығының, мемлекеттік органда құқықтық қорғаудың тиімді құралына ие болу және қылмыспен келтірілген залалды өтеу құқығының бұзылуын және т.б. түсіну қажет. Ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің немесе қоғамның не мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің елеулі түрде бұзылуына елеулі моральдық және материалдық залал келтіруді; құқыққа қайшы әрекеттің ұйымның қалыпты жұмысына теріс әсер ету дәрежесін, ұйым шеккен материалдық залалдың сипаты мен мөлшерін, зардап шеккен азаматтардың санын және т.б. жатқызу қажет.

Түсіндіріліп отырған баптың 3-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектісі лауазымды адам болып табылады (ҚК-нің 3-бабының 26) тармағы).

Осы қылмыс құрамы (ҚК-нің 223-бабының 3-бөлігі) ҚК-нің 361-бабында көзделген лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалануға ұқсас. Бұл жерде жалпы (361-бап) және арнайы (ҚК-нің 223-бабының 3-бөлігі) нормалардың бәсекелестігі орын алады, бұл ретте ҚК-нің 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес арнайы норма, яғни ҚК-нің 223-бабының 3-бөлігі қолданылуға тиіс.

Қарастырылып отырған қылмыс құрамы ҚК-нің 185-бабында көзделген «Мемлекеттік құпияларды заңсыз жинау, тарату, жария ету» және 230-бабында көзделген «Инсайдерлік ақпаратқа қатысты заңсыз іс-әрекеттер» қылмыстарынан ерекшеленеді. Негізгі айырмашылық қылмыстық құқық бұзушылықтың затында: ҚК-нің 185-бабы бойынша қылмыстың заты мемлекеттік құпияларды қамтитын мәліметтер немесе заттар болып табылады; ҚК-нің 230-бабы бойынша — бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпияны құрайтын мәліметтер.

ҚК-нің 223-бабының 4-бөлігінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының, ұйымдар қызметкерлерінің ҚР «Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті заңдастыруына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңында белгіленген өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде алынған ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы үшін жауаптылық көзделген.

Осы қылмыстың заты аталған адамдардың өздерінің қызметтік міндеттерін орындау кезінде ҚР «Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдардың мүлікті заңдастыруына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңында белгіленген ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жасалатын операциялар туралы алған мәліметтері мен ақпараты болып табылады.

Мәліметтер мен ақпаратты заңсыз жария ету және заңсыз пайдалану ұғымдары жоғарыда ҚК-нің 223-бабының 2-бөлігіне қатысты қарастырылған. Түсіндіріліп отырған баптың 4-бөлігінде көзделген қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қоғамға қауіпті салдардың туындағанына немесе туындамағанына қарамастан, аталған әрекеттер жасалған сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептелуге тиіс.

Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъектісі мемлекеттік органның лауазымды адамы, ұйым қызметкері болып табылатын, 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін. Лауазымды адам ұғымы ҚК-нің 3-бабының 26) тармағына берілген түсініктемеде көрсетілген. Ұйым қызметкері деп мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымның, оның ішінде қоғамдық ұйымның қызметкерін түсіну қажет. Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 43) тармақшасына сәйкес қызметкер — жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға.

ҚК-нің 223-бабының 1, 3 және 4-бөліктерінде көзделген әрекеттер онша ауыр емес қылмыстарға жатады.

ҚК-нің 223-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.

 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері Исидор Шамилұлы Борчашвили.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заң қызметі Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

 

223-бап. Коммерциялық не банктiк құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтердi, сондай-ақ мүлiктi жария етумен байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

223-бап. Коммерциялық не банктiк құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтерд...

Толық оқу »

473-бап. Салық құпиясын құрайтын мәлiметтердi жария ету Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі

473-бап. Салық құпиясын құрайтын мәлiметтердi жария ету Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексі      Салық құпиясын құрайтын мәлiметтердi Қазақстан...

Толық оқу »

473-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің салық құпиясын құрайтын мәліметтерді жария ету

473-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің салық құпиясын құрайтын мәліметтерді жария ету Егер бұл әрекетте қылмыстық жазал...

Толық оқу »