Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 283-бабына түсініктеме. Радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу
1. Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, пайдалану, беру, қайта өңдеу, бүлдіру, шашырату немесе көму —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей.
2. Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз өткізу, сол сияқты радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау —
екі жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді қылмыстық топ жасаған не абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда —
үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, мүлкі тәркіленіп немесе тәркіленбей.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеудің радиациялық материалдарға тән әлеуетті қауіптілік қасиетіне байланысты жеке адамға, қоғамға зиян келтіру мүмкіндігінде көрініс табады.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі радиоактивті заттардың, радиоактивті қалдықтардың немесе ядролық материалдардың айналымы саласындағы қоғамдық қауіпсіздік болып табылады.
Қосымша объектілері адамдардың өмірі мен денсаулығы, меншік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік болып табылады.
Радиациялық қауіпсіздік — персоналға, халыққа және қоршаған ортаға радиациялық әсер етуді белгіленген нормаларға сәйкес шектейтін іс-шаралар кешенімен қамтамасыз етілетін радиациялық ахуалдың жай-күйі.
Ядролық қауіпсіздік — белгілі бір ықтималдықпен ядролық аварияның болмауын қамтамасыз ететін ядролық объектінің қасиеті.
Қылмыстың нысанасы радиоактивті заттар, радиоактивті қалдықтар немесе ядролық материалдар болып табылады. Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Заңының 1-бабына сәйкес, оларға мыналар жатады:
радиоактивті заттар — құрамында радионуклидтер бар табиғи немесе техногендік текті кез келген агрегаттық күйдегі материалдар (Заңның 1-бабының 24) тармақшасы);
ядролық материалдар — құрамында бөлінетін (ыдырайтын) радионуклидтер бар немесе оларды өндіруге қабілетті материалдар (Заңның 1-бабының 34) тармақшасы). Ядролық материалдарға атом энергиясын алу, ядролық қару өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін металл, қорытпа, химиялық қосылыс немесе концентрат түрінде болатын уран (таусылған, табиғи немесе байытылған, оның ішінде уран-238), плутоний және торий жатады.
Радиоактивті қалдықтар — құрамындағы радионуклидтер деңгейі босату деңгейінен жоғары болатын, одан әрі пайдаланылуы көзделмейтін радиоактивті заттар, ядролық материалдар немесе радионуклидтік көздер (Заңның 1-бабының 25) тармақшасы).
Ядролық материалдар мынадай жағдайларда радиоактивті қалдықтар мәртебесіне ие болады:
оларды одан әрі пайдалану көзделмеген кезде;
олар аварияның, қылмыстың жасалуының нәтижесінде қоршаған ортаға түскен және одан әрі пайдалану мақсатында қоршаған ортадан алып шығу мүмкін болмаған кезде;
егер мұндай қондырғы қалдық ретінде бағаланса, оның тіршілік циклі тоқтатылған және техникалық немесе өзге де себептер бойынша кәдеге жарату мүмкін болмаған жағдайда, ядролық қондырғының құрамдас бөлігі болып табылатын және одан алып шығарылмайтын кезде;
ядролық қаруды қолдану нәтижесінде радиоактивті қалдықтарға айналуы мүмкін болған кезде.
Қылмыстың объективтік жағы радиоактивті материалдарды заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, пайдалану, бүлдіру немесе көму сияқты бірқатар баламалы әрекеттермен сипатталады, олар жалпы алғанда осы материалдармен заңсыз жұмыс істеуді құрайды.
Радиоактивті материалдармен жұмыс істеу — радиоактивті материалдарды өндіруге, жеткізуге, алуға, иеленуге, сақтауға, пайдалануға, беруге, тасымалдауға, техникалық қызмет көрсетуге, қайта өңдеуге және көмуге байланысты әкімшілік және пайдалану қызметі.
Радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен жұмыс істеудің заңсыздығы деп радиоактивті заттардың, радиоактивті қалдықтардың немесе ядролық материалдардың айналымы мәселелерін реттейтін қолданыстағы ұлттық заңнаманы бұза отырып, жоғарыда көрсетілген әрекеттерді жасауды түсіну керек.
Сатып алу деп радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды, ядролық материалдарды ұрлау немесе қорқытып алу тәсілдерін қоспағанда, кез келген тәсілмен иеленуді түсіну керек, өйткені аталған әрекеттер Қылмыстық кодекстің дербес бабымен реттеледі.
Сақтау деп радиоактивті заттар мен радиоактивті қалдықтарды пайдалануға, қайта өңдеуге немесе көмуге алу мүмкіндігін көздейтін, арнайы дайындалған орындарда (оның ішінде арнайы контейнерлерде) уақытша орналастыруды түсіну керек.
Радиоактивті қалдықтарды сақтау ұғымы сақтау пункттерін орналастыру ұғымымен тығыз байланысты. Бұл сақтау процесінің өзінен бұрын жүзеге асырылатын қызмет кезеңі болып табылады және сақтау пункттерін салу туралы шешім қабылдауды, оны орналастыру орнын таңдауды, жер учаскесін бөлуді, негіздемелік материалдарды, жобаларды дайындауды, сондай-ақ құрылысты жүргізуді және оны пайдалануға беруді қамтиды.
Радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды, ядролық материалдарды тасымалдау деп осындай материалдарды ел ішінде кез келген тәсілмен (тасымалдау, жөнелту, арнайы адам арқылы жіберу және т.б.) орнын ауыстыруды түсіну керек. Егер олар Республика аумағынан тыс жерге тасымалданса, әрекет ҚК-нің 286-бабы «Айналымнан алынған заттардың немесе айналымы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша сараланады.
Пайдалану деп радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды, ядролық материалдарды мақсатына сай да, басқа да мақсаттарда қолдануды түсіну керек.
Беру радиоактивті заттардың, радиоактивті қалдықтардың, ядролық материалдардың меншік иелерінің оларды басқа тұлғаның иелігіне (сақтауға, уақытша пайдалануға және т.б.) өтеулі немесе өтеусіз негізде, тұрақты немесе уақытша түрде иеліктен шығаруын білдіреді.
Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеу — радиоактивті қалдықтардың физикалық нысанын, агрегаттық күйін және (немесе) физикалық-химиялық қасиеттерін кейіннен кондициялау мақсатында өзгерту үшін орындалатын технологиялық операциялар.
Радиоактивті материалдарды бүлдіру деп олардың зақымдануын, тұтастығының бұзылуын түсіну керек.
Көму деп радиоактивті материалдарды тұрақты сақтауға орналастыруды түсіну керек. Ол кез келген тәсілмен жүзеге асырылуы мүмкін (жерге көму, теңіздің немесе өзеннің түбіне тастау, ядролық көмінділерге орналастыру және т.б.).
Радиоактивті материалдарды шашырату — олардың ұсақ бөлшектерге бөлініп, көптеген орындарға таралуы, соның нәтижесінде олардың концентрациясының төмендеуі және радиациялық қасиеттерін жоғалтуы. Бұл ретте сәулелену қарқындылығының төмендеуі орын алады, соның салдарынан мұндай материалдарды жинап, мақсаты бойынша пайдалану мүмкін болмайды. Шашырату радиоактивті газдарды атмосфераға шығару, сұйық радиоактивті материалдарды су объектілеріне төгу, ұнтақты жер бетіне шашу, сондай-ақ радиоактивті материалдарды коммуналдық немесе өндірістік қалдықтармен араластыру, оларды бұйымдар өндірілетін шикізатқа қосу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальды болып табылады. Қылмыс диспозицияда көрсетілген әрекеттердің кез келгені орындалған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Адам радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеудің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын тілейді.
Талданып отырған қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 283-бабының 2-бөлігі радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды заңсыз өткізу, сол сияқты радиоактивті заттарды, радиоактивті қалдықтарды немесе ядролық материалдарды өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылықты көздейді.
Радиоактивті материалдарды өткізу деп оларды өткізудің немесе берудің кез келген заңсыз тәсілдері түсініледі (сату, сыйға тарту, айырбастау, қарыз есебіне беру, қарызға беру және т.б.).
ҚК-нің 283-бабының 3-бөлігі 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған не абайсызда адамның өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда қылмыстық жауаптылықты белгілейді.
Қылмыстық топ ұғымы ҚК-нің 3-бабының 24) тармақшасында және 31-бабының 3-бөлігінде берілген.
Абайсызда адам өліміне әкеп соғу радиоактивті заттармен, радиоактивті қалдықтармен, ядролық материалдармен заңсыз жұмыс істеу нәтижесінде жәбірленушінің өмірінен айырылуынан көрініс табады.
Өзге де ауыр зардаптар деп адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруді; адамдардың жаппай ауруға шалдығуын, жұқтыруын, сәулеленуін немесе улануын; халықтың және қоршаған ортаның денсаулық жағдайының нашарлауын; келтірілген зиянның ауырлығын куәландыратын өзге де салдарды түсіну керек.
Адамның өлімі де, өзге де ауыр зардаптар да жасалған әрекетпен себептік байланыста болуға тиіс.
ҚК-нің 283-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 283-бабының 2 және 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заңы Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар