Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабына түсініктеме. Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы
1. Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан оларды орындамауы, тиісінше орындамауы, егер бұл әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқса, —
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер, —
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер, —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер, —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Медицина қызметкерінің, сол сияқты халыққа тұрмыстық немесе өзге де қызмет көрсету ұйымы қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы, егер бұл іс-әрекет басқа адамға АИТВ жұқтыруға әкеп соқса, —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Әрбір адамның денсаулығын сақтау және медициналық көмек алу құқықтары — халықаралық құқықтың Жалпыға бірдей танылған нормалары болып табылады және Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында (25-бап) бекітілген.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 29-бабының 2-бөлігіне сәйкес медициналық көмек алу құқығы азаматтардың ажырамас конституциялық құқықтарының бірі болып табылады.
ҚК-нің 317-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қауіптілігі (1-бөлігі — қылмыстық теріс қылық, 2, 3, 4, 5-бөліктері — қылмыстар) медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы азаматтардың отандық медицинаға деген сенімсіздігін туындатып, денсаулық сақтау органдарының беделіне нұқсан келтіретіндігінде. Өзінің кәсіптік міндеттеріне жауапсыз қарау азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңында негізгі ұлттық мүдделер мен ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер көзделген. Атап айтқанда, денсаулық сақтау жүйесінің деңгейі мен сапасына қол жеткізу және оны қолдау негізгі он сегіз ұлттық мүдденің ішінде алтыншы орында бекітілген. Денсаулық сақтау деңгейі мен сапасының төмендеуі ұлттық қауіпсіздікке төнетін жиырма қатердің ішінде төртінші орында тұр. Басқаша айтқанда, зиян жекелеген азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға және сақтауға бағытталған қоғамдық қатынастарға ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл ұлтқа да келтіріледі.
Қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың объектісі медициналық көмек көрсету кезінде белгіленген қағидалардың сақталуына бағытталған қоғамдық қатынастар болып табылады. Медициналық көмек көрсету тәртібін немесе стандарттарын сақтамау арқылы медицина қызметкері жеке адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға және сақтауға бағытталған қоғамдық қатынастарға қол сұғады.
Қосымша тікелей объект болып науқастың өмірі мен денсаулығының қорғалуына кепілдік беретін қоғамдық қатынастар табылады.
ҚК-нің 317-бабының 1, 2, 3 және 4-бөліктерінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың объективтік жағы медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан оларды орындамауынан немесе тиісінше орындамауынан, сол сияқты медициналық көмек көрсету тәртібін немесе стандарттарын сақтамауынан және оның абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіруге (1-бөлік), денсаулыққа ауыр зиян келтіруге (2-бөлік), адамның өліміне (3-бөлік) не екі немесе одан да көп адамның өліміне (4-бөлік) әкеп соғуынан көрінеді.
Қарастырылып отырған қылмыстық-құқықтық норманың диспозициясы бланкеттік сипатқа ие және кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамаудың белгілерін айқындамайды. Осыған байланысты медицина қызметкерлерінің медициналық көмек көрсету кезіндегі қызметін реттейтін министрлік, департаменттер немесе денсаулық сақтау саласының өзге де субъектілері шығаратын ведомстволық және жергілікті нормативтік актілерді (бұйрықтарды, нұсқаулықтарды, ережелерді) анықтау қажет. Тиісінше, аталған нормативтік құқықтық актілерде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің біліктілік талаптарын, функционалдық міндеттерін, сондай-ақ медициналық көмек көрсетудің қағидаларын (нұсқаулықтарды, әдістемелік ұсынымдарды), тәртібі мен стандарттарын айқындайтын нормалар қамтылады. Басқаша айтқанда, олар медицина қызметкері қандай білім мен дағдыларға ие болуы тиіс екенін және өзінің кәсіптік міндеттерін орындау кезінде қандай медициналық көмекті көрсете білуі керектігін нақты көрсетеді. Мұндай нормативтік құқықтық актілерге, мысалы, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы «Денсаулық сақтау саласындағы мамандықтар мен мамандандырулар номенклатурасын, денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы»; 2020 жылғы 22 қазандағы «Медициналық және фармацевтикалық қызметке қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы» бұйрықтары, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі бекіткен медициналық көмек көрсетудің әртүрлі стандарттары (денсаулық сақтау ұйымдарын аккредиттеу стандарттары, стандартты операциялық рәсімдер, медициналық және фармацевтикалық білім беру стандарттары, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы стандарттар, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттары, денсаулық сақтау саласындағы ақпараттандыру стандарттары) жатады. Медициналық көмек көрсету стандарттарына «Неврологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты», «Онкологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты», «Психиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты», «Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты», «Пульмонологиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты», Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің клиникалық хаттамалары және басқалары сияқты стандарттар кіреді.
Медицина қызметкерлерінің әрекеттерін объективтік жақ тұрғысынан дұрыс саралау үшін медициналық көмек көрсету стандарттарының жоғарыда аталған түрлері үлкен маңызға ие. Бұл ретте әрбір ауру түрі үшін медициналық көмек көрсету процесіне қойылатын, белгілі бір патология түріне сәйкес келетін талаптар регламенттелген медициналық көмек көрсетудің жеке стандарты бар екенін атап өткен жөн. Медициналық көмек көрсетудің осы стандарттары медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың профилактикасы, диагностикасы, емделуі және оңалуы саласындағы заманауи жоғары тиімді технологиялардың мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленген.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 1-бабы 1-тармағының 87) тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы стандарт — денсаулық сақтау саласында, медициналық, фармацевтикалық қызмет, денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылыми қызмет, цифрлық денсаулық сақтау салаларында стандарттауды қамтамасыз ету үшін қағидаларды, жалпы принциптер мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт. Тиісінше, медициналық көмек көрсету тәртібін немесе стандарттарын сақтамау дегеніміз — медицина немесе фармацевтика қызметкерінің жұмысын реттейтін нормативтік құқықтық актіні сақтамау болып табылады.
Кәсіптік міндеттерді орындамау деп медицина қызметкерінің өзінің кәсіптік қызметін реттейтін нормативтік немесе жергілікті құқықтық актілерде көзделген әрекеттерді орындамаған кездегі әрекетсіздік нысанындағы қылмыстық іс-әрекетті түсіну қажет.
Кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамау медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өзінің кәсіптік міндеттері шеңберінде жүзеге асырылған, алайда істің мүдделері талап ететіндей орындалмаған әрекеттерінен көрінеді. Медицина қызметкері алған білімі мен атқаратын лауазымына байланысты өзінің әрекеттерінің дұрыс емес екенін түсінуі тиіс. Осылайша, медицина немесе фармацевтика қызметкері кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамаған кезде кәсіптік міндеттер бұзушылықпен немесе толық көлемде емес (ішінара) орындалады.
Бұл ретте медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы әрекет түрінде жасалады, алайда әрекетсіздік түрінде де көрініс табуы мүмкін. Мысалы, хирургиялық операцияларды жүргізу кезінде медицина қызметкерінің дәке таңғышын пайдалануы қажет болған және оны науқастың ағзасына енгізу құқыққа қайшы әрекет болып табылмайды, алайда оны науқастың ағзасында қалдыру құқыққа қайшы әрекет болады, өйткені медицина қызметкерінің әрекеттері науқастың ағзасында бөгде заттардың қалып қоюына жол бермеуге бағытталуы тиіс. Сондықтан бұл жағдайда дәке таңғышының науқастың ағзасында қалдырылуы әрекетсіздік нысанында жасалған іс-әрекет ретінде қарастырылады.
Медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттері деп азаматтарға медициналық қызметтер көрсету және медициналық көмек көрсету түсініледі. Медициналық қызметтер, өз кезегінде, денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдік, оңалту немесе паллиативтік бағыттылығы бар әрекеттерін білдіреді.
Талданып отырған қылмыстық құқық бұзушылық құрамының объективтік жағының белгілерін анықтау кезінде құқық қолданушылар медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін орындамау немесе тиісінше орындамау, медициналық көмек көрсету тәртібін немесе стандарттарын сақтамау фактісін анықтаумен қатар, медицина қызметкерінің кәсіптік даярлық деңгейін, себеп-салдарлық байланысқа қатысты мәселелерді, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын зардаптардың туындау себептерін, медицина қызметкерінің құқыққа қайшы әрекеттері мен туындаған зардаптардың арасындағы себептік байланысты да анықтауы қажет.
Қылмыстық құқық бұзушылық құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады, осыған байланысты бұл әрекеттің объективтік жағы үш міндетті белгіні қамтиды. Біріншіден, бұл медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өзінің кәсіптік міндеттерін орындамауынан не тиісінше орындамауынан көрінетін қоғамға қауіпті іс-әрекет; екіншіден, адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруден көрінетін қоғамға қауіпті зардаптар; үшіншіден, заңда көрсетілген бұзушылықтар мен зардаптардың арасындағы себептік байланыс. Тиісінше, іс-әрекет қоғамға қауіпті зардаптар туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі. Қылмыстық құқық бұзушылық құрамының диспозициясында факультативтік белгілер (қылмыстық құқық бұзушылықты жасау уақыты, орны, тәсілі, жағдайы, құралдары мен заттары) қамтылмаған. Демек, ҚК-нің 317-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты саралау кезінде жоғарыда аталған белгілердің маңызы болмайды.
ҚК-нің 317-бабының 1-бөлігінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан туындайтын қоғамға қауіпті зардап ретінде абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру көзделген; қарастырылып отырған баптың 2-бөлігінде — абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру; 3-бөлігінде — абайсызда өлімге әкеп соғу; 4-бөлігінде — абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу және 5-бөлігінде — басқа адамға АИТВ жұқтыру көзделген.
ҚК-нің 3-бабының 11) тармағына сәйкес денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп адамның өміріне қауіпті денсаулыққа келтірілген зиян не көру, сөйлеу, есту қабілетінен немесе қандай да бір ағзасынан айырылуға; ағзаның өз функцияларын жоғалтуына; бет-әлпеттің қалпына келмейтіндей бұзылуына; жалпы еңбек қабілетін кемінде үштен біріне айтарлықтай тұрақты жоғалтумен ұштасқан денсаулықтың бұзылуына; кәсіптік еңбек қабілетін толық жоғалтуға; жүктіліктің үзілуіне; психикалық бұзылысқа; нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыруға әкеп соққан өзге де денсаулыққа келтірілген зиян түсініледі.
Денсаулыққа ауырлығы орташа зиян келтіру деп адамның өміріне қауіпті емес, денсаулықтың ұзақ уақытқа (жиырма бір күннен астам мерзімге) бұзылуын немесе жалпы еңбек қабілетін айтарлықтай тұрақты жоғалтуды (үштен бірінен кем) туындатқан денсаулыққа келтірілген зиян түсініледі (ҚК-нің 3-бабының 12) тармағы).
Өлім — организмнің тіршілік әрекетінің тоқтауы. Адам өлімінің басталу сәті биологиялық өлім болып табылады. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 153-бабына сәйкес биологиялық өлім — организмнің тіршілік әрекетінің тоқтауы, бұл кезде өмірлік маңызды функциялар қайтымсыз түрде сөнеді.
Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъективтік жағы құқық бұзушылықтарды саралау, қылмыстық жауаптылыққа тарту және жаза тағайындау үшін маңызды мәнге ие.
ҚК-нің 317-бабының диспозициясында «өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан» деген тұжырым көзделген. Ұқыпсыздыққа сілтеме жасау іс-әрекеттің өзіне қатысты кінәнің абайсыздық нысанын білдіреді. Сонымен қатар заң мәтінінде «ұқыпсыз» деген сөзбен қатар «оларға жосықсыз қарау», яғни міндеттерге жосықсыз қарау туралы да көрсетілгенін ескерусіз қалдыруға болмайды. Тиісінше, кәсіптік міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау фактісінің өзіне қатысты кінәнің қасақаналық нысаны, атап айтқанда, жанама қасақаналық та болуы мүмкін. Бұл жағдайда медицина қызметкері өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қолайсыз зардаптардың туындау мүмкіндігін болжайды, олардың туындауын қаламайды, бірақ оларға саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды. Дегенмен, медицина қызметкерінің кәсіптік міндеттерін орындамау немесе тиісінше орындамау фактісінің өзі қылмыстық жазаланатын әрекет болып табылмайтынын ескеру қажет.
Медицина қызметкерлерінің қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін болжау міндеті медициналық көмекті тиісінше көрсетуге байланысты кәсіптік міндеттемелерінен туындайды. Алайда қоғамға қауіпті нәтиженің туындауын болжау міндетінің болуы ғана адамды қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болып табылмайды, өйткені қолайсыз зардаптарды болжау міндетінен басқа, кінәлі адамның зардаптардың туындауын болдырмауға нақты мүмкіндігі болғанын, бірақ бұл мүмкіндікті пайдаланбағанын және соның салдарынан қоғамға қауіпті зардаптардың туындағанын анықтау қажет.
Адамның қоғамға қауіпті зардаптарды болжау қабілеті кінәлінің білім деңгейі, біліктілігі, кәсіптік тәжірибесі, жұмыс өтілі, денсаулық жағдайы және басқалары сияқты жеке қасиеттерінен де туындайды. Алайда абайсыздық нысанындағы кінәні ұқыпсыздық түрінде анықтау әрдайым медицина қызметкерінің кәсіптік тәжірибесіне байланысты бола бермейді. Мысалы, кәсіптік тәжірибесі аз, еңбек өтілі қысқа жаңадан бастаған медицина қызметкері де өзінің құқыққа қайшы әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қолайсыз зардаптарын тәжірибесі мол, еңбек өтілі ұзақ медицина қызметкері сияқты болжауға міндетті.
Жосықсыз қызметкер деп қандай да бір істі адал емес, ұқыпсыз немесе нашар орындайтын қызметкерді түсіну қажет.
Жосықсыз қарау кезінде медицина қызметкері өзінің кәсіптік міндеттеріне адал емес, тиісінше емес, ар-ұятсыз, жауапсыз, немқұрайлы қарайды, яғни жасалып жатқан заңсыз әрекеттерге жеңілтектікпен қарайды, сонымен бірге қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжайды. Демек, жоғарыда атап өтілгендей, кәсіптік міндеттерге жосықсыз қарау жанама қасақаналық түріндегі кінәнің қасақаналық нысанының белгілеріне ие, яғни медицина қызметкері өзінің әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қолайсыз зардаптардың туындауын болжайды, олардың туындауын қаламайды, бірақ оларға саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайлы қарайды.
Қарастырылып отырған құқық бұзушылық зардаптарға қатысты кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады, өйткені заң шығарушы баптың диспозициясында бұл туралы тікелей көрсеткен.
Жалпы алғанда, қарастырылып отырған іс-әрекеттің субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен сипатталады.
Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы түріндегі іс-әрекеттің субъективтік жағының факультативтік белгілері ретінде ниет пен мақсат міндетті болып табылмайды, өйткені оларды заң шығарушы ҚК-нің 317-бабында көздемеген. Кәсіптік міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау түріндегі іс-әрекет жалпы алғанда абайсызда жасалатындықтан, бұл құқық бұзушылықта ниет пен мақсат жалпы іс-әрекетке емес, тек кәсіптік міндеттерді орындамау немесе тиісінше орындамау фактісіне қатысты қолданылады. Осыған қарамастан, олардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін анықтау және жаза тағайындау кезінде практикалық маңызы зор. Кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамаудан көрінетін іс-әрекеттің ниеті мен мақсатын анықтау құқық қолданушыларға медицина қызметкерінің өзінің кәсіптік міндеттерін орындауға, тиісінше қоғамдық мүдделерге деген көзқарасын анықтауға және кінәлінің өмірлік құндылықтарын түсінуге мүмкіндік береді.
Түсіндіріліп отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі жалпы белгілермен қатар (есі дұрыс, он алты жасқа толған жеке тұлға) арнайы белгілерге де ие болуы тиіс. Олар тиісті білімі бар медицина және фармацевтика қызметкерлері болуы мүмкін.
Қазақстан Республикасында медициналық (фармацевтикалық) қызметпен айналысуға құқығы бар адамдар тобы заңнамалық деңгейде айқындалған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 270-бабына сәйкес медициналық қызметпен айналысу құқығына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен расталған қызметкерлер ие болады.
Жоғарыда аталған Кодекстің 1-бабына сәйкес кәсіптік медициналық білімі бар және медициналық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар медицина қызметкерлері болып табылады; фармацевтикалық білімі бар және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар фармацевтика қызметкерлері болып табылады.
ҚК-нің 317-бабына сәйкес кәсіптік міндеттерін орындамаудан немесе тиісінше орындамаудан көрінетін қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған медицина қызметкері қылмыстық заңнама бойынша арнайы субъект ретінде қарастырылады, өйткені ҚК-нің 15-бабында бекітілген міндетті белгілерден (есі дұрыс, заңда белгіленген жасқа толған жеке тұлға) басқа, медицина қызметкері қосымша белгілерге де ие болады (кәсіптік медициналық білімі бар, сондай-ақ медициналық міндеттері жүктелген тұлға). Осылайша, ҚК-нің 317-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісі тиісті білімі бар және заңнамалық деңгейде азаматтарға медициналық көмек көрсету міндеті жүктелген медицина қызметкерлері ғана бола алады.
Тиісті білімнің болуы, сондай-ақ медициналық көмек көрсету жөніндегі заңмен жүктелген міндеттің болуы қарастырылып отырған қылмыстық құқық бұзушылықтың арнайы субъектісінің міндетті белгілеріне жатады. Аталған белгілер болмаған жағдайда адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
Заң шығарушы осы қылмыстық құқық бұзушылықтың субъектісін айқындау кезінде белгілі бір мамандықтың (маманданудың) болуы сияқты белгіні ескермегенін атап өткен жөн. Медициналық көмек көрсету тәртібін реттейтін стандарттарға сәйкес медицина қызметкері тиісті арнайы даярлығы болмаса, медициналық қызметтің белгілі бір түрімен айналысуға құқылы емес. Мысалы, арнайы (бейіндік) даярлығы жоқ дәрігер-терапевт «невропатология» бейіні бойынша аурулары бар пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге құқылы емес.
Медицина қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттерін дұрыс саралау үшін қандай функционалдық міндеттердің: кәсіптік немесе лауазымдық міндеттердің бұзылғанын нақты анықтау қажет.
Лауазымды адам ұғымының анықтамасы ҚК-нің 3-бабының 26) тармағында берілген. Денсаулық сақтау саласындағы лауазымды адамдарға емдеу мекемелерінің басшылары, емханалардың бас дәрігерлері, емхана немесе аурухана бөлімшелерінің меңгерушілері, госпитальдардың басшылары, яғни заңдық маңызы бар әрекеттер жасауға өкілеттіктері бар және функционалдық міндеттеріне бағынысты қызметкерлердің, ұжымның, жұмыс учаскесінің және т.б. қызметтік қызметіне басшылық жасау кіретін адамдар жатады.
Лауазымды адам болып табылатын медицина қызметкері лауазымды адам ретінде қылмыстық жауаптылыққа тек оның кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық сипатта болған жағдайда ғана тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда кінәлі адамның әрекеттері ҚК-нің «Салғырттық» деп аталатын 371-бабы бойынша сараланады.
Функционалдық міндеттеріне ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкімшілік-шаруашылық өкілеттіктер кірмейтін қатардағы медицина қызметкерлері ҚК-нің «Салғырттық» деп аталатын 371-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды.
ҚК-нің 317-бабының 5-бөлігінде заң шығарушы жеке қылмыс құрамы ретінде медицина қызметкерінің, сол сияқты халыққа тұрмыстық немесе өзге де қызмет көрсету ұйымы қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы нәтижесінде басқа адамға АИТВ жұқтыру жағдайларын көздеген.
ҚК-нің 317-бабының 5-бөлігінде көзделген қылмыстың объективтік жағы медицина қызметкерінің, сол сияқты халыққа тұрмыстық немесе өзге де қызмет көрсету ұйымы қызметкерінің өз кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауынан, егер бұл іс-әрекет басқа адамға АИТВ жұқтыруға әкеп соқса, көрінеді. АИТВ жұқтыруға әкеп соққан кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамау әрекет түрінде де (мысалы, бір рет пайдаланылатын емес немесе стерильденбеген шприцтерді пайдалану, донорлық қанды, тіндерді немесе ағзаларды сапасыз тексеру), әрекетсіздік түрінде де (мысалы, микроорганизмдердің жараға түсуіне жол бермеуге бағытталған кешенді медициналық іс-шараларды жүргізбеу) көрініс табуы мүмкін. ҚК-нің 317-бабының 1, 2, 3, 4-бөліктеріндегі сияқты, ҚК-нің 317-бабының 5-бөлігі бойынша адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың міндетті шарты қоғамға қауіпті зардаптардың туындауы және кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамау мен туындаған зардаптардың арасындағы себептік байланыстың анықталуы болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыс құрамы құрылымы бойынша материалдық болып табылады, өйткені басқа адамға АИТВ нақты жұқтырғаны үшін жауаптылықты көздейді.
Кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамауы АИТВ жұқтыруға әкеп соққан медицина қызметкері АИТВ жұқтырған адамдармен өзінің кәсіптік және функционалдық міндеттері бойынша байланысты арнайы субъект ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар, осы қылмыстың субъектілері 1, 2, 3, 4-бөліктер бойынша субъектілерден ерекшеленеді, өйткені оларға халыққа тұрмыстық немесе өзге де қызмет көрсету ұйымдарының қызметкерлері де жатады. Осыған байланысты АИТВ инфекциясын жұқтырудың негізгі жолдарынан (жыныстық жолмен жұқтыру, баланың анасынан жұқтыру, қан арқылы жұқтыру) басқа, жұқтырудың өзге де жолдары бар екенін атап өткен жөн: бұл қан немесе оның компоненттерін құю кезінде, сондай-ақ тиісті түрде өңделмеген косметикалық заттарды пайдалану кезінде (құлақты тесу, татуировка жасау, пирсинг кезінде) АИТВ инфекциясын жұқтыру. Мұндай жолмен жұқтыру сирек кездескеніне қарамастан, осындай әрекеттердің және олардың зардаптарының қоғамдық қауіптілік дәрежесі төмен емес. Демек, қан құюмен байланысты ұйымдардың, құлақ тесу, татуировка жасау, пирсинг салондарының қызметкерлері өздерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан басқа адамдарға АИТВ инфекциясын жұқтырған жағдайда қарастырылып отырған құқық бұзушылықтың субъектілері болып табылады.
Қарастырылып отырған қылмыстың субъективтік жағы кәсіптік міндеттерді ұқыпсыз немесе жосықсыз қарауы салдарынан тиісінше орындамау әрекетінің өзіне қатысты жоғарыда қарастырылған ҚК-нің 317-бабының 1-бөлігіне ұқсас сипатталады. Осылайша, кәсіптік міндеттерді тиісінше орындамау фактісіне психикалық қатынас медицина қызметкерінің немесе халыққа тұрмыстық не өзге де қызмет көрсету ұйымы қызметкерінің өзінің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарауы салдарынан абайсыздықпен де, оларға жосықсыз қарауы салдарынан жанама қасақаналықпен де сипатталуы мүмкін. Алайда, ҚК-нің 317-бабының 1-бөлігіндегідей, жалпы алғанда іс-әрекет абайсызда жасалған деп танылуы тиіс екенін ескеру қажет.
ҚК-нің 317-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет қылмыстық теріс қылықтарға жатады.
ҚК-нің 317-бабының 2, 3, 5-бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 317-бабының 4-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме. Авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан жаратылыстану ғылымдары ұлттық академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес беру Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Статья Түсініктеме Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар