Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 327-бабына түсініктеме. Ветеринариялық қағидаларды немесе өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды бұзу
1. Эпизоотиялардың таралуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан ветеринариялық қағидаларды бұзу –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды бұзу –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңының 6-бабының 18-тармағына сәйкес ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлердің бірі экологиялық жағдайдың, оның ішінде ауызсу сапасының күрт нашарлауы, дүлей зілзалалар және табиғи әрі техногендік сипаттағы өзге де төтенше жағдайлар, эпидемиялар мен эпизоотиялар болып табылады.
Ветеринария мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік акт 2002 жылғы 10 шілдедегі «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады. Аталған Заң ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайды және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Ветеринария (ветеринария саласы) — жануарлардың аурулары мен тағамнан улануын (зақымдануын) зерттеуге, олардың профилактикасына, диагностикасына, емделуіне және жойылуына, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерінің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықты жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауға бағытталған арнайы ғылыми білім мен практикалық қызмет саласы («Ветеринария туралы» Заңның 1-бабының 6) тармағы).
Қоғамдық қауіптілігі ветеринариялық қағидаларды немесе өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды бұзудың экологиялық қауіпсіздікті әлсіретуінен, эпизоотиялардың таралуынан, өзге де ауыр зардаптардың туындауынан көрінеді.
Қылмыстың объектісі ветеринария және өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес қағидаларымен реттелетін экологиялық қауіпсіздік болып табылады. Қосымша объектісі адамдардың өмірі мен денсаулығы, өзге де экожүйелердің өміршеңдігі мен экологиялық тепе-теңдігі болып табылады.
Объективтік жағынан қарастырылып отырған қылмыс эпизоотиялардың таралуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан ветеринариялық қағидаларды бұзудан көрінеді.
Жоғарыда аталған Заңның 1-бабының 8) тармағына сәйкес ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидалар — мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық, зоогигиеналық) талаптарды белгілейтін, сондай-ақ ветеринариялық нормативтер негізінде ветеринариялық іс-шараларды жүргізу тәртібін айқындайтын және жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті болып табылатын нормативтік құқықтық акт.
Ветеринариялық іс-шаралар — жануарлардың ауруларының пайда болуының, таралуының алдын алуға немесе оларды жоюға бағытталған, олардың профилактикасын, емделуін немесе диагностикасын қамтитын эпизоотияға қарсы, ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті ауруларды жұқтырған жануарларды залалсыздандыру (зарарсыздандыру), алып қою және жою; жануарлардың өнімділігін арттыру; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы аурулардан, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп пен жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жөніндегі іс-шаралар кешені (аталған Заңның 1-бабының 20) тармағы).
Ветеринариялық қағидаларды бұзу әрекет жасау арқылы да (мысалы, ауру малды сату немесе ауру жануарларды Қазақстанға әкелу, ауру жануарларды жалпы табынға қосу және т.б.), әрекетсіздік арқылы да (міндетті профилактикалық іс-шараларды жүргізуден бас тарту, жануарлардың жұқпалы аурулары ошақтарын жою жөніндегі іс-шараларды уақтылы немесе толық көлемде жүргізбеу және т.б.) жасалуы мүмкін.
Аталған Заңға сәйкес эпизоотия — тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың аса қауіпті және басқа да жұқпалы ауруларының жаппай таралуы (1-баптың 45) тармағы).
Эпизоотия деп жануарлардың (үй және жабайы жануарлардың) бір немесе бірнеше түрі арасында аурудың үлкен санының айтарлықтай аумақта бір мезгілде таралуы түсініледі.
Жануарлардың аса қауіпті аурулары — жануарлардың тез немесе кеңінен таралуымен, жануарлардың жоғары ауруға шалдығуымен немесе өлім-жітімімен, жануарлар мен адамға ортақ ауруларды қоса алғанда, үлкен әлеуметтік-экономикалық залалмен қатар жүретін және уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын аурулар (аталған Заңның 1-бабының 30) тармағы).
Өзге де ауыр зардаптар малдың немесе құстың қырылуы, олардың бас санының өсуінің төмендеуі салдарынан ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы кәсіпорындарға немесе кәсіпкерлік қызметтің басқа да субъектілеріне елеулі залал келтіруден көрінуі мүмкін.
Ветеринариялық қағидаларды бұзу нәтижесінде кем дегенде бір адам ауыр инфекциялық ауруға шалдыққан жағдайда, әрекет ҚК-нің 327-бабы және денсаулыққа қарсы қылмыстар туралы тиісті бап бойынша (ҚК-нің 106-бабы «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») сараланады.
Осы қылмыс құрамының болуы үшін ветеринариялық қағидаларды бұзу нәтижесінде зиянды зардаптардың: эпизоотиялардың таралуының немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауы қажет. Осылайша, ҚК-нің 327-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет құрамы жағынан материалдық құрамға жатады және жануарлардың ауруға шалдығуы немесе жоғарыда сипатталған өзге де ауыр зардаптар туындаған жағдайларда ғана аяқталған деп танылады.
Қылмыстың субъективтік жағы жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Кінәлі адам ветеринариялық қағидаларды бұза отырып, мұны сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі және олардың туындауына саналы түрде жол береді не оларға немқұрайлы қарайды.
Қылмыстың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін.
ҚК-нің 327-бабының 2-бөлігі өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды ауыр зардаптарға әкеп соққан бұзғаны үшін жауаптылықты көздейді.
ҚК-нің 327-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі өсімдіктердің әртүрлі аурулары мен зиянкестеріне қарсы күреске бағытталған қағидаларды сақтамау нәтижесінде орман немесе ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтірілуінен көрінеді.
Өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік акт 2002 жылғы 3 шілдедегі «Өсімдіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады. Аталған Заң өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптерден және өсімдік ауруларынан қорғау саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының аумағында фитосанитариялық іс-шараларды жүзеге асыру кезінде өнімді, оның сапасын сақтауға және адамдардың денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсердің алдын алуға бағытталған.
«Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңның 1-бабының 5) тармағына сәйкес зиянды организмдер — топыраққа, өсімдіктерге және ауыл шаруашылығы өніміне теріс әсер ететін зиянкестер, арамшөптер мен өсімдік аурулары.
Өсімдіктерді қорғау — зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерден өсімдік шаруашылығы өнімдерінің шығынын болдырмау мақсатында фитосанитариялық мониторинг әдістерін, фитосанитариялық іс-шараларды әзірлеуге және практикалық қолдануға бағытталған қызмет саласы (аталған Заңның 1-бабының 8) тармағы).
Аса қауіпті зиянды организмдер — мерзімді түрде жаппай көбеюге және таралуға қабілетті, экономикалық, экологиялық залал келтіретін және уәкілетті орган бекітетін аса қауіпті зиянды организмдер тізбесіне енгізілген өсімдіктердің зиянкестері мен аурулары (Заңның 1-бабының 4) тармағы).
Өсімдіктерді қорғау құралдары — өсімдіктерді қорғау мақсатында қолданылатын пестицидтер, биопрепараттар, сондай-ақ техникалық және басқа да құралдар (Заңның 1-бабының 8-1) тармағы).
Пестицидтер — зиянды және аса қауіпті зиянды организмдермен, карантиндік объектілермен және бөгде түрлермен, сақтаудағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің зиянкестерімен күресу үшін, сондай-ақ тұқымдарды дәрілеу, егін жинау алдындағы кептіру, жапырақтарды жою және өсімдіктердің өсуін реттеу үшін пайдаланылатын химиялық және (немесе) биологиялық препараттар (инсектицидтер, родентицидтер, фунгицидтер, гербицидтер, өскінге қарсы құралдар және өсімдіктердің өсуін реттегіштер, дефолианттар, десиканттар) (Заңның 1-бабының 10) тармағы).
Пестицидтерді залалсыздандыру — Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пайдалануға тыйым салынған немесе жарамсыз болып қалған пестицидтер мен олардың ыдыстарын, сондай-ақ пайдаланылған пестицидтердің ыдыстарын кәдеге жаратуға, жоюға бағытталған іс-шаралар (Заңның 1-бабының 11) тармағы).
ҚК-нің 327-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс объективтік жағынан өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды әрекет жасау арқылы да, әрекетсіздік арқылы да бұзудан көрінеді (мысалы, анықталған өсімдік зиянкестерін жою жөніндегі іс-шараларды жүргізбеу және т.б.).
Қолайлы фитосанитариялық жағдайды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік фитосанитариялық бақылау объектілерімен байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өз аумақтарында фитосанитариялық мониторинг жүргізуге және зиянды әрі аса қауіпті зиянды организмдер анықталған жағдайда, олардың саны зияндылықтың экономикалық шегінен жоғары болған кезде фитосанитариялық іс-шараларды өткізуге міндетті (Заңның 11-бабы).
Фитосанитариялық мониторинг — зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің дамуы мен таралуын зерттеуді, бақылауды, есепке алуды, сондай-ақ олардың негізінде фитосанитариялық болжам әзірлеуді қамтитын іс-шаралар жүйесі (Заңның 1-бабының 20) тармағы).
Фитосанитариялық болжам — фитосанитариялық іс-шараларды жүргізудің мерзімдері мен көлемдерін жоспарлау мақсатында зиянды және аса қауіпті зиянды организмдердің ықтимал таралуы мен даму дәрежесін алдын ала айқындау (Заңның 1-бабының 19) тармағы).
Фитосанитариялық іс-шаралар — зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерді жоюды және (немесе) олардың санын және зияндылығын зияндылықтың экономикалық шегінен төмен деңгейге дейін азайтуды қамтамасыз ететін шаралар кешені (Заңның 1-бабының 22) тармағы).
Пестицидтерді сақтау, өткізу және қолдану пестицидтердің адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға зиянды әсерін болдырмайтын жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс (Заңның 12-бабының 1-тармағы).
Пестицидтерді қолдану Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер тізімінде белгіленген тиімді және қауіпсіз қолдану технологиясын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Пестицидтерді талаптар мен технологиялық регламенттерді бұза отырып қолдануға тыйым салынады.
Пайдаланылмаған пестицидтерді жұмысты жүргізу орнында қалдыруға, уақытша сақтауға арнайы бөлінген орындарды қоспағанда, тыйым салынады.
Көрсетілген заңнамалық талаптарды бұзу түсіндіріліп отырған баптың 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамын құрайды.
Қылмыстық жауаптылықтың міндетті шарты ҚК-нің 327-бабының 2-бөлігінің диспозициясында көрсетілген ауыр зардаптардың туындауы болып табылады. Оларға жеміс ағаштарының, жидек бұталарының, жүзім плантацияларының көп мөлшерде кесілуіне, егістіктердің жойылуына немесе айтарлықтай аумақтардағы өнімділіктің төмендеуіне әкеп соққан зиянкестер мен аурулардың жаппай таралуы; малдың улануы мен қырылуы және т.б. жатады.
Қылмыстың субъективтік жағы жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады. Адам өсімдіктердің аурулары мен зиянкестеріне қарсы күрес үшін белгіленген қағидаларды бұзып отырғанын сезінеді, баптың диспозициясында көрсетілген зардаптардың туындауына жол береді немесе олардың туындауына немқұрайлы қарайды.
Қылмыстың субъектісі 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға болуы мүмкін.
ҚК-нің 327-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстарға жатады.
ҚК-нің 327-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар.