Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 315-бабына түсініктеме. Адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қою
1. Адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін трансплантациялау не өзге де пайдалану мақсатында заңсыз алып қою, сол сияқты адам мәйітінің ағзаларына немесе тіндеріне қатысты мәмілелер жасау —
үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекеттер:
1) адамдар тобы, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
2) бірнеше рет жасалған;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған жағдайларда, — үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі қарастырылып отырған әрекетті жасау нәтижесінде қоғамның адамгершілік қағидаларының бұзылуымен, қайтыс болған адамның туыстарына моральдық зиян келтірілуімен сипатталады.
Қылмыстың объектісі — қоғамдық адамгершілік.
Қылмыстың заты — трансплантациялауға жарамды ағзалар мен тіндер.
Ағза — құрамына бірнеше тін кіретін және организмде белгілі бір функцияны (немесе функцияларды) орындайтын жеке құрылымдық бірлікті құрайтын дене бөлігі, мысалы, жүрек, бүйрек, бауыр.
Тін — құрылысы, функциялары мен шығу тегі бірдей жасушалар мен жасушааралық заттардың жиынтығы («Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 263) тармақшасы).
Қылмыстың объективтік жағы мынадай әрекеттермен сипатталады:
адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін трансплантациялау немесе өзге де пайдалану мақсатында заңсыз алып қою;
адам мәйітінің ағзалары мен тіндеріне қатысты мәмілелер жасау.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 259) тармақшасына сәйкес трансплантация деп ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу түсініледі.
Ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) трансплантациялау донордан реципиентке жүргізіледі және мынадай кезеңдерден тұрады: алып қою, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) ауыстырып салу (Кодекстің 209-бабының 1-тармағы).
Ағзаларды (ағзаның бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) алып қою, консервациялау, сақтау, тасымалдау және жеткізу трансплантациялау қызметтерін көрсету бойынша медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар мемлекеттік медициналық ұйымдарда медициналық қызметтің бейініне сәйкес жүзеге асырылады (Кодекстің 209-бабының 2-тармағы).
Адамға (әлеуетті реципиентке) одан әрі трансплантациялау мақсатында алып қою тірі адамнан (тірі донордан) немесе қайтыс болған адамнан (қайтыс болғаннан кейінгі донордан) жүргізіледі (Кодекстің 209-бабының 3-тармағы).
Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 100) тармақшасына сәйкес донор — донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (оның ішінде шәует, аналық жасушалар, репродуктивті ағзалардың тіндері, жыныс жасушалары, эмбриондар) алынатын, сондай-ақ реципиентке трансплантациялау үшін ағзалары (ағзаның бөліктері) және (немесе) тіндері (тіндердің бөліктері) алынатын адам, адам мәйіті, жануар.
Реципиент — донорлық қан немесе одан бөлініп алынған компоненттер және (немесе) препараттар құйылған, еркек немесе әйел донорлық материалы (шәует, аналық жасуша, эмбриондар) енгізілген не донордан ағзалар (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндер (тіннің бөлігі), сондай-ақ жасанды ағзалар (ағзалардың бөліктері) трансплантацияланған пациент (Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 222) тармақшасы).
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 209-бабының 4-тармағына сәйкес ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантациялау кезінде мыналарға тыйым салынады:
адамнан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) мәжбүрлеп алып қоюға;
адамды өзінің ағзасын (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бөлігін) беруге мәжбүрлеуге;
адамның ағзаларын (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бөлігін) сатып алуға және сатуға;
кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз болып табылатын тірі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алып қоюға;
шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантациялау үшін қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алып қоюға;
денсаулық жағдайына, жасына немесе өзге де себептерге байланысты өзінің жеке басы туралы мәліметтерді хабарлай алмаған және қайтыс болғаны анықталған сәтте жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алып қоюға.
Инфекция жұқтырған тірі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан реципиентке трансплантациялау үшін ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алып қоюға тыйым салынады.
Донордан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантациялауға рұқсат етілетін инфекциялық аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді (Кодекстің 209-бабының 5-тармағы).
Адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін трансплантациялау не оларды өзге де пайдалану мақсатында белгіленген тәртіпті бұза отырып алып қою, мысалы, қайтыс болған адамның туыстарының немесе жақындарының рұқсатынсыз адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін өз бетінше алып қою, мемлекеттік емес денсаулық сақтау ұйымдарында трансплантациялау жүргізу заңсыз деп танылады.
Өзге де пайдалану деп, мысалы, діни секталардың рәсімдерін өткізу кезінде адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін тамақ ретінде пайдалануды және т.б. түсіну қажет.
Адам мәйітінің ағзалары мен тіндеріне қатысты мәмілелер жасау деп оларды сатып алу мен сатуды, қарызды өтеу есебіне беруді, айырбастауды және т.б. түсіну қажет.
Қылмыс ҚР ҚК-нің 315-бабының диспозициясында көрсетілген әрекеттер жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
Қылмыстың субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады. Кінәлі адам адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін трансплантациялау не өзге де пайдалану мақсатында заңсыз алып қойып жатқанын, сол сияқты адам мәйітінің ағзалары мен тіндеріне қатысты мәмілелер жасап жатқанын және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынғанын сезінеді әрі соны жасауды қалайды.
Қылмыстың субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
Адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қойғаны үшін қылмыстық жауаптылық, егер ол мынадай жағдайларда жасалса, күшейтіледі:
адамдар тобы, адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
бірнеше рет жасалған;
адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған.
Егер адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қоюды жасауға алдын ала сөз байласпай, екі немесе одан да көп орындаушы бірлесіп қатысса, кінәлі адамдардың әрекеттері ҚР ҚК-нің 315-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша сараланады. Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы немесе қылмыстық топ белгілері ҚР ҚК-нің 297-бабының 3 және 4-бөліктеріне берілген түсініктемеде ашып көрсетілген.
Адам мәйітінің ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қоюды адамның өз қызмет бабын пайдалана отырып жасауы деп мемлекеттік органда, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемеде меншік нысанына қарамастан жұмыс істейтін және өзінің қызметтік өкілеттіктері мен олармен байланысты мүмкіндіктерін осы қылмысты жасау немесе оны жасауды жеңілдету үшін пайдаланатын адамның көрсетілген әрекеттерді жасауын түсіну қажет. Мысалы, аурухана бөлімшесінің меңгерушісі, бас дәрігер, аурухананың патологиялық бөлімшесінің меңгерушісі, мәйітхана меңгерушісі.
Бұл қылмыс ҚР ҚК-нің 116-бабында көзделген «Адамның ағзалары мен тіндерін алуға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алып қою» қылмысымен ұқсас. Олардың айырмашылығы объективтік жағына (әрекеттеріне) қарай ажыратылады: қарастырылып отырған қылмысты жасау кезінде кінәлі адам адам мәйітінің ағзаларын немесе тіндерін трансплантациялау не өзге де пайдалану мақсатында заңсыз алып қояды, сол сияқты адам мәйітінің ағзалары мен тіндеріне қатысты мәмілелер жасайды; ал ҚР ҚК-нің 116-бабы бойынша жауаптылық тірі адамның ағзалары мен тіндерін заңсыз алып қойғаны үшін ғана емес, сонымен қатар тірі адамның ағзалары мен тіндерін трансплантациялау не өзге де пайдалану мақсатында алып қоюға мәжбүрлегені, сол сияқты тірі адамның ағзалары мен тіндеріне қатысты заңсыз мәмілелер жасағаны үшін де туындайды, яғни тірі адамның ағзалары мен тіндерін алып қою жүзеге аспаған жағдайда да жауаптылық көзделеді.
Бұл қылмыстар қол сұғушылық объектісі бойынша да ерекшеленеді. ҚР ҚК-нің 315-бабының объектісі — қоғамдық адамгершілік, ал ҚР ҚК-нің 116-бабының объектісі — өмір мен денсаулық.
ҚР ҚК-нің 315-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.
ҚР ҚК-нің 315-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилұлы Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік істер Қазақстандағы заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар