Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 238-бабына түсініктеме. Әдейі банкроттық
- 1. Әдейі банкроттық, яғни заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жеке мүддесі немесе өзге де тұлғалардың мүддесі үшін жасалған құрылтайшының (қатысушының), лауазымды адамның, коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адамның, сондай-ақ жеке кәсіпкердің әрекеттері, ірі залал келтірген жағдайда, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып жазаланады.
2. Қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушы (ірі акционер) — жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) — заңды тұлғаның басшысы, басқару органының мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері жасаған, қаржы ұйымына, банк және (немесе) сақтандыру холдингіне ірі залал келтірген дәл сол әрекеттер —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылдан бастап қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқаруға және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болуға тыйым салу белгіленгенге дейінгі мерзімге, өмір бойына айыра отырып жазаланады.
Қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі мемлекеттің мүдделерін, коммерциялық ұйымдардың құрылтайшыларының, акционерлерінің және басқа да мүдделі тұлғалардың, кредиторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін бұзудан, кәсіпкерлік қатынастар субъектілерінің сенімділігіне нұқсан келтіруден, сондай-ақ коммерциялық ұйымдар қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін, атап айтқанда, жұмыс орындарын негізсіз қысқарту арқылы бұзудан көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі кредиторлардың мүліктік талаптарын қанағаттандыру тәртібін реттеуге байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады.
Банкроттық — борышкердің дәрменсіздігінің сот шешімімен танылуы, ол оны таратуға негіз болып табылады.
Объективтік жағынан қылмыс кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жеке мүддесі немесе өзге де тұлғалардың мүддесі үшін жасалған және заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру жолымен жүзеге асырылған, ірі залал келтірген белсенді әрекеттермен сипатталады.
«Оңалту және банкроттық туралы» ҚР Заңының 1-бабының 2) тармақшасына сәйкес, әдейі банкроттық деп құрылтайшының (қатысушының), лауазымды адамның, сондай-ақ жеке кәсіпкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы жеке мүддесі немесе өзге де тұлғалардың мүддесі үшін жасаған әрекеттері түсініледі.
Тәжірибеде коммерциялық ұйымдар немесе жеке кәсіпкерлер бұрын қабылданған міндеттемелерді орындамау мақсатында көбінесе кредиттер алып, өздеріне көрінеу шамадан тыс міндеттемелер қабылдайтын, сол арқылы өздерінің төлем қабілетсіздігін қасақана туындататын немесе ұлғайтатын және ақырында өздерін банкрот деп жариялайтын жағдайлар көп кездеседі, бұл олардың өзін-өзі таратуына ықпал етеді.
ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының 6-бабына сәйкес, әдейі банкроттық жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу тәртібімен кінәлі деп танылған құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам кредиторлар алдында аталған Заңның 96-бабының 3) тармақшасына сәйкес айқындалатын мөлшерде өзіне тиесілі мүлікпен субсидиарлық жауаптылықта болады.
Әдейі банкроттық жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу тәртібімен екі және одан да көп адам кінәлі деп танылған жағдайда, мұндай адамдар ортақ жауаптылықта болады.
Банкроттықты басқарушы құрылтайшыны (қатысушыны) және (немесе) лауазымды адамды қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мұндай адамды субсидиарлық жауаптылыққа тарту және Заңның 96-бабының 3) тармақшасына сәйкес айқындалатын мөлшердегі сомаларды өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті (Заңның 6-бабының 2-тармағы).
Егер құрылтайшы (қатысушы) және (немесе) лауазымды адам банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін әдейі банкроттық жасағаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу тәртібімен кінәлі деп танылса, кредитор да Заңның 6-бабында көзделген тәртіппен сотқа талап қоюға құқылы.
Аталған Заңның 47-бабының 1-тармағына сәйкес, прокурор борышкерді банкрот деп тану туралы арызбен сотқа мынадай жағдайларда жүгінеді:
- әдейі банкроттық белгілерін анықтаған кезде;
- кредитор — Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүддесі үшін.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық болып табылады. Қылмыс ірі залал немесе өзге де ауыр зардаптар келтірілген сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. ҚР ҚК-нің 3-бабының 38) тармақшасына сәйкес, ірі залал деп азаматқа екі мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал не ұйымға немесе мемлекетке он мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшерде келтірілген залал түсініледі.
Субъективтік жағынан әдейі банкроттық тікелей де, жанама да қасақаналықпен жасалады. Коммерциялық ұйымның басшысы немесе меншік иесі не жеке кәсіпкер өзінің төлем қабілетсіздігін қасақана туындатып немесе ұлғайтып отырғанын сезінеді, ірі залалдың немесе өзге де ауыр зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді не тілемесе де, оған саналы түрде жол береді немесе оған немқұрайлы қарайды.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың субъективтік жағының міндетті белгісі мақсат болып табылады. Әдейі банкроттық құрамының болуы үшін ол заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер банкрот деп танылғанға дейінгі үш жыл ішінде мүлікті иеліктен шығару немесе жасыру арқылы кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мақсатында жасалуы қажет.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы: құрылтайшы (қатысушы), лауазымды адам, коммерциялық немесе өзге де ұйымдағы басқарушылық функцияларды орындайтын адам, сондай-ақ жеке кәсіпкер (осы ұғымдардың анықтамаларын ҚР ҚК-нің 237-бабына берілген түсініктемеден қараңыз).
Талданып отырған баптың 2-бөлігінде қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері, ірі қатысушы (ірі акционер) — жеке тұлға, қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) — заңды тұлғаның басшысы, басқару органының мүшесі, атқарушы органының басшысы, мүшесі, бас бухгалтері жасаған, қаржы ұйымына, банк және (немесе) сақтандыру холдингіне ірі залал келтірген дәл сол әрекеттер туралы айтылған.
1995 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 2-бабының 4) тармақшасына сәйкес, банк холдингі — уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес банктің орналастырылған акцияларының (артықшылықты және банк сатып алған акцияларды шегергенде) жиырма бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иелене алатын не:
- банктің дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама дауыс беруге;
- шарт күшіне немесе өзге де тәсілмен банк қабылдайтын шешімдерді айқындауға немесе бақылауға мүмкіндігі бар заңды тұлға (мұндай меншік иесі мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым, ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымдары болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда).
Сақтандыру холдингі — уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегергенде) жиырма бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иелене алатын не:
- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының жиырма бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама дауыс беруге;
- шарт күшіне немесе өзге де тәсілмен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерді айқындауға немесе бақылауға мүмкіндігі бар заңды тұлға (мұндай меншік иесі мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды, сондай-ақ аталған Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда) («Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңының 3-бабы).
Ірі акционер — акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп пайызы өзіне (жиынтығында) тиесілі акционер немесе жасалған келісім негізінде әрекет ететін бірнеше акционер ( «Акционерлік қоғамдар туралы» ҚР Заңының 1-бабы).
Заңды тұлғаның ірі қатысушысы — заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының (артықшылықты акцияларды шегергенде) он және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін жеке немесе заңды тұлға (мұндай меншік иесі мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды қоспағанда); сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы — уәкілетті органның жазбаша келісіміне сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының орналастырылған акцияларының (артықшылықты және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сатып алған акцияларды шегергенде) он және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иелене алатын немесе:
сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретін акцияларының (артықшылықты акцияларды шегергенде) он және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама дауыс беруге; уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалатын тәртіппен шарттың күшіне немесе өзге де тәсілмен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қабылдайтын шешімдерге ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлға («Сақтандыру қызметі туралы» ҚР Заңының 3-бабы).
Банктің ірі қатысушысы ұғымы аталған Заңның 2-бабының 6) тармақшасында берілген.
Заңды тұлғаның ірі қатысушысы — заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің немесе дауыс беретін акцияларының он және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін жеке немесе заңды тұлға (мұндай меншік иесі мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг болып табылатын жағдайларды қоспағанда) («Банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңының 2-бабының 11) тармақшасы).
ҚР ҚК-нің 238-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер.