Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 309-бабына түсініктеме. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық
1. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау, сол сияқты пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау —
мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;
2) бірнеше рет;
3) кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан жағдайда, —
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді қылмыстық топ жасаған жағдайда —
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қоғамдық имандылықтың өрескел бұзылуынан көрінеді, өйткені жезөкшелік сияқты қоғамға жат құбылыстың таралуына жағдай жасалады. Егер құқыққа қайшы әрекеттер кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасса, бұл қылмыстың қоғамдық қауіптілігі арта түседі, өйткені өскелең ұрпақтың дене және адамгершілік дамуына қауіп төнеді.
Қылмыстың нысанасы — притон. Притон деп жезөкшелікпен айналысу үшін ұзақ уақыт бойы бейімделген және ұсынылатын тұрғын үй-жайды (пәтерді, бөлмені, саяжайды және т.б.) немесе тұрғын емес үй-жайды (саунаны, массаж бөлмесін, жертөлені және т.б.) түсіну қажет.
Қылмыстың объектісі — қоғамдық имандылық, ал қосымша объектісі — адамның денсаулығы.
Объективтік жағынан қылмыс жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау не пайдакүнемдік мақсатта жеңгетайлық жасау сияқты әрекеттерді жүзеге асырудан көрінеді.
Притонды ұйымдастыру деп оны құруға, іздестіруге, үй-жайды жалға алуға, бейімдеуге және жабдықтауға, жезөкшелікпен айналысатын адамдарды және қызмет көрсететін персоналды (жезөкшелерді күзетумен, оларды тасымалдаумен, жезөкшелер көрсеткен қызметтер үшін ақы өндіріп алумен айналысатын адамдарды) іріктеуге бағытталған әрекеттерді түсіну керек.
Притонды ұйымдастырушы көбінесе притон ұйымдастырылған үй-жайдың меншік иесі немесе осы үй-жай иелігінде болатын адам, сондай-ақ осы қызметті қаржыландыру арқылы притонды ұйымдастыруға жәрдемдесетін тұлға болады.
Жезөкшелікпен айналысуға арналған притонды ұйымдастыру қылмыс притонда жезөкшелікпен іс жүзінде айналыса бастаған сәттен емес, притон құрылған және жұмыс істеуге дайын болған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Бұл ретте оның құрылу мақсатының жүзеге асырылуы немесе асырылмауы маңызды емес.
Притонды ұстау деп оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған әрекеттер жүйесін (оны материалдық қамтамасыз ету, күзету, жөндеу, клиенттерге қызмет көрсету және т.б.) жасауды түсіну қажет.
Притонды ұстайтын адамдар мұны жезөкшелікпен айналысатын адамдарды пайдалану арқылы пайда табу мақсатында жүзеге асырады. Притонды ұстайтын адамның міндетті түрде үй-жайдың меншік иесі болуы талап етілмейді. Егер үй-жайдың меншік иесі немесе оны пайдаланушы оны басқа адамдарға бермей, өзі ауыспалы серіктестермен азғындық әрекеттер жасаса, түсіндіріліп отырған қылмыс құрамының белгілері болмайды.
Притондарды ұстау — үй-жайларды немесе өзге де орындарды жезөкшелікпен айналысу үшін бірнеше рет ұсынуға есептелген қызмет. Әрекет притонды ұстау басталған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі. Адамның ешқандай қатысы жоқ, баршаға қолжетімді орындарды (жертөлені, шатырды) пайдалануға байланысты қызмет «притондарды ұстау» белгілеріне жатпайды.
Жеңгетайлық дегеніміз — жыныстық қатынасқа оңай түсетін ерлер мен әйелдер арасындағы олардың жыныстық қатынасқа түсуіне жәрдемдесу және жыныстық актілер жасау мақсатында кездесулер ұйымдастыру үшін пайдакүнемдік мақсатта делдалдық жасау.
Жеңгетайлық жезөкшелікпен айналысуға дайын адамдарды іздестіру арқылы көрініс табуы мүмкін. Жезөкшелік саласындағы делдалдықтың бірнеше рет жасалуы жеңгетайлық үшін міндетті емес, алайда бір реттік факт әрдайым қылмыстық құқық бұзушылыққа тән қоғамдық қауіптілікке ие бола бермейді (ҚК-нің 10-бабының 4-бөлігі).
Жеңгетайлықпен айналысатын адамдарды сутенерлер деп атайды. Олар жезөкшелермен тұрақты байланыста болады және кез келген уақытта «тірі тауарды» іздеп келетін келушілер мен жезөкшелер арасында делдал бола алады. Олар бұл қызметтен материалдық пайда табуға мүдделі, өйткені әйел өз қызметі үшін тапқан табысының бір бөлігін делдалға төлеуге міндетті.
Қылмыс құрамының құрылымы бойынша ол формальды болып табылады және жеңгетайлық басталған сәттен бастап аяқталған деп есептеледі.
Қылмыстың субъектісі — есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Адам жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастырумен немесе ұстаумен және жеңгетайлықпен айналысып отырғанын сезінеді және соны қалайды.
ҚК-нің 309-бабында притондарды ұйымдастыру және ұстау кезінде кінәлі адамның көздейтін мақсаты туралы айтылмаған. Демек, аталған екі әрекетті жасау кезінде бұл белгі міндетті болып табылмайды. Қылмыстық құқық теориясында олар пайдакүнемдік мақсатта жасалады деген пікір айтылады. Мұны құқық қолдану практикасын талдау да растайды. Алайда практикада жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды «керекті» адамдардың көңілін табу мақсатында ұйымдастыру және ұстау жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттерде ҚК-нің 309-бабының белгілері болады.
Жеңгетайлықтың субъективтік жағының міндетті белгісі — мақсат. Бұл жағдайда кінәлі адамның әрекеттерінде қылмыс құрамының болуы үшін жеңгетайдың мүліктік пайда алуды мақсат еткенін анықтау қажет. Егер адам пайдакүнемдік мақсатты көздемей, өзге жеке бас пайдасын, мысалы, қызмет бабында жоғарылауды мақсат етіп, ақысыз жеңгетайлық жасаса, ол ҚК-нің осы бабы бойынша жауаптылыққа тартылмайды.
ҚК-нің 309-бабының 2-бөлігінде осы қылмыстың мынадай саралаушы белгілері көзделген: 1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша; 2) бірнеше рет; 3) кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан әрекеттер (алғашқы екі белгі бойынша ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігіне берілген түсініктемені қараңыз).
Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту — ең азғын және қоғамдық қауіптілігі жоғары қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылады, өйткені жас ұрпаққа дене және моральдық зиян келтіріледі.
Кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту деп тартушының кәмелетке толмаған адамда жезөкшелікпен айналысуға деген ниетін (пиғылын, ұмтылысын) және оған қатысуға дайындығын қалыптастыруға бағытталған мақсатты әрекеттерін түсіну қажет. Бұл ретте ҚР Жоғарғы Сотының 2002 жылғы 11 сәуірдегі «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары және оларды қылмыстық құқық бұзушылықтар мен өзге де қоғамға жат әрекеттер жасауға тарту жөніндегі істер бойынша сот практикасы туралы» нормативтік қаулысының 24-тармағында көрсетілгендей, кәмелетке толған адамның әрекеттері белсенді сипатта болуға тиіс және психикалық немесе физикалық ықпал етумен (ұрып-соғу, үгіттеу, қорқыту және үрейлендіру, сатып алу, алдау және т.б.) қатар жүруі мүмкін.
ҚК-нің 308-бабынан айырмашылығы, осы норма бойынша жәбірленуші болып кәмелетке толмаған, яғни жезөкшелікпен айналысуға тартылған он сегіз жасқа толмаған адам танылады.
Халықтың осы әлеуметтік тобының ерекше осалдығын ескере отырып, 2002 жылғы 8 тамызда «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңы қабылданды. Аталған Заңның 40-бабында баланы жезөкшелікпен айналысуға тарту ҚР заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғатыны айтылған.
Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық өзге де қылмыстарды жасаумен қатар жүруі мүмкін, бұл жасалған әрекеттерді қылмыстар жиынтығы бойынша, атап айтқанда, ҚК-нің 309-бабы және, мысалы, ҚК-нің 120, 122-баптары бойынша саралауды талап етеді.
ҚК-нің 309-бабының 3-бөлігінде осы әрекетті қылмыстық топтың жасауы сияқты аса саралаушы белгі көзделген (ҚК-нің 297-бабының 4-бөлігіне берілген түсініктемені қараңыз).
ҚК-нің 309-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 309-бабының 2, 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилұлы Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Норматив Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заң қызметі Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар